9 мамыр — Жеңіс күніне арналған тілектер жинағы

0
1911
Иллюстрация: Freepik.com

Сіздерді 9-мамыр – Ұлы Жеңіс Күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі.

Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.

Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ пен береке тілеймін!

***

Қымбатты Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!

Әскери прокуратура органдарының жеке құрамы атынан Сіздерді ұлы мереке – Жеңіс Күнімен құттықтаймын!

9 мамыр – Жеңіс Күні – ең қымбатты, қуанышты да қайғылы, мәртебелі мейрам, халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісі болып табылады.

1945 жылдың 9 мамыры… Жылдан-жылға алыстап бара жатқан мерзім. Дей тұрғанмен, Ұлы Жеңістің анық бағасы мен маңызы біздің жадымызда мәңгі орын алған деуге болады. Ұлы Жеңіс тойы – бұрынғы кеңестік халықтардың ортақ, басты мерекелерінің бірі.

Жыл сайын мәңгілік алауы жанына Отан қорғаушыларын, батырларды еске алып, гүл шоқтарымен рахметін айта келгендер жиналады. Біздер де қадірлі ардагерлерге бейбіт өміріміз бен бақытты болашағымыз үшін алғысымызды білдіреміз!

***

Қадірлі соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері!

Қасиетті де ұлы мереке қарсаңында Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Осыдан 65 жыл бұрын адамзат тарихында ең ауыр және қанды соғыстың соңғы оқтары атылды. Содан бері 1945 жылдың 9 мамыры жұртшылық жадында біздің халқымыздың ерлік үлгісі, мұқалмас қажырлығы мен мызғымастығының символы болып келеді.

Отан қорғаушылар жасаған ерліктер мәңгілік және уақыт ағысымен жоғалып кетпейді. Сол бір қаһарлы соғыс жылдары алыстаған сайын оның маңызын біз ерекше ұғына түсудеміз. Сондықтан да халық ұзақ күткен Ұлы Жеңісті жақындатуда майданда да, тылда да жанқиярлықпен күреске түскендердің барлығы айрықша құрметке ие, қаза тапқандардың рухына тағзым етеміз.

Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі.

Біздің парызымыз — бұл алапат соғыстағы Жеңістің бізге қалай келгендігін ұғыну, қаза тапқандарды қадір тұтып, арамызда жүрген ардагерлерге ұдайы қамқорлық көрсету. Бүгінгі буын Жеңіс солдаттары алдында мәңгілік қарыздар, сондықтан да біз аймақтық  ауқымда ардагерлерге жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық мүмкіндіктерді жасаудамыз.

Қымбатты ардагерлер!

Сіздер елімізді жаудан ерлікпен қорғай білдіңіздер. Ал бейбіт күндерде еліміз бен туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек еттіңіздер. Қандай шаруаға да белсене қатыстыңыздар. Бүгінгі күні де біздің ортақ проблемаларымыздан шет қалмайсыздар, даңқты ерлік дәстүрлеріне адалдық пен патриотизм, қаһармандықтың лайықты үлгісі болып келесіздер. Ұлы Жеңіс үшін, өшпейтін Ерлік үшін шынайы көңілден шыққан алғысымызды қабыл алыңыздар.

Сіздерге шын көңілден денсаулық, тіршіліктің ұзақ та жарқын, алаңсыз күндерін, жан шуағын, жақын адамдарыңыздың қамқорлығы мен ықыласын тілеймін.

Қымбатты ақтөбеліктер! Сіздерге және отбасыларыңызға ізгіліктер мен игіліктер тілеймін! Табыстар мен сәттіліктер мол болсын!

*****

Ел халқына шат-шадыман күлкі мен тыныш өмір сыйлауда әскеріміздің атқарып жатқан қызметтері ұшан-теңіз. Армиямыздың айбынын асқақтататын сардарлар мен сарбаздарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып,  зор денсаулық, қажымас қайрат, жанұяларыңызға бақыт пен шаттық тілейміз! 
 
****** 
Сіздерді 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні мерекесімен және бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! 
Аға ұрпақ пен жас буынның Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз. 
Еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілейміз. 
 
******** 
Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін! 
 
******** 
 Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген  аталы сөз бар. Біз осындай жандардың ержүрек істеріне сай сый-құрмет көрсете отырып, олардан өнеге алып өсетін жас ұрпақ Отанына адал қызмет етеді деп сенеміз. Мерейлі мерекемен құттықтай отырып, баршаңызға мықты денсаулық, зор табыстар тілейміз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ