Ыңғайластық салалас құрмалас сөйлемдер

0
2178
Иллюстрация: Freepik.com

Ыңғайластық жалғаулықтар қатысып ұйымдасқан синтасистік тұлғаларды ыңғайластық салалас құрмалас сөйлемдер деп танылады.

Бұл топқа жататын жалғаулықтар ілгеріде аталды: және, сонан соң, әрі, да, де.

Бұл жалғаулықтар ұқсас процестер арқылы қиылысып, ұқсас қызмет атқарады. Сондықтан бұл жалғаулықтар қатысқан құрмалас сөйлемдер ыңғайластық салалас құрмалас сөйлемдер деп аталады.

Бұл құрмалас сөйлемнің компоненттері жалғасып келетін пікірді хабарлайды. Сөйлемдердің ыңғайластық салалас құрмалас деп аталуы осы себептен.

Және жалғаулығы қатысып құрылған салалас құрмалас сөйлемдер осы жалғастық байланысты жақсы көрсетеді: бірінші компонентте бір пікір (хабар) айтылады да, екінші компонент соған жалғас, соны толықтыратын пікірді айтады.

Жыраның бұл тұсы адам бойын жасырарлық теп-терең еді және түбі нақ жиегіне дейін бидайығы мен құрағы, аралас өскен қалың жыныс (Х.Есенжанов).

Отырып әңгімелесетін, үлкен жұмысым жоқ және ұзақ отырып кеңес құруға уақыт тар (Х.Есенжанов).

Және жалғаулығы екінші компонентті жетектеп әкеліп, бірінші компонентке жалғастырып тұр. Жалғасушы компоненттің құрамында бірінші компонентпен ортақ келетін, қайталайтын сөздер, баламалайтын сөздер жиі қатысады.

Сонымен, және жалғаулығы арқылы байланысқан құрмалас сөйлем іліктес, жалғас пікірлерді хабарлайды.

Сағиланы мен саған бере алмаймын және сен оны ала алмайсың (С.Көбеев).

Аталған жалғаулық екі компоненттің аралығында орналасады. Сонымен бірге жалғаулық екінші өзі байланыстырып тұрған компоненттің ішіне кіріп те тұра береді.

Оразбайды ел ішінде де қостайтындар бар, олар және көп (М.Әуезов). Бектемірдің бес баласын шаруасы шағын демесе, тұрмысы ешкімнен кем болған жоқ. Шағын шаруалы дегенмен, ешкімнен ас та сұраған жоқ, бесеуі тетелес өсті және (С.Мұқанов). Шаруам сол әлгі радио бар еді, соған батарея керек, сосын кино жоқ. Депутатсыз, айтпайсыз ба біздің мұқтажды. (А.Нұрманов).

Және үстеу сөз ретінде бүгін де жұмсалады. Оған синонимдес тағы деген сөз бар. Тағы сирек болса да, жалғаулық ретінде қызмет атқарады.

Бұл күні қара қайыс Сұлтан күтпеген жерден қонақты болды…. Сәнжанды шақырып алды…. Еркебұлан ренжір деп, оны да шақырды. Ағасын ілесіп Еркебұлан келді, «Төркіндеп кеткен жеңгеміз келіпті» деп фермадағы жұмысшы жігіттер тағы күледі (Ә.Тарази).

Ауызекі сөзде жалғастық байланысты білдіріп сонан соң (сосын) жұмсалады.

Шаруам сол — радио бар еді, соған батарея керек, сосын кино жоқ. Депутатсыз, айтпайсыз ба біздің мұқтажды (А.Нұрманов). Бұл іс – тарихтық келешегі  бар іс, сонан соң Ибрагим Құнанбаевич, сіз өз халқыңызда, өз өміріңізде сондай бір сілкіну қайратын көргеніңізге өзіңізді бақыттымын деңіз (М.Әуезов).

Әрі жалғаулығы қызметі жағынан және жалғаулығына жуық болғанмен, өз ерекшелігі бар. Бұл – экспрессивті жалғаулық. Ол тек екі сөйлемді байланыстырып қоймайды, сөйлеушінің позициясын да байқатады.

Ол ақ сұр жүзді, үлкен көзді, денелі, балуан болуға тақай жүрген жігіт, әрі күлдіргі мысқылшыл тілі бар (М.Әуезов). Онда өкімдік бар. Сыртқа да, ұлыққа да жақындық беделі бар, әрі қолы ұзын, малды (М.Әуезов).

Келтірілген мысалдар әрі жалғаулығының екі жай сөйлемнің аралығында орналасып жұмсалуын байқатып тұр.

Мұнымен бірге әрі іліктес, жалғас пікірді білдіріп, өзара синтаксистік байланысқа түсіп тұрған әр сөйлемнің басқа позициясында келіп, қайталамай жұмсалатыны да бар.

Ертең де жібермейміз дер, жүдә, оған көне берме, әрі ауыл күтіп отыр, әрі уақытың тығыз (С.Мұқанов). Қалың киінсең, әрі күн өтпейді, әрі денең салқын болады (С.Мұқанов).

Әрі-нің қайталануы оның экспрессивтік мағынасын анықтанытады:

Бірінші мысалда соңғы екі сөйлем әрі арқылы байланысып себеп ретіндегі оқиғаларды даралап, ерекшелеп баяндау үшін қызмет етіп тұр.

Салыстырып байқа: Көшелері  әрі кең, әрі атқан оқтай түзу, әрі қолдың саласындай болып ағаштар егілген (С.Мұқанов).

Әрі жалғаулы бірнеше сапаның, іс-әрекеттің бір субьектіге, обьектіге бірдей сиып, қатысып тұрғанын таныту үшін жұмсалады.

Шотыңды қақ, Баршагүл, — деді колхоздың уақытша бастығы Бексұлтан, ол әрі фирма бастығы болатын (М.Тиесов).

Әрі жалғаулығы екі компоненттің жігінде орналасқанда үтір жалғаулықтың алдынан қойылады. Жалғаулық әр компоненттің бас позициясында қатысқанда компоненттердің жігін ажырататын үтір екінші әрі-нің алдынан қойылады.

Ыңғайластық жалғаулықтардың ішінде құрмалас сөйлемнің компоненттерін байланыстыру үшін көп жұмсалатыны  да, де жалғаулығы. Бұл жалғаулықтар – сөйлемдердің арасындағы байланыстырушы дәнекер. Ал компоненттердің мағыналық қатынасы олардың мазмұнына сай анықталады.

Да, де бірінші компоненттің баяндауышына жымдасып тұрады. Сол себепті ол дыбысталу жағынан соған үйлеседі: Келеді де кетеді. Ол айтады да, сен қайталайсың. Осыған байланысты компоненттердің жігін ажырату үшін үтір жалғаулықтан соң қойылады.

Аталған жалғаулықтар арқылы байланысқан сөйлемдердің синтасистік қатынасы мынандай болады.

  1. Құрмалас сөйлем бірінен соң бірі ілесе болатын оқиғаларды баяндайды.

Сөз осымен бітті де, Алшынбай біраз отырып үйіне қайтты (М.Әуезов).

  1. Құрмалас сөйлем бір мезгілде, қатар болған немесе ұдайы қатар болатын оқиғаларды баяндайды.

Сіресіп қалғандай табан аудармай кек кернеген ана тұр да, мың сұрауына жауап ала алмай, ызаға булығып Антонов тұр (Ғ.Мүсірепов). Мен ес білген кезде, әкемнің бір аты бар еді де, біреуден сауынға алған жалғыз тарғыл сиыры болатын (С.Көбеев).

  1. Жалғаулық арқылы байланысқан компоненттер өзара себептік қатынаста келеді.

Түстен кейін жаңбыр жауды да, комбайндар тоқтап қалды (Ә.Әбішев).

  1. Құрмалас сөйлемдер іліктес, жалғас пікірлерді баяндайды.

Шын бедел бар да, жалған бедел бар (М.Иманжанов). Балам, аңсау бар да, аңсағанды іздеу бар (Ә.Әбішев).

Бұл қатынасты сөйлемдердің құрамында қарсы қойылған мүшелер болады да, соның салдарынан бұл сөйлемдер қарсылықтық та болып үстеме мағынаға ие болады.

Көпір біреу де, өтем деушілер мың (Ғ.Мүсірепв). Оның жүрегінде темірдей қарыған күйініш бар да, үрейлену жоқ еді (Ә.Әбішев).

  1. Өзара синтаксистік қатынасқа түскен екі компонентте қайталанып келіп да, де жалғаулығы оқиғаларды ерекшелеп айтуға жәрдем етеді.

Жер астында жел де жоқ, тілін соза, қызара жылтыраған май шамнан басқа жарық та жоқ (Ғ.Мүсірепов). Бұл уақыттың ішінде біздің ел де өзгеріп кетті, адамдар да өзгерді (Б.Бұлқышев).

  1. Өзара байланысқан компоненттердің құрамында қайталанып келіп, да, де, оқиғалардың бірінен соң бірі іле-шала болғанын білдіру үшін қызмет етеді.

Күн де батты, теңіз үстінде қорғасындай басқан ауыр бір тұман да көтерілді (Ғ.Мүсірепов). Ақырында оқ та бітті, көз де байланып, түн қараңғысы да түсе бастады (Ә.Әбішев).

Оқиғалардың арасындағы осы мезгілдік қатынасты білдіруде құрмаластың интонациялық формасының мәні ерекше.

Интонация қызметінің рөлін мына сөйлемді құбылтып айту арқылы білдіретін мағынадан байқауға болады.

Таң да атты, жел де басылды – оқиғалар дараланып аталды.

Таң да атты, жел де басылды – оқиғалар мезгілдік қатынаста аталды.

Да, де жалғаулығының сирек, көңілдің хошымен, жұмсалатын варианты бар.

Ол-дағы.

Қараңғы түсті дағы, біз қайттық.

Жұрт көп келді дағы, сенбілік жұмыс қызықты өтті.

Хабарды өзгеше өң беріп айтам дегенде сөйлеуші осы жалғаулықты қатыстырады.

Дағы, — да, де сияқты емес, бір фонетикалық вариантта ғана жұмсалады.

Дағы – бізге тағы бір қызмет көрсетеді. Ол да, де жалғаулықтарының шығу тегін байқатады.

Дағы үтеу тағы-дан шыққан.

Баяндауыштың соңындағы дауыстының ықпалымен т ұяңдап т дыбысы д-ға айналған. Дағы қомақты сөз болғандықтан дауысты дыбыстары ықпалға түспеген.

Және, тағы жалғаулыққа айналу процесін ұқсас бастаған оны орхон жазуларынан көруге болады.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал:

  1. Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық
  2. Баяндауышқа тән белгілер, баяндауыш түрлері, жасалу жолдары, логикалық баяндауыш ұғымы
  3. Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы
  4. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (І нұсқа)
  5. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (ІІ нұсқа)
  6. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  7. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
  8. Қазақ тілі бойынша тақырыптық тест сұрақтары
  9. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  10. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  11. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  12. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
  13. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  14. Екі негізді сөйлемдердің топтастырылу парадигмасы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ