Ырым мен тыйымдар туралы. Ұшықтау, үшкіру, айдар қою тағы басқа

0
2610
Ырым — халықтың сенімі мен ақ ниетімен, шын көңілінен туған ұлттық ерекшеліктің бір көрінісі.

Ұшықтау. Ол ем, ырым. Тамақтан, желден, иістен ұшынған адамдарды ұшықтау ертеден келе жатқан емдеу мен ырымның бірі түрі. Мысалы, жығылған адамның бір жері қатты ауырып қалса, сол жерде «Кет пәлекет, кет!» , «Ұшық-ұшық» — деп ұшықтайды. Немесе ауруды күн батар алдында «жер ұшық беріп», яғни жерге екі-үш рет жығып ұшықтап, үйге әкеліп жылы жауып тастайды.

Үшкіру — ем, ырым. Халық арасында жеңіл — желпі ауруды бұрын емшілер мен молдаларға үшкірткен. Үшкіру де емдеудің бір тәсілі. Емші дұға оқып, «сүф-сүф» деп үшкіреді. Емшіге «орамал» (яғни зат,ақша,мал береді) беріледі.

Аузына түкірту. Ертеден келе жатқан ырым бойынша қазақтар белгілі батырлар мен билерге, ақындарға, басқа елге белгілі адамдарға жас сәбидің аузына түкіртіп немесе оның отырған орнына аунатып алатын болған. Оның мақсаты — сәби сол адамдардай өнегелі кісі болсын деген ұғымнан туған.

Шөп басын сындыру. Шөп басын (кейде шырпы, ши, шыбық) сындыру — әдетте, жақсылық жағдайда, жақсы іске байланысты жасалатын ырым. Мысалы, сараңдар жомарттық жасаса, қорқақтар батылдық жасаса немесе жұр күтпеген жерден жақсы істер жасаса, сындырады. Бұл «көз, тіл тимесін» деген ұғымнан шыққан.

Бірақ бұл әдетті «шөптің басын сындырмайды» деген тіркеспен шатастыруға мүлдем келмейді. «Шөптің басын сындырмайды» деген сөз жұмыс істемейді, бос жүреді дегенді білдіреді.

Айдар қою. Айдар — баланың төбесіне қойылатын бір шоқ ұзын шаш. Айдар ер балаға қойылады. Халөымыздың бұрыннан келе жатқан бұл ырымы осы күнге дейін сақталған. Ертерекбаланың төбесіндегі айдарға моншақ араластырып өріп қоятын болған.

Тұлым қою. Тұлым — жас баланың шашын өсірмей, екі шекесіне қойылатын ойма шаш. Тұлым, негізінен, қыз балаға қойылады.

Кекіл қою. Жас балалардың шашын ұстарамен тегістеп алып тастап, маңдайына қалдыратын бір шөкім шаш. Оның жиегін тегістеп, қиып тұрады. Кекіл балаға да, қыз балаға да бірдей қойылып, оларға жарасымды ажар береді.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т 

Ұқсас материалдар:

  1. Қазақ халқының ырымдары. Ақсарбас, көз тию, тізе бүгу туралы

  2. Қазақстанның құстары. Ұлар мен балықшы тұйғын құсы

  3. Кептер (көгершін) мен қараторғай туралы ақпарат

  4. Қарлығаш пен құз көктекесінің айырмашылығы қандай?


ПІКІР ҚАЛДЫРУ