Қазақ халқының ұлттық музыка аспаптары (сабақ жоспары)

0
3575
домбыра

Сабақтың мақсаты: 
– ұлттық музыкалық аспаптардың қолдану ерекшеліктерін сипаттау

Зерттеу сұрағы
Неге XIX ғасыр қазақ халқының дәстүрлі музыка өнерінің гүлденген дәуірі деп саналады?

Оқулық
Қазақ халқының ұлттық музыка аспаптары. 177–180 беттер.

Тірек сөздер: домбыра, қобыз, жетіген.

Ресурстар
1. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының
дәстүрлі жүйесі. 5 томдық. Алматы, 2011–2014.
2. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. –
Алматы: Атамұра, 2002. 768 б.

Көрнекілік
Фотослайд. Фотоклип, Каталог, фотоальбом кітаптар. Музыкалық аспаптар.

Мақсатты айқындау
Қазақтың музыкалық аспаптары – ғасырлар бойына ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырған мәдени мұра. Оның домбыра, қобыз, сыбызғы, даңғара, үскірік, кепшік, шаңқобыз, жетіген, сырнай, бұғышақ, шың, шаңқобыз, сырнай, сазген, желбуаз, дабыл, дауылпаз, шыңдауыл, керней, дудыға, дүңгіршек, тоқылдақ, асатаяқ, адырна, шыртылдауық, сақпан, тайтұяқ сияқты түрлерімен, қолданыс аясымен, жасалу жолдарымен таныстыру. Музыкалық аспаптардың күрделілігі, бірегейлілігімен таныстыру.

Дамытушылық маңызы. ХІХ ғасырдағы музыка аспаптарының түрлерімен, оның құрылымымен, қолданыс аясымен таныстыру арқылы оқушыларды өнерге баулу. Оқушылардың қазақтың музыкалық аспаптарының бірін үйреніп  алуға деген құштарлық сезімін дамыту, қалыптастыру.

Тәрбиелік маңызы. Оқушылардың эстетикалық талғамын, логикалық ой-жүйесін қалыптастырып, шығармашылыққа баулу. Еңбекқорлыққа, патриоттыққа тәрбиелеу.

Сабақтың деректік материалдары
Ықылас Дүкенұлы атындағы Республикалық музыкалық халық аспаптар мұражайының экспозиция мен қор материалдары негізінде халық музыка аспаптарының классификациясымен танысу (мұражай сайты).

Қазақтың ұлттық музыка аспаптарына қатысты зерттеулер мен жазбалар. Қазақ халқының музыкалық аспаптары халық арасына таралуы ертеден басталған. Олар ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан. Қазақтың музыкалық аспаптарының өзіне тән үні, әуені мен саздылығы, өзіндік орындаушылық дәстүрі бар. Халық өз өмірінде болған оқиғалар мен тіршілік тынысын, табиғат сұлулығын тебіреніп, көңілінен шыққан туындыларын музыкалық аспаптар арқылы бейнелеп берді.

Күй жанрларында халықтың өткендегі өмірі мен тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, арман тілегі, туған жерге деген махаббатын толғаған.

Музыка аспаптары кептірілген қайың, шырша, емен ағаштарынан, қамыстан, сазбалшықтан, малдың терісі мен сүйегінен, мүйізінен, қылынан жасаған.

Қазақтың музыкалық аспаптары ішекті (жетіген, шертер, домбыралар, қобыз), үрмелі (қамыс және мүйіз сырнайлар, адырна, сыбызғы, ұран, керней), шалып ойнайтын (шаңқобыз) және соқпалы (даңғыра, дауылпаз, дабыл, асатаяқ) болып бөлінеді.

Дерек:
Домбыраның құрылысы

Бас. Құлақтарды отырғызу үшін жасалады да, мойынға кіріктіріле бекітіледі. Кейде тұтас ағаштан мойнымен бірге шабылады. Әдеттегі домбыралардың басы түрлі тұрпатта, міндетті түрде құлақ кіргізілетін екі немесе үш-төрт тесікті етіп жонылады.

Құлақ. Ішекті тартып, босату және аспапты күйге келтіру қызметін атқарады. Қатты ағаштан жасалады.

Шайтантиек (бас тиек). Бас пен мойын түйіскен жерде орналасқан. Ішектерді мойыннан белгілі бір қашықтықта көтеріп тұру және бір-бірінен алшақ аралықта ұстап тұру қызметін атқарады.

Мойынғақ (мойынбет, сызғыш деп те аталады) – перне тағу арқылы дыбыстардың орнын анықтап, дөп басып ойнауға арналған негізгі бөлшектің бірі. Иілмейтін қатты ағаштардан жонылады. Оның иілмеуі домбыра бөлшектерінің қалыптасқан өлшемдерінің ауытқымауына әсер етеді. Мойынғақ мойынның бет жағына, 5-6 мм қалыңдықта жапсырылады.

Мойын. Құрастырылып жасалатын домбырада бас, шанақ және қақпақ желімделіп, бекітілетін; үстіне мойынғақ жапсырылатын; перне байланатын  немесе отырғызылатын бөлшек. Тұтас ағаштан шауып жасалатын домбырада шfнақпен, баспен біртұтас болады. Тартылған ішектің қысымына төтеп беретін ең жауапты бөлшек болғандықтан, бұл да қатты ағаштан жасалады.

Шанақ. Ішектен шыққан дыбысты қайта жаңғырту қызметін атқарады. Шанақ тұтас ағаштан шауып жасалады. Сондай-ақ бірнеше қауыншақтан (тілшеден, шанақшадан) құрастырылады.

Қауыншақ (немесе тілше, шанақша). Бір ұшы тұғылға, ал екінші ұшы тұғырға желімденеді. Арнайы қалыптың көмегімен құрастырылады. Бәрі дерлік бір текті қатты ағаштан жасалады. Домбыра көлеміне қарай саны да өзгеріп отырады.

Тұғыр (мойын-тұғыр). Шанақшалардың бір ұшын және қақпақтың жіңішке басын ұстап тұру қызметін атқарады. Мойынның жуан басы қауыншақтардың және қақпақтың бір ұшы орнығатындай етіп кертіледі.

Тұғыл (түйме-тұғыл). Шанақшалар мен қақпақтың төменгі ұшы желімделетін және түймені ұстап тұратын түйін ағаш.

Қалақша (тақтайша, тілік). Біртекті жұқа тақтайдан сүргіленіп, тегістелген қалыңдығы 2-2,5 мм болатын қақпақтың негізін құрайтын бөлшек.

Қақпақ (беттақтай). Ішектің тербелісін тиек арқылы қабылдап, барлық жиіліктегі дыбысты күшейту қызметін атқарады. Қақпақ қалақшалардан құрастырылады. Шанақтың ауқымына қарай қалақшалар саны да өзгеріп отырады.

Серіппе (кейде кергіш, белағаш дейді). Қалақшаларды біртегіс ұстап тұру
және олардың мықтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ дыбыс жаңғырығын бүкіл қақпақ көлеміне тарату қызметін атқарады. Серіппелер қақпақтың астына белгілі ара қашықтықта желімделеді. Олардың орындарының ауытқуы домбыра дыбысының өзгеруіне әкеліп соғады. Серіппелердің көлемін үлкейтіп немесе кішірейту арқылы да дыбысты азайтып-көбейтуге болады. Серіппе ішектің тиек арқылы келген қысымын қабылдаушы боп есептеледі. Сондықтан оның ернеулікке нық орналасуына баса көңіл аудару керек.

Ернеулік (сулық, көмкерме). Шанақтың кенересін толқу немесе шытынаудан сақтау және оның қақпақпен түйіскен жиегін ұстап тұру қызметін атқарады. Ернеуліктің екі басындағы ұштары тұғыр мен тұғылға бекітіледі.  Бұл домбыра шанағының мығым болуын қамтамасыз етеді. Ернеуліктегі арнаулы кертіктерге серіппелердің ұштары енгізіледі.

Түйме (түйін). Ішектердің бір ұшын түюге арналған. Ағаштан жасалады. Бір ұшы сүйірленіп, екінші ұшы келпектеніп жонылады. Сүйір жағы тұғылға отырғызылады.

Кішітиек (түйметиек). Ішек қақпақтың жиегін жарып кетпес үшін түйменің үстіңгі жағына қақпақтың шетіне орнатылады.

Тиек (ортантиек). Ішектерді ұстап тұру және дыбыс тербелісін қақпаққа беру қызметін атқарады. Тиек сондай-ақ ішектің іске қосылатын бөлігінің бір ұшын шектейді. Ішек қозғалмас үшін үстіңгі қыры кертіледі.

Тиекті орналастырудың да өз тәртібі бар. Қақпақтың кез-келген жеріне қоя салғанмен, әдеттегі қалыптасқан қажетті үнді алу мүмкін емес. Сағақ пен тиектің арасы 24 сантиметр, мойынның ұзындығы 48 сантиметр болуы керек.

Тиектің табаны тегіс болғаны жөн. Бұл оның қақпақ үстінде орнықты тұруын қамтамасыз етеді. Астыңғы жағы ойылып алынады. Табанының ені 5-6 мм, ал үстіңгі қыры әдетте 1 мм-ден аспайды.

Сағақ (саға). Мойынғақ пен қақпақтың қиысқан жеріне жапсырылатын қатты зат. Бұл соңғы перненің де рөлін атқарады.

Ішек. Дыбыс шығару қызметін атқарады. Бұрын тарамыстан кейде қой
немесе ешкі ішектерінен ширатылып жасалатын болған.

Перне. Домбыра дыбыстарының ретті орны. Қазіргі домбыралардың пернелері, белгілі ноталық жүйеге түсірілген де, мойнындағы орны тұрақталған.

Ондағы дыбыс қатарлары төрт бөліктен тұрады: а) басқы шен,
ә) орта шен, б) бірінші саға, в) екінші саға.

Қорған (желбезек). Қақпақ бетін тозып, қажалудан және шытынаудан сақтайды. Қақпақтың алдыңғы жағына, оң қол саусақтарының тиетін жеріне және ойықтың айналасына, төменгі тиектің төңірегіне жасырылады. Жаңғақ, қайың, қызылағаш қабыршақтарынан жасалады. Көзге көрікті көріну үшін қорған түрлі үлгідегі ою-өрнектермен әшекейленеді.

Ойық (тесік). Шанақ ішінде жаңғырған дыбысты сыртқа шығару қызметін атқарады. Қақпақтың орта тұсында екі серіппенің арасынан ойылады.

Жалпы Жошы ханға баласының өлгенін күймен естірткенде тиегіне қорғасын
құйғаннан тесік пайда болған, көп шегі үзіліп, екі шегі қалған деген аңыз бар.

Сыбызғы. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы этнографиялық еңбектерде сыбызғы
жиі ауызға алынады. Ал мұның өзі сыбызғының сол кезде халық тұрмысында
кеңінен қолданылғанына дәлел. Сыбызғы жайында капитан И.Андреевтің
1795 жылы жарық көрген кітабында айтылады.

ХІХ ғасырдың екінші жартысына шейін сыбызғының барлық жерге кең тарағаны жайында белгілі зерттеуші А.Левшиннің жазбаларында да бар. Этнограф И.Липаевтың дә мәлімдеуі көңіл аударарлық. “Семей облысындағы қырғыз музыканттардың қолынан сыбызғыны көресің,–деп жазды ол. – Сыбызғы тал шыбықтан немесе басқа да сондай ағаштан жасалады. Ұш жағына, тегінде сәндік үшін болса керек, терінің жұп-жұқа қыртысымен керілген жіңішке арқан жіп байланады.

Түтіктің іші жақсылап ойылып, асқан шеберлікпен өңделген. Дыбыс шығаратын тесік үшеу ғана ойнаған кезде саусақтың ұшымен ашылып-жабылады”. Өткен ғасырдың аяғына қарай Қазақстанның бір қатар өңірлерінде бұл аспап тым сиреп кетеді. Сыбызғының әртүрлі облыс тұрғындарының арасында бір мезгілде емес, біртіндеп жоғалғанын этнографтардың көптеген мәліметтерінен аңғаруға болады.

Мысалы, Түркістан өлкесін жете зерттеген этнограф П.Тихов былай деп мәлімдейді: “Түркістан он екі жыл тұрып сыбызғыны бір-ақ рет көре алдым, онда да тек көзім шалып қалғаны болмаса…” Бұл өлкеде сыбызғының жоғалуын ол екі түрлі себеппен байланыстырады: жергілікті жердің табиғатында сыбызғы жасайтын өсімдіктің болмауы
және онда ойнаудың қиындығы.

ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында атақты ғалым И.Лепехин өзі Орал қазақтарынан көрген бір тамаша сыбызғы жайында жазып қалдырыпты: “Ол түтікті, қалмақтар цур, татарлар курай, ал Жайық қазақтары (бұл аспап оларда да бар) осы күнбағыс сабағын сыбызғы деп те атайды…

Бұл аспаптың жіңішке ұшында үш ойық бар, оларды музыкант бір қолының үш саусағымен кезек пен кезек ашып-жауып тұрады, ал екінші қолымен қажет болған кезде түтіктің төменгі жағындағы сопақша ойықты жабады. Түтіктің кең аузын жоғарғы тіске тақайды да жоғарғы ерін мен тілге тигізеді.

Мұндай аспапта ойнау үшін ерекше жаттығу керек: егер оны шебер күйші тартса, онда даусы шағын флейтравестінен аумай шығады”. Бұл суреттеудің біз үшін бағалығы осы, мұнда ойнау тәсілдері айтылған. Әсіресе, түтіктің төменгі ойығын ашып-жабу арқылы қосымша дыбыс шығаруға болады дегені назар аударарлық, өйткені біз мұндай тәсіл сыбызғы ойнағанда қолданылатынын білеміз.

А.Гейнс сирек кездесетін құбылысты – сыбызғының сүйемелдеуімен ән салғанды көрген. Бұл жайында ол былай деп жазады: “… Қоңыр салқын кешкі мезгілде, сондай-ақ түнгі айдың жарығында уақыттарын әрдайым үй іші болып әңгіме-дүкен құрып, сауық-сайран салумен өткізеді, мұндайда олар ара-арасында өздері жақсы көретін аспап “джабьязгының” көбінесе тамылжыта салған әнмен сүйемелдейтін мұңды сазына рахаттана құлақ түреді”. (Болат Сарыбаев. Қазақтың музыкалық аспаптары. 96-99 бб.)

Сабақ түрі мен әдісі
Тарихи, әдеби дискурс, дөңгелек үстел. Интербелсенділік, сауалнамалық,
логикалық.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Сабақты өту барысында басты назарда ұсталатын мәселелер:

1. Қазақ халқының ішекті музыка аспаптарының түрлері.
2. Қазақ халқының үрмелі музыкалық аспаптары.
3. Қазақ халқының соқпалы аспаптарының түрлері.

Мұғалім сабақты ғаламтор желісіне қосылған интерактивті тақта арқылы, ұлттық музыкалық аспаптардың бірегей, жақсы сақталған үлгілерімен таныстырады әрі тыңдайды. Қалалық жердегі мектеп оқушыларына сол өңірдегі сақталған музыкалық аспаптармен таныстыра отырып өткізуге және мұражай қызметкерін қысқа уақытқа шақыруға болады.

Сабақ барысында ғаламтор желісіне қосылған интерактивті тақта арқылы Ықылас Дүкенұлы атындағы Республикалық музыкалық аспаптар мұражайының сайтына кіріп, мұражайда сақталған аспаптардың бірегей үлгілерімен таныстырса, сабақ қызықты өтеді.

Егер оқушылар арасынан ұлттық музыкалық аспаптардың бірінде ойнайтындары болса, оларға ойнап беруге мүмкіндік болады.

Бағалау мүмкіндігі
Оқушы білімін бағалауға ұсынылатын сұрақтар:
1. Қазақ домбырасының құрылымының атауларын айтамыз
2. Қобыз құрылымы қандай?
3. Қазақтың музыкалық аспаптарының қазіргі кезеңдегі қолданыс аясы
қандай?

Қосымша тапсырма
Қазақ халқының музыкалық аспаптарының түрлері мен ұлттық ерекшеліктері туралы не білеміз?

Білімін шыңдауға берілген тесттен 3 дұрыс жауабын тап!
1. Домбыраның бөліктерін көрсетіңіз:

А) Кедір-бұдыр, сап; Е) Қол, аяқ, тұтқа;
В) Құлақ, тиек; F) Сағақ, ойық;
С) Адырна, сазсырнай; G) Кернеу, мойын;
Д) Мойын, шанақ; H) Ішек, тиек, аяқ.

Тесттен 3 дұрыс жауабын тап!
2. Қазақ халқында қобызда ойнаған бақсыларды көрсетіңіз:

А) Асылхан абыз; Е) Жұмабек бақсы;
В) Дәулет бақсы; F) Болысбек бақсы;
С) Бұғыбай бақсы; G) Табынбай бақсы;
Д) Сәрсенбек бақсы; H) Соқыр абыз.

Тесттен 3 дұрыс жауабын тап!
1. Қазақтың үрмелі аспаптарын көрсетіңіз:

А) Домбыра, даңғыра; Е) Сырнай;
В) Шаңқобыз; F) Қобыз;
С) Адырна; G) Сазсырнай;
Д) Сыбызғы; H) Қыл қобыз.

Тесттен 2 дұрыс жауабын тап!
2. Қазақтың соқпалы аспаптарын көрсетіңіз:

А) Домбыра, даңғыра; Е) Сырнай;
В) Шаңқобыз; F) Қобыз;
С) Дабыл; G) Сазсырнай;
Д) Сыбызғы; H) Дауылпаз.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (XVIII — XIX ғғ.): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім
беретін мектептің 8/7-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Омарбеков Т., Хабижанова Г., Қаратаева Т., Ноғайбаева М.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ