Қазақ халқының ырымдары. Ақсарбас, көз тию, тізе бүгу туралы

0
2327

Ырым — халықтың жақсы ниетінен туған ғұрып. Ырым жолдары мен түрлері өте көп. Айталық, шешен болсын деп аузына түкірту, отаншыл болсын деп туған жерге аунату, сондай болсын деп батырдың сарқытын жегізу немесе оның атын қою сияқты ырымдар бар. 

Мысалы, Абай, Абылай, Бауыржан, Сәкен, Қаныш сияқты есімдерді қазір де ата-аналар балаларына ырымдап қойып жүр. Балаларым осындай қуанышқа жетсін деп келін түсірген, той болған үйден нан, бауырсақ, кәмпит салып алып кетеді. Халықта 100-ге жеткенадамның киімін, ұстаған затын осындай жас берсін деп үлестіріп, бөліп алу салты бар. Сол сияқты баласы тұрмай жүрген адамдар баласына Күшікбай, Итбай, Итемген, Көтібар, Көтен, Малай, Башай, Терісаяқ дегендей қолайсыз ат қойса, өмірлі болады деп ырымдаған. Жалпы айтқанда, ырым — халықтың сенімі мен ақ ниетімен, шын көңілінен туған ұлттық ерекшеліктің бір көрінісі.

Ақсарбас. Бұл діни ұғым, яғни адамның қаіп-қатерге ұшырағанда, жаны қысылғанда Алла атымен айтқан құдайысы. Мұндай жағдайға ұшыраған адам «Ақсарбас» деп үш рет айту керек. Аман қалған кісі осыдан кейін ел-жұртты шақырып, құдайы береді. Ақсарбастың үш түрі бар. Олар бозқасқа, көкқасқа және қызылқасқа. Бозқасқа десе — қой, көкқасқа десе — жылқы, қызылқасқа десе — сиыр құдай береді.

Көз тию. Қазақтың ұғымы бойынша, жақсы адамға, жас балаға, жүйрік атқа, сұлу қызға көз тиеді деген ұғым бар. Ондай адамдарды «көзі бар» немесе «назар керде» дейді. Ас, тойларда шыққан балуанды, жүйрік атты  ел көзіне көп көрсетпейді. Ажары әдемі жас сәбилердің бетіне күйе жағып қоятын да ғұрып бар. Бұл көз күйеге тиеді деген түсініктен шыққан. Біреулер жас келінге, сәбиге сұқтана қараса, «көзің тиеді, түкір» деп түкіртіп алатын да ырым бар. Көз тисе «сұқ-сұқ» деп, тіл тисе «тіфә-тіфә» деп немесе біреуді мадақтағанда «тіл аузым — тасқа» деп ырымдайды.

Тізе бүгу — өз шаруасымен бір үйге кірген әр адам сол үйге отырыуы немесе тым асығыс болса да тізесін бүгуі керек. Ертеден келе жатқан бұл ұғым — сол шаңыраққа деген құрметтің белгісі. Егер келген адам түрегеп тұрып шаруасы айтып үйден шығып бара жатса, онда үй иесі «тізеңді неге бүкпейсің, біздің үйдің сиыры түрегеп тұрып бұзауласын дейсің бе?» деп өкпесін айтады.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т

Ырым-тыйымдар туралы басқа да ақпарат:

  1. Бойтұмар, базарлық байғазы ырымы туралы

  2. Қазақ халқының ырымдары. Ақсарбас, көз тию, тізе бүгу туралы
  3. Ырым мен тыйымдар туралы. Ұшықтау, үшкіру, айдар қою тағы басқа

  4. Ақ құйып шығару, ауыз тию, сарқыт ырымдары туралы түсінік

  5. Қазақстанның құстары. Ұлар мен балықшы тұйғын құсы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ