«Жас Қоянбаевтанушы» атты студенттер олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды

0
1442

ҚР Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының иегері, үздік қазақ тілді білім сайты атанған Qaztest.kz онлайн олимпиада ұйымдастыру комитеті Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен бірлесе отырып профессор Р.М. Қоянбаевтың 80 жылдығына орай ЖОО-ның студенттері арасында «Жас Қоянбаевтанушы» атты студенттер олимпиадасын ұйымдастырды. Олимпиада университет пен сайт арасында жасалған ынтымақтастық меморандумы аясында өткізілді.

Олимпиадаға Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, Алматы университеті және Маңғыстау гуманитарлық колледжінде «Бастауыш педагогикасы» мамандығында оқитын 200-ге жуық білім алушы белсенді түрде қатысты.

Олимпиада жүлдегерлерінің тізімін осы сілтемеден көре аласыз.

Олимпиада жоғары деңгейде өтіп, 121 студент І,ІІ,ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Олардың ішінде ең жоғары ұпай алған 6 студент «Қазақстан үміті» төсбелгісімен марапатталды.

Олимпиаданың марапаттау рәсімі Алматы қаласындағы Абай атындағы ҚазҰПУ математика, физика және информатика институтының акт залында өткізілді. Шараға Qaztest.kz орталығының директоры Берікбол Төлеген қатысып, жеңімпаз студенттерді дипломмен және «Қазақстан үміті» төсбелгісімен марапаттады.

Бастауыш педагогикасының қалыптасуына зор еңбек сіңірген профессор Ромсейт Мұхамеджанұлы Қоянбаевтың есімін студенттер арасында насихаттайтын бұл олимпиаданы дәстүрлі түрде өткізу жоспарлануда.

 

Qaztest.kz олимпиада ұйымдастыру комитеті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ