Анимация және мультипликация, анимацияға кіріспе. Программамен және оның интерфейсімен танысу

0
3028
Иллюстрация: Freepik.com

Сыныбы: 10

Пәні: информатика

Сабақтың тақырыбы: Анимация және мультипликация, анимацияға кіріспе. Программамен және оның интерфейсімен танысу.

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Оқушыларды Macromedia Flash бағдарламасында қарапайым анимация құру жолдарымен таныстыру, анимация түрлері туралы біліктіліктерін қалыптастыру.

Дамытушылық: Оқушылардың Macromedia Flash бағдарламасында жұмыс істеу кезіндегі практикалық біліктіліктері мен дағдыларын қалыптастыру.

Тәрбиелік: Оқушыларды компьютерлік сауаттылыққа, ұқыптылыққа, шыдамдылыққа тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: аралас сабақ

Сабақтың әдістері: түсіндіру, сұрақ-жауап, көрнекілік қолдану, тәжірибелік әдіс.

Сабақтың типі: тәжірибелік элементі бар жаңа сабағы.

Өтілетін орны: информатика сыныбы.

Көрнекілік құралдар: компьютер, интерактивті тақта, слайд, Macromedia Flash бағдарламасы

Сабақтың барысы

І. Ұйымдастыру кезеңі

А) Амандасу, түгелдеу, тексеру.

Ә) оқушыларды шаттық шеңберіне тұрғызу

«Шаттық шеңбері» тренингі

Бір — бірінің қолдарын ұстап алақан жылуы арқылы жылы лебіздер айтады:

“Қуанамын мен де,

Қуанасың сен де.

Қуанайық, достарым

Арайлап атқан күнге!”

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру

Сұрақтар қою арқылы үй тапсырмасын әрбір оқушыдан сұрау, оқушылардың үй жұмыстарын тексеру.

ІІІ. Жаңа сабақ.  

Мультипликация – термині латынның «multiplicatio» сөзінен аударғанда «үлкею», «көбею», «еселене түсу», ал ағылшын тілінде – «жандандыру» деген мағынаны білдіреді.

Мультипликациялық кино ісінің белгілі 3 тәсілі бар:

Біріншісі – суреттер (графикалық мультипликация);

Екіншісі – қуыршақтар (көлемді мультипликация);

Үшіншісі – жалпақ, жұқа қуыршақтар (жазық пішінге салып қиылған) пішінінде пайдаланылады.

Мультипликацияның тарихына көз салсақ, оның іргетасы ағайынды Льюмерлердің техникалық жаңалығынан да бұрын қаланды.

Алғаш суретке жан бітірген бельгиялық физик Жозеф Плато (1832 ж) және австриялық профессор – геометр Симон фон Штампфер болды. Олар бірнеше сурет жапсырылған дискіні жылдам айналдыру арқылы, қолын сілтеп жүгіріп бара жатқан адам бейнесін жасады. Бұл технологияның суреттермен байланысты дамуы киноаппараттың жасалуына ықпал етті.

Ал 1877 жылы француз суретшісі әрі инженері Эмиль Рейно траксиноскоп арқылы суреттің қимылын ұзартты. Онда музыка және әнмен сүйемелденген түрлі түсті бейнелі бірнеше комедиялық жолақ болды, ол 15-20 минутқа созылды.

Америкалық Джон Стюарт Блэктон мен Уинзор Маккей, француздық карикатура суретшісі – Эмиль Коль, т.б. мультипликациялық киноның көшбасшысы болып саналады (1906-1908ж). Олар суреттерді кадрлеп бөлшектеп, бөліп түсірудің жаңа жолдарын пайдаланып, мәнерлі қозғалысқа келтіріп, оларға жан берудің құпияларын ашты.

Мультипликациялық киноның негізін салушылардың бірі, әйгілі Микки Маус атты мультифильмнің авторы – Уолт Дисней. Америкалық режиссердің қарамағында бірнеше елдің талантты суретшілері қызмет атқарып, ширек ғасыр бойы техникалық жетістік биігінен көрінді. Оның әйгілі Освольд (қоян), Микки маус (тышқан), Дональд (үйрек), т.б. кейіпкерлері дүниежүзі көрермендерінің көңілінен шықты. Бірнеше серияны құрайтын қойылымдардағы қимыл мен сөздің дәлдігі, музыка, дыбыстың қозғалыспен қатар естілуі керемет үйлесім тапты.  Ресейде ХХ ғасырда «Союзмультфильм» (1936ж құрылған) студиясынан жарық көрген фильмдер мультипликациялық кино ісін дамытты.

В.М.Котеночкиннің «Тұра тұр, бәлем!» (Ну, погоди!) көпсериялы фильмін, режиссер В.Поповтың әйгілі «Простоквашинадан шыққан үшеу», т.б. фильмдерін миллиондаған жас көрермендер тамашалады. Мультипликациялық кино әрдайым жаңалықтар мен ізденістерді қажет ететін өнер. Ал, қазақ мультипликациялық өнерінің тұңғышы – ертегі негізінде түсірілген, 1967 жылы жарыққа шыққан «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі.

Сценарийдің авторы, режиссері және суретшісі – Әмен Қайдаров. Фильм 1968 жылы Ленинградта өткен Бүкілодақтық фестивальде ІІ орынға ие болып, әлем елдерінің экрандарында көрсетілді. 1975 жылы Нью-Йоркте өткен мультипликациялық фильмдердің І халықаралық фестивалінде «Қола Праксиноскоп» жүлдесін иеленді. Ә.Қайдаров түсірген: «Ақсақ Құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр – құрылысшы» атты фильмдер қазақ мультипликациясының жетістіктері болды. 1970 жылы қазақ мультипликациясы Орта Азиядағы жетекші орынға шықты.

Режиссер – суретшілер: Ж.Даненов пен Ұ.Қыстауовтың «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әбдірахмановтың «Тапқыштар», «Бозторғай», Б.Омаровтың «Үш шебер», «Қаңбақ шал», Т.Мұқанованың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтың «Тігінші мен ай», «Қадырдың бақыты» атты мультфильмдері – қазақ мультипликациясы тарихында жоғары бағаланған шығармалар. Сондай-ақ, қазақ анимациясының дамуына А.Әбілқасымов, А.Тоқшабаев, Ұ.Бекішев және басқа да шеберлер зор үлестерін қосты. Мультипликацияның жылдар өте келе дамуымен анимация ұғымы қалыптасты.

Анимация – («animation» — латынның «anima» — жан деген сөзінен шыққан) мультимедиа жүйесінде қозғалыстың әртүрлі кезеңіне сәйкес кескіндер тізбегін жылдамдата көрсету арқылы дене қозғалысы динамикасын бейнелеу тәсілі.

Қазіргі таңда анимация құратын, мультфильм жасайтын дербес компьютерлік программалар өте көп. Мысалы: Macromedia Flash Maker, Pencil, Adobe Photoshop, Synfig және т.б.

Macromedia Flash МХкөрнекті интерактивті мультимедиалық көрмелер, web-сайт, түрлі анимациялық құжаттар құруға мүмкіндік беретін бірегей программа. Flash-те құрылған құжаттың кеңейтілуі *. fla (Flash құжаты) және *.swf (Small Web-File – кіші web-файл) типті болып келеді. Өз кезегінде Flash-ке растрлық және векторлық кескіндерді (Photoshop, Illustrator, FreeHand құжаттарынан), PDF құжаттарын және дыбыстық құжаттарды да (мысалы, WAV және  MP3 форматы) импорттауға болады.

1-сурет. Программаның терезе құрылымы

2-сурет. Мәзір қатары

3-сурет. Стандартты құралдар панелі

Көк түсті тақырып жолағынан кейін Бас мәзір қатары орналасқан. (2-сурет)

Керекті бұйрықтар тізбегін тінтуірдің сол жақ батырмасын шерту арқылы таңдап аламыз. Жұмысты жеңілдету үшін көп қолданылатын программалар Негізгі құралдар тақтасында орналасқан. Оны ашу үшін мына әрекетті орындаймыз: Windows – Toolbars – Main Бас мәзір мен негізгі құралдардың құрамына төмендегі бұрықтар кіреді:

  • Tools құрал-саймандар тақтасы;
  • TimeLine уақыт шкаласы;
  • Әртүрлі редакторлау тақталары;
  • Flash-фильмнің негізгі жобасы іске асатын жұмыс алаңы.
  • Құрал-саймандар тақтасы (бас мәзір Window-Tools) (4-сурет)
  • Уақыт шкаласы (бас мәзір Window-TimeLine) (5-сурет)

Анимациялық әсерлер беру үшін «TimeLine» (уақыт өлшемә қатары немесе монтаждау үстелі) қолданылады.

Дыбыстау нұсқағышы (қызыл түсті төртбұрыш) анимациялық әсерлердің орындалу барысында нөмірленген кадрлар бойымен жылжып отырады. Мұнда біз кадрлармен, қабаттармен жұмыс істейміз және фильмді редакторлау режімін басқарамыз.

Уақыт шкаласындағы пиктограмма батырмалары:

  • Қабат қосу;
  • Бағытталған қабат қосу;
  • Қабаттарды бір бумаға біріктіру;
  • Қабатты жою;
  • Фреймді ортаға келтіру;
  • Алдыңғы кадрларды көрсету;
  • Алдыңғы кадрлардың контурын көрсету;
  • Бірнеше кадрларды бір уақытта редакторлау;
  • Алдыңғы кадрларды көрсетуді баптау;
  • Қабат мазмұнын көрсету және жасыру;
  • Қабатты редакторлауды қосу/ажырату;
  • Қабаттағы нысанның контурын ғана көрсету.

Уақыт шкаласындағы мына белгі  төмендегі жағдайларға керек:

  1. Әртүрлі алаңды ауыстыру үшін;
  2. Әртүрлі символдарды ауыстыру үшін;
  3. Масштабты өзгерту үшін;

Қосымша тақталар нысанның түр-түсін өзгертуге, кескіндер мен символдар қосуға қызмет етеді. Мұнда Color Wixer және Color Swatches түстер тақтасы орнатылған.

      Жұмыс алаңы:

Бұл алаңда жұмыс істейміз. Қалып-күй тақтасы. Мұнда әр нысанға немесе құралға қажетті қосымша баптаулар бар.

Программада кез келген фильм элементі Symbol (символ) болып табылатын нысан ретінде қарастырылады. Символ типтері: Movie Clip (клип),  Button (батырма),  Graphic (графика) және бұл типтердің әрқайсысының өзіндік қасиеттері бар, сонымен бірге мүмкін операциялар жиынтығы анықталған.

Фильмді ұйымдастыру жұмысын ыңғайлы ету үшін оны бірнеше логикалық сахнаға (сцена) бөлуге болады. Жаңа сахна құру үшін Window-Design Panels-Scene (терезе-құрастыру панелі-сахна) бұйрығы орындалады. Дайын болған  Flash-фильмді бас мәзірдегі Control-Test Movie (басқару-фильмді сынақтан өткізу) бұйрығымен алдын ала көруге болады. Сонымен кеңейтілмесі *.swf болып келген файлды жүктеу барысында іске қосылатын арнаулы Macromedia Flash Player терезесінде де көруге болады. Бұл терезеде File-Create Projector (файл-жоба құру) бұйрығының көмегімен  Flash-фильм бірге сақталатын, кеңейтілмесі  *.exe болып келетін файл құруға болады.

Жалпы Flash пограммасында нысанды анимациялаудың 3 түрі бар:

  • Автоматтық анимациялау (Tweened анимациясы), яғни, автор бірінші және соңғы кадрды ғана құрады, ал қалғанын Flash автоматты түрде құрады. Tweened анимациясының 2 түрі бар, бірінші анимация нысанның қозғалысына негізделсе (Motion animation), екінші анимация нысанның өзгеруіне (Пішінін өзгерту — Shape animation) негізделген.
  • Кадр бойынша (Классикалық) анимация, яғни, автор әрбір кадрды өзі жасайды немесе басқа қосымшадан импорттап алып, олардың көріну ретін анықтайды.
  • Сценарийге негізделген анимация; сценарий — ActionScript деп аталатын Flash тілінде жазылған әрекетті сипаттау.

Tweened анимациясының басқалардан екі артықшылығы бар. Біріншіден, авторға енді әр кадрды жеке — жеке құрып отырудың қажеті жоқ. Екіншіден, мұндай Flash «мультфильмін» ойнату үшін алғашқы және соңғы кадрларын сақтап алса болғаны, бұл фильм көлемін кішкене етіп сақтауға септігін тигізеді. Бірақ, Tweened анимацияны, нысанның қасиеттері бірдей өзгеретін тек қарапайым сюжеттерде ғана пайдалануға болады. Ал, ActionScript сценарийі арқылы нысанға күрделі қозғалыстар жасауға болады. Ол үшін ActionScript тілін білу керек. Сондықтан анимация құрарда осы механизмдердің бірін таңдап аламыз.

Қабат (Layer)- жеке атрибуттар орнатуға болатын фильмнің бір бөлігі. Әр қабат түрлі нысандарды ұсына алады.

Жаңа қабат қосу үшін: Insert — Timeline —- Layer командасын орындаймыз.

ІҮ. Сергіту сәті.

Ұзынды — қысқа қос тіл,

Он екі цифрмен дос бұл. (Сағат)

  1. Практикалық жұмыс (Толық орындаған оқушы 10 ұпай алады, толық емес болса 10 ұпайдан төмен)

Тақырыбы: «Сағат» кадрлық анимациясын құру

  1. Flash — те жаңа құжат құрамыз.
  2. Жұмыс алаңының өлшемін 200х200 пиксель етіп өзгертеміз.
  3. Өз бумамызға *. fla кеңейтілуінде алдын ала сақтаймыз.
  4. Монтаждау бөлімінде екі қабат қосамыз. Әр қабаттың атын өзгертеміз: үлкен тілі, кіші тілі, сандар.
  5. Сандар қабатының бірінші кадрына сағат бейнесін саламыз. Кіші тіл қабатына кіші тілді, үлкен тіл қабатында үлкен тілді саламыз.
  6. Екінші кадрдағы қабатты ерекшелеп алып, тінтуірдің оң жағын басып, контекстік мәзірден Insert Keyframe (Негізгі кадрды қою) бұйрығын таңдаймыз.
  7. Екінші кадрда үлкен тілді ерекшелеп алып, Құралдар тақтасынан Еркін түсу құралын пайдаланып, үлкен тілді 300 — қа қозғалтамыз.
  8. Кіші тілді де дәл осындай тәсілмен 2, 5 — ке өзгертеміз.
  9. Жаңа кадрларды құра отырып, әр кадрда үлкен тіл мен кіші тілді осылай қозғалтып, нәтижесінде сағаттың үлкен тілі шеңбер бойымен айналады, ал кіші тілі сағат 1 — ді көрсетеді.
  10. Кадрлар ауысымын 1 секундқа қоямыз.
  11. Дайын фильмді Ctrl+ Enter батырмалар тіркемесі арқылы көре аламыз.
  12. Құжатты сақтаймыз.

VІ. Жаңа тақырыпты бекіту.

а) Семантикалық карта

Автоматтық анимация Tweened анимациясының ActionScript сценарийі Классикалық анимация Қабат (Layer)
  • Кадрлық анимация
  • Сценарийге негізделген анимация
  • Motion animation
  • Shape animation
  • Жеке атрибуттар орнатуға болатын фильмнің бір бөлігі

б) Венн диаграммасы. PowerPoint бағдарламасы мен Macromedia Flash бағдарламасын салыстыру

ҮІІ. Үйге тапсырма: §19 тақырыпты оқу, тест тапсырмасын орындау.

ҮІІІ. Бағалау:

Дереккөз: «Ұстаз» ғылыми әдістемелік журналы

Басқа материал:

  1. Информатикадан глоссарий тізімі. 3D панорама, дендрит, синапс деген не?
  2. Информатикадан тест тапсырмалары
  3. Жасанды интеллект деген не?
  4. Информатика пәніне қатысты глоссарий
  5. Бұлттық технологиялар туралы толық мәлімет
  6. «Заман шындығы» бөлімі бойынша қазақ әдебиетінен тест тапсырмасы
  7. «Ғасырлық туынды» бөлімі бойынша қазақ әдебиетінен тест тапсырмалары
  8. «Әдебиеттегі сын-сарын» бөлімі бойынша қазақ әдебиетінен тест тапсырмалары

ПІКІР ҚАЛДЫРУ