Ағаш өңдеу шеберлігі. Балта мен араның түрлері

0
2207

Ара ағашты көлденең кесуге немесе ұзынынан сүрегін қуалай жарып, тілуге арналған құрал. Оның бірнеше түрі болады.

Қос тұтқалы ара — екі басында да тұтқасы бар, ағашты көлденең кесуге қолайлы ара.

Қол ара — жалғыз қолмен ағашты көлденең, қиғаш, ұзынынан кесіп-тілуге арналған ара.

Кермелі ара немесе садақша ара — ағашты ұзынынан сүрегін қуалай тілуге арналған ара.

Пышқы — ағашты мәнерлеп тілуге арналған ара.

Ажыратқыш — араның жүзін ерсілі — қарсылы ажыратуға арналған аспап.

Тұғыр — ашасына ағашты қысып қойып, көлденең кесуге арналған құрал.

Балта ағашты жаруға, шабуға, жонуға қажетті құрал. Істелетін жұмыстың ыңғайына қарай балта да бірнеше түрге бөлінеді.

Шой балта — жуан дөңбектерді жаруға арналған балта.

Ақ балта — шеберлер ұстайтын жүзі қылпып тұрған өткір балта.

Қара балта — отын жаратын жай балта.

Шот балта — шеберлер тұтынатын  құрал, бір жағын шот ретінде пайдалануға болады.

Қуыс балта — жүзімен ағашты оя шабуға болатын құрал.

Жаңғырық (дөңбек, жастық ағаш деп те атайды) — балтамен, шотпен ағаш шапқанда құралдың жүзі тасқа, құмға тиіп мұқалмас үшін төсейтін ағаш кесіндісі. Оны көбіне, қайың, қарағай, емен сияқты қатты ағаштың беріш болып біткен түбірімен жасайды. Жарылмас үшін белін темірмен құрсаулап қояды.

Ағаш балға — бұйымды немесе құралды бүлдірмес үшін ағаштан жасалған соғу құралы. Қашаумен жұмыс істегенде қашаудың дүмінен ағаш балғамен ұрып отырады. Оның қияңқы деген түрін қатты ағаштың бұтағынан, қайың, емен, қара ағаштың безінен (көзі, үйілі, беріші) жасайды.

Қырғыш — асыл болаттан соғылған, жүзі қиғаш қайралған құрал. Онымен ағашты қырнап өңдейді. Қырғыштың жүзі тегіс, қобылай шабылған ағашты қыратын жүзі дөңес, ал жұмыр ағашты қыратын қырғыштың жүзі ойыс болып келеді.

Қаламдық — төрт қырлай немесе жұмырлай соғылған үшкір темір. Оны кейде көзеуіш деп те атайды. Қаламдық домбыраның құлағын тесуге қолданылады. Ол үшін көзеуіштің ұшын отқа қыздырып алып, алдын ала бұрғымен тесілген жерді кеңітеді.

Егеу, түрпі — ағашты өңдеу үшін қолднылатын құралдар. Түрпі — егеудің дөрекі түрі. Жонылған, шабылған ағашты алдымен түрпімен, сонан соң егеумен, зімпарамен, қырғышпен өңдейді. Ағаштың қобылай шабылған қуыс жерлерін өңдеу үшін бүкір түрпі қолданылады. Ол үшін түрпіні суғармай тұрып, бетіне бедер шауып, иіп алып, содан соң бедері қайтпас үшін суғарады.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т

Басқа да ақпараттар:

  1. Ағаш өңдеуге арналған құрал-саймандар

  2. Тері өңдеу шеберлігі. Аң мен мал терісін илеу

  3. Ағаш өңдеу шеберлігі және оның түрлері

  4. Адамның іс-қимылына байланысты тыйымдар

  5. Ағаш желімі және оны күйдіріп әшекейлеу


ПІКІР ҚАЛДЫРУ