Қазақстанның өзен-көлдері. Талас, Шу, Елек, Сарысу, Ойыл өзені

0
9078

Талас өзені. Талас өзенінің бір бөлігі Қырғызстан жерімен, екінші бөлігі Қазақстанның Байзақ, Талас, Сарысу аудандары жерімен ағады. 

Өзен Қырғыз Алатауы мен Талас Алатауы мұздықтарынан шығатын Қарақол және Үшқоша өзендері қосылған жерден басталып, Мойынқұмдағы Айдын көліне жетпей құмға сіңіп, тартылып қалады.

Жалпы ұзындығы  — 661 шақырым, оның Қазақстандағы бөлігі  453 шақырымға жуық. Е. Қойшыбаевтың пікірінше, Талас атауы — әуелдегі тау жонының аты. Сонымен қатар өзеннің атауын ортағасырлық Тараз қаласының атымен де байланыстырады.

Шу өзені — Қазақстан мен Қырғызстан жеріндегі өзен. Қазақстанда Жамбыл облысының Қордай, Шу, Мойынқұм, Сарысу аудандары жерімен ағып өтеді. 

Өзеннің Қазақстан аумағындағы ұзындығы — 800 км. Теріскей Алатау мен Қырғыз Алатауындағы мұздықтардан басталатын Жуанарық, Қошқар өзендерінің қосылуынан басталып, Қвзвлорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы Ащыкөл-Ақжайқын ойысына құяды. Ірілі-уақты 80 саласы бар.

Бұл өзеннің атауы «су», «өзен» мағынасындағы көне түркі диалектілерінің бірінен жасалған деген пікірлер бар.

Елек өзені. Елек өзенінің бір бөлігі Ресейдің, екінші бөлігі Қазақстанның Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары жерімен ағып өтеді. 

Ұзындығы — 623 км. Мұғалжар тауының батысындағы Бестөбе сілемінен қос тармақ болып басталады да, Жайыққа сол жағынан құяды. Қар және жер асты суымен толығады.

Електің 75 саласы бар, ірілері: Қобда, Көктөбе, Табантал, Қарғалы, Сазды. 

Қараша-сәуір айлары аралығында мұз қатады. Өзенде жайын, көксерке, ақмарқа, табан, сазан, алабұға, шортан, аққайран, қарабалық бар. Суы өнеркәсіп орындарында пайдаланылады, егістік суарылады, орта тұсында жайылым суландырылады.

Сарысу өзені. Сарысу өзені Қарағанды, қызылорда облыстары жерімен ағады.

Жақсы Сарысу мен Жаман Сарысу өзендерінің қосылысынан пайда болып, Сыр өңірегіндегі Телікөлге құяды.  Ұзындығы — 800 км. Қуаң жылдары Телкөл-Ащыкөл ойысына жетпей құмға сіңіп кетеді.

Салалары: Жаман Сарысу, Жақсы Сарысу, Атасу, Талдысай, Кеңгір,Құрманақа, Талдыманақ, Құмдыеспе, Қаракеңгір. 

Негізінен, қар суымен толығады. Сәуірдің аяғында, мамырдың алғашқы онкүндігінде қатты тасиды. Суы бастауында тұщы, орта және төменгі ағысында тұздылау болып келеді. Өзен желтоқсанда қатып, наурыздың аяғында мұзы ериді. Көктемгі сырдария суының біраз бөілігі Телікөл каналы арқылы  Сарысу сағасына қосылады.

Ойыл өзені. Ойыл өзені Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары жерімен ағады. Ұзындығы — 800 км.

Ақтөбе облысындағы Қандыағаш темір жол станциясының солтүстік-батысында 50 км жерден басталып, Тайсойған құмында (Атырау облысы) бірнеше тармаққа бөлінеді, құмнан өте бірнеше көлге құяды.

Жер асты, жауын-шашын суымен толығады. Көктемде қар суымен өзен деңгейі көтеріледі, минералдылығы азаяды. Жазда иірімдерге бөлініп, тұздылығы артады.

Басты салалары: Ащйойыл, Кенжалы, Қиыл, Қайыңды. Суымен егін, мал суарылады.

Өзен бойында Миялы, Ойыл, т.б елді-мекендер орналасқан.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т
Басқа да материал:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ