Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз

0
7101
Ұстаз

Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз

«Адам бір жылын ойласа – дән себеді, бар ғұмырын ойласа – ағаш отырғызады, ал ғасырлық болашағын ойласа – ұрпақ тәрбиелейді»

                                                   Халық даналығы.

    Ұстаз — ұлағатты ұғым. Әр адамның жүрегіне  ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соны бірі – Ұстаз. «Ұстаз» қазақ баласы үшін қашан да қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады.

«Ұстаз» деген асыл ұғым – бұл қайнап жатқан қоғам өміріне, оның ішінде бала өмірінің үлкен мұратына үлес қосар, нардың белін қайыстырар қыруар жүкті  көтеріп келе жатқан тұлға дер едім. Ұстаз өзінің биік парасатын өтеу жолында, қазіргі сансыз өзгерістер болып жатқан уақытта, соның ішінде білім беру жүйесі жаңарып, мәні өзгерген салада болашақ жастарды  біліммен   сусындатып, әрқашан  қамқорлық жасауға ұмтылады.

Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата- анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Оның бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені сабасына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ержеткізеді. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне үлгі — өнеге болған сүйікті мұғалімін ұстазым деп атайды. Мен жұмысқа енді ғана араласқан жас маманмын. Бүгінгі бала – елдің ертеңгі болашағы. Мен үшін ең қымбат дүние – қуанышы қойнына сыймай тұрған баланың жарқын жүзі, сыңғырлаған күлкісі мен жанып тұрған көздері. Балаға бақыт сыйлау, қамқорлық көрсету барша адамзаттың парызы деп түсінемін…

Аз ғана уақыт жұмыс  істегенде , көзім жеткен дүниелер мен қағидалар мынандай…  Халық даналығын  ескере жүріп,  ұрпағымыздың болашағы жарқын болу үшін  шәкірттерімізді  шаршамай  баптап өсіру, ой санасын дамыту, білім нәрін егіп, әр баланың отбасымен біріге отырып тәрбие негізін бойларына егу керек екенін түсіндім.  Бала кезімізде аяулы ұстаздарыма қарап ұстаз болуды армандаушы едім. Аяулы анашымның мейірімі мен балажандығы жүрегімнің түпкіріндегі балалық арман, қиялға әсер еткенін де айта кеткім келеді…

Іс-тәжірибемді алғаш бастаған кезде жасыратын жоқ, қиындықтарға тап болдым. Мектептегі  психологиялық ахуалдардан шығу үшін маған үлкен көмек болған  М. Жұмабаевтың «Педагогика» кітабы десем де болады. Сонымен  қатар тәлімгер ұстаздарымның да еңбегі бар деп ойлаймын.

Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсеткендей, ұлттық табысқа жету ұстаздық маманның қолында деген сөздер маған қанат бітіретіндей. Менің арманым – алдындағы отырған оқушыларды өз ұлтының, салт-дәстүрлерін, ментолитетін, ұлттық құндылықтарын бойына сіңіре отырып тәрбиелеу. Ы. Алтынсарин  атамыздың  «Кел балалар оқылық, бір Аллаға сыйынып» дегеніндей, ең бірінші оқушының  жүрегіне имандылық нәрін сіңіре отырып, Абай атамыз армандағандай толық адам бойындағы асыл қасиеттерін дарытқым келеді. Ол үшін жас ұстаз талмай, мойымай еңбектену, үнемі ізденісте, жаңашылдықты  бойына сіңіре білу, әсіресе, бала жанын терең түсінетін жан болу керек деп ойлаймын.

Жалпы қай  заман  болса да,  ұстаз жүгі қашан да ауыр. Ал бүгінгі  күннің өзгерістері  ұстаз алдындағы жауапкершілікті тіпті арттырып жіберді. Оқушыларға тек фунционалдық білім беріп қана қоймай, өз білімін өміріндегі  қажетіне жарата білетін, қолдана алатын, мәселені дер кезінде шешетін, жылдам ойлай білетін, тез  шешім қабылдай алатын  шәкірттер тәрбиелеу. Олай болса, ұстаздық жолда биік мақсат қоя отырып, Абай атамыздың мына сөзін өмірлік  ұстанымым деп алдым «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен білімің екі жақтап» дегендей. Қанша жыл еңбек етсең де, «болдым,толдым мен бәрін де білемін» деп айтуға болмайды.Ұстаз  үнемі ізденіс үстінде болуы керек.

Міне, менің осындай кішкене әлемім бар. Өз әлемімде  мен өзімді бақытты сезінемін…Егер менің алдымдағы шәкірттерім нәтижеге жетсе, ұстаз үшін одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын!

Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,

Сырлары көп сыртқа әлі шықпаған.

Шаршаса да осы жолдың бойында,

Қандай рахат, шын бақытын тапса адам.

 

Сұлтанқызы Ақерке


ПІКІР ҚАЛДЫРУ