Ақ­та­бан шұ­бы­рын­ды, Ал­қа­көл сұ­ла­ма

0
4666
Freepik.com

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» – қазақ халқының жоңғар шапқыншылығы (1723–1725) салдарынан басынан кешкен ауыр қасіретін, босқыншылыққа ұшыраған кезеңін бейнелейтін ұғым.

Осы жаугершілік басталардың алдында қазақ даласында ұзақ уақытқа созылған алапат
жұттың салдары өте ауыр болды: үш жүздің саяси-әлеуметтік байланысы әлсіреді, халықтың әл-ауқаты төмендеді. Ішкі алауыздық, билікке деген талас-тартыс қауіпті жаудың бар екендігін ұмыттырды.

Жұттан жұтап шыққан жұрт ес жинай алмай жатқан кезде, жоңғар әскерінің жеті түмен ауыр қолының анталаған басқыншылығына тап болды. Жер аздырған жұт пен жұрт тоздырған шапқыншылық қазақ елінің хал-ахуалын мүлде ойсыратып жіберді. Жоңғар ханы Цеван Рабтан қазақ жеріне найза, садақ­пен емес, отты қарулар – зеңбірек, мылтықпен қаруланған қолымен басып кірді.

Бұл зобалаңның тұсында қазақтардың жүз мыңдай қолы шығынға ұшырап, ел ұл-қыздарынан айырылып, мал-мүлкі талан-таражға түсті. Атажұрт, атақонысынан ауып, жаппай босқыншылыққа ұшырады. Қазақ тарихындағы бұл ұлы басқыншылық этностың санасында өшпестей сақталып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген тарихи фразеологизм қалыптасты.

Ұлы жүз, Орта жүз қазақтарының Қаратау асып, Сырдан өтіп, Алқакөлде қырғынға ұшыраған жері – «Алқакөл сұлама»; Кіші жүз қазақтарының Қаратаудан Түркістанға
келіп, одан Сауранды айналып, Бұхараға бет түзеген шұбырынды көші – «Сауран айналған», ал Орта жүздің бір бөлігі­нің Қаратаудан солтүстікке қарай ауған шұбырынды жолы «қайың сауғанда, ел ауғанда» деп келетін фразеологизмдерде
көрініс тапты.

Негізгі асы ет пен сүт болған босқын қазақтар қайыңның қабығын тіліп, шырынын ішуге, алғыр (ащы өсімдіктің тамыры), қозықұйрық (саңырауқұлақтың түрі) сияқты
жеуге жарамды шөптесін өсімдіктерді талғажау етуге мәжбүр болды. Жоңғарлардың шапқыншылығына көршілес қырғыз халқы да ұшырап, атақонысынан Ғиссарға ауа көшеді. Осы жайтқа байланысты қалыптасқан «Қазақ қайың сауғанда, қырғыз Ғиссар ауғанда» деген тарихи фразеологизм аталмыш оқиғаның екі халықтың тағдырына үлкен ауыртпалық әкелгендігін айғақтайды.

Дереккөз:

  1. Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
    жаратылыстану-математикалық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова, К.Ә.Бертілеуова, Р.Н.Мұнасаева.
  2. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясы, 1-том 

    Ұқсас материал:

    1. Ойкөкпар дегеніміз не?
    2. Сөзталас дегеніміз не?
    3. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
    4. Рес­ми іс­қа­ғаз­дар сти­лінің түрлері
    5. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
    6. Шешендік өнер тарихы
    7. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
    8. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары

ПІКІР ҚАЛДЫРУ