Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов — Алаш ұлтының парасатты көсемі

0
4054

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов осыдан 151 жыл бұрын 1866 жылы 5 наурыз күні Семей облысының Қарқаралы уезінде дүниеге келген.

Әлихан ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Сұлтан Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей осы Сұлтан Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед. Бөкейдің 1816 жылы хан тағына отыруынан тура 50 жыл өткен 1866 жылы 5 наурызда Әлихан дүниеге келген. Ұлтының тарихын зерттей келе әйгілі энциклопедист ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы, алты алаштың бірлігінің болмауы, соның салдарынан тәуелсіздігінен айырылуының ең басты сыры — бұрынғы хан-сұлтандардың Ресей империясы тарапынан отарлау қаупі төнген сәтте де өз билігіндегі ру-жүздерді біріктіре алмауы екенін біледі. «Бұрынғының көбі, күш-қуатты тиісті орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды; қылғанының бәрі зорлық-зомбылық еді» — деп жазды Әлихан Нұрмұхамедұлы 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақ тарихы» мақаласында. Сол себепті де Әлихан туған халқы алдында бұрынғы хан-сұлтандардың тікелей ұрпағы ретінде өзін айыпты сезінді, кең сахара даласында емін-еркін ғұмыр кешкен, өзіндік салт-дәстүрі, мәдениеті бар халқын еш қарсылықсыз отарлыққа жегіп жіберген алдыңғы хан-сұлтандардың бар кінәсі мен халқының келешек тағдыры үшін бар жауапкерлікті өз мойнына алды. Әлихан 1914 жылы жазған мақаласының бірінде «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» — деп жазды. Әлихан соңғы демі біткенше осы сертіне адал болып қалды.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы Қазақстан тарихындағы болашаққа алтын көпір салған аса маңызды кезең болған еді. Бұл тікелей Ресей империясының отарлық саясатына қарсы батыл үн көтерген, оның езгісінен арылту үшін ең бірінші ұлттың санасын ояту, оны білім-ғылымға, адамзат қолы жеткен мәдениетке үгіттеген, соның негізінде тұтас халықты бір тудың астына біріктіруге ұмтылған Алаш ұлт-азаттық қозғалысымен байланысты болды. Өзінің саяси топ басшылары, қозғаушы күші мен алдына қойған мақсаты мен мұраты жағынан бұл қозғалыс қазақ тарихындағы ең маңыздысы әрі жоғары деңгейде ұйымдасқаны, өзінің күрес жолында тұңғыш ұлттық-демократиялық саяси партия мен қазақтың жаңа сипаттағы Алашорда үкіметін құру деңгейіне дейін көтеріле алғаны болатын. Өз мұратына түгелдей жете алмаса да, асқақ идеясы 70 жылдан кейін жүзеге асқан осы айрықша қоғамдық құбылыстың басында аса көрнекті саяси реформатор, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханов тұрды.

Әлихан Бөкейханов сабақтан тыс кездерде студенттік қозғалыстарға белсенді қатысып, жаңа ілім туралы қызу пікірталастарда экономикалық материализм қағидаларын қорғаған көрінеді. Осылардың барлығы оның Ресейдің қазақ даласындағы отаршылдық саясатының қыр-сырын ұғына түсінуіне игі ықпал етеді.

Әлихан Бөкейханов Мәскеудегі оқуды бітіргеннен кейін Омбыға келіп діттеген қызметіне орналаса алмай, Орман шаруашылығы училищесіне оқытушы болады. Қаланың қоғамдық-саяси өміріне жиі араласады. Орталықтан жер аударылып келген прогресшіл пікірдегілермен қарым-қатынасқа түседі. Жергілікті және санктпетербургтік басылымдарға саяси бағыттағы мақалаларымен тұрақты атсалысады. Осы жылдары ол Ақмола, Семей және Торғай облыстарын қамтыған Ф.А.Щербина бастаған экспедиция жұмысына қатысып, қазақ халқының тағдыры үшін аса маңызды жер қатынастары мәселесін тереңірек біле түседі. Кейін өз шәкірттеріне «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп, үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді», деп кеңес беруі жайдан-жай емес еді.

Алаш басшылары бұқара арасындағы насихат, үгіт жұмысына көбірек көңіл бөлу мақсатында, халықтың әлеуметтік санасын көтеруде, оның күш-жігерін біріктіруде газеттің айрықша рөл ат­қаратынын, оның қажеттілігін жақсы түсінді. Сондықтан, Ә.Бөкейхан қазақтың тұңғыш басылымы «Дала уәлаяты» газеті жабылғаннан кейін, қазақ тілінде газет шығаруға бар күш-жігерін салып, оның саяси басшысы, тікелей ұйымдастырушысы және белсенді авторы да болып, жалпы басылымның ұлттық деңгейге көтерілуіне зор үлес қосты. Содан қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым – «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 2 ақпандағы №1 нөмірі Орынбор қаласында жарық көрді. Мұхтар Әуезов сөзімен айтқанда, «ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қар­сылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытта» шыққан бұл газет, шын мәнінде, Алаш қозғалысының ақпараттық айбынды мінбері бола алды. 1913-1918 жылдары осы басылым бетінде Әлихан Бөкейханның 250-ден астам мақалалары, ғылыми зерттеулері, аудармалары жарық көрген екен.

Бірінші дүниежүзілік соғыс пен 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы және басқа да жағдайлардан туындаған дағдарыс 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясын жақындатқаны белгілі. Патшалық монархияның тақтан түсуі қазақ халқының саяси санасының көтepіліп, ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа өріс алуына айрықша әсер етті. «Қазақ» газетінде басылған Алаш жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай және Міржақып Дулатов үшеуі қол қойған «Алаш ұлына» атты сүйінші хатта «киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды» деп қуана жазылды. Алайда, көп ұзамай-ақ Уақытша үкімет күткен үмітті ақтамады. Оның кадет басшылары жердің адамға меншік ретінде берілуін қалады, ұлт автономиясына, шіркеуді мемлекеттен бөлуге қарсы болды. Осылар ашық баян етілген Бүкілқазақтардың екінші съезінен кейін іле-шала, 1917 жылғы 23 желтоқсанда «Қазақ» газетінде басылған «Мен кадет партиясынынан неге шықтым?» атты қысқа ғана мақалада Ә.Бөкейхан тағы бір аса маңызды қадам жасалғаны туралы мәлімдейді. Ол өзінің «Алаш» партия­сын құруға бел буғаны еді. Бұлай либералдық партиядан қол үзіп, ұлттық-демократиялық ұстанымға бет бұруы болашақ «Алаш» партиясы көсемінің үлкен саясаткер болғандығын айғақтайды.

Бірақ, ұлттық намыстан жұрдай, жалған интернационалист, жадағай белсенділердің көрсетуімен ол 1926 жылы екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Әлихан Бөкейханов Мәскеуге жер аударылады, зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны Қазақстанға жолатпады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылы тамызында қайыра тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кеседі.

1989 жылы мамырдың 14 КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, ақталды.

Әлихан Бөкейхан қарапайым өмір сүрді. Ол тұтқынға алынып, 1937 жылы атылып кеткенде, қызы Елизавета мен немересі Ескендірге Мәскеудің коммуналдық пәтерінен бір бөлме мен кітаптар, фотоальбом, бірқатар қолжазбалары, сондай-ақ… қазір Алматыда өмір сүретін немере туысының қолында сақтаулы тұрған насыбай шақша ғана қалды.

Әлихан Бөкейханға да, оның қыздарына да, немересі Ескендірге де ата-баба жерінен топырақ бұйырмады. Барлығы Мәскеуде жерленді. Тек таяуда ғана Алаш көсемінің күйеу баласы, 1920 жылдардағы ірі мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов денесінің күлі Мәскеуден Астанаға әкелінді.

Тек Тәуелсіздік қана жоғалтқанымызды таптырып, өшкенімізді қайта жандырып жатыр. «Тірі болсам, …қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп халқына уәде берген Алаш көсемінің ұлы өзгерістерге бастаған идеясы жарты ғасырдан кейін шынайы шындыққа айналды. Энциклопедиялық деңгейдегі ғұлама ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның сан-салалы идеялары мен тамаша ой-тұжырымдары жер бетінде қазақ барда мәңгі жасай бермек.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ