Жам­был жә­не 1916 жыл­ғы кө­те­рі­ліс

0
2004
Freepik.com

Қазақстанның түкпір-түкпірін қамтыған ұлт-азаттық көтерілісіне патша өкіметінің 1916 жылғы маусым жарлығы түрткі болып қана қойған жоқ.

Патша өкіметінің отарлық саясаты, шұрайлы жерлерді тартып алуы да көтеріліс отын үрлейді. Бұл – қазақ халқы үшін өте ауыр кезең еді. Торғайда Амангелді Имановтың, Жетісуда Бекболат Әшекеевтің ел бастап шыққан ерліктері сол күннің өзінде халық арасында жыр болып, аңызға айналды.

1916 жылғы көтерілістің ішкі-сыртқы сипатын Жамбыл жырларынан айқын көруге болады. Ақын тарихи шындықты шынайы көрсететін «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» т.б. жалынды жырларын шығарды. «Қазақ жастарын окоп жұмысына алады» деген хабарды естігенде, ел басына төнген қатерді ақын былай жырлайды:

Верныйдан жандаралдар бұйрық қылды,
Құйрығы бұйрығының тіпті зілді.
«Отыз бір – он тоғызды алад» деген
Суық хабар халықты бұлқындырды…

Ол бұқара халықтың осындай ауыр жағдайға ұшырау себептерінің түп-тамырын ашып, елді патшаға бас имеуге, бағынбауға, оның озбырлығына қарсы күресуге шақырады.
Жетісудағы, соның ішінде Қарғалы, Самсы, Қастек көтерілістеріне кеңінен тоқталады. Мысалы, жырда Қарғалы көтерілісі туралы былай делінеді:

Жиылды бозбалалар бір кезеңге,
«Қарғалы» деген тасқын бір өзенге. Пристав кетті «еріксіз аламын» деп,
«Көресің бұл істі, – деп, – кезегінде».
Бәрін де ол пристав жаттап алды,
Басшыларын қағазға қаттап алды.
Аттандырып бұл елге солдаттарын,
Басты-басты кісіні саптап алды.
Келді де, алып кетті жақсыны айдап,
Барады боздақтардың көзі жайнап…

Жалпы, Жамбыл жырларында көтерілістің тууы, өрбуі, халықтың сана-сезімінің оянуы жан-жақты жырланады. Ел Жәкеңнің өлеңдерін жатқа айтқан. Кейін көтеріліс саябырласа да, Жамбылдың өлеңдері ел аузында сақталып қала берді.

Қарт ақын кейінгі ұрпаққа Амангелдінің батырлық істерін өнеге етеді:

Батыр бол, балаларым, бәрің дағы,
Тап берген дұшпан иттің сынсын сағы.
Семсерін Амангелді тот баспасын,
Ел қорға, ұлы күннің туса шағы!

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс – Жамбыл шығармашылығындағы ең негізгі тақырыптардың бірі. Ол осы көтеріліске қатынасқан, тарихи оқиғаның куәсі болған. Қолындағы домбырасын қару етіп, елді рухтандырып, патша өкіметінің қанауына
қарсы көтеріліске шақырған.

Жамбылдың шығармалары – біз үшін қымбат қазына. Өйткені ол 1916 жыл оқиғасына арналған жырларында тарихи шындықты нақты түрде баяндап бере алған.

(Сабырхан Смағұловтың «Жамбыл және
1916 жылғы көтеріліс» мақаласынан)

1916 жылғы көтеріліс туралы сөз болғанда Торғайдағы Амангелді Жетісудағы Ұзақ Жәмеңке Бекболат бастаған қозғалыстар еске түседі. Әр жерде бұрқ ете түскен халық наразылықтары қарулы әскердің көмегімен басылды жаншылды. Семей Өскемен Көкпекті Зайсан Аягөз Үржар сияқты патша бекіністері қазақ даласын тор тәрізді шырмап алған еді. Әрбір 20–25 шақырым сайын қойылған бекеттер шапшаң байланысты қамтамасыз етіп қазақтардың тыпыр етуге шамасын келтірмеді.

(Мұхаметбек Асылбековтің «1916 жылғы ұлт-азаттық
көтеріліс – бүкілқазақтық қозғалыс» мақаласынан)

Дереккөз:

  1. Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
    жаратылыстану-математикалық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова, К.Ә.Бертілеуова, Р.Н.Мұнасаева.

Ұқсас материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ