Университетім — мақтанышым

0
1273

Жалпы адам екі нәрседен қателеспеу керек дейді. Соның бірі — мамандық таңдау. Менің таңдаған мамандығыма қызығушылығымды арттырған осы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті.

Дәл осы университет қабырғасында, оның ішінде Экономика және Бизнес жоғары мектебінде білім алғаныма өте қуаныштымын. Университет еліміздің экономикасының қарқынды дамуына үлес қосатын білікті жас мамандар даярлауда еңбек етіп келеді. Әрбір мектеп бітіруші түлектердің арманы болған-Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті-Қазақстандағы жетекші көпсалалы жоғары оқу орны. «ҚазҰУ қалашығы» деп аталатын мекенде студенттердің білім алуына көптеген мүмкіндіктер жасалған.

Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, үлкен ауқымды «Әл-Фараби» кітапханасы, спорткешені мен стадион, әскери кафедра, технопарк, студенттер үйі, интернет орталығы, медициналық орталық және студенттерге қызмет ету орталығы студенттер игілігі үшін қызмет жасап отыр. Үш тілде де білім алу жүйесі қарастырылған.

Студенттердің белсенділін, ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту мақсатында жастар ұйымдары комитеті жұмыс істейді. Оның құрамына студенттер кеңесі, «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, студенттер Сенаты, «Көмек» еріктілер қозғалысы, Болон үдерісі бойынша студенттік бюро кіреді. Бүгінгі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті — бұл сізге көптеген мамандықтарды ұсынатын тұтас ғылыми кешен.

ҚазҰУ-дың көп деңгейлі білім беру жүйесіне: жоғары базалық білім (бакалавриат), жоғары мамандандырылған білім, магистратура және докторантура кіреді.

Мамандарды даярлау 180-нен астам мамандық бойынша жүзеге асырылады. Университеттің негізгі капиталы — жоғары деңгейлі оқытушылар құрамы. Бүгінгі таңда университетте 2 мыңнан астам оқытушы жұмыс жасайтын 102 кафедра бар, оның ішінде 300-ден астам докторлар мен 700 ғылым кандидаттары, 60 философия докторлары (PhD), 100-ден астам ірі академиктер,республиканың 21 еңбек сіңірген қайраткерлері, 30-дан астам мемлекеттік және жеке жас ғалымдарға арналған сыйлықтардың 40 лауреаты, 45 мемлекеттік ғылыми стипендиаттары бар.

ҚазҰУ — студенттер қаласы. Мұнда республиканың барлық аймақтарынан келген жастар оқиды. Және де университетті мүмкіндіктер мекені деп атауға да болады. Өйткені ғылыммен айналысқысы келетін студенттер үшін де дәстүрлі түрде «Фараби әлемі» сияқты конференция, форумдар ұйымдастырылып тұрады.

Бұдан бөлек басқа да,дәстүрлі түрде «Студенттік көктем», «Ана тілі аруы-Жігіт сұлтаны» секілді ауқымды шаралар көптеп ұйымдастырылады. Республикалық және халықаралық деңгейдегі конференцияларға және конкурстарға ғылыми жобаларын дайындаған әрбір студент жүлделі орындарға ие болуда.

Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті әлемдегі үздік 200 университет ішінде 165-шы орынға ие. Университетте атқарылып жатқан барлық жұмыстардың ұйымдастырылу деңгейі мен тәсілі Қазақстандағы жоғары оқу орындарының бәріне үлгі болуда.Қазақ Ұлттық Университеті-еліміздің білікті, білімді мамандар ордасы деп айтуға болады.

Бөлек Гүлнұр Қайратқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Экономика және Бизнес жоғары мектебі

Ғылыми жетекшісі:
Бейсенбаев Жақсылық Темерболатович


ПІКІР ҚАЛДЫРУ