Өзге ұлт өкілдеріне тіл дамыту сабақтарын меңгерту жолдары

0
1557
Иллюстрация: Freepik.com

Мақсаты: Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету барысында студенттің сөйлеу мәдениетін және жазба тілін дамытумен қатар ой-өрісін, дүниетанымын қалыптастыру.

Қазіргі таңда мемлекеттік тілді оқыту жүйесінің жаңа технологиялары оқыту үдерісінен кеңінен орын алып келеді. Әрбір ұстаз өзі таңдаған технология бойынша білім деңгейін көтеруге бар күш-жігерін жұмсайды. Ертеңгі еліміздің қамын ойлайтын, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтар дайындап, тіліміздің мәртебесін көтеру мәселелері – орыстілді аудиторияда қазақ тілінен дәріс беретін ұстаздардың алға қойған басты мақсаты.

Тіл үйренушілердің заман көшінен қалмай, түрлі салада болып жатқан жаңалықтарды әңгімелеп жеткізуі, болмаса сол төңіректе еркін тілдесуі үшін сөздік қорын күннен-күнге көбейтіп, өмірмен байланыстырып сөйлеуге баулу, ойын толық айта білуге, бір-бірімен қарым-қатынас жасауға дағдыландыру керек.

Әрбір сабақты түсіндіру кезінде берілетін теориялық мағлұматтың көлемі студенттің игеруіне қолайлы болуы, оның қызығушылығын арттыруы өте маңызды. Ауызекі сөйлеу тілі мен жазбаша сауаттылыққа меңгертуде тіл дамыту жұмыстарын дұрыс ұйымдастырудың мәні зор. Әсіресе, студенттердің өздері жақсы көретін тақырыптарға бейімдей өтілген сабақтардың рөлі жоғары. Берілген материалдармен жүргізілетін жұмыс түрлері тіл үйренушілер шығармашылықпен жұмыс жасайтындай деңгейде ұйымдастырылуы шарт.

Қазақ тілін оқытуда тіл дамыта отырып, жазылымға жете мән беріледі.

Жазылымды дұрыс қалыптастыруда жаңа сөздерді сөздік жұмысы арқылы үйретудің тиімділігін байқалады. Күнделікті сабақта жазба жұмыстардың ішінде диктант түрлерінің орны ерекше. Диктанттардың түрлерін көптеп қамтып, сол арқылы өтілген тақырыптардың меңгерілу деңгейін байқауға болады.

Қазіргі таңда Балқаш қаласындағы «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжінде өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілінен дәріс беріп жүрмін. Тілді оқыту барысында бір байқағаным мынау – қызығушылығы болмаса, білім алушылар тақырыпты меңгере алмайды. Тіл дамыту сабақтары қызықты, әсерлі болуы үшін әр сабақ жан-жақты ойластырылып, әдістемелік құралдарды, тапсырмаларды түрлендіруге көңіл аударылады.

Бұл мәселені шешу мақсатында білім алушылардың түпкі талап-тілегіне, қызығушылығына орай олардың сұраныстары ескеріледі. Тіл мәдениетінің негізгі талаптарының бірі – сөзді дұрыс айтып, дұрыс жазу болса, оқытушы сабақ барысында студенттерден сөздің айтылуы мен жазылу ерекшеліктерін ажыратып, орфографиялық және орфоэпиялық норманы сақтауды талап ету тиіс. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін сөздік диктантын жазғызуға болады.

Мысалы: өзара, өзекті, өзгеріс, өкіл, өкілетті, өкім, өміршең, өркениет, өнім, өтемақы, көзқарас, төлем, төлемақы, өндіріс, баспасөз. Дәл осы сөздерді көру немесе бақылау диктанты, шығармашылық диктант, түсіндірме диктант ретінде жазғызып, жұмыс түрін күрделендіріп көрсе:

  • Білім алушылардың сөздік қоры молаяды;
  • қазіргі қоғамда қолданылып жүрген жаңа сөздер – белсенді лексикамен танысады;
  • тіл дыбыстарын жете меңгереді (ө, і, қ дыбыстары жиі кездесіп отыр);
  • орфографиялық және орфоэпиялық норманы меңгереді.

Жоғарыда келтірілген мысалдар Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы әзірлеген «Сөз сарасы» әдістемелік құралынан алынып отыр. Өйткені онда саясатқа, экономикаға, әлеуметтік салаға байланысты сөздер мен сөз тіркестері көп берілген әрі тапсырма түрлері де ауқымды.

Сабақ барысында, ең алдымен, сөздік диктанттары жазылып, жаңа сөздер таныстырылады. Одан әрі тапсырмаларды түрлендіре отырып, жаңа сөздерді меңгертуге болады. Диктант жазып болғаннан кейін жаңа сөздердің мағынасын түсіндіру үшін аударма, терминологиялық, түсіндірме,  орфографиялық сияқты сөздіктермен жұмыс істеуге дағдыландыру қажет.

Білім алушыларды қазақша сөйлеуге үйретуде маңызды қызмет атқаратын тілдік тұлға – сөз тіркесі. Сөз тіркесі студенттерді дұрыс сөйлем құрап, ойын дәл жеткізуге зор ықпал етеді. Сабақта меңгерген жаңа сөздермен сөз тіркесін жасатуға болады. Үлгі:

 

Өзге ұлт өкілдеріне тіл дамыту сабақтарын меңгерту жолдары

 

Берілген сөздердің кейбіреуін басыңқы етіп, енді бірін тіркестің бағыныңқысы ретінде қолдану барысында осындай мысалдар қатары толықтырыла береді. Мұндай тапсырмаларды орындау жұптық, топтық жұмыс ретінде берілсе, тұтастай аудитория қамтылып, ізденіс, құлшыныс пайда болады. Топты екі командаға бөліп, ойын түрінде ұйымдастырса – тіпті жақсы.

Тіл үйренушінің сөздік қоры қазақша сөйлеуге, басқаның сөзін ұғуға, оқығанын, газет пен теледидар материалдарын түсінуге қызмет етуге тиісті.

Жүргізілетін жұмыстардың бір тобы үйренген сөздерін студенттің есінде тұрақтандыруға қатысты. Жаңа сөзді түсініп қана қоюы жеткіліксіз. Жаңа сөзді қолдануға дағдыландыру қажет. Бұл мәселені іскерлік ойындардың көмегімен шешуге болады.

Қазақ тілін оқыту әдістемесінде жаңа сөздерді үйретудің жолдары көп әрине. Жоғарыда көрсетілген жұмыстар – соның бір парасы ғана.

Дереккөз: internet-konkursy.com

Басқа материалдар: 

  1. Ағылшын тілінен ҰБТ тапсырмасы жауабымен (І нұсқа)
  2. Ағылшын тілінен сабақ жоспары. Theme of the lesson: What’s your name? (5 сынып)
  3. Ағылшын тілінен ҰБТ тапсырмасы жауабымен (ІІІ нұсқа)
  4. Ағылшын тілінен сабақ жоспары. Theme of the lesson: Good morning! (5 сынып)
  5. Мөлдір бұлақ – жасыл құрақ. Өзін-өзі тану пәнінен сабақ жоспары
  6. Сабақ жоспары: Күләш Байсейітованың өмірі мен қызметі
  7. «Қызықты математика» үйірме жоспары
  8. Ағылшын тілінен ҰБТ сұрақтары
  9. Ағылшыннан ҰБТ тапсырмалары (І нұсқа)
  10. Ағылшыннан ҰБТ тапсырмалары (ІІ нұсқа)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ