Жолың болсын, балдырған! (балабақшамен қоштасу сценариі)

0
7551
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі

Тақырыбы: Жолың болсын, балдырған!

Мақсаты: Оқушылардың жыл бойғы алған білімдерінің, үйренген жұмыстарының нәтижесін көрсету, сөздік қорын, тілін, ой — өрісін кеңейту. Отан сүйгіштікке, имандылыққа тәрбиелеу.

Барысы:

Тәрбиеші:Қымбатты ата-аналар,ұстаздар, қонақтар! Бүгін біз бір жыл мәпелеп, күтіп тәрбиелеген бүлдіршіндерімізді ұямыздан ұшырып, мектепке шығарып салғалы отырмыз. Олардың әр бірі мектепалды даярлық тобынан білім деген іргетасын қалап, мектепте үлгілі оқушы болатынына сеніміз мол. Кәнекей, кішкентай түлектерімізді қошеметпен қол соғып қарсы алайық.

Залға балалар шармен музыка әуенімен кіреді.

Тәрбиеші:
Өтті қызық, көп күндер,
Жеті жасқа жеттіңдер,
Барасыңдар мектепке
Бір белестен өттіңдер.
Өсті ақыл ойларың,
Өсті міне бойларың
Қуанышқа ортақпын,
Құтты болсын тойларың!
Тәрбиеші:

Бүгінгі кешіміздің түлектерін таныстырып өтсек.

Спортты жаны сүйеді

Салаутты өмір сүреді.

Бар қоғамдық жұмыстың,

Ортасында жүреді.

Жантөре топтың жүрегі.

Майысып, жымиып отырған

Аяла біздің жұмбақ жан

Достық деген сезімді

Қастерлеген асыл жан,

Достық жолы- дара жол,

Достық жолы- адал жол,

Адалдықты, достықты

Ата- ана сізден алған ғой!

Ән салғанда шырқап бір,

Шаршамайды сірә бір.

Ерасыл біздің өнерлі,

Сырын терең ұға біл.

Қане, Аяжан тобымның,

Гүлі болып шыға ғой.

Сені көрген адамның

Қуанбауы зая ғой.

Спортпенен білім жағын бір қосқан,

Кем қалмаған талантпенен табысқан.

Қараңыздар Мухамедали ортада,

Тауды бұзар шын кіріссе намыстан.

Сабырлы, жайсаң мінезі

Адалдықты сүйеді.

Бәрі де бәрі сыйлайды

Топтас құрбы Алуаны.

Бойында үлкен намыс бар,

Әрқашан алға ұмтылған.

Сегіз қырлы, бір сырлы

Намысшыл жігіт Темирлан.

Мінезі жібектей жайдарлы

Дильназ сыныптың айғасы

Ананың аялы ақылын,

Ісімен біздерге танытты.

Әдепті, үлгіні кім берген,

Әрине, Ата-ана сіз екен.

Сәбидей, ақ жарқын мінезді

Абылайды бәріміз білеміз.

Тәрбие, өнеге тірегі

Ата-ана сізді де білеміз.

Қоштасу күнінде бүгінгі,

Қуаныш сізге тек тілейміз.

Заманбек деген бала бар,

Бойында түрлі сала бар.

Көпшілікті қуантып,

Үлкен үмітпен қаратар.

Аяулым— аяулы ару қыз,

Келбетті, әдепті, байыпты.

Ізгілік, ұяңдық бәрі де

Бойына өзінің дарыпты.

Парасатты ер жігіт,

Ақылменен біледі.

Сегіз қырлы, бір сырлы

Бекзат күліп жүреді.

Биязы мінезімен

Түрлі рөлді сомдайды.

Күлімдеген Әсияны

Барлық досы қолдайды.

Сері ғой, өжет мінезді Бексұлтанымыз,

Сыныптағы нағыз жігіт қараңыз!

Талпынып қуантады білімімен,

Ата- ана сізге алғыс айтарымыз!

Аңғал ғой, балаңыз ақжарқын,

Күлімдеп үнемі жүреді.

Ата-ана ақылын ақтайтын,

Үміт біздің ақылды, ардақты.

Қуанам мен тобымның нұрларына,

Балалардың туған ой мен қырларына.

Тәрбиелеп өсірген жемістерім,

Ризамын Нуралидей ұлдарыма.

Кіп-кішкентай болса да

Елді аузына қаратар.

Сүйкімді қыз Мөлдірдің

Көркі оның көз тартар

Расул деген ұл да бар,

Қыздар оны мақтаған.

Жарыс десе жайнайтын,

Топ намысын қорғайтын.

Ортамыздың ажары,

Алимадай ерке қыз.

Әр қылығын көтеріп,

Еркелете береміз.

Біледі ол жақсы менен жаманды,

Өнерменен тамсандырған адамды.

Дана біздің ортамызда сұлу қыз,

Сұлулығымен бағындырар ғаламды.

.

0 «А» мектепалды даярлық тобының бітіруші түлектеріне тағы да бір қошемет көрсетіп қояйық.

Тәрбиеші:

Мерекеде сызылтып ән салады,

Ән айтып би де билеп жан салады.

Бұл ұлы мерекеде ән салғанда

Бүкіл ел шапалақтап қарсы алады

Ән «Ұстаз – ана!»

Тәрбиеші: Баршамызды бала тілмен баурайтын,

Бала деген бір бақыт қой самғайтын

Ата — ананың арманы мен тілегін,

Бала емес пе бал бұлақтан жалғайтын — дей келе, балаларымыздың тақпақтарын қабыл алыңыздар.

Жантөре: Биыл мен де мектепке

Біріншіге барамын.

Мақтанбаймын мен текке,

Дайын дәптер, қаламым.

Аяла: Өсті міне бойымыз,

Өсті міне ойымыз.

Қуанышқа ортақпыз,

Құтты болсын тойымыз.

Ерасыл: Мектепке енді барамыз,

Біз оқушы боламыз.

Жақсы оқып сабақты,

Кілең бестік аламыз.

Аяжан: Ана тілін ардақтап,

Ата салтын біз көрдік.

Сурет салып, ән жаттап,

Оқып жазып үйрендік.

Мұхамедали: Оқу білім үйреткен,

Өзіңізді қимаймыз.

Жеті жасқа толамыз,

Қуантып ата-ананы,

Мектепке кетіп барамыз!

Алуа: Мектеп біздің панамыз,

Мектеп біздің анамыз.

Ұлағатты ұстаздан,

Оқып білім аламыз.

Темирлан: Оқимыз білім аламыз,

Болашақ жолын саламыз.

Даярлықпен қоштасып,

Біз мектепке барамыз.

Дильназ: Міне мен де

Үлкен болдым,

Жасым толды жетіге.

Кітаптағы ертегіні,

Енді оқимын өзім де.

Абылай: А деген ол –

Аналар ғой ардақты.

Ә деген ол, әкелер ғой салмақты.

Б деген ол, балалар ғой әдемі

Біздің елде үшеуі де кәделі.

Заманбек: Бес болсын алар бағамыз,

Білімнен бақыт табамыз.

Өнер-білім көп тоқып,

Өсе берсін санамыз.

Аяулым: Қолыма гүл аламын,

Дайын дәптер, қаламым,

Мен мектепке барамын.

Қуанышым менің мол,

Мектебіме тартып жол,

Даярлығым қош сау бол.

Бексұлтан: Әке шуақ күніміз, ана жұпар гүліміз,
Аман — есен әрдайым қасымызда жүріңіз
Мақтанатын боласыз «менің балам қандай»деп,
Біріншіге барғанда, озат болса ұлыңыз.

Бекзат: Жақсылыққа құмармыз,
Жақсы адам боп шығамыз
Біздер үшін шаршаған,
Ұстазым сізге мың алғыс!

Әсия: Қаламды ұстап жазуды,
Сандарды қосып, алуды
Үйретті бізге ұстазым,
Әдепті бала болуды.

Үміт: Мектеп — ана, ұстаз — ана және де бар өз анам,
Тәрбие алып сол анадан өсті бір жас — ой санам.
Қабыл алшы аналарым бұл қуаныш тойымды,
Әсем ән — жыр өздеріңе арналған.

Нурали: Қос бәйтерек — әке, ана, қамқорымыз өздерің,
Жанымызға қуат берер жылы — жылы сөздерің.
Біздің әрбір қадамымыз жалын құйып жаныңа,
Көп болсыншы қуанышты кездерің.

Мөлдір: Даярлығым бесігім,

Тағы бір той жасайық.

Ашып мектеп есігін,

Өзіңмен қоштасайық.

Расул: Қызық күндер өткіздік,

Даярлықтың тобында.

Көп оқыдық,көп білдік,

Ел мен Отан жайында.

Алима: Біз бақытты баламыз,

Жетіліп ой-санамыз.

Тобымызбен қоштасып,

Мектепке кетіп барамыз.

Дана: Мектеп ана шақырады бізді алдан,

Алдымызда талай-талай сан арман.

Қоштассақ та даярлығым өзіңмен,

Санамызда өзін берген өнегең.

Тәрбиеші: Сөзіме құлақ салыңыз,

Бір серпіліп қалыңыз.

Қоштасуға арналған,

Әнімізді қабыл алыңыз.

Ән: «Үйретеді»

Тәрбиеші: Ұрпақпен өмір жолы жалғанады,

Көңілді күндер тусын алдан әлі

Әсем бимен түрлі өнер,

Бүгінгі күн сіздерге арналады-дей отырып, кішкентай бүлдіршіндерді  биін қабыл алыңыздар.

Қорытынды.

Оқушыларды марапаттау.

Тәрбиеші: Балалардың білімі құтты болсын,

Денсаулығы ауырмайтын мықты болсын.

Білімдерін ары қарай дамытатын

Ерінбейтін еңбекқор күшті  болсын!

Құрметті ата-аналар! Бүгін бақшамыздан ұшып бара жатқан түлектерімізге тек қана ақ жол тілеп, білім көгінде қанаттары талмай самғай берсін деген тілек айтамыз. Келесі құттықтау сөз кезегін ата-апаларға береміз.

ШҚО, Семей қаласы
«№4ЖОББМ»КММ
Тоқаш Гүлдана Айдарқызы

Басқа материалдар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ