Ғылыми стиль ғылымның әр саласында жазылған еңбектерде қолданылады. Бұл стильге нақтылық, логикалық, мазмұн дәлдігі тән.
Ғылыми стильдің лексикасындағы ерекшеліктер: сөз тек өзінің негізгі мағынасында жұмсалады, көпмағыналы, образды сөздер аз кездеседі.
Сөйлемдегі сөздердің қалыпты орын тәртібі, тіл нормасы қатаң сақталады және ой күрделі баяндалып, анықтама, дәлелдеме және формулаларға негізделеді.
Монография, оқулық, мақала, ғылыми есеп, диссертация, реферат, баяндама, тезис, патент т.б. ғылыми стильде жазылады.
Мақсаты. Заттар мен құбылыстардың жалпы ерекшелігін ашып, мәлімет беру.
Қолданылу аясы. Ғылыми еңбек, баяндама, мақала, оқулықтарда қолданылады.
Стильдік сипаты. Ресми, анық, дәл, нақты, дәлелді.
Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
1. Әр ғылым саласының өзіне тән терминдері мен атаулары қолданылады. Мысалы, химия ғылымында: элементтер, минералдар; физика ғылымында: атом, күш; лингвистика ғылымында: морфология, фонетика; биология ғылымында: ағза, жасуша т.б.
2. Ғылыми стильдің өзіне тән синтаксистік құрылымы болады. Тұрақты
үлгідегі сөйлемдер, сөз тіркестері молынан жұмсалады.
3. Өткен шақ, осы шақтағы хабарлы сөйлемдер жиі қолданылады.
4. Ырықсыз етістіктен жасалған баяндауыштар көп жұмсалады.
5. Ойдың ағынын білдіретін үстеулер мен шылаулар кездеседі. Мысалы: сондықтан, содан кейін, әрі қарай, бойынша т.б.
6. Сөйлемдердегі ойдың бір-бірімен өзара қатынасын білдіретін
қыстырма сөздер де ұшырасады. Мысалы: біріншіден, екіншіден,
қорыта келгенде, зерттеу нәтижесінде т.б.
Дереккөз: Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева
Ұқсас материал:
- Ойталқы (диспут) дегеніміз не?
- Трилогия мен қарсылық әдебиеті теориясы
- «Қайталау» теориясы туралы түсінік