Ана жайлы жыр

0
16088

Болғаны үш-ақ əріп бойыңдағы,
«Ана» бірақ зор ұғым ойымдағы
Жақсы сөздің барлығын жазсам-дағы
Бірақ əлі нүктесі қойылмады.

Себебі,»Ана» деген қиыры жоқ,
Шексіз ұғым,кедергі,иіні жоқ.
Сондықтан қалу керек осы ұғым
Адамзат білімінің биігі боп.

Өмірімнің шырағын жаққан өзің,
Тағдырымның тұмарын таққан өзің.
Қанаттыға қақтырмай өсірдің сен,
Тұмсықтыға шоқтырмай баққан өзің.

Ана айтшы… Сен қандай бақыттысың?!
Жаһандағы екінші Жақыппысың..?
Бұл əлемде жан бар ма өзіңдей-ақ
Сезініп көрген,шіркін,бақытты шын…

Бастауысың Анажан өмірдің сен
Жаратқан тіршілік пен өмірді əсем.
Мені іздеп шыр-пыр болып,шарқ ұрғансың
Көздеріңе кішкене көрінбесем.

Ескендір,Томирис пен Еділді де,
Шыңғыс хан,Əмір Темір,Бегімді ді.
Туғызған сен анасың сенің ұлың
Біреуге басын иіп жеңілді ме..?

Қабанбай,Бөгенбайдай көп ерді де,
Ұстаз бен əнші,күйші,шеберді де.
Өмірге əкелдің сен Аристотель,
Евклид,Фалес,соқыр Гомерді де…

Кеше күн мен жұлдызды,бүгін айды.
Міржақып,Абай,Мұхтар,Ыбырайды.
Жатырыңа сыйғыздың жасқанбастан
Сталин,Гитлердей сұмырайды.

Қай қала,қай материк,қай елде де
Барлығы байланысты əйелменен.
Оны білген жазушы,мендік Мұхтар
«Адамдықтың негізі əйел» деген.

Бақыттысың,арылшы ана мұңнан,
Күлкі көргім келеді жанарыңнан.
Айналдым,анашым-ау балаң үшін
Жұмақ кілтін жасырған табаныңнан.

Мадақтама,абырой,атақ,арым
Болмаса да басымда бақа бағым.
Табанды тас жарса да… мен Меккеге
Арқама салып сені апарамын.

Болғаны үш-ақ əріп бойыңдағы
«Ана» деген зор ұғым ойымдағы
Бар жақсыны тізбектеп жазсам-дағы
Бірақ əлі нүктесі қойылмады.

                                                                                                          ЖОМАРТ ЕСҚАРА


ПІКІР ҚАЛДЫРУ