Аза сөздер дегеніміз не?

0
1230
Иллюстрация: Freepik.com

Бүгінгі шешендік стиліндегі сөздер мейлінше жинақы, шағын түрде ұсынылуы мүмкін. Сондықтан олар көбінесе салтанатты ситуацияда жиірек кездеседі, яғ,и мерейтойларда, әр сәттегі құттықтау, мадақтау сөздерде (әрине, көпшілік алдында айтылатын), өмірден озған ірі тұлғаларды, аза тұтқан қабір басында және еске алу жиындарында айтылатын сөздерде шешендік белгілер орын алады.

Шешендікті зерттеушілер кеңесу сөз, билік сөз және салтанатты  сөз деп үш түрге бөледі. Мұны өткен кезеңдердегі шешендікті анықтауға қатысты айтылған түйін деуге болады. Өйткені кеңесу мен билік айту бұрынғы билердің міндеті (қызметі) болған және бұл актілер де ауыздан-ауызға тарап көпшіліктің назарына ұсынылатындықтан, олар алқасөздер санатында қаралады.

Ал қазіргі кезде судьялардың сөздері мен кеңес-консультация берушілердің шешен түрде сөз айтулары шарт емес. Бұлардың негізгі мақсаты – уәжді (дәлелі, аргументі күшті), шындыққа сай (жалғандықсыз) және түсінікті болуын көздеу сияқты.

Әлеуметтік-тұрмыстық алқасөздердің тағы бір түрі – қаралы жиындарда айтылатын сөздер. Қаралы жиындарда, бейіт басында, көпшілік алдында марқұмды еске алу сәттерінде ауызша айтылатын сөздер таза публицистика стилінен біраз ауытқиды. Әрине, ондай сөздер нағыз шешендік (пафостық) көтеріңкі үнді де емес, аса аза тұтқан қайғылы жоқтау да емес, бірақ осылардың барлығының элементтерін қамтыған сөз болып шығады.Мұнда жоқталатын (қайтыс болған не бұрынырақ өткен) пендеге де, жоқтаушыларға да (тыңдаушы көпшілікке де) қарата айтылған сөздер орын алады. Ол қаратпалар белгілі бір психологиялық сезіммен, әсерлі, экспрессиясы күшті сөздермен, көбінесе метафоралармен келеді.

Мысалы, ғалым, жазушы Зейнолла Қабдоловтың белгілі ғалым, ірі қоғам қайраткері Мүсілім Базарбаевты соңғы сапарға шығарып салған Кеңсай зиратындағы қаралы жиында (1993 жылғы 11 қарашада) айтқан сөзі: Айдын көлде сыланған аққу тәрізді аса ажарлы, ақ және пәк жан едің-ау, Мүсілім!.. Заманың тым қатыгез еді, сондықтан шығар, сен де қатаң принциптің адамы болдың. Тұғыр-тұрғыңнан тайған жерің жоқ… Қара қылды қақ жарған әділ едің.

Досыңа жібек, дұшпаныңа тікен едің! – деген сөздермен басталады. Мұндағы қара әріптермен терілген сөздер – поэтикалық эмотивті қолданыстар. Бұл қысқа сөз түгел марқұмға қарата айтылған. Әрі қарай айтылған сөз марқұммен қоштасудан гөрі сырласу, болған оқиғаларды еске алған әңгіме стилінде өріледі (Мүсілім Базарбаев туралы естеліктер. Алматы, 2000. 6-7-бб.).

Тағы бір мысал. Аса көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановты ақтық сапарға аттандырар қаралы жиынды ашқан Әбіш Кекілбаевтың сөзі: Ардақты ағайын! Аяулы Әнеке! Мына бір қырыс қабақ құба сұр күн өмірдің аңғал, өлімнің аяр екеніне көзімізді тағы да жеткізіп, жүрекке жара, көңілге нала салып тұр… – деп басталады. Мұндағы көрсетілген сөздер де бейнелі, әсерлі: қарама-қарсы мәнді аңғал өмір, аяр өлім сияқты түзілім, жүрекке жара, көңілге нала сияқты ұйқасты, ырғақты құрылым бар.

Әрі қарайғы сөз барысында балғын бала дәурен өмір сүріп көрмесеңіз де, атыңыз аспан астын түгел шарлап… өнегелі ғұмыр кештіңіз деген қолданыстар – жай әдемі сөздер, мадақ сөздер емес, марқұмның портретін танытатын штрихтар. Әсіресе Күні кешегі Егемендік пен тәуелсіздік жолындағы саяси сайыстарда нағыз сайыпқырандық таныттыңыз деген сөздерде Әлімжановтың нағыз азаматтық, қайраткерлік портретін атайды. Бұлар – ғылым не публицистика тілімен берілген жай портрет емес, аз сөзбен асқақтата, әсерлі сөзбен айтылған жоқтау сөз.

Мұндай сөздер бұл күнде тек атақты, тарихта орны қалатын ірі тұлғалардың өлім-қазасына емес, қатардағы адамдармен сыйлас, әріптес, туыс т.б. болып келген адамдарды келмес сапарға шығарып салғанда да өте келте болса да, айтылатын қоштасар сөзді әдеби тілде әсерлі етіп айту дәстүрі қалыптасып келеді.

Мысалы, 1995 жылы сәуірдің 2-сі күні қатардағы азамат, ағартушы, қоғам қайраткері Хамит Құтқожинді алыс сапарға шығарып салған қабір басында марқұмның құдайы көршісі, сыйлас інісі, академик, тарихшы ғалым Манаш Қозыбаевтың қысқа, аза сөзін келтірсек, онда: Ежелден өмір мен өлім егіз. Бірін-бірі жалғайды, арбайды, екеуі алысуды, жұлысуды қоймайды. Қапысын тауып өмірді жеңген ажалдың жемсауы бір сәт толмайды, көңілі оның тоймайды. «Жалған өмір» деп атамыз қазақ осыны айтады.

Ширек ғасырға жуық бір шаңырақтың астында өмір сүрген Қахаң қатардағы ағалардың ірісі еді, азаматтардың серісі еді. Қыран құстай еркін самғап, тапқанын шашып жейтін еді. Дос-жараны көп еді. Ақырын дөп басып, оң иығынан сол иығы сәл асып (Хамит Құтқожин 1942 жылы 20 жасында Ұлы Отан соғысында майданда оң қолынан айырылған болатын – Р.С.), жымия күліп, хал-жағдайыңды қабағыңнан біліп, аласапыран өмір қарекетін жадына түйіп жүретін аға еді ол! Көз нұрынан махаббаты жеңгемізге төгілетін, перзенттеріне сүйікті әке болып егілетін, туыстарына, дос-жарандарына қалың ормандай көрінетін, жан сарайы жарқыраған жан еді ол.

Шешенсіп сөйлемейтін, дос сырын бөгдеге айтпайтын, қиянат жолға баспайтын, ел үшін, халқы үшін ажал оғынан қашпайтын ер еді ол! Ағартушылықтың ақ жолында еңбегі ерен, ойы терең, сегіз қырлы, бір сырлы қайраткер азамат еді ол! Қазақтың арыстары жатқан Кеңсайда жаныңыз пейіште болсын, Хамит аға! Артта шаңырағыңыз, әулетіңіз, еліңіз аман болсын! – деген болатын (Қозыбаев М. Парасатты жан еді // Егемен Қазақстан. 1966 ж. 1 наурыз.).

Бұл қысқа қайырылған аза сөзі қоштасып отырған адамның кісілік, азаматтық портретін әсерлі етіп, дәл берген сөз екендігі көрінеді. Жай сөз емес, бүгінгі замандастардың бірін-бірі тануын, сыйластығын, қимастығын көрсететін аза сөзі болып шыққанын көреміз.

Демек, ауызша алқсөздің әр орындағы айтылу мәдениетінің, сөз стилін дұрыс келтіру мәдениетінің қалыптасқанын танытады. Өмір бар жерде әрдайым өлім болатындықтан, ауызша сөздің бұл үрдісі әрі қарай да жалғасып келеді, жалғаса бермек.

Әрине, қабір басындағы аза сөздердің бәрі осы көрсетілгендей аса әсерлі, айшықты, ұйқасты, ырғақты болып айтылмауы да мүмкін. Бірақ жақынын, жақсысын жоқтап қоштасып тұрған үлкенді-кішілі топқа әсері күшті, дұрыс түзілген сөздермен келеді. Қашанда қазақ өлгенін жоқтап, аруағына бас июді, тірілерді жұбатар басу сөз айту дәстүрін сақтап келеді.

Ал тарихта аты қалатын ұлттық тұлғаларды ақтық сапарға аттандырғанда айтылған сөздер халық жадында жақсы сақталып қалғанын айтуға болады. Мысалы, ұлы Мұхтар Әуезовтің басында сөйлеген Ғабит Мүсіреповтің, Бауыржан Момышұлының басында сөйлеген Тахауи Ахтановтың сөздері ұрпақтан ұрпаққа танылып отыр.

Аза сөздердің арнайы дайындалып ұзаққа айтылғандары жанры жағынан көркем публицистикаға жақындау болады: бұларда әсерлі айшықты сөз орамдары да, ұйқасты, ырғақты келте құрылымдар да орын алады. Бұлардың бұрынғы өлең сөзбен айтылған үлгілерін тұрмыс-салттық поэзия жанры деп атауға болады, ал бүгінгі қара сөзбен айтылатын аза сөздер де ауызша дамыған әдеби сөздің тұрмыс-салт жанрындағы тармағы деп бөліп атауға болады.

Өзіне тән стильдік белгілері бар мұндай аза сөздер жиі кездеспейді. Олардың кейін хатқа түсіп (газеттерде, жинақтарда) жарияланған мәтіндеріне қарап, оларды өз алдына сөз етіп отырмыз.

Дереккөз: «Тұран» университеті, журналистика мамандығының дәрісі

Басқа материалдар: 

  1. Сұхбаттасу процесіндегі сөздер
  2. Отандық тележурналистика тарихы
  3. Ғұмардың ғұлама ғұмыры
  4. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
  5. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  6. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  7. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  8. Ежелгі дәуір әдебиеті
  9. Лиро-эпостық жырлар. Халық ауыз әдебиетінің рухани қазынасы
  10. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ