Ақ құйып шығару. Қазақ халқы сүтті, қымызды, шұбатты, айранды, тағы басқа сүт тағамдарын «ақ» деп атайды да, оны қасиетті, киелі ұғым деп ұғады. Ақты жерге төкпейді, аяққа баспайды. Алайда кейде сол ақты жерге төгетін де ырым бар.
Мысалы, ақлың өрт келгенде алдына ақ шашады. Сол сияқты жылан кіріп кеткенде де оның басына ақ (сүт не айран) құйып, үйден шығарып жібереді. Мұндай әдет халықтың өз аулына немесе үйіне келген дос, дұшпанына да алдымен құрметпен қарауынан шыққан болуы керек.
Ауыз тию. Алыс сапарға, емделуге шыққан адам ауылдың үлкен үйінен дәм татып аттанатын ырым бар. Бұл сол «қарашаңырақтың» киесі қолдасын деген сенімнен шыққан. Сондай-ақ дастархан үстіне келген адам дәмнен ауыз тиюге тиіс. Ал таңертеңгі астан міндетті түрде ауыз тиеді.
Қазақтың дәстүрі бойынша, үйіне келген адамға дәм ауыз тигізбей шығармауы керек. Халықта «үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады» деген сөз бар. Мұның бәрі — қонаққа да, асқа да ерекше ықыластың белгісі, халықтың өзіне тән қонайжайлылығы мен кеңпейілділігін танытатын жәйт.
Сарқыт. Қазақ халқының ежелден келе жатқан ырымы. Үлкен кісілер той-жиыннан үйдегі балаларымен келіндеріне кәмпит, құрт сияқты дәмнен сарқыт алып келеді. Тойдан алып қайтқан дәмді жақсылық дарысын деп ырымдап ауыз тигізеді. Сондай-ақ үлкен кісілердің алдынан қайтқан табақтан қалған етті де «сарқыт» деп жастар үлкендердің жолын, абыройын берсін деп ырым қылып жеген.
Бұрын сарқыт қайтады деп келінде үлкендердің табағын әдейі күтіп отыратын болған. Қазақ салтында сарқыттың ырымдық әрі тәрбиелік дәстүрлік мәні зор.
Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т
Тақырыпқа ұқсас материалдар:
- Қазақ халқының ырымдары. Ақсарбас, көз тию, тізе бүгу туралы
-
Ырым мен тыйымдар туралы. Ұшықтау, үшкіру, айдар қою тағы басқа
- Кептер (көгершін) мен қараторғай туралы ақпарат