Тәрбиешіге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу сезімі (Эссе)

0
3905

Еліміздің ертеңі болып табылатын жас бүлдіршіндерге жан-жақты біліммен қатар, ұлттық тәрбиені басшылыққа алып, ұлтжанды, Отан сүйгіш, болашақ патриот азаматтардың мықты фундаментін салуға үлес қосып жүрген мектепке дейінгі мекемелердің орыны ерекше.
Отбасы мен балабақша бірлесіп тәрбиеленген бала жеміс берген ағашпен тең. Бұлай деуімнің себебі, жаңа отырғызылған бұтақ пен бала бойындағы қасиеттер ұқсас келеді.
Бағбан — өз ағашына үлкен күш-жігерін жұмсаған секілді тәрбиеші де баланы шын мәнінде сүйе білуі керек. Бағбан үлкен еңбектен кейін ағашы жеміс берген секілді балабақшаның да атқарған жұмысының нәтижесі көрінеді, ол, бүлдіршін балабақшамен қоштасарда– ес біліп — әріп таниды, түс ажыратып – санау біледі, ертегі мазмұндап – өлең оқиды, ән айтып — би билейді. Міне, осы айтылғандар балабақша жұмысының нәтижі іспеттес.

Тәрбиеші — ең алдымен, бала үшін білім нәрін құюшы ізгілік иесі, өмірлік тәжірибелерді үйретуші тәлімгер. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен  айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан-тәнімен  сезіне білуі қажет.Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты. Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген  күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне» бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Көзін ашып, тұнығына қану үшін тәрбиешіде жылы жүрек, аялы алақан және  тәрбиешіге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу сезімі болу керек екенін түсіндім. Оның адамшылық ар-ожданын, намысын, тұлғасын жасына қарамай сыйлау, құрмет тұту.Тәрбиешінің әрбір өткізген сабағы баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей, баланың жас ерекшелігіне сай құрылса, баланың ынта –жігері артары сөзсіз деп білемін. Өзімнің еңбек жолымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастырамын. Себебі бала ролде өзі ойнаса сол кейіпкердің бойындағы барлық қасиет дағдыларын ой елегінен өткізіп саралайды. Ақылмен ойланады. Ол үшін тәрбиеші бойындағы асыл қасиет – ақыл-парасат болуы шарт. Баланың ішкі жан дүниесіне жол тартқан тәрбиеші ең нәзік те мөлдір, алайда, сонымен қоса, ең күрделі де жұмбақ әлемге енеді. Осы әлемнің ішінде, осы әлеммен қатар, үндесе өмір сүруі тиіс. Ол үшін сол мөлдір әлемнің айқыш-ұйқыш құбылыстары мен қағидаларын, заңдылықтары мен жұмбақтарын барынша тереңірек түсініп, парықтай алатын айқын да қуатты ақыл-парасат қажет.

Мектепалды даярлық тобының оқушыларының осылайша шығармашы-лығын дамыта отырып, қазіргі заманғы педагогикалық теориямен практиканы басшылыққа алып, жұмыс жасаудамын. Педагогикалық озық техналогияларды сабақ барысында пайдаланып, балалардың шығармашы-лағын дамытуға ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жүзеге асырдым. Қорытындылай келе мектепалды даярлық тобы тәрбиешісі ең озық педагог, психолог, ғалым және асқан дарын иесі болу керектігіне көз жеткіздім. Бес жастағы бала зейінін дамытып, жеке тұлғаға айналдыру әр тәрбиешінің басты міндеті. Сондықтан бала жүрегіне жылылық ұялатып, қабілетімен дарынын ашу әр тәрбиешінің алдына қойылған ең басты міндеті деп түсіндім.

Мен балаларды жанымдай жақсы көрем… Өйткені бала мен үшін тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Олар қуанса шын қуанып, ренжіме шын ренжи біледі. Олардың жаны жалғандықты, жасандылықты сүймейді, не айтса да әділ, шындықты айтады.

Тәрбиеші мамандығының киесі де, қиындығы да осы періштелерді үлкен өмірге,қанаты қайырылмайтындай етіп даярлауда емес пе?!
Шын білімдінің зейін — зердесі кең, алыстан қарасаң — кербез, жақыннан қарасаң — кішіпейіл. Жүзіне үңілсең — мейірімді, жанына үңілсең — шуақты көрінбек.
Міне, осындай кербез, кішіпейіл, мейірімді, шуақты тәрбиеші атансам — адами парызымның орындалғаны болар.Тәрбиешінің кәсіби шеберлігінің негізі, біріншіден, өмірге көзқарасы, оның идеялық нанымы; екіншіден, өз ісін жетік білуі, ойын балалары үшін өз ойын толық жеткізу үшін жан-жақты қасиеттерді сіңіруі; үшіншіден, оқыту мен тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін міндетті түрде меңгеруі тиіс.

Менің негізгі мақсатым – балаларға жақсы көңіл — күй сыйлай отырып, саналы тәрбие, сапалы білім беру. Өзімді жұмыс барысында балаларға бағыт беруші, жол сілтеуші сезінемін. Бұл балалардың өзіне деген сенімін арттырып, оқу іс — әрекеттеріне деген тұрақты зейінін қалыптастыруға, қызығушылығын оятуға жағдай туғызады.

Тәрбиеші – жүрегі жақсылық пен жаңалыққа толы ұлы тұлға.Сол бойындағы барлық білім мен білікті, тәрбиені баланың жүрегіне жеткізу үлкен қасиет. Тәрбиеші тәрбиесін шын қабылдаған бала болашақта сөзсіз ұлы тұлғаға айналады.

 

Бабаканова Ардақ Слямханқызы

Өскемен қаласы

«Жас маман 2017» байқауының қатысушысы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ