Ағаш желімі және оны күйдіріп әшекейлеу

0
1402
Freepik.com

Ертеде ағаштан түрлі бұйымдар жасағанда бөлшектерін біріктіру үшін желімдеу әдісі де қолданылған. Шеберлер, негізінен, жануарлардан өндірілетін табиғи желімді қолданған.

Халық шеберлері терінің шелін, пұшпақтарын, мүйіз бен тұяқтарын тері-терсекті қосып, қазанға салып ұзақ қайнатқан. Ұзақ қайнаған сайын қазандағы қоспа қоюлана түседі. Әбден қоюланған кезде үстіне су құйып, араластыра отырып, біраз уақыт тағы қайнатады.

Сәл суыған соң қоспаны қапқа құйып, қаптың астына ыдыс қойып, іліп қояды. Сонда қоспаның қажетсіз қалдықтары сүзіліп, қапта қалады да, суы ыдысқа жиналады. Ыдысқа жиналғансұйық желімді қайтадан қайнатып, қоюланған кезде металл ыдысқа қотарып суытып қояды. Содан соң кептіреді.

Желім қатайған соң, оны ылғал тимейтін жерде сақтайды. Сөйтіп қажет кезінде бұйымдарды желімдеу үшін қатты желімді ұсақтап, ыстық сумен ерітіп пайдаланады.

Ағашты күйдіріп әшекейлеу. Ағаш бұйымдарды күйдіріп әшекейлеудің бірнеше тәсілі бар. Ағашты күйдіріп әшекейлеу үшін ағаштан жасалған бұйымның арнаулы өңдеуден өткен бетіне қыздырылған металл қалыптармен, біздің ұшымен қарып, өрнек салып, жазулар жазған.

Осы әдісті домбыраның шанағын, қақпағын, мойнын әшекейлеуге пайдаланған. Ағаш жануға, сынуға, шіруге бейім болғандықтан, ертеректегі шеберлердің ағашты күйдіріп әшекейленген бұйымдары бұл күндері сирек кездеседі.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т

Ұқсас материалдар:

  1. Ағаш өңдеу шеберлігі және оның түрлері
  2. Тері өңдеу шеберлігі. Аң мен мал терісін илеу

  3. Адамның іс-қимылына байланысты тыйымдар

  4. Бойтұмар, базарлық байғазы ырымы туралы

  5. Қазақ халқының ырымдары. Ақсарбас, көз тию, тізе бүгу туралы
  6. Ырым мен тыйымдар туралы. Ұшықтау, үшкіру, айдар қою тағы басқа


ПІКІР ҚАЛДЫРУ