Ыстықкөлдегі журналистердің жазғы мектебі

0
1771

2017 жылдың 13-15 шілде аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Қырғыз Республикасы Ыстықкөл жағалауындағы сауықтыру кешенінде V Журналистика және коммуникация халықаралық жазғы мектебі өткізілді. Шараға Қазақ ұлттық университетінің студенттерімен қатар Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз мемлекеттің университетінің және Қазақстанның басқа өңірлеріндегі жоғары оқу орындарынан келген жас журналистер қатынасты.

Жоба жетекшісі профессор Гүлмира Серікбайқызы жазғы мектеп — жас журналистерге зор мүмкіндік дейді.

— Журналистердің Ыстықкөлде өтетін жазғы мектебі журналистер мен студенттердің жазғы демалыс уақытын тәжірибемен ұштастыру мақсатында өтеді. Биыл шараны бесінші рет ұйымдастырудамыз. Бұл шараға жыл сайын Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросы қолдау білдіріп отырады. Жазғы мектепке тек Алматы қаласынан емес Қарағанды, Қызылорда, Шымкент, Солтүстік өңірлердегі жас журналистер мен оқушылар және мұғалімдер белсенді түрде қатысып жүр. Журналистикаға жаңа қадам басқан жас журналистер үшін тәжірибелі спикерлерді шақырып, шеберлік сағаттарын ұсынуға дайынбыз,- дейді жоба жетекшісі Гүлмира Серікбайқызы.

Ыстықкөл жағалауындағы жазғы мектеп үш күнге созылды. Қатысушылар түске дейін тәжірибелі мамандардың шеберлік сағатына қатысса, түстен кейін көл жағалауында уақытын қызықты өткізді. Жазғы мектеп қатысушыларына дәрісті Қазақстан Журналистер Одағының Президенті, профессор Сағымбай Қозыбайұлы, «Media Support Center Fondation» ҚҚ өкілі, медиа-тренер Назира Шерәлі (Бішкек), «Youtube Kazakhstan Genesis MCN» компаниясының менеджері Самсон Безмятежный және «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі, журналист Есенгүл Кәпқызы жүргізді.

Есенгүл Кәпқызы дәріс жүргізуде

Дәрістер қазақ және орыс тілінде өтті. Журналистикаға қызығушылығы бар жастар дәрістерге белсенді түрде қатысып, бір-бірімен тәжірибе алмасты. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистрі, жазғы мектеп қатысушысы Серікхан Жүзеев шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтады.

— Жазғы мектепке осымен үшінші рет қатысып отырмын. Биыл да өз деңгейінде ұйымдастырылды. Жаз мезгілінде Ыстықкөл жағалауында демала жүріп, өз саламыздың білгірлерінің дәрістерін тыңдадық. Бұл өте қызықты,- дейді Серікхан Жүзеев.

Қатысшулар тапсырма орындауда

Үш күнге созылған жазғы мектептің нәтижесінде қатысушыларға 72 сағат көлеміндегі біліктілікті арттыру курсын тәмамдағанын растайтын куәлік пен арнайы алғыс хаттар табысталды. Жас журналистердің тәжірибе алмасу аймағына айналған мұндай жобалар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ