ҚазҰУ-ым мақтанышым

0
1046
Менеджмент қағидасында мектепішілік басқару дағдыларын жетілдіру, педагогикалық квалиметрия әдістері

Оқу десе қандығымнан таятын қарапайым ҚазҰУ студенттерінің бірімін. Амалым жоқ, қазақ бабам айтқандай «үш күн өткен соң көрге де көндігеді» екенсің… Сескеніп жүрген жаңа ұстаздарға да ет бауырым езіле үйреніп кеттім. Аяқ басқым келмеген оқу орнының осынша баурап аларын кім білген?!

Әрине, 1 курста оқып жүргенде университетіммен танысу үрдісім иненің жасуындай сөздерден басталған-ды… Аса көп уақыт өтпей мен де ҚазҰУ-ға тонның ішкі бауындай болып кеттім. Жабайы тұлпар үйірін тапқандай сезімді серік ете жүргенім де рас.

Бейне бір мен құс жолындай із қалдырып кеткен бақыт құсымды ҚазҰУ қабырғасынан тапқандаймын.

Университетімнің бас ғимаратының алдында тұрған әл-Фараби атамыздың ескерткішіне, маңынан өткен сайын сүйсіне қараймын. «Неге?», – дейсіз ғой? Ол кісінің бейнесі санама « Оқы, оқы және оқы» деп Ыбырай атамның сөзін қайталап тұрғандай қызу қанды бойымда ақыл мен сабырды тоғыстырады.

Көздің жауын алатын қара шаңырақтың көрікті жерлері жетерлік. Не айтқым келіп отырғанымды түсінген де боларсыздар… Әрине ол ҚазҰУ кітапханасы…. Қойнауында 2 миллионнан астам кітап қоры бар зәулім сарайда әр студент өзінің керегіне еш қиындықсыз қол жеткізе алады. Орта Азиядағы жоғары оқу орындары арасындағы ең үлкен кітап қорына ие болған бұл кітапханада Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын мұражайы, ұлы ғұламаның ғылыми-ағартушылық мұрасын зерттеумен айналысатын әл-Фараби Орталығы орналасқан. Кітапханаға ең алғаш кіргенімде «ит басына іркіт төгіліп, ақ түйенің қарны жарылған» байлық көзін тапқандай күйде болғаным әлі есімде.

Сөрелерде қаз-қатар тізілген кітаптардың аттары әлі есімде, бұл ұмытуға тұрарлық көз кадрлары емес-ті…ҚазҰУ қалашығында осы студенттерге барлық жағдай жасалған. Мысалы, осы аталған кітапханамен қатар интернет орталығы, Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, мұражай., тамақтандыру комбинаты, студенттерге қызмет көрсету орталығы «Керемет», компьютерлі- техникалық жабдықтар, WI-FI сымсыз интернет желісі , ауқымы кең спорттық кешен, Дмитрий Баландин атындағы 25 метрлік жүзу бассейні сияқты орталықтар орналасқан

Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ерекше мәртебесі бар Қазақстанның жетекші ,әрі әлемдік білім нарығындағы бәсекеге қабілетті, әлемдегі ең үздік 800 университет арасында 275-ші орынды иемдене білген, Қазақстандағы номірі бірінші университет, сонымен қатар білім мен ғылымның ұлттық көшбасшысы. Сондай –ақ халықаралық QS рейтингі бойынша әлемдік үздік 250-топ университет қатарына

еніп 236 орынды иемденді. Университет 180-нен астам гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық мамандықтар бойынша бакалаврларды, магистранттарды, докторанттарды дайындайды. Университет құрамында 15 факультет, 98 кафедра, 20 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, Технопарк қызмет атқарады: 2000-нан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары университетте қызмет атқарады.

ҚазҰУ-дың 41 мамандығы сапа сараптамасы мен экономикалық, құқықтық және әлеуметтік-гуманитарлық бағытта білім беру бағдарламалары бойынша аккредиттаудан табысты өткен университет. Университетте көпсалалы жоғары кәсіби білім жүйесі бойынша 20000 студент білім алуда.

Күні кеше ғана ҚазҰУ ғалымдары «EXPO-2017» көрмесіне қатысып, өз жобаларын таныстырды. Ал биылғы жылғы білім гранттарының көрсеткіші бойынша , ҚазҰУ бірінші орынға ие болды. Университеттің ауыз толтырып айтарлық жетістіктері мұнымен шектелмейді, бастысы білімге деген ұмтылыс өшпесе болғаны. Бұл тұрғыда, ҚазҰУ жастарының жалынды, жігерлі, білімді, өнерлі, һәм білімпаз екенін алға тартуға болады.

Бәлкім біреулерге сөзім университетімді асыра мақтағандық болар… Бәрібір, мен тек өз ойымды шамам келгенше жеткізе алғаныма шатты болып жүремін. Біздің университетіміз «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген М.Әуезов атамыздың өсиетін жерге тастамай, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін!», – деген Мағжан ағамыздың сөзін желге ұшырмай сенімін ақтап жүрген оқу орны екеніне кәміл сенемін.

Шаттығыма шаң жұқтырмай, көкірегімді оятып жүрген ҚазҰУ оқытушыларына дән ризамын. Осы университетте алған білімім кейінгі болашақтағы орнымды сүт бетіндегі қаймақтай іріктеп, шыңырау көкке тартатыны айтпаса да ұғынықты. Тас шайнап құм түкірер, тепсе темір үзер жастар да осы оқу ордасынан, өзегі өрт өлеңге толы ақын жандар да сезім тамшыларын білім бәйтерегінің жапырағынан тамызуда. Ендеше кеудемдегі білімге деген құштарлықпен ҚазҰУ табалдырығын тоздырып, бір күні менің де атым тарих бетінде жазылар деген үмітпен болашаққа нық қадам басамын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4-курс студенті
Ануарбек Ұлжан
Жетекшісі: Медетбекова Перизат


ПІКІР ҚАЛДЫРУ