Тері өңдеуге қажетті құралдар

0
2719
Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі

Талқы дегеніміз — теріні керіп, созып, иін қандыра жұмсартатын ағаш аспап. Талқының ирек, сүзгі, созғы, баспа талқы, тіс ағаш дейтін түрлері бар. Баспа талқы аша ағаштан жасалады. Екі ашаның ортасына еркін сыятын, астында кертілген тістері бар бастырық орнатылады. Талқының екі ашасында бастырықтың тістеріне  қарама — қарсы кертілген тістері болады.

Талқымен тері илегенде бір адам терінің өңін ішіне қарата шиыршықтап бүктеп, бастырықтың астына төсеп, жайлап айналдырып отырады, екінші адам бастырықты көтеріп, басу арқылы терінің қырыс-тырысын жазып, жұмсартады. Талқыдан шыққан теріні кермеленген тері дейді. Талқыдан шыққан теріні сақармен жуады.

Ирек ағаш. Тері өңдеуде қолданылатын құралдардың бірі  — «ирек ағаш». Оның жалпақтығы 10-15 см, қалыңдығы 7-8 см болады. Ол — ишілер тұтынатын, иленген терінің қыртысын жазып, жұмсарту үшін пайдаланылатын, иіні іш жағынан кертілген бедерлі ағаш.

Иленіп, кепкен терінің бір жағын аяққа басып тұрып, екінші жағын «ирек ағашқа»  орап алып бұраулап тартқылайды. Сонда тері тегістеліп созылады әрі жұмсарады. «Ирек ағашты» байпақ (пима) басушылар да қолданады.

Сыдырғы — таспаны өңдеу үшін қолданылатын құрал. Ұзындығы 15-20 см-дей жіңішке ағаштың екі жағын сәл жонады да, оның орта бөлігінен  бір ернеуін тік, екінші ернеуін көлбеу етіп тар ұя жасайды. Таспаның бір шетін ойықтың тік ернеуіне сүйеп, өткір пышақтың  жүзін ойықтың көлбеу шетіне тіреп ұстайды. Таспаныбір қалыпты жылжытып тартқанда, пышақ жүзіне ілінген жері сыдырылып қалады. Сондықтан бұр құрылғыны «сыдырғыш» деп атайды.

Тарамыс — теріден, көннен, былғарыдан жасалған бұйымдарды тігетін, ірі қараның сіңірінен алынған берік жіп-таспа. Тарамыс әзірлеу үшін күзде соғымға сойылған ірі қараның желке, жіліншік сіңірлерін ет ілестірмей сылып алу керек. Сылынған сіңірлерді  көлеңкеге іліп қойып, бабымен кептіреді. Әбден кепкен тарамысты дөңбекке салып, ағаш балғамен жаныштай соқса, ол тарамдалып, шашақтана жұмсарады. Сонан соң оны алдымен тарақтың ірі жүзімен, содан кейін жиі жүзімен тараса, біркелкі жіңішке талшықтарға айналады.

Теріден, былғарыдан, қайыстан, көннен жасалған бұйымдарды тарамыспен тігеді. Қажет болған жағдайда тарамыс талшықтарын қаббатап, ширатып та пайдалады. Іс тіккенде тарамысты аздап ылғалдап алу керек. Оны сілемдеу дейді. Сілемделген тарамыс іс тіккенде  сәл созылып отырады, кебе келе тырысып, тігісті бүріп, берік ұстайды.Тарамыспен тігілген тері ыдыстар ішіне сұйық құылғанда ылғал жібермейді. Себебі тарамыс ылғалдана келе ісініп, сұйықтық өтетін тесіктерді бекітіп, бітеп қалады.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т

Ұқсас материалдар:

  1. Тері өңдеу шеберлігі. Аң мен мал терісін илеу
  2. Өңделген тері атаулары

  3. Қазақ халқының ырымдары. Ақсарбас, көз тию, тізе бүгу туралы
  4. Ырым мен тыйымдар туралы. Ұшықтау, үшкіру, айдар қою тағы басқа


ПІКІР ҚАЛДЫРУ