«Желтоқсан шежіресі» атты конференция

0
3036

Мақсаты:

  1. Бүгінгі ұрпаққа халқымыздың арғы ғасырлардағы «Мың өліп, мың тірілген» азапты күндері мен бодандық бұғауындағы 260 жылдық тарихын айтпай-ақ, кешегі ғасырдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қантөгіспен, жаппай жазалаумен жүзеге асқандығын, шындық іздеп шырқыраған, әділдік іздеп орынды талап қойған жастарымызға « нашақор», «маскүнем», «қаскүнем» деп жалған жала жаппақшы болған тоталитарлық жүйенің қанқұйлы, екіжүзді саясатын бүркемей жеткізу.

Халқымызға Желтоқсан не үшін, не себепті ыстық ,әрі қасиетті де, қасіретті екенін білгізу, ұлтжандылық сезім қалыптастыру.

  1. Тіл мәдениетін жетілдіру, ой еркіндігін қалыптастыру, кәсіптік бағдар, мамандық таңдауға бағыттау, өзіндік «мені» бар жеке тұлға қалыптастыру.

Тәрбиелік шара түрі: Баспасөз конференциясы.

Көрнекіліктер: 

 Д. Қонаев

                                           Мұхтар Шаханов портреті  

Қайрат Рысқұлбеков
Мұхтар Шаханов

 

 

 

 

 

 

 

Мен- қазақпын, биікпін байтақ елмін,

Қайта тудым өмірге қайта келдім.

Мен мыңда бір тірілдім мәңгі өлмеске

Айта бергім келеді, айта бергім”

(Ж.Молдағалиев)

Сол бір сәтте бұлт торлады аспанды

Алатаудың көзінен де жас тамды.

Тәуелсіздік Желтоқсанмен бітпейді

Тәуелсіздік күресі енді басталды.

Тәуелсіздік бізге оңай келмеді

Асау аттай өз тізгінін бермеді.

Қазағымның алтын басын иілтіп,

Талай дұшпан төрімізге өрледі.

Интерактивті тақтадан мына төмендегі деректер көрсетіледі:

  1. Соңғы деректерге қарағанда, 17-19 желтоқсанда алаңға 60 мыңдай адам шыққан, соның 8 мыңнан астамын ұстап, қаланың сыртына апарып тастаған, 103 адам бас бостандығынан айырылып, екі адам (Қ.Рысқұлбеков пен М. Әбдіқұлов) ату жазасына кесілген. 52 адам партиядан және 787 адам комсомол қатарынан шығарылып, жоғарғы оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.
  2. 1987 жылы шілдеде КОКП Орталық Комитеті «Қазақ республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие берудегі жұмыстары туралы » қаулы қабылдады. Бұл қаулыда Желтоқсан көтерілісі «қазақ ұлтшылдығының көрінісі деп бағаланды». Ресми билік қазақ халқының саяси наразылығының маңызын төмендету мақсатымен оны қатардағы оқиға ретінде бағалаған болатын .
  3. 1989 жылы маусым-мамыр айларында КСРО Халық депутаттарының 1сьезінде М.Шаханов СОКП басшылығынан Желтоқсан көтерілісіне әділ баға беруді талап етті. М. Шахановқа академик А. Сахаров белсенді саяси қолдау көрсетті. Осындай талаптың нәтижесінде Желтоқсан оқиғаларына байланысты түпкілікті баға беру жөніндегі комиссия құрылды.Комиссия төрағалығына М. Шаханов бекітілді. Комиссия жұмысының нәтижесінде қаулыдағы «қазақ ұлтшылдығы» деген айып қате деп танылды.
  4. 1990 жылғы 24 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысында бейбіт шерудің жаппай тәртіпсіздікке ұласып кетуінің себебі көрсетілді. Республика басшылығының саяси дәрменсіздігі, қиын жағдайда бейбіт жол көрсете алмауы мен партия жетекшілерінің қарулы күшке сүйенуі болған еді. Өйткені Челябі, Новосібір, Ташкент, Уфа, Тбилиси, т.б. қалалардан әкелінген әскери бөлімдердің жауынгерлерінің қатыгездікпен жасаған әрекеттері қазақ жастарын да жауап қайтаруға мәжбүр етті.
  5. 1991 жылы желтоқсанда 1986 жылғы 17-19 желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау жөнінде президенттің жарлығы шықты. 17 желтоқсан –Демократиялық жаңару күні деп жарияланды.
  6. Желтоқсан көтерілісінің саяси және тарихи маңызы зор болды.

Қымбатты ұстаздар мен оқушылар!

Сіздерді Тәуелсіздігіміздің … жылдығы мерекесімен құттықтаймыз!

Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, қажымас қайрат, шығармашылық шабыт тілей отырып, егемен еліміздің дәулеті мен сәулетін, білімі мен ғылымын өрлете берулеріңізге және азат елдің бақытты азаматы болып, жемісті еңбек ете берулеріңізге тілектеспіз!

Бүгінгі «Желтоқсан шежіресі» атты конференциямызға қош келдіңіздер!

Бүгінгі конференцияға шақырылған қонақтармен таныстыруға рұқсат етіңіздер!

1.Желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссиясының төрағасы.

2.Мемлекеттік телерадио комитетінің қызметкері.

3.Республикалық Әділет министрінің орынбасары.

4.Желтоқсан көшесінің тұрғыны, музей қызметкері.

5.Алматы қалалық сот төрағасының орынбаары.

6.Ішкі істер басқармасы саяси бөлім бастығы және бірнеше республикалық , облыстық, аудандық басылым тілшілері : «Жас Алаш», «Алматы ақшамы», «Егемен Қазақстан», «Ұлан», «Атырау», «Кең Жылой», «Алтын Орда» газеттерінен тілші, журналистер қатысып отыр.

І.а) 1-сұрақ. Желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссиясының төрағасына «Жас Алаш» газеті тілшісі:

1986 жылы қазақ жастары алаңға ереуілге шықты, оларды алаңға шығуға не мәжбүр етті деп ойлайсыз?

Желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссиясы төрағасының  «Жас Алаш» тілшісіне жауабы :

Біріншіден, желтоқсан оқиғаларын Д.А.Қонаевты  бірінші хатшы қызметінен босатқан Қазақстан Компартиясы Комитетінің 1986 жылғы 16 желтоқсандағы Пленумы тұтандырды.

ә) 2-сұрақ. Желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссиясы төрағасына   «Егемен Қазақстан» газеті тілшісі:

Бұл наразылықтың тағы қандай себеп-салдары бар деп баға бере аласыз?

Желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссиясы төрағасының «Егемен Қазақстан» газеті тілшісіне  жауабы :

Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан трагедиясы қазақ халқын ғана емес, бүкіл Кеңес елінің санасын тоталитарлық ұйқыдан оятқан еді.                                                                  Сол жас демократия әлі қатая қоймаған шақта Орталық өз дегенін істеп, республика басшыларын да өздері тағайындап, халықтың тағдырын да сол жақтан шешіп жатқан болатын.Империялық осы саясатқа наразылық білдірген қазақтың өрімдей жас ұл-қыздары сол кезде алаңға шыққан еді.

ІІ. 3-сұрақ. Алматы қалалық соттың төраға орынбасарына «Алматы ақшамы» газеті тілшісі:

Бұл оқиғаға , жастар әрекетіне сіз қандай баға берер едіңіз?

Алматы қалалық соттың төраға орынбасарының «Алматы ақшамы» газеті  тілшісіне жауабы :

Өз басым 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын аса жоғары бағалаймын. Халқымыздың ұлттық намысының оянуы, саяси сананың өсуі деп түсінемін. Сан жылдар көрсетіліп келген әділетсіздікке, шындықтың бұрмалануына халқымыздың, оның ішінде жалынды жастарымыздың алғашқы қарсылығы, бұл-тарихи құбылыс деп қараған жөн.

Үкімет басына Қазақстанды өмірі көріп-білмеген адамның келуі халықты қатты толғантты. Себебі, онсыз да ұлттық тамыры-тілі, діні, мәдениеті, дәстүрінен ажырап бара жатқан қазақ халқына болашағынан үміт қалмағандай сезілді, содан алаңға шықты. Өздеріне қарсы шыққан халықты бұрын-соңды көрмеген партия мен үкімет басшылары әкімшілдік-әміршілдік жолмен жастарды таратпақ болды, жазалады.

ІІІ. 4-сұрақ. Музей қызметкері, Желтоқсан көшесінің тұрғынына «Атырау» газеті тілшісі:

Желтоқсан оқиғасының қоғамға тигізген әсері қандай деп ойлайсыз?

«Атырау» газеті тілшісінің сұрағына  Музей қызметкері, Желтоқсан көшесінің тұрғынының жауабы :

1986 жылғы Желтоқсан ереуіліне қатысқан жастар Қазан төңкерісінен бері аштыққа ұшырап, сталиндік зұлматқа ілігіп, жосадай қырылып, тең жарымынан айырылып, енді ХХ ғасыр соңында өзін-өзі басқаруға шамасы жетпей ме деп осынау өзгермелі өмірден шындық іздеп көшеге шыққан болатын.

Демократия іздеген жастар соққыға жығылып, сотқа тартылып, абақтыға жабылып, жүз-жүз елу жыл бұрынғы кіріптар халіне ұшырады.

Желтоқсан — қазақ ұлтының қайғылы шеруі, әділет жолындағы көп күресінің күрделісі. Бұл оқиғаны еске түсіру арқылы біздер ұлт ретінде өзіміз-өзімізді қайта танып білеміз деп ойлаймын.

ІҮ. 5-сұрақ. Мемлекеттік телерадио комитеті қызметкеріне «Ұлан» газеті тілшісі:

Сол күндердегі оқиғалардың өрістеуі, шежіресі жөнінде білсек деп едік, сол жөнінде айтып берсеңіз.

Мемлекеттік телерадио комитеті қызметкерінің «Ұлан» газеті тілшісіне  жауабы:

Орталық Комитет пленумының шешімі туралы хабар республикалық радио бойынша 16 желтоқсанда, сағат 15-00 де берілді.

Ішкі Істер Басқармасы мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жергілікті халық өкілдерінің Пленум шешіміне көңілі толмаушылығы жөнінде хабарлар түсті. Қаладағы жағдай мазасыз деп бағаланды. Студент және жұмысшы жатаханаларында қызу талқылау жүріп жатты.

17 желтоқсан күні таңертең сағат 7-8 шамасында Пленум шешіміне келіспейтін, Г.В.Колбиннің сайлануына наразы, Д.А.Қонаевтың алдарына шығуын талап еткен, қолдарына «Әр республиканы өз көсемі басқарсын!» «Қазақстан жасай берсін!» т.б. ұрандар ұстаған жастар алаңға жиналды. Басқа халықтардың намысына тию, мемлекеттік құрылысты құртуға шақыру сияқты бұзақылық көріністер болған жоқ. Сағат 11-30-да  бой көрсетушілер алаңнан шығып, қала көшелеріне тарады. Сағат 13-30-да олардың саны 5000 адамға жеткен.

Ү. 6-сұрақ.  Республикалық әділет министрі орынбасарына «Жас Алаш» газеті тілшісі:

17 желтоқсан күнгі орындалуы талап етілген төтенше шаралар жөнінде айтсаңыз.

Республикалық әділет министрі орынбасарының «Жас Алаш» газеті тілшісінің сұрағына  жауабы:

Алаңды қоршап алып, оған ешкімді енгізбеу, шығармау жөнінде бұйрық берілді.

Алматы гарнизоны бойынша, нөмірі бірінші жауынгерлік дайындық жарияланды, теміржол вокзалдары мен аэропорт жабылды. Дабыл бойынша, үш ішкі  істер бөлімі, өрттен қорғау полкі, 5449 әскери бөлімше күшімен алаң қорғауға алынып, демонстранттар бөлініп тасталды. 17 желтоқсан күнгі оқиғаға теріс баға беру, қолданылған шаралардың төтендігі, орталыққа хабарды бұрмалап жеткізу – болашақ қақтығыстың алғашқы дәнекері болды.

Ішкі Істер министрі Князев бұйрығымен бой көрсетушілерді күштеп тарату туралы шешім қабылданды.

Осыдан кейін-ақ, Алматыда жаппай тәртіпсіздік басталды. Бой көрсетушілерді қуып тартудың жедел жоспары жасалып, «Метель-86» деген атпен операция, оперативтік штаб жасақталды. Оның құрамында 2928 адамнан тұратын үш жедел топ және арнаулы құрама отряд бар еді. 5700 адамнан тұратын Алматы горнизонының күштері мен құрамы тартылды. Мұнан басқа КСРО-ның 8 қаласынан ішкі әскерлер көмекке шақырылып, әскери бөлімшенің мыңдаған адамдары әкелінді.

ҮІ. 7-cұрақ. Ішкі Істер Басқармасы саяси бөлім бастығына «Егемен Қазақстан» газеті тілшісі:

Күштеп тарату әрекеттері кезінде сойыл, күрек, т.б. қару-құралдардың қолданылғаны рас па?

Ішкі Істер Басқармасы саяси бөлім бастығының «Егемен Қазақстан» газеті тілшісінің сұрағына жауабы:

Алғашқы қуып тарату  сағат 18-00-дерде сойыл қолданып жүргізілді. Бұл қуып тарату жаппай тәртіпсіздіктің басы болды.

Екінші қуып тарату кезінде бой көрсетушілерге желтоқсан аязында өрт сөндіргіш құрал, машина көмегімен  20 лафеттік ұңғыдан суық су бұрқағы құйылды. Моралға жат бұл әрекет нәтиже берген жоқ, қайта ашу-ыза, жауап күш көрсету қимылын туғызды. Соңғы қуып тарату кезінде Алматы командалық жоғары шекара училищесінің курсанттары, солдаттар сапер күрегімен алаңдағыларды ұрып-соғып,  құлап түскендерді машинаға тиеп әкетіп жатты.

Қаланың партия, кеңес қызметкерлерінен жасақ құрылып, олар партиялық ғимараттарды қорғауға, алаң мен көшелерді құрсауға қатысты. Қару – арматура, кабель, тұрба кесінділері, шынжыр, таяқ, т.б. қала заводтарында даярланып, қалалық, аудандық партия комитеттерінде таратылды.

ҮІІ. 8-сұрақ. Республикалық Әділет министрі орынбасарына « Алтын Орда» газеті тілшісі:

Шындық іздеп, әділдік іздеп, басшыны өз ұлтымыздан сайласын деп талап қойған жастарға қару қолдануы дұрыс па еді?

Республикалық Әділет министрі орынбасарының « Алтын Орда» газеті тілшісінің сұрағына жауабы:

Шындық іздеп, әділдік іздеп, басшыны өз ұлтымыздан сайласын деп алаңға жиналған жастарға күш қолдану, әрине, дұрыс емес. КСРО Конституциясында да, Қазақстан Конституциясында да бой көрсетуді басуға күш қолдануға, әскер енгізуге, арнаулы құрал-жабдық, қызметші иттер, су шашатын қондырғы, сапер күрегі, сауытты әскери машина қолдануға құқылы деп жазылмаған.

ҮІІІ. 9-сұрақ. «Желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссисының төрағасына «Кең Жылой» газеті тілшісі:

Желтоқсан оқиғасы кезінде жаппай жазалау қалай жүзеге асты?

«Желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссиясының төрағасының «Кең Жылой» газеті тілшісінің сұрағына жауабы:

Прокуратурада  5324 , Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінде 850 адам тергеуде болған. 900-дей адам қамауға алынған, айып салынып, сөгіс берілген. Әкімшілік жолмен жазаланған, 1400 адамға ескерту жасалған.

Жастар Одағы бойынша 1922 адам жазаланды: оның 758-і оқудан шығарылып, 1161-іне жаза қолданылды. Партия қатарынан 52 адам шығарылып, 210-ы партиялық жолмен жазаланды, 319 адам жұмыстан шығарылды. Сот үкімімен 99 адам жазаланды, екі адам ең жоғарғы жаза – ату жазасына кесілді.

Қорытынды:

Иә, оқушылар, Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ, осындай қантөгіспен, жалынды жастарды, аға-апаларыңды азаптаумен, жазықсыз «нашақор» деген жала жабумен, кінәсіз жазалаумен жеткен болатын…

Ендеше осындай жолмен жеткен азаттығымыздың бағасын біліп, азаттықты аңсап, тәуелсіздікті талап етіп, алаңға шыққан, өмірін қиған, азап пен қорлыққа шыдап , ел мүддесі үшін бастарын тәуекелге тіккен жалынды аға-апаларыңның ерен ерлігін  қастерлеп, бағалай білуіміз қажет.

Біздің осындай тәуелсіз ел болуымыздың алғашқы баспалдағы сол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы болатын…

Қымбатты шәкірттер, Желтоқсан оқиғасының шындығы осындай еді…

Шараның соңы. Ә.Тінәлиевтің әні  «Желтоқсан желі» әнімен аяқталады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер: 

  1. Қозыбаев М. «Дақпырт және Шындық» Алматы, 1996 жыл – 35 бет.
  2. Шаханов М. «Желтоқсан эпопеясы» Алматы, 2006 жыл – 624 бет.
  3. Бейісқұлов Т. «Желтоқсан ызғары» Алматы, 1994 жыл – 245 бет
  4. Кекілбаев Ә. «Жарқын бетбұрыстың жойқын беташары», «Егемен Қазақстан», 1996 жыл 12 қараша.
  5. Қозыбаев М. «Жауды шаптым ту байлап», Алматы, 1994жыл – 192 бет.
  6. «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Ұлан» газеттері мен «Жалын» журналының ( 2001) материалдары.

 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ