Алайда жалғаулығының қатысуымен құрылатын қарсылықтық салалас құрмалас сөйлемдер

0
1016
Иллюстрация: Freepik.com

Алайда қызметі, жұмсалуы жағынан біраққа жуық. Бұл жалғаулық арқылы құрылған құрмалас сөйлемдер білдіретін қарсылықтық қатынас ілгеріде бірақ қатысып ұйымдасқан конструкцияларға тең келеді.

  1. Бірінші компонент бір істің, оқиғаның болғанын хабарлайда, алайда жалғастырған компонент оның сәтсіз аяқталғанын хабарлайды.

Бухольц келесі жылы алпыс шақты қайыққа үш мың адамды отырғызып, Тобылдан шығады да, октябрь айында Ямыш көлінің тұсына жетіп, олар өздерін қоршаған жоңғарлықтармен қыстай соғысып, мұз жүре өлім-жетімнен қалған адамдармен кейін шегініп келіп, осы Омбы қаласын салады. (Қ.Исабаев).

  1. Бірінші компонент бір оқиға іс жөнін хабарлайды да, екінші компонент ол істің жүзеге асуына кедергі, тосқауыл болған оқиғаны хабарлайды.

Сүйіндік ұрпағын өзі ғана билеп-төстеу ойы басына үйірілгеннен бері оның ұлы көрші – орыс елінің басқару тәсілдерін біліп, аяғы жетсе, үйреніп қайтқысы да келетін, алайда ол жақтан ешкім келе қоймай, өз жағынан ішке біреуді жіберудің ретін таба алмай жүретін (Қ.Исабаев).

  1. Бірінші компонент бір оқиғаны хабарлайды. Екінші компонент сол оқиғадан туатын нәтиженің (оқиғаның) болмағаны, одан бөлек нәтиженің (оқиғаның) болғанын хабарлайды.

Өскенбай Шоңға барып сөйлесуден де бас тартқан жоқ, алайда ол қайтар жолында Бөкей қыстауына соқпай, Шыңғыстауға турасынан тартып отырыпты (Қ.Исабаев).

  1. Бірінші компонент субьектіге тән бір сипатты, құбылысты хабарлайды да, екінші компонент кем, олқы, өзгеше жайын хабарлайды.

Бөкей ұрпағы аттан түскен жоқ, алайда олар алыс жаққа шат айырмайтын. (Қ.Исабаев). Күніке басында көнбейтін болған, наразы болған, алайда сол наразылық үстінде де ол Ұлжанды бақты (М.Әуезов).

Бірақ, алайда — жұмсалуының мазмұны жуық жалғаулықтар. Олар байланыстыратын құрмалас сөйлемдердің арасындағы синтаксистік қатынас бірдей. Екеуінің айырмашылығы – бірақ жиі жұмсалады, алайда сирек жұмсалады, бірақ негізгі басым жұмсалатын тұлға, алайда – оның жәрдемші варианты. Мұны дәлелдейтін статистикалық деректі кейінірек келтіреміз.

Әйтсе де, сөйтсе де, әйткенмен жалғаулықтарының қатысуымен құрылатын қарсылықтық салалас құрмалас сөйлемдер.

Әйтсе де, сөйтсе де, әйткенмен анафористік сөйлемдерден пайда болған: олай етсе
де , әйтсе де, солай етсе де, сөйтсе де, олай еткенмен, әйткенмен
.

Анафористік сөйлемдер сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыңқысының үлгісімен жасалған. Шығу тарихы әйтсе де, сөйтсе де, әйткенмен жалғаулықтарының салалас құрмалас сөйлемдер жүйесіндегі қызмет ерекшелігін қалыптастырды. Ол ерекшелік бұл жалғаулықтардың компоненттер арасындағы байланыс сипатына қатысты. Сол сипаты болмаса, аталған жалғаулықтар қатысқан конструкция компоненттерінің қарсылықтық байланысында оқшаулық жоқ.

  1. Бірінші компонент бір оқиғаны хабарлайды да, екінші компонент оның кем, олқы жайы туралы хабарлайды.

Длеев пен Жұмабай қарсақбайға дейін енді қайтып ешқандай оқиғаға душар болған жоқ, әйткенмен өлердей шаршап келе жатты (Ә.Әбішев). Ол өзінің қалай келіп қалғанын түсінген жоқ, әйткенмен мұнда мәдениетті адамның тұратындығын ол анық таныды (Ш.Айтматов). Азулыда аға болған ерлер көп еді, әйтсе де алмаға ат байлаған аз еді (Доспанбет).

  1. Бірінші компонент бір оқиғаны, құбылысты хабарлайды, екінші компонент сол оқиға, құбылысты емес, содан туатын нәтиженің болмағанын хабарлайды.

Түн ол күні бұлтты көзге түртсе көрінбейтін қараңғы еді, әйткенмен Ботагөз қайда келе жатқанын шамалайды (С.Мұқанов). Көп уақыт өткен сияқты болды, әйткенмен мағынасыз өткен сағаттарға Камл өкінген жоқ (Х.Есенжанов).

Қандас, діндес қауымды аямаған патша әдеті тілі бөтен бұратананы бір жола тұралатпай кетпесі анық, әйтсе де Оразмұхамет үмітін үзбеген (М.Мағауин).

Еламан мұның кеш оянған махаббат емес екенін білді, сөйтсе де кей кезде Ақбаланың жанарынан ықылас сезетін (Ә.Нүрпейісов).

  1. Бірінші компонент келешекте болатын немесе болған оқиғаны, құбылысты хабарлайды да, екінші компонент оның болмай қалғанын немесе нәтижесіз болғанын хабарлап, қарсылықтық қатынас пайда болады.

Өз дегенінен еш тайынбайтын тас түйін қалыпқа түсіп алған, сөйтсе де… қабырғасын қайыстырған ауыр ой бар қайратын сарқып, қажытып жіберді (А.Сейдімбеков).

  1. Бірінші компонент болатын бір оқиғаны, құбылысты хабарлайды, екінші компонент соның іске асуына кедергі тосқауыл болатын оқиғаны, жайды хабарлап, қарсылықтық қатынас пайда болады.

Өзін-өзі ақтарлық жауаптар да тапқан сияқты, сөйтсе де жауаптары жан тыныштандырарлықтай емес (Ш.Айтматов). Тіпті бұл жөнінде ойлағым келмейді, әйтсе де іштегі тыпыршыған бала оны есіне минут сайын салып тұрды (Д.Исабеков).

Дегенмен шығу тарихы, процесі әйткенмен, әйтседе, сөйтсе де жалғаулықтарынан бөлек болғанмен, тұлғасы осы топқа ұқсас, соған байланысты қызметі, жұмсалуы да солармен бірыңғай.

Ауыл маңында күнелткен бұл текешік көк жасық екен, дегенмен үй иесінің көңліне  риза болған қонақтар сойғаның арық деген жоқ (С.Мұқанов).

Ауызекі сөзде бұл жалғаулықтың мынандай варианттары бар: десе де, дей тұрғанмен. Варианттар баспадан шыққан еңбектерде көрініп қалады.

Жұмысы жолға қойылған зейнетақы қорын сатып алғысы келгендер аз болған жоқ, десе де сатушы казкомерцбанкіге тоқтады («Жалын»). С.Сейфуллин және оның қаламдас жолдастарының атылғаны туралы құжаттар белгілі, дей тұрғанмен үкімет 1917-1938 жылдары тұтқындалғандар туралы ақиқатты 1956 жылға дейін жасырып келгенін айтуға тиіспіз (С.Ілиясұлы).

Аталған топқа кірген жалғаулықтардың лебізге талғанып қатысуы көптеген факторларға байланысты.

Бірінші топқа кіретін жалғаулықтар (бірақ, алайда, ал) мен екінші топқа кіретін жалғаулықтардың қарсылықтық салалас сөйлем құруға қатысуында елеулі ерекшелік бар екені көрінеді. Бұл ерекшеліктің алғашқы көрінісін мына еңбектерден байқауға болады.

  1. Шабандық басына совхоздың парторгі келіп, есепші Төленмен әңгімелеседі. Парторг жұмысқа көңлі толмайды.

— … келе сала тергеуге алғанымды айып етпе. Әйтеуір осы жұмыстың сен де, мен де бір пұшпағын ұстап жүрміз ғой солай емес пе! Е, солай. Ал өзің неге  мұнда қадалып отырсың? Анау оқушы қыздардан кемсің бе?

— Мен ептеп араласып жүрмін ғой, бірақ…

— Не бірақ! Мұрныңнан шаншылып жатқан жұмыс көрінбейді ғой. Әлде бригадирің жібермей ме? (А.Нұрманов).

  1. Бекболат Семейде ауруханада жатып Жылтыр дегеннен Мамарбайдың қызы Ақбілек жайын сұрайды, содан хабар біліп беруін өтінеді. Жылтыр: Ақбілек сіздің қалыңдық екен ғой, жалко, жалко дей отырып, біліп берейін. «Бірақ енді оның не керегі бар»-дейді.

Бекболат жабырқау тартып

— Әйтсе де, — деді (Аймауытов. Ж. 207б.).

Осы екі мәтінде бірақ, әйтсе де жалғасын қосу үшін жұмсалған – жалғасы айтылмай тұр, ол оқушыға белгілі. Жалғаулықтарды бірінің орнына бірін ауыстырып жұмсауға келмейді. Лебіздердің мазмұны оған мұрша бермейді.

Бірінші топ және екінші топ қарсылықтық жалғаулықтардың арнаулы функциясы бар.

Жалғаулықтың шығу тарихын мына еңбектен қараңыз. Әміров Р. Қазақ тіліндегі жалғаулықтар, А., 1959., 24-б.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал:

  1. Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық
  2. Ыңғайластық салалас құрмалас сөйлемдер
  3. Баяндауышқа тән белгілер, баяндауыш түрлері, жасалу жолдары, логикалық баяндауыш ұғымы
  4. Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы
  5. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (І нұсқа)
  6. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (ІІ нұсқа)
  7. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  8. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
  9. Қазақ тілі бойынша тақырыптық тест сұрақтары
  10. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  11. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  12. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  13. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
  14. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  15. Екі негізді сөйлемдердің топтастырылу парадигмасы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ