Арман — бұл дүниедегі ең асыл нәрселердің бірі. Адамды алға жетелеп, қанат бітіріп, болашағына бағдар беретін де сол — арман. Балалық шақтан асқақ арманның жетегінде жүріп, журналист болсам деген мақсат мені де алға жетелегені, рас. Мектеп табалдырығында оқып жүрген уақытта, «көгілдір экраннан көрінсем болды, мен — журналистпін» — деп ойлаушы едім. Жоғарғы оқу орнына дәл осы мамандық бойынша білім алуға түскенімде, бұл ойымның мүлдем қате екенін түсіндім.
Журналистканың дара жолында шын ниетімен қызыққан жандар ғана жүреді. Яғни, журналист болу арманым деп қана қоймай, осы саланың сан қилы қырлары санаңнан орын алып, журналистиканың қай саласын болмасын жаныңа жақын тартуың керек.
Журналистика қоғамда елеулі саяси орынға ие болып, көпшіліктің сана сезімін оятып, өмір ақиқатын ашып көрсетеді. Ал, осы салада жұмыс істейтін қызметкер халықтын сұрағына жауап іздеп, билік пен жұртшылық арасына көпір салып, халықтың мұң-мұқтажынан хабардар етеді. Осы сала өкілдерінің төртінші билік иелері деп аталатындығы да осы реттен көрінеді.
Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдарын заман ағымымен қатар дамып келе жатқан маңызды салалардың бірі десек те болады. Өйткеніі, БАҚ болмаса бүгінгі күнді көз алдымызға елестету мүлде мүмкін емес. Дәл осындай қызығы мен қиындығы қатар жүретін арманымдағы салада қызмет ету мен үшін бақыт деп білемін.