Туған жерім-мерейлі Меркі

0
11892

      «Отансыз адам, ормансыз бұлбұл»,-деп дана халқымыз Отанын, туған жерін қадірлеуді бірнеше ғасырлар бұрын бойына қасиет тұтқан. Өйткені адам баласы туған жерсіз, Отансыз өмір сүре алмайды. Әр адам Отанынан қашықта жүрсе, туған жерін, елін аңсап, сағынады.
Менің де пір тұтатын өз Отаным бар. «Әркімнің өз жері-жұмақ»,-деген асыл сөздің астарында қаншама сыр, қаншама мән-мағына жатыр десеңізші…
     Менің кіндік қаным тамған жерім-қасиетті Меркі жері. «Меркім» деген жас жүрегімнен шыққан асыл сөзді мақтанышпен, асқақ сезіммен айта аламын. «Меркі» мен үшін жұмақтың төріндей. Неге десеңіз, ауасы демге шипа, таза, табиғаты керемет, көрікті. Он жеті ұлттың өкілін бір шаңырақтың астына, бір үйдің баласындай жинаған мекенде тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Мұның өзі біз үшін жетістік. Себебі татулығы жарасқан ел қашанда берік ел болады.
     Әр ақын өз жерін жырға қосқанда оның асқақ тауларын, мөп-мөлдір суларын, ғажайып ерекшелігін қаламына арқау етеді. Ақын болсам мен бірінші атақты «Меркі» шипажайы туралы жырлар едім. Оның табиғаты ерекше,  бір ауыз сөзбен толастап, қас-қағым сәтте сұлулығына көз жүгіртіп өту мүмкін емес. Оның ерекшелігін, адам ағзасына тигізетін пайдасы туралы толассыз айта беруге болады. Шипажай тау арасында, «Меркі» өзенінің жағасында орналасқан. Шипажайдың басты ерекшелігі-радонды минералды суында. Құрамында азот, газ, күміс, фосфор сияқты адам ағзасына қажетті элементтер бар.
   Халықтың жадында әрдайым ірі тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар мәңгі сақталады. Менің туған жерімнен шыққан ірі тұлғалардың бірі-Қырбасұлы Жауғаш  мен Сыпатай Әлібекұлы. Аталған батырлардың әруағына тағзым етіп жасалған ескерткіштер жақсы істің бастауы болып тұр өлкемде. Бұл батырлардың ұлы ерліктері әрдайым өнеге , келер ұрпаққа  аңыз болап айтыла бермек.
  Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстандық өнімдерді көбейтуді үнемі айтып келеді. Бүгінгі таңда аталған салаларға қосар үлесіміз де баршылық. Атап айтсақ: «Меркі ірімшік зауыты», «Меркі қант зауыты» үнемі халық үшін жұмыс жасап, бірнеше отбасы жұмыспен қамтылып отыр.   Ғылым мен өнер саласында да еңбек еткен қайраткерлер көптеп шыққан. Солардың ішінде Қазақстан халық әртісі Гүлжан Әспетова, әнші Алтынбек Қоразбаев, Мәкен Райысқанова, ақын, Жазушылар Одағының мүшесі Шырын Мамасерікова — ауданымыздың мақтаныштары.
Осындай киелі жерде дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. Бүгінгі елдің тұтқасын ұстар азамат болғандықтан  бізден үлкен үміт күтілуде. Сондықтан біз аянбай еңбек етіп, оқуымызды сәтті аяқтауымыз шарт. Өз елімнің дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімді қоса алсам,  менің арманымның орындалғаны.

 

Сағат Эльвира
Меркі ауданы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ