Айдана Сакалова: Оқытушылар әр студентпен жеке жұмыс жасайды

Айдана Сакалова Түркиядағы Мугла Сытки Косман университетінің  2-курс студенті. Айдана Түркия білім министрлігінің шет мемлекеттің студенттеріне ұсынған грантын иеленген. Қазіргі уақытта халықаралық сауда-саттық  және  финанс мамандығында  оқиды.

— Айдана, сұқбат беруге келіскеніңізге рақмет. Сіздің сұқбатыңыз болашақ  студенттерге көмек беріп, қорқыныштарын басады деген үміттемін. Ең алғашқы сұрағым, не себепті таңдауыңыз Түркия болды?

— Суықты жаным сүймейді, қатты ыстық болса тағы ұнамайды. Сол себепті  таңдауым Түркия болды. Оның үстіне Түркия мемлекетінің  табиғаты маған қатты ұнайды. Әркез сабақтан шығып табиғатпен бірге болсам деген оймен осы мемлекетті  таңдадым. Ал университетіме келетін болсақ, Мугла университеті  финанс мамандығы жөнінен тереңдетіп оқытады. Біздің білім алуымызға бар жағдай жасалып қойған.

— Түрік тілін қалай үйрендіңіз, үйрену барысында қан қиыншылық туындады?

Маған түрік тілін үйрену қиын болған жоқ.  Бала кезден осы тілге бейім болдым. Мен түрік тілін 6 ай ішінде толық меңгередім десем де болады. Бізде қазақ тілі мен түрік тілі ұқсас деген пікір қалыптасып қалған. 10%-ға ғана ұқсас келеді деуге болады. Бұл тілдің де өзіндік қиыншылығы  мен ерекшелігі   бар.

— Сіз оқитын университеттің білім беру жүйесі мен Қазақстанның білім беру жүйесінде қандай айырмашылық бар?

— Айырмашылық өте көп деп айта аламын. Бізге қойылатын талап басқа. Білім сапасы әлде қайда жоғары деңгейде, әр студентпен жеке жұмыс жасайды. Әр пәнді ашық, кеңінен түсіндіреді. Басқа мемлекеттен келгенің олар үшін маңызды емес. Білім жөнінен өте қатал қарайды. Сабақ оқимын, оқымаймын деген атымен жоқ.Университет қабырғасында жүрген соң  сабақтарға қатысып, білім алуың міндетті.

— Жаңа орта, жаңа қоғам сізге қандай әсерін тигізді?

— Оқуға түспес бұрын Түркияда отбасымызбен 4рет болған едім. Жыл сайын ата-анаммен  Түркияға демалуға барамыз. Сондықтан ол жаққа үйреніп қалғанмын, мен үшін жаңа дүние болмады. Оның үстіне ондағы адамдар өте қонақжай және әрдайым көмек көрсетуге дайын тұрады.

— Сол жақта оқитын немесе Түркияға көшіп кеткен қазақтарды кездестірдіңіз бе және олардың қазақтар туралы ойлары қандай?

— Иә, ол жақта ертеден көшіп кеткен қазақ бауырларымыз өте көп.Менің университетімде  оқитын қазақтар да аз емес. Қателеспесем 5000-нан аса қазақ студенті бар. Олардың өз жері туралы ойлары өте жақсы,бір-бірімізді көрсек бауырымызды көргендей қатты  қуанамыз.Олар әрқашан көмек көрсетуге дайын тұрады.

Өткен жылы университет барлығымызды Сакарияға жинаған болатын, сол кезде де барлығымыз бір-бірімізді  танып, қолдап жүрдік. Түркияға көшіп кеткен қазақ бауырларымыз Қазақстанның салт-дәстүрлерімен бөлісіп түрік еліне өздерінің қазақ екендерін мақтан етіп отырады.

— Түркияда білім алудың артықшылығы қандай?

— Басты артықшылық мен үшін ол – халықаралық диплом. Мен осы Мугла университетінен алған  дипломды Еуропада және Азияда қолдана аламын. Ол мен үшін өте көп мүмкіндік береді. Сонымен қатар өте сапалы білім.Шетелде тұрып оқу, жаңа ортамен танысып олардың салт-дәстүрімен алмасу адам дамуына әсері бар деп ойлаймын. Мұның өзі мен үшін үлкен жетістік деп білемін.Еліміздегі  әртүрлі  ұлт-өкілдерінің арақатынасы, олардың жақын араласуы біздің немесе сол  елдің  мәдениетіне үлкен үлес қосады.

— Университет бітірген соң Түркия мемлекетінде қалатын ойыңыз бар ма? Болашақта қандай іспен айналысасыз?

— Бұйырса университет бітірген соң еліме  Қазақстаныма ораламын.  Бірақ бұнымен тоқтап қалатын ойым жоқ, басқа да елдерді аралап көріп,  саяхаттағым келеді. Саяхаттау арқылы сен басқа елдің мәдениетімен танысасың, жерін көресің. Оның өзі біраз білім деп білемін.Бірақ болашақта осы шетелден алған білімімді, көрген- түйгенімді  Қазақстанға келіп артымнан еріп келе жатқан бауырларыма үйреткім келеді.Менің басты мақсатым – жағдайы нашар отбасылар мен жетім балаларға көмектесу. Бұйырса, көмек көрсететін фонд ашып, жас сәбилердің арманын орындағым келеді.

— Жарайсыз, арамандарыңыз орындала берсін! Өте жақсы бастама, алған бетіңізден қайтпаңыз. Сұқбат бергеніңіз үшін көп рақмет, өте қызықты болды. Сізге тек сәттілік тілеймін.

Ерсайынова Бибақыт

Тұран университеті

3курс студенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ