Тіл — біздің тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз (Әдеби ертеңгілік)

0
2069
Иллюстрация: Freepik.com

Дайындық кезеңі: Кітапхананың оқу залы. Тақырыпқа сай кітап көрмесі, гүл шоқтары, нақыл сөздер, шарлар, қазақ тілін зерттеуші ғалымдардың портреттері ілінеді.

Кітапханашы: Ана тілі – атаңның, анаңның тілі, туған халқыңның тілі. Ана сүтіндей бойымызға біртіндеп сіңіреміз. Өнерлі, білімді, мәдениетті қоғамның белсенді азаматы болуды біз тіл арқылы үйренеміз. Жеке бір адам ұлт тілін жасай алмайды.

Тіл бүкіл халықтың игілігі, халықпен бірге жасап, бірге дамиды. Ол әр халықтың жазуы жоқта кітабы, мектебі жоқта ұстазы болған. Әр азамат өз ойын ана тілінде білдіріп, білімінің жемісін сол тілде таратады, шығармасын ана тілінде жазып қалдырады.

Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. Тіл – халықтың жаны, сәні, дәлірек айтқанда, тұтастай кескін-келбеті. Адамды мұратқа жеткізетін тіл мен ата-дәстүрі. Ана тіліміз туралы М.Мақатаев, Ә.Тәжібаев, Д.Әбілев, М.Шаханов, Ж.Аймауытов сияқты көптеген ақиық ақындарымыз жырлар жазды.

Ән: “Ананың тілі – аяулы үні”

1-жүргізуші: Қазақ тілі – туын биік ұстаған,
Қазақ тілі – кең далама ұқсаған.
Тілім менің  – мәртебелі, еңселі,
Құрметтеп отыр бүгін ел сені!

2-жүргізуші: Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілі – қазақ халқының тілі. Оның негізгі мекені – Қазақстан.

1-жүргізуші: 22 қыркүйек — Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күні, халықтық мереке. Тілді қастерлеу — ізгілік пен мәдениеттілік белгісі.

2-жүргізуші: 1997 жылы 11 шілдеде Қазақстан Республикасында «Тіл туралы» жаңа Заң дүниеге келді. Қазақ тілі ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға жеткен ұлы мәдени мұра. Сондықтан да ана тіліміз талай жырға арқау болған.

1-қыз бала: Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай түзу қараймын,
Ана тілім, егер сені білмесем.

2-ұл бала: Ана тілім, дана тілім, бақ тілім,
Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?
Сенсің менің қасіретім, шаттығым,
Сенсің менің тазалығым, пәктігім.

“Ана тілін сүйеміз” әні

3-қыз бала: Ең бірінші бақытым – халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын.
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – тілім менің,
Жас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Кім мықты? – десе біреу, — Отан дер ем.
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?.
Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен.“Үш бақытым” (М.Мақатаев)

4-ұл бала: Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала!
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана.
Туған жері – түп қазығы, айбыны,
Ана  тілі – сатылмайтын байлығы.

Туған дәстүр, салт-санасы, тірегі
Қадамыңа шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы,
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да.
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер.

Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасын менсінбеген пенделер.
Төрт анадан сенім таба алмаған,
Тамырсыздық басы қайда қалмаған?!

Төрт анасын сыйламаған халықтың,
Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана – тағдырымның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес – күрестердің ұлысы. “Төрт ана” (М.Шаханов)

5-қыз бала: Ұйықтасам, ана тілде күбірледім,
Оянсам, сөйлеп кеттім, кідірмедім.
Анамның ақ сүтімен сіңген тілім,
Бітпейді менің одан бұрын демім.

Сырласпай адамдармен тұра алмаған,
Бұл тілге – жарық күнге жыр арнағам.
Жоңғармен шайқасқанда осы тілде,
«Ақ жолдап» бабаларым ұрандаған.

Мәңгілік дана сөзбен жасар адам,
Сүйектен өтетін тіл аса қатаң.
Бұл тілде желмаям жортып келіп,
Кемеңгер кеңес берген Асан атам.

Мәңгі өлмес, мейлі, заулап көшер заман,
Жиреншедей дария шешен бабам.
Қазыбек, Төле, Әйтеке ердің құнын,
Екі ауыз сөзбен шешкен көсем бабам. “Тілім менің” (Қ.Мырзалиев)

6-ұл бала: Тіл сенің –
Ең қайратты арыстаның!
Қорғаның дұшпаныңмен алысқан күн.
Тіл сенің –
Жүректегі жүйрік елшің,
Көк орман, көк арайлы бағыстаның!

Тіл сенің –
Өмірдегі өрнек сырың,
Тіл сенің –
Көмейдегі күміс жырың!
Аспаның,
Айың,
Күнің,
Ауаң,
Демің,
Шат күлкің, тәтті әзілің, тапқыр сының.
Тіл сенің –
Жігіттік, балалығың,
Өмірдегі адамдық даралығың.

Тіл сенің –
Шағын жорғаң шын тайпалар,
Сайысса саңлақ сөзде ер байқалар!
Жүйрік тіл жүректерді тебірентпесе,
Шешен деп, шежіре деп кім айта алар?
Ердің құнын бағалар екі ауыз сөз,
Ел тағдырын шешіпті өткен бір кез.
Досқа – бал,
Дұшпанға – у,
Қайран тілдің,
Достарым, құдіретін осыдан сез!

Тіл сенің –
Тірліктегі жан ләззатың!
Тіл сенің –
Ар,
Арманың,
Махаббатың.
Адамдық бар қасиет тіл мен мида,
Ұғынсақ, сонда мейір, шапағатың! “Тіл сенің” (Ә.Әбілов)

7-қыз бала: Дәулет деген –
Ұғыңдар!
Кеше болса, бүгін жоқ.
Тілің болса – күнің бар,
Тіл болмаса – түгің жоқ!

Тілім – шипам, дәрім де,
Мәңгүрт болып күн көрем.
Абыройдың бәрін де
Маған осы тіл берген.
Тілсіз келген білімнің,
Түбі нағыз қиғылық.

Көсегесін тілімнің
Көтеремін ту қылып.
Ақын көзі жұмылмас,
Жырдың көзі жұмылмай
Елдің туы жығылмас,
Тілдің туы жығылмай. “Тілдің туы” (Қ.Мырзалиев)

“Атамекен” әні

1-жүргізуші: Тамаша өлең таңдайға татып балдай,
Өз тілінде жыр оқу бақыт қандай!
Жан-дүниең жарқырап сала берер,
Ағарып келе жатқан атып таңдай.

2-жүргізуші: “Туған тіл – тұғырың, туған тіл –қыдырың” дегендей, туған жер, туған тіл адамға қандай ыстық, қандай қымбат! Оның қасиетін, қадірін бір сөзбен, бір өлең шумағымен айтып жеткізу мүмкін емес.Тіліне зер салыңдар бұрынғының,- дей келіп, бүгінгі тіл мерекесіне Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер келгенін қуанышпен хабарлаймыз.

Сол кісілердің ауылдарын аралап, аталы, шешендік сөздерін тыңдайық.
“Төле бидің төрелігі”. Шу өзенінің Балқашқа жақын жайылымына бұдан көп жыл бұрын
үйсін мен арғын тайпаларының белді бектері таласыпты. Екі жақтың да
билері бас қосып, кеңесіп, бәтуаласа алмай отырғанда, топқа еріп келген
он бес жасар Төле билік айтушылардың бірде-біріне көңілі толмай:

Ақты ақ деп бағалар,
О, игі жақсы ағалар.
Өзегі талса ел біткен,
Өзен бойын жағалар.

Би: “Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без” деуші еді. Мына бала кім өзі?

Төле: О, би аға, он үште отау иесі демес пе.
Кінәлімін бе, келіп қалсам он беске?
Сөз сөйледім, бұйыра көрмеңіз айыпқа,
Алакөз болу ағайын адамға лайық па?

О, игі асқар тауымыз,
Әділ ме осы дауымыз?
Жар астында тұрғанда,
Жасырынып жауымыз.
Би: Жасы кіші демеңдер,
Ақылы асса аға ғой.
Балам, ағалық билікті саған бердім.

Төле: “Сары табақтан сарқыт қайтады” деген, билікті маған берсеңіз, Шу өзенінің оң жағын үйсін, сол жағын арғын жайласын.

Би: Үй баласы ма деп едім,
Ел баласы екенсің.
Ақ маңдайлы арысым,
Талабың алдан өтелсін.
Ауылыңның таңы бол,
Маңдайдағы бағы бол деген екен.

1-жүргізуші: Қазыбек биге бір адам: “Кім жақын, не қымбат, не қиын?” деген үш сұраққа жауап беріңізші, — деп қиылып отырып алыпты.

Сонда Қазыбек:
Тату болса, ағайын жақын,
Ақылшы болса, апайың жақын.
Бауырмал болса, інің жақын.
Инабатты болса, келінің жақын.

Алдыңа тартқан адал асын,
Қимас жақын қарындасың.
Сыбайлас болса, нағашың жақын,
Адал болса, досың жақын.

Еркелейтін немерең жақын,
Өз ұрпағың – шөберең жақын,
Жан серігің жас кезіңнен
Бәрінен де әйелің жақын.

Алтын ұяң – Отан қымбат
Құт берекең – атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат,
Мейірімді апаң қымбат.

Туып, өскен елің қымбат,
Кіндік кескен жерің қымбат.
Ұят пен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат.

Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын,
Дәл осындай жағдайда,
Пана болмас өз үйің.

Жазылмас дерт қиын,
Не істеріңді біле алмай
Ашиды сонда бас миың, — деп жауап беріпті.

Кітапханашы: Ал, балалар, тіл туралы көптеген өлеңдер оқып, ойларыңды ортаға салдыңдар, көп рахмет. Халқымыздың бай тілін меңгеру, көркейту, қыр-сырын танып білу әр азаматтың қолынан келетін дүние. Тілді қорғап, қастерлеу, әрқайсымыздың міндетіміз, парызымыз екенін ұмытпайық! Әдеби ертеңгілікті Қожаберген жыраудың “Баба тілі” атты өлеңімен қорытындылауды жөн көрдім.

Баба тілін қадірле,
Болашақтан түңілме!
Айналайын, боздақтар,
Аралас тілге үңілме!

Миды оят, жамиғат,
Қазақша алтын, жезіңді.
Қазақша жазбай жүргенді,
Түзет құрып тізгінді
Хат жазылсын өзара,
Жетілдір, қазақ, сөзіңді.

Жат алдында ез болмай,
Берік ұста өзіңді.
Асан қайғы, Жиренше,
Сөйлеп өткен қазақ тіл.
Әз Жәнібек, Қойшыбай,
Сыйлап өткен ғажап тіл.

Осы тілді жек көрген,
Дүниеден қалар құр.
Бағаласаң шынымен,
Баба тілің асыл – нұр.

“Анамның тілі” әні .
Әдеби ертеңгіліктің соңын концерттік бағдарламамен аяқтауға  болады.

Басқа материалдар:

  1. Жасай бер, Ана тілім — Қазақ тілі! (Тақырыптық кеш)
  2. «Жас математик» интеллектуалдық сайысы
  3. Математикадан «Ғажайыптар әлемі» сайысы
  4. «Физика» декадасына арналған «ХХI-ші ғасыр көшбасшысы» атты интеллектуалдық сайысы
  5. «Білімді информатик» сайысы
  6. Жасанды интеллект деген не?
  7. Информатика пәніне қатысты глоссарий
  8. Бұлттық технологиялар туралы толық мәлімет
  9. «Заман шындығы» бөлімі бойынша қазақ әдебиетінен тест тапсырмасы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ