«Айдар» дегеніміз не?

1
3734

Айдар (рубрикалар)-газеттің ішкі құрылымынан хабардар ететін, оны танытатын басты компоненттерінің бірі. Айдаралар қызметі жағынан негізгі және арнаулы болады. Бірнеше газет типтеріне ортақ жалпылама және бір ғана газет типіне тән, соған ғана лайық арнайы айдарлар да ұшырасады.

Айдарлар құрылымы жағынан тұтас, бір ғана мәселеден хабар береді. Мысалы, «Қазақ» газетінде «Сыртқы хабарлар», «Ішкі хабарлар», «Оқшау сөз», т.б. айдарларының әрқайсысы берер хабарының шығу тегін (ішкі, сыртқы) немесе өзгелерге ұқсамайтын оқшаулығын аңартып тұр. «Қазақ» газетіндегі «Сыртқы хабарлар» қазіргі газеттердің көбіне тән «Шетел жаңалықтары» рубрикасына сәйкес. 1913-1918 жылдары «сыртқы» сөзінің орнына «шетел» сөзін пайдаланса, әрине, оқырманға түсініксіз болар еді. Яғни, бұл жерде оқырманның қабылдау деңгейіне лайықты «сыртқы» лексемасы таңдалынып алынып отыр. «Қазақ» әуелі «Европа», «Азия» және олардағы түрлі «патшалықтар» туралы сериялы танымдық бағытта жазып, ондаған мақалалардан кейін ғана «Европадан хабар» атты айдар пайда болды. Мұның өзі газеттің біраз уақыт дайындық іспетті жасаған іс-әрекетінің нәтижесі, оқырман көзқарасы көкжиегінің кеңи түскендігінің көрінісі, газет лексикасында оқырманның әлеуметтік деңгейіне байланысты өзгеріс пайда болғандығының айғағы.

Бірнеше газет типтеріне ортақ рубрикалар мемлекеттік дәрежеде көтерілген саяси, әлеуметтік мәселелердің газеттердің насихатталуы барысының көрсеткіші сынды дүниеге келіп отырады. Айталық, 1980-жылдарғы газеттерге партия, оның саясаты, мемлекет басшыларының позицияларынан туындайтын, әр түрлі көзқарастарды аңғартатын айдарлар ортақ болып келді. Сол тұстағы айдарлардың көбі бейтарап лексика элементтерінің қатысуымен жасалған, құрылысы қарапайым. Мысалы, «Съезд мінберінен», «Делегаттар сөйлейді». Бірнеше газет типтерінде ұзақ жылдар бойы мезгіл-мезгіл көрініп отыратын айдарлардың бірнешеуіне тоқталайық. Мәселен, «Алтын орақ», «Алтын дән», «Егін орағы-…» деп аталады. Бұлардың алдыңғы екеуі бағалауыштық қасиеттке ие болса, соңғысы- бейтараптанған лексикалық элементтерден тұрады. Бейтараптанған лексикалық элементтерлер туралы М.Белбаева былай дейді: «Барлық стильде бірдей қолданыла беретін стильдік бейтарап сөздердің тобына негізгі сөздік қордағы сөздер енеді. Мысалы: тау, жер, су, үй, киім, жүру, тыңдау, сөйлеу, ақ, қара, көк, мен, сен, т.б. Стильдік бейтарап сөздер күнделікті өмірде жиі және жалпылама қолдану қасиетімен сипатталады» (26,63). Яғни, бейтараптану үшін бағалаушылық қасиет болмау керек екен. Затқа, оның сапасы мен санына іс-әрекетке айтушы немесе жеткізуші баға бермейді, жай ғана хабарлайды. Мұндай бейтараптанған айдарлардың құрамы көбіне қарапайым, сөз, сөз тіркесі түрінде болады. Мысалы: «Тәртіпті кеңес іс үстінде»(19.09.98) дегенде, тәртіптік кеңес ісіне баға берушілік, бағалау тұрғысында көзқарас білдіру қасиеті мүлде жоқ, информация ғана беріліп тұр. Көзқарасты бейтараптандыру, уақыт пен көлем жағынан ұта түсу, мақсатынан туындаған мұндай синтаксистік құрылымдар газет бетінде жиі қолданылады. Оған мысал ретінде «Бүгінгі номерде», «Бүгінгі оқитындарыңыз», «Баспасөз баршаға», т.б. айдарларды келтіруге болады. Газетте, жарнама жиі кездесетін эллипсистенген сөйлемдер контексті тұтас алып қарастырғандағы дәл сондай сөйлемдерден ерекше болып келеді. Өйткені, контест ішіндегі (бұл жерде кең көлемдегі контекст) эллипсис сөйлем мен өзінің алдындағы немесе өзінен кейін келетін бірнеше сөйлем арқылы, сол сөйлемдердің мазмұны арқылы ашылады, толығады.


1 ПІКІР

  1. Рахмет, жақсы жазылған, мектеп мұғалімдерінің мәртебесін көтеретін нәрсе уақыт өте келе әр оқушы,ұстазға деген құрмет пен ұстаз алдындағы мәңгілік қарызын түсінеді деген ойдамын

ПІКІР ҚАЛДЫРУ