Қазақстанның өсімдіктер дүниесі. Тораңғы, қырыққұлақ, арша туралы

0
1707
Freepik.com

Тораңғы — тал тұқымдасына жататын, тек Қазақстан шөлінде ғана кездесетін ағаш.

Діңінің жуандығы — 130 см-дей. Жапырағының пішіні таспадай жіңішке немесе бүйректей домалақ болады. Қабығы сарғұлт түсті. Гүлшоғыры — сырға, жемісі — қорапша пішіндес, тораңғы суды тамыры мен сабағында сақтайды. Сондықтан шөлге төзімді.

Оны жиһаз бұйымдарын жасауға, құрылысқа пайдаланады. Егістікті қорғайтын орман өсіруде де маңызы өте зор. Тораңғы өз тіршілігін жойғанда кесек-кесе болып қурап түседі.

Қырыққұлақ — жапырақтары тілімденген сәндік өсімдік. 12 мыңнан астам түрі бар.

Қазақстанда 35-ке жуық түрі кездеседі. Кейбір түрлері тамыры арқылы, кейбірі жапырағында пайда болатын өнім бүршіктерімен көбейеді. Қыранның қанатына ұқсас жапырағындағы қызыл түсті бүршігі түн ортасында жан-жағына жарық шашады. Қырыққұлақ гүлдемейді. Бірақ осы бүршік жылына бір рет алаулаған гүл ашады, сол гүлді кімде-кім жұлып алса, бәле-жаладан құтылып, бақытты ғұмыр кешеді деген ұғым бар. Қырыққұлақтың кейбір түрінің жаңа шыққан жапырағын тамаққа, дәрі жасауға пайдаланады.

Арша — кипарис тұқымдасына жататын, мәңгі жасыл қылқан жапырақты бұта.

Қазақстанда жабайы 10 түрі бар. Биіктігі 1-2 метр. Қылқаны қабыршақты, тікенекті болады. Өте сирек кездесетін түрі — Зеравшан аршасы.

Ақсу-Жабағалы қорығында табиғат ескерткіші ретінде бірнеше түрі қорғалады. Таралу аймағының азаюына байланысты қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» тіркелген.

Арша 300 жылдай өмір сүреді. Құрамында эфир майы, шайыр, балауыз болғандықтан дәрі алынады. Аршаның бір қасиеті — өте қауіпті радиоактивті элемент — уранды табуға көмектеседі. Өйткені арша бұтағы бойына уранды жинайды.

Аршаны қазақтар киелі ағаш санап, оның бұтағын ұзақ ғұмыр, бақыт, береке әкелсін деген ырыммен үйге іліп қояды.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т

Биология пәні бойынша басқа да ақпараттар: 
  1. Үштүсті шегіргүл, күймесгүл, атпақияр өсімдігі

  2. Дүңгіршек пен таушешек өсімдігі туралы мәлімет

  3. Қамыс және ақ тұңғиық өсімдігі

  4. Биологиядан тест тапсырмалары жауабымен
  5. Жасуша, ұлпа, мүше, мүшелер жүйесі түсініктері. Биология пәнінен сабақ жоспары

  6. Биология пәнінен ҰБТ сұрақтары, жауаптарымен


ПІКІР ҚАЛДЫРУ