Қазақ тілі морфологиясы жөніндегі ілімдердің қалыптасуы мен дамуы (Ы.Е.Маманов еңбектері негізінде) (Дипломдық жұмыс)

0
4017
Иллюстрация: Freepik.com

К І Р І С П Е

 Тіл білімі тарихын зерттеуші ғалымдардың басшылыққа алатын историзм принципі бойынша, әр дәуірде қалыптасқан, өмір сүрген алуан түрлі тілдік мектептер, концепциялар сол өз дәуірі тұрғысынан бағаланып, олардан бұрын не бар еді, бұлар оған не қосты, кейінгілердің өздерінен бұрынғылардан артықшылығы қандай деген тұрғыда қаралуы керек. Қазіргі заман тіл білімі – дамудың биік шыңына көтеріліп келе жатқан кең салалы, көп тармақты ілім. Оның құрамында әртүрлі лингвистикалық бағыттар, мектептер, зерттеудің әртүрлі әдіс-тәсілдері бар. Оның сипатын, бүгінгі күйін басқаларынан бөлініп алынған жеке бір мектеп, я зерттеудің жеке бір әдіс-тәсілі көрсете алмайды, оған өресі жетпейді. Сол бағыттарды, мектептерді, әдіс-тәсілдерді бірлікте алып қараған жағдайда ғана тіл білімінің қазіргі күйін, сипатын толық түсінуге болады.

Осыған орай, жекелеген ғалымдардың мұрасын оқып-үйрену – ғылым үшін, оның болашағы үшін аса маңызды қажеттілік. Лингвистикалық мұраны зерттеу жалпы тіл білімінде, соның бірі түркі тілдерінде, ғылым туралы ғылым ретінде әбден орныққан, қалыптасқан дәстүр болып табылады. Қазақ тіл білімінде бұл мәселе 1970-ші жылдардан басталады. К.Ш.Хұсайынның «Исследование фонетики и лексики казахского языка в трудах В.В.Радлова» (А., 1971) атты кандидаттық диссертациясында қарастырылып, одан кейін жеке ғалымдардың мұралары монографиялық тұрғыда зерттеле бастады. Бұл қатарда К.Ертаев, Ж.Тектіғұлова, Г.Әмірова, А.Иманғазина, О.Жұбаева еңбектерін атауға болады.

Осымен байланысты “қазақ тіл білімінің дамуына Ы.Е.Мамановтың үлесі қандай болды, ұстанған концепциялары қай мектеп өкілдерінің тұжырымдарымен үндес келеді” деген мәселе төңірегінде ізденгенімізде айтулы ғалымның жалпы тіл білімі, қазақ тіл біліміндегі морфология саласы бойынша орнықты пікірлері ғылымның қазіргі кездегі қол жеткен биігінен күні бүгінге дейін маңызын жоймағаны байқалды.

Ғалымның ғылыми танымы қазақ тіл білімінің жекелеген мәселелеріне арналған Р.Сыздықова, С.Исаев, Т.Қордабаев, Ә.Құрышжанов, Н.Уәлиев т.б. ғалымдар еңбектерінде талданды. Ғалымның еңбектерінің мәнділігі, құндылығы туралы Ә.Қайдар, А.Хасенова, Ш.Сарыбаев, С.Омарбеков т.б. ғалымдар мен кейінгі жас ғалымдар А.Омарова, Г.Әмірованың зерттеу еңбектеріндегі пікірлерін атауға болады.

Дегенмен Ы.Маманов еңбектері тіл білімі тұрғысынан жеткілікті түрде зерттеліп, өз бағасын толық алған жоқ. Бұған қатысты ғалым жөнінде білдірілген Қ.Есенов пен М.Томанов, М.Серғалиевтің 1963, 1967 жылдары «Қазақстан мұғалімі» газетіне берген мақалаларындағы жылы лебіздері мен Н.Уәлиұлының «Көрнекті ғалым Ы.Е.Мамановтың ғылыми концепциялары туралы» атты ғылыми мақаласын (А., 2007) айтуға болады.

Доцент Ы.Е.Мамановтың қаламынан туған ірілі-уақты мақалалары, тезистері, көлемді еңбектерінің саны 70-тен асады. Көзі тірісінде жарық көрген еңбектерінен басқа ғалымның ҚР ҒА Тіл білімі институты қызметкерлерінің қолға алуымен 2007 жылы “Ы.Маманов. Қазақ тіл білімінің мәселелері” атты шығармалар жинағы жарық көргенін ерекше атап өткен жөн.

Ы.Е.Маманов – қазақ тіл білімінің әр саласына қалам тартқан ғалым. Қазақ тіл білімінің мәселелеріне байланысты ғылыми еңбектерде, монографияларда, шолу іспетті мақалаларда ғалымның құнды пікірлері ескеріліп, талданды. Соның бір дәлелі ретінде 2002 жылы “Астана” баспасынан жарық көрген “Қазақ грамматикасын” алуға болады. Ғылыми басылымның морфология бөлімінде етістік категориясына байланысты зерттеушінің тұжырымдары, көзқарастары, пікірлері негіз етіп алынғаны көрінеді. Дегенмен оның морфологияға қатысты концепциялары қазіргі ғылыми таным тұрғысынан жан-жақты, жүйелі түрде қарастырылып, арнайы зерттеу объектісі болған емес.

Ы.Е.Мамановтың зерттеушілік жұмысының арқауын ең алдымен қазақ тіліндегі етістік мәселесі, оның категориялық ерекшеліктері, грамматикалық сипатары айқындайды. Осы мақсатқа сәйкес, қазақ тілінің табиғатына, атап айтқанда, қазақ тілінің жалғамалылығына жіті көңіл аудара отырып,    салыстырмалы түрде орыс грамматикасымен байланыста қарастырады.  Жалпы тіл білімінің жетістіктерін кеңінен пайдаланады. Тіл дамуының ішкі заңдылықтарын, ішкі және сыртқы факторлар мен себептерді анық ашып көрсетеді. Кешенді әдістер арқылы материалдарды жинап, өңдеп, топтап және соның негізінде теориялық қорытындылар жасайды.

Типология тілдік жүйенің әртүрлі деңгейде бірігу белгілерінің белгілі типтері мен типтік құбылыстар дамуын анықтайтыны белгілі. Әртүрлі тілдердегі тілдік белгілердің тоғысуы барлық немесе көптеген тілдерге сәйкес келетін кейбір жалпы заңдылықтардың (құрылымдық белгі, заң, ерекшелік, тенденция) дамуына әкеледі. Бұл заңдылықтарды тіл білімінде тілдік универсалдар деп атау қабылданған. Мысалы, орыс, ұйғыр тілдерінің материалдарына сүйенген ғалым қазақ тілін басқа тілдермен салыстыра, салғастыра қарайды, нәтижесінде қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалауға ат салысады. Сондықтан Ы.Маманов кез келген тілді өзіндік табиғатына сәйкес зерттеу үшін тілдерді салыстыруда, салғастыруда жүйесі бір тілдер мен жүйесі басқа тілдердің материалдарын өзінің ретімен, орынды пайдаланғанды ұсынады: “Жүйесі басқа тілдердің грамматикалық құбылыстарының жүйелі тәртібін, заңдарын басшылыққа алып, сол заңдарды екінші бір тілге күштеп ендіру тіл біліміне үлкен қиянат”, – деп жазады [1].

 Зерттеудің өзектілігі. Ы.Е.Маманов жоғары оқу орындарында ұзақ жылдар бойы дәріс берген тілші-ғалым.  Бүгінгі таңда ғалымның көзін көрген, дәріс алған шәкірттерінің дені — тіл мамандары, көпшілігі ғылым докторлары. Олар Ы.Мамановты өз мамандығын терең меңгерген білгір ғалым болғандығын үлкен құрметпен еске алып, морфология саласы бойынша  ғалымның сол кезде айтатын құнды пікірлері мен ғылыми тұжырымдарының қазіргі тіл білімінің жаңа бағыттарымен, өзекті мәселелерімен сабақтас келетініне ерекше назар аударады. Алайда, қазақ морфологиясы бойынша кейінгі жас зерттеушілер еңбектерінде ғалым еңбектерінің мүлде аталмайтындығын да атап айту керек. Бұл ғалымның зерттеу еңбектерінің жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы ретінде жазылмауынан болса керек. Морфология бойынша жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы А.Ысқақовтың авторлығымен шығып, ол бірнеше рет қайта өңделіп, күні бүгінге дейін осы оқулықпен оқытылуда. Ы.Мамановтың ғылыми зерттеулерін осы сала бойынша арнайы ізденгендер болмаса, көпшілік біле бермейді.

А.Ысқақовтың авторлығымен жарық көрген “Қазіргі қазақ тілі” еңбегінің морфологиялық зерттеулердің көш басында тұратын оқулық екендігінде дау жоқ. Онда сөздің морфологиялық құрылымынан бастап, қосымшалар, олардың жіктелуі, сөз таптары, морфологиялық категориялар т.б. негізгі мәселелердің барлығы қамтылған. Бірақ ғылымның жекелеген мәселелерін зерттеу кезінде бұл оқулықта айтылған тұжырым, қағидалардың қайта қарауды, тереңірек зерттеуді қажет ететін тұстары баршылық екендігін қазіргі қазақ тіл білімінің барысы байқатып отыр.

Ы.Е.Маманов еңбектерінде осы аталған “Қазіргі қазақ тілі” оқулығында айтылған мәселелерге қарама-қайшы келетін немесе одан өзгеше сипаттамалар берілген пікірлер кездеседі. Әсіресе, ғалым шығармашылығының бір ерекшелігі – Ы.Е.Маманов тіл ғылымының қай саласына болмасын, өзіндік ой-пікірімен келіп, ғылымда әбден қалыптасқан, даусыз мәселелерді қайталамай, үнемі мәселе етіп қоятындай тілдік фактілерге ерекше назар аударып отырады. Санамалап айтатын болсақ, қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалға сәйкес бөліп қарауы, әлі де әртүрлі пікір қалыптастыруға негіз болып жүрген аффикстерге берген тұжырымды ойлары, етістіктің грамматикалық топтарына байланысты құнды пікірлері қазақ тіл білімінің нәтижелері негізінде жасалатын қазіргі қазақ тілінің функционалды грамматикасын қалыптастыруға қосылатын құнды көзқарас, тұжырымдары деп санаймыз. Міне осы айтылғандар зерттеу нысанына алынып отырған тақырыптың өзектілігін көрсетеді.

 Зерттеу нысаны – Ы.Е.Мамановтың қазақ тілі морфологиясының өзекті мәселелеріне қатысты іргелі зерттеулері, пікірлері мен ізденістері.

 Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Жұмыстың мақсаты – Ы.Е.Мамановтың ғылыми танымы мен өзіндік көзқарастарын ғалымға дейінгі және қазіргі таңдағы ғылыми ой-пікірлермен салыстыра отырып, түркітану іліміндегі, оның ішіндегі қазақ тіл біліміндегі орнын анықтау, ғылыми мұрасына лайықты бағасын беру. Бұл мақсатқа жету үшін ғалым мұрасындағы төмендегі мәселелердің шешімін бағалау міндеттері қойылды:

— ғалым зерттеулеріндегі етістік тұлғаларының лексика-грамматикалық қызметтеріне сәйкес жіктелуі (негізгі және функциялық етістіктер);

  • қосымшалардың қызметіне орай топтастырылуы;
  • қазақ тіліндегі негізгі және қосымшалы түбір етістіктердің қызметі, функционалдық деңгейде түбір және модификациялы етістіктерге ажыратылуы;

— Ы.Е.Маманов еңбектеріндегі етістіктің грамматикалық сипатына қатысты тұжырымдарының ғылыми-теориялық деңгейін қазіргі тіл білімі тұрғысынан анықтау;

— әдеби тіл мен оның нормалары туралы, қазақ тілінің терминдері жөніндегі пікірлерінің мәнін ашу.

 Жұмыстың ғылыми жаңалығы.

— қазақ морфологиясы жөніндегі ілімдердің Кеңестік кезеңіндегі қалыптасуы мен даму жолдары сараланады;

— Ы.Е.Маманов зерттеулеріндегі концептуалды тұжырымдар өзге де морфолог-зерттеушілердің ой-пікірлерімен салыстырылып, ғалымның ұстанған бағыты, концепциясының ғылыми негіздері ашылып көрсетіледі;

— қазақ тіл білімінде қазақ тілі морфологиясының күрделі проблемаларының зерттелу барысына ғылыми шолу жасалып, Ы.Мамановта ол мәселелердің  қандай шешім тапқаны анықталады;

— Ы.Мамановтың қазақ тілі морфологиясын ғылыми пән ретінде дамытудағы қосқан үлесі, жаңалығы, орны, мақсаты анықталып, соның нәтижесінде ғалымның ғылыми лингвистикалық мұраларының құндылығы айқындалады.

 Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы.

Жалпы тіл білімі жекелеген тілдерді зерттеудің негізінде дамиды. Сондықтан жекелеген тіл білімі өкілдерінің зерттеулері ұлттық тіл ғылымының тарихындағы теориялық бағыттар мен мектептердің, оның көрнекті өкілдерінің алатын орны мен рөлін анықтауда ерекше маңызды болып табылады. Қазақ тіл білімінде Ы.Е.Маманов сынды  жекелеген ғалымдардың  теориялық көзқарастарын, ой-тұжырымдарын, ұстанған бағыттарын арнайы зерттеу сол ғылым саласының қалыптасу, даму тарихын қазіргі тіл білімінің жетістіктері және жаңа салаларымен сабақтастығын теориялық тұрғыдан пайымдауға жол ашады.

Зерттеуде алынған нәтижелер және зерттеу материалдары оқулықтар мен оқу құралдарын жасауда, морфология пәні, функционалды грамматика бойынша лекциялар курсында кеңінен қолданылады. Жұмыстың кейбір деректері ғалымның еңбектері туралы энциклопедияларда, қазақ тілі бойынша анықтағыштарда қолданылады.

  Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.

— көрнекті, айтулы ғалымдардың лингвистикалық мұрасын зерттеу, бағалау, қазіргі тіл білімінің дамуындағы орнын көрсету ғылымның тарихы үшін аса маңызды мәселе болып табылады;

— қазақ тіл білімін дамытуға үлес қосқан айтулы ғалымның ой-пікірін саралап, олардың теориялық негіздерін көрсету тілді зерттеуді жетілдіру үшін аса қажет;

— қандай лингвистикалық мектеппен байланысын, қандай ғылыми-теориялық бағыттарға сүйенгенін, қандай тәсілдер қолданғанын анықтаудың тілдің өзіндік табиғатына байланысты ерекшеліктерін зерттеуде маңызы зор;

— тіл ғылымы жетістіктерін қаншалықты пайдалана алғанын көрсету;

— қандай ғылыми әдістерді қолданғанын, тілдің дамуына әсер ететін ішкі және сыртқы факторлардың өзара байланысын көрсете алғанын саралаудың мәні аса зор. Туыстас тілдердің, жүйесі туыс емес тілдердің деректерін салыстыру арқылы ғалымның қол жеткен нәтижелерін көрсету аса қажет.

Зерттеудің дереккөздері. Жұмысты жазу барысында Ы.Е.Мамановтың морфологияға қатысты жарық көрген монографиясы, оқулықтары, ғылыми мақалалары мен жасаған баяндамалары, лекциялар курсы, зерттеу нысанына қатысты баспа бетін көрген негізгі ғылыми әдебиеттер, А.Байтұрсынов, Қ.Кемеңгерұлы, А.Ысқақов, К.Аханов, А.Қалыбаева, Н.Оралбаева, Ә.Қайдар, Р.Сыздықова т.б. зерттеулері, сондай-ақ ғалымның пікірлеріне талдау жасап, оның теориялық тұжырымдарын дамытқан С.Исаевтың еңбектері жұмысқа теориялық және методологиялық негіз ретінде пайдаланылды.

 Зерттеу әдістері. Жұмысты жазу барысында сипаттама, талдау, жүйелеу, жинақтау, тарихи-салыстырмалы, статистикалық, қорыту әдістері қолданылды.

 Зерттеу жұмысының тақылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны мен нәтижелері төмендегідей халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларда баяндалды:

«Құдайберген Жұбанов және қазақ тіл білімі» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция (Алматы, 1999), «Көлік-коммуникация кешеніндегі техникалық терминдердің қазіргі жағдайы және аударма мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция (Алматы, 2005), «Современные технологии и практика преподавания языка и литературы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция (Алматы, 2005). ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы «Лингвистикалық жұма» ғылыми-әдістемелік семинарында баяндама жасалып, республикалық ғылыми басылымдарда 9 мақала жарық көрді.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспе, екі бөлім, қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

  Зерттеу жұмысының бірінші тарауы «Ы.Е.Маманов зерттеулерінің грамматикалық негізі» деп алынып, бұған қатысты негізгі мәселелер бес тармақта қарастырылды.

1.1 Сөздің морфологиялық құрылымы. Адам санасында түйінделген ұғымдар сөзбен белгіленгенімен, органикалық бірлікте емес. Сол себептен әр халықтың тілі әр басқа. Әр тіл өзінің ішкі дамуына сәйкес әр алуан өзгеріске түсіп, тілдің грамматикалық құрылысы қалыптасады. Сөз және сөздің грамматикалық құрылымы туралы анықтама беру үшін, басқа тілдерде қолданылатын кейбір грамматикалық терминдерді қолданбас бұрын, тілдік материал негізінде анықтап алу қажет.

Сөздердің грамматикалық құрылымын қарастырмас бұрын, «сөз» дегеніміз не және ол қандай тұлғаларға бөлінеді деген мәселеге тоқталады. Сөзге анықтама берудің әртүрлілігі қай ғалымның қандай тілді зерттеп, қай тұрғыдан айтқан пікіріне байланысты әртүрлі болып келе береді. Сол сияқты түркі тілдерін зерттеуші мамандар тарапынан сөзге берілген анықтамалар ішінде де айырмашылықтар кездесіп отырады. Оған Н.А.Баскаков (1963), Э.В.Севортян (1971) берген анықтамаларды, сондай-ақ белгілі қазақ ғалымы Н.Сауранбаев дәлелдемелерін келтіруге болады.   Тілші-ғалым Ы.Мамановтың сөз, морфема туралы пікірі жоғарыда айтылған анықтамалардан басқаша. «Қазіргі қазақ тілі» еңбегі мен «Сөз, морфема, қосымша туралы түсінік» атты мақаласында түбір сөз бен түбір морфеманың өзіндік айырмашылықтарын ғылыми негізде сипаттап көрсетеді [1, 18-20 б.], [2, 6-8 б.].

Белгілі лингвист ғалымдардың  «морфема тілде дербес қолданылмайтын, тек сөз құрамында қолданылатын сөз бөлігі» дейтін анықтаманың флективті тілдерге бірдей ортақ қағида екендігіне назар аударады.

Орыс тілі – флектив (жүйелі) тіл, ал қазақ тілі – аглютинативтік (жалғамалы) тіл. Орыс тілінің сөздік құрамына енетін атауыш сөздер лексика-грамматикалық формалар (словоформа), яғни орыс тіліндегі сөздер түбір сөз және сөздің грамматикалық формалары деп екі топқа бөлінбейді. Ы.Е.Мамановтың көрсетуінше, қазақ тіліндегі негізгі түбір сөздерді, орыс тілінің үлгісімен механикалық түрде, морфемаға жатқызу дұрыс емес. Орыс тілінде түбір сөз (корень) дербес сөз емес, ол – «сөз мұқылы» ғана. Орыс тілінде сөз бөлшектеріне бөлінбейтін мужской род формасындағы зат есімдер ғана. Олар грамматикалық формалармен түрленгенде, қазақ тіліндегі түбір сөздер тәрізді өзінің бастапқы қалпын сақтайды. Бірақ бұлар зат есімнің мужской родын білдіретін грамматикалық форма болып саналады. Ал, қазақ тіліндегі түбір сөздер грамматикалық форма емес, олар сөз таптарының форма тудырушы қосымшаларымен түрленгенде ғана грамматикалық формаға енеді [1, 8 б.] .

Грамматикалық құбылыстар жөнінде пікір алалығы түркі тілдерін зерттеушілер арасында жиі кездеседі. Осымен байланысты форма тудырушы қосымшалар мен жалғауларға берілген түсініктемелер әлі де жеткіліксіз бе деген ойға саяды.  Сөйтіп, қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалға сәйкес, тілдің аглютинативті табиғатына сүйенген ғалым Ы.Е.Маманов сөз тудырушы және форма тудырушы деп екі топқа бөліп қарау арқылы ғана сөздің морфологиялық құрылымын лингвистикалық тұрғыдан дұрыс тануға болады деп есептейді.

1.2 Қос қызметті аффикстер. Қазақ тілі аглютинативті тілдер тобына жатады. Сонымен байланысты сөзжасам және сөзтүрленім қызметін көбінесе қосымшалар атқарады. Қосымша термині алғашқы грамматикаларда «приставка», «послелог», «частица» делініп түрліше аталды. «Қосымша» терминін алғаш қазақ тіліне енгізген белгілі ғалым А.Байтұрсынұлы жалғанған сөзінің тұлғасын ғана өзгертіп, мағынасын өзгертпейтіндерді – жұрнақ деп атаған. Қ.Жұбанов болса, жұрнақ терминінің орнына «үстеу» терминін қолдануды ұсынған.

Ал Ы.Е.Маманов қосымшаларды, ең алдымен, не сөз жасайтын қосымшалар не форма ғана жасайтын қосымшалар деп жіктеу қажет деген концептуалды пікір ұсынады.   Кейін Ы.Мамановтың осы концепциясын дамытқан ғалым С.Исаев қосымшаларды осы негізде бөліп көрсеткен. Ғалым еңбегінде қосымшаларды осы үлгіде жіктеуде өзгешелік кездеседі. Ол сөзжасам қосымшаларының бір тармағы етіп – функциялық қосымшалар деген бөлікті қосады. Бұл қосымшалар — -дай, -дей, -ша, -ше, -сыз, -сіз, -ғы, -гі қосымшалары. Ғалым бұл қосымшаларды жаңа сөз де тудырмайтын, форма да тудырмайтын, контексте ғана өмір сүретін сөзжасам қосымшаларының ерекше қолданысы деп атайды [5, 226 б.].

Қазақ тіл білімінде жоғарыда сөз болған қосымшалардың тілдік табиғаты туралы ең алғаш тың пікір айтқан ғалым Ы.Е.Маманов болды. Ғалымның «Лекциялар курсы» қазақ тілі морфологиясының өзекті мәселелеріне, оның ішінде сөзжасам мен формажасамның аражігі мен есім сөз таптарының құрамында қаралып жүрген қосымшалардың сөзжасамдық, формажасамдық қызметтерін анықтауға арналған. Ы.Е.Мамановтың жетекшілігімен шәкірті Қ.Шаяхметов «Екі функциялы аффикстер» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады (1973).

Қазақ тіл білімінде жоғарыда аталған қосымшалар Ә.Болғанбаев, Ә.Төлеуов, Ибатов, Ғ.Қалиев, М.Томанов, А.Ысқақов т.б. ғалымдар еңбектерінде сөзжасамдық қырынан біржақты ғана қарастырылған.

Бұл аффикстердің форма тудыру қызметін ашып айтпағанмен, өзіндік ерекшелігіне баса назар аударған Ғ.Мұсабаев пен Н.Оралбаева болды.

Бұдан кейінгі кезекте әртүрлі пікір қалыптастырып, әр бағытта қарастырылып жүрген аталған қосымшалар туралы айтқан Ы.Е.Мамановтың пікірлеріне жүйелі түрде талдау жасалады. Бұл қосымшалар А.Ә.Жаңабекованың кандидаттық диссертациясында талданып, Ы.Мамановтың тұжырымдарын басшылыққа алады [6] .

1.3 Профессор Ы.Маманов қазақ тіліндегі шырай категориясы туралы. Қазақ тілінде сын есімнің шырай категориясының зерттелуіне біраз ғалымдарымыздың үлес қосқандығы белгілі. Алайда шырайдың грамматикалық топтарына қарай бөлуде бірізділіктің жоқтығы байқалады. Мәселен, кейбір оқулықтарда –қыл, -ғыл, -қылт, -тым, -шыл, -шіл, -ғыш, -гіш жұрнақтары салыстырмалы шырай құрамында беріледі. Яғни шырай түрлерін анықтауда қандай принципке сүйенеміз деген мәселенің басы ашық емес екендігін алғаш байқаған Ы.Маманов шырай мәселесінде екі түрлі жағдайға баса назар аударған. Оның бірі – жоғарыда аталған сынның белгісін білдіретін жұрнақтарды сөзжасам жұрнақтарына жатқызу керек пе, әлде шырай категориясында қарала ма деген сұрақ болса, екіншісі – жай шырайдың шырай парадигмасының құрамына ене ме, яғни шырайдың бір түрі ретінде грамматикалық қатарға (граммема) жата ма деген мәселе.

Қазақ тіл білімінде шырай категориясының грамматикалық сипатына А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Ғ.Мұсабаев, Ә.Төлеуов, А.Ысқақов, М.Томанов, Ы.Маманов, С.Исаев т.б. ғалымдар арнайы тоқталған.

Ы.Маманов нөлдік форма теориясын сөз ете отырып, жай шырай, негізгі етіс деп аталып жүрген шырай, етіс түрлерінің жоқ екеніндігін, олардың тек түбір сөздермен тұлғалас келетінін дәлелдейді [2, 76-77 б.].

С.Исаев жай шырай мәселесінде Ы.Мамановтың пікірлерін толық қолдаған [5, 140 б.].

…Сонымен, Ы.Маманов шырай категориясына байланысты екі мәселенің басын ашып берді: бірі – шырай категориясындағы жай шырай деп аталатын түрінің шырай формасы бола алмайтындығы, оның басқа шырай формаларына негіз болатын түбір сөз екендігі, екіншісі – ғыш, -шыл, -қай т.б. жұрнақтарының шырай жұрнақтарына жатпайтындығы, оларды грамматикалық абстракция жасамайтындықтан сөзжасам қосымшаларына жатқызу қажеттігі. Ғалымның пікірінше, қандай да бір тілдік құбылыс сол тілдің тілдік заңдылығына бағынуы керек. Олай болса, шырай жұрнақтарын сөзжасам қосымшалары мен форма тудырушы қосымшаларға қойылатын талаптар бойынша саралаған ғалым пікірлерінің құндылығы дау тудырмайды.

1.4 Қазақ тіліндегі көптік форма туралы. Көптік категориясы жайлы тіл білімі жөніндегі оқулықтарда арнайы баяндалады. Түркі тілдерін зерттеген ірі ғалымдарымыз Малов, А.В.Баскаков, А.Н.Кононов, Н.К.Дмитриев еңбектерінде көптік категориясы жайлы пікірлер айтылған. Ал қазақ тілінде бұл мәселеге алғашқылардың бірі болып арнайы тоқталған ғалым – профессор М.Балақаев (1940). Сондай-ақ Н.Оралбаева (1959), А.Д.Данияров (1965), А.Ысқақов (1965) еңбектерінде жалғасын табады.    …С.Исаевтың қазақ тіліндегі көптік жалғаудың негізінен жұрнақтық функциясы жайлы айтқан пікірі шын мәнінде тілдік жүйеге, оның тілдік заңдылықтарына сүйеніліп жасалғандығы анық. Көптік жалғаудың жалғаудың басқа түрлерінен ерекшеленетін осы белгісі – қосымшаларды жіктеу мәселесінде ескерілуі қажет.

Ы.Маманов көптік формаға байланысты мынадай тұжырым жасаған: «Қазақ тілінде грамматикалық көптік форма біреу-ақ. Ол –лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер қосымшалары арқылы жасалады. Әрбір грамматикалық форманың өзіне тән грамматикалық мағынасы болады. Кейбір грамматикалық форманың өзіне тән грамматикалық мағынасы болады. Кейбір грамматикалық формалардың бірнеше мағыналық қырлары болуы мүмкін» [1, 31-36 б.]… Қазіргі функционалды грамматикада бір ойдың әртүрлі жолдармен берілу тәсілі бар. Яғни, «функция әртүрлі тілдік құралдар арқылы жүзеге асырылуы мүмкін және бір құралдың өзі әртүрлі функция атқара алады» [Тіл білімі сөздігі.А.,1998. 417 б.]. Ы.Е.Маманов көптік ұғымның түрлі берілу жолдарын танып, оларды әр басқа категория деу ағаттық екенін дәлелдейді. Функционалды грамматика тұрғысынан келгенде, ғалымның болжамын біз дұрыс шешім деп қабылдаймыз.

1.5 Ы.Маманов қазақ грамматикасындағы нөлдік форма туралы. Тіл білімінде кейбір грамматикалық формадағы сөздер грамматикалық көрсеткішсіз-ақ нөлдік формада қолданылады. Нөлдік форма термині ғылымда нөлдік жалғау, нөлдік морфема, нөлдік форма, нөлдік қосымша, нөлдік таңба т.б. терминдермен белгілі болды. Нөлдік форма теориясының пайда болуына Фердинанд де Соссюрдің тілдік таңба теориясы негіз болды. Ф.Соссюр грамматикалық мағына білдіруші көрсеткіші жоқ сөз формасы басқа сөз формаларымен салыстыру арқылы, солардан өзгешелігі арқылы танылады дейді.

Нөлдік форма жайлы мәліметтер алғаш Ф.Ф.Фортунатов еңбектерінен басталады. Ол атау септік формасын ең алғаш рет басқа септік формаларымен бірдей грамматикалық мағына бере алатын, көрсеткіші жоқ нөлдік форма деп таныған.

1960 жылдардан бастап нөлдік форма теориясы ғылыми айналымға түсті. Орыс ғалымдары Ю.С.Маслов, П.С.Кузнецов, И.П.Иванова, А.М.Пешковский т.б. ғалымдар нөлдік форма туралы пікірлерін ортаға салып, әртүрлі терминдер ұсынды.

Қазақ тіл білімінде Ш.Х.Сарыбаев, Н.Т.Сауранбаев, Ә.Төлеуов, А.Ысқақов т.б. ғалымдар еңбектерінде септік жалғауларының тасалануы, септік жалғауларының ашық, жасырын қолданылуымен байланысты айтылып келді. Аталған ғалымдардың ой-пікірлері ғылыми мақалаларда, қазақ тілі оқулықтарында жарық көрді. Бұл тілдік құбылысты ғалымдар ертеден-ақ байқаған.

Қазақ тілінде нөлдік форманы Ы.Маманов, С.Исаев, Н.Оралбаева, Ж.Балтабаевалар арнайы зерттеген. Ғалымдар еңбектерінде бұл тілдік құбылыс алдыңғы аталған ғалымдар еңбектеріндегідей септік жалғауларының тасалануы немесе ашық, жасырын қолданылуы тұрғысынан емес, нөлдік морфема терминдерімен аталады.

Ы.Маманов еңбектерінде нөлдік формаға ілік, барыс, табыс септіктерінің жасырын формалары мен бұйрық райдың 2-жақ жекеше түрін жатқызылады. Ал атау септікті бұл қатарда қарамайды. Н.Оралбаева мен С.Исаев еңбектерінде атау септік нөлдік форманың ең бірінші элементі болып табылады. Бұл ғалымдар септіктердің жасырын формаларын, тәуелдік жалғау (біздің ауыл), жіктік жалғаудың үшінші жағын, 2-жақ жекеше, бұйрық рай формасын нөлдік форма деп анықтайды.

Кейінгі ғылыми зерттеулерде нөлдік форма грамматиканың шеңберінен шығып, кең аяда қарастырыла бастады. А.Қ.Омарова «Қазақ тіліндегі нөлдік морфеманың функционалдық және семантикалық аспектісі» атты докторлық диссертациясында бұл ұғымның сөзжасамға да қатысты тілдік құбылыс екенін дәлелдейді. Зерттеуші аталған еңбекте нөлдік морфеманың семантикалық-функционалдылық ерекшеліктерін ашу мақсатында нөлдік морфеманы грамматикалық нөлдік морфема (септік жалғаулары мен т.б. грамматикалық формалар) және сөзжасамдық нөлдік морфема деп саралап алады. Бұл тілдік бірліктер диссертацияда функционалды-семантикалық аспектіден сипатталады [8].

Септік жалғауларының ашық және жасырын келуін (нөлдік форманы) бірнеше жылдар бойы түркі тіл білімін зертеуші ғалымдар белгілілік-белгісіздік категориясымен байланыстырып келді. Олардың бір тобы бұл категорияның түркі тілдерінде бар екендігіне түрлі дәлелдер келтіреді. М.Балақаев «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында (1961) грамматикалық белгілілік не белгісіздікті мағыналық белгілілік я белгісіздікпен бір деп санауға болмайды. Түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілі үшін белгілілік-белгісіздіктің грамматикалық тұлғасы мынау дерлік дербес қосымшасы жоқ деген тұжырым жасайды. Алайда ғалым ондай мағыналық айырмашылық қазақ тілінде мүлде жоқ деп айтуға болмайды деген де пікір айтады.

Ы.Е.Маманов қазақ тілінде белгілілік-белгісіздік категориясы бар деп көрсетеді. Олардың арнаулы грамматикалық көрсеткіштерін де анықтайды. Ғалым табыс, ілік септіктерінің ашық, жасырын келу ерекшеліктерін қазақ грамматикасындағы белгілілік-белгісіздік ұғымымен байланысты қарау керек деген концепция ұсынады. Мысалы, ілік және табыс септіктерінің ашық келуі белгілілікті көрсетеді. Осыған байланысты кісі есімін белгілілік деп көрсетеді (Асанның үйі – Асан үйі деп айтылмайды). Ғалымның пайымдауынша, ілік, табыс септіктерінің түсірілмей айтылуы – белгілілік, ал түсіріліп айтылуы – белгісіздік ұғымының көрсеткіші болады. Сондай-ақ, бір, біреу есімдіктері белгісіздік мағынаның көрсеткіші болып табылады деп есептейді.

Белгісіздік мағына, ұғым тіл білімінде әлі де кеңірек зерттеуді қажет етеді. Өйткені белгісіздік ұғымын «бір», «біреу» сияқты екі-үш сөз бен табыс септіктің жасырын түрімен ғана байланыстыру жеткіліксіз. Белгісіздік ұғымының тілдік табиғатын ашу үшін ең алдымен сөздерді мағыналық жағынан, яғни осы белгісіздік ұғымын білдіруі жағынан талдау жасау керек. Белгісіздік мағынаны барлық сөз таптарына қатысты да айқындауға болады деп есептейміз. Мысалы, зат есім болатын ағаш деген сөзде жалпылық, көптік ұғымдармен қатар, белгісіздік ұғым  болса, сын есімнің заттанған түрінде ғана белгісіздік ұғым бар (Белсенділер алдыға шықты). Сан есімнің болжалды түрінде (екілер, бестер шамасы) белгісіздік мағына болса, бұл ұғым есімдіктің бірнеше түріне тән.

Сөз таптарының ішінде грамматикалық категорияға бай, күрделісі – етістік екені белгілі. Белгісіздік мағына түбір етістіктерде де кездеседі. Белгісіздік ұғымы етсітіктің шақ формаларында (келер ме екен, барар еді), сыпат категориясында, аналитикалық етістіктерде де кездеседі.

Жалпы алғанда бұл категория туралы мәселе жеке зерттеуді қажет етеді.

Ы.Е.Мамановтың етістік теориясы: тұжырымдамалары мен көзқарастары деп аталатын екінші тарауда түбір етістіктер, күрделі етістіктер және көмекші етістіктер, сондай-ақ етіс, есімше, көсемше, рай, шақ категорияларының зерттелуіндегі Ы.Е.Мамановтың үлесі көрсетіліп, оларға мағыналық-құрылымдық талдау жасалды.

2.1 Түбір етістіктердің мағыналық ерекшеліктері. Тілдің сөздік қорының баюы, молаюы түрлі тәсілдер арқылы болса, солардың көне түріне семантикалық даму жатады. Семантикалық даму бойынша сөз дыбыстық, морфемдік құрамын өзгертпей-ақ бірте-бірте өзіне жаңа мағыналарды қосып отырады. Соның нәтижесінде тілде бір сөз бірнеше лексикалық мағына білдіреді, тілдегі қызметі артады. Семантикалық даму арқылы сөз саны көбеймегенімен, сөздердің мағыналық мүмкіндігі әлдеқайда өседі.

Түркі тілдерінде етістік семантикасы біршама зерттелген. Атап айтқанда, Э.Р.Тенишев (1961), Н.З.Гаджиева, А.А.Коклянова (1961), Б.И.Татаринцев (1987), И.К.Кучкартаев (1977), А.К.Алекперов (1980), А.А.Цалкаламананидзе (1973), М.Оразов (1983) т.б.

Қазақ тілінде грамматикатанушы ғалымдар етістікке қатысты арнайы зерттеулер жүргізіп, монографиялар жариялаған. Етістікті әрі сөз табы ретінде, әрі мағыналық сипатын қоса талдаған зерттеулерден А.Қалыбаева (Хасенова), Ы.Е.Маманов, А.Ысқақов, Н.Оралбаева еңбектерін ерекше атаған жөн.

А.Хасенова «Қазақ тілі грамматикасында» түбір етістік дейтін межеге сыйдыруға келетін сөздерді іс-әрекет, амал, қалып процесінің динамикасын білдіруі жағынан қарастырып, оларды бірнеше лексика-семантикалық топтарға бөлуге болатынын атап көрсетеді. Ұйымдастыру, жорғала, мияула, шырылда сиқты туынды етістіктер де лексика-семантикалық топтардың құрамына енгізілген. Жұмыста басқа түркі тілдерінде қалыптаспаған жаңа үлгіде топтастыру да ұсынылған, алайда бөлудің принциптері ашып көрсетілмеген [9, 127 б.].

М.Оразов 1983 жылы «Семантика казахского глагола» тақырыбында жазылған докторлық диссертациясында етістіктің 12 лексика-семантикалық тобын көрсетеді. Ғалым етістіктерді мағыналық топтарға бөлуде сөйлесу етістіктерін семантикалық жағынан бөлгенімен, морфологиялық белгілерін де негізге алып отырған.

А.Ысқақов оқулығында етістіктер лексика-семантикалық топтарға жіктелгенімен, оларды бөлудің ғылыми принциптері көрсетілмеген (1991).

Ы.Мамановтың етістіктерді басты ерекшеліктері жағынан бірнеше топқа бөлуінде басқа ғалымдармен салыстырғанда алшақтықтар бар. Ғалым түбір етістіктерді семантикалық топтастырудағы ұстанған принципі Г.А.Золотова, А.В.Бондарко, З.Ахметжанованың функционалды грамматика теориясына байланысты теорияларымен үйлесіп жатыр. Әсіресе, ғалымның «негізгі түбір етістіктерді семантикалық жақтан мағыналық топтарға жіктеуге келмейді, морфологиялық және синтаксистік тәсілдерінің белсенді қатысуының арқасында ғана түбір етістіктерді мағынасына қарай бөлуге болады» деген тұжырымы қазіргі функционалды семантиканың негізгі принципі.    Ы.Маманов қазақ тілінде етістікті лексика-семантикалық топтарға жіктеп көрсеткен ғалымдардың бірі. Қазіргі кезде етістіктің жекелеген лексика-семантикалық тобы арнайы зерттелуде.

2.2 Етістік түбірі және оның семантикалық, грамматикалық өзгеруі туралы

Етістік Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаевтардың авторлығымен жарыққа шыққан «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында, сонымен қатар бұл еңбектерге дейін жарық көрген Қ.Жұбанов (1936), С.Аманжолов (1938), І.Кеңесбаев пен С.Жиенбаевтың «Грамматикаларында» (1942) етістік бөлімі сабақты етістік пен салт етістік, болымды және болымсыз етістік, етіс категориясы, рай, шақ, жақ категориялары, есімше мен көсемше формалары үзілмей берілумен бірге, кейбір толықтырулар мен лингвистикалық атаулар тиянақталып, өзгерістер енгізіліп отырса да, белгілі бір дәстүрлі жүйе берік сақталып келеді деуге әбден болады.

Ы.Маманов қазақ тіліндегі етістік формаларын лексика-грамматикалық қызметтеріне қарай, ең алдымен, негізгі етістік және функциялық етістік деп екіге бөліп, одан кейін негізгі етістіктің өзін түбір етістіктер және модификациялы етістіктерге ажыратып, түбір етістіктерге етістіктің лексикалық амғынасына ие болатын сөздерді, модификациялы етістіктерге белгілі қосымшалар немесе көмекші етістіктер арқылы үстеме грамматикалық мағына білдіретін етістік формаларын жатқызады…

Ғалымның етістік түбіріне байланысты айтқан ой-пікірлері күрделі мәселелердің шешімін табуға септігін тигізіп қана қоймай, кейбір пікірлерге өзгеше қырынан үңіліп, тереңірек зерттеуге көмегін тигізеді. Ы.Маманов, С.Исаев еңбектерінде көрсетілгендей, етістік түбірінің бұйрық райдың 2-жағы емес, ол екеуінің екі нәрсе екенін дәлелдейтін тағы бір дәлел – бұйрық райдың екінші жағының көне формасының –ың, -ің, -ғыл, -ғын тұлғасында болуы. Қазақ тілінің сөйлеу тілінде бұлардың кездесіп қалуы тектен-тек емес.  Қысқасы, етістік категориясының жіктелу жүйесінің 2-жақ жекеше формасы түбір етістікпен омоформалық сипатта келеді.

Етістік түбіріне қатысты тағы бір көңіл аударарлық нәрсе – туынды түбір (туынды етістік, туынды сөз) мәселесі. Ы.Маманов өз зерттеулерін морфологияның өзекті әрі қиын мәселелерін қарастыруға арнағандығы байқалады. Оның 1973 жылы жарық көрген «Лекциялар курсында» қосымшаларды жіктеу, кейбір қосымшалардың (даулы болып танылып жүрген) сөзжасам мен форма тудыруға қатысты тілдік жүйе, заңдылықтар тұрғысынан қарастырылып, тың пікірлер айтылған.

Етістік сөз табына қатысты қазақ тіл білімінде әлі де бір шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – етістіктің көрініс (вид) категориясының формалары ретінде көрсетіліп жүрген бір топ қосымшалардың тілдік сипатымен байланысты. Аталған категорияға жатқызылып жүрген –қыла, -кіле, -ғыла, -гіле; -мала, -меле; -ымсыра, -імсіре тәрізді жұрнақтар туралы әртүрлі пікірлер айтылған. Бұл қосымшаларды И.Ұйықбаев, А.Ысқақов т.б. ғалымдар сөз түрлендіретін форма ретінде таныса, Б.Құлмағамбетова, С.Хасанов, Т.Әбдіғалиева, Қ.Қасабекова, Б.Шалабаева, Ы.Мамановтар сөз тудырушы жұрнақтар ретінде анықтайды.

Біз жоғарыда аталған қосымшалардан –стыр, -стір формасын етіс жұрнағы деп алып, қалған тұлғаларды туынды етістік жасайтын қосымшалар ретінде қарастырамыз және Ы.Мамановтың қосымшаларды жіктеуге байланысты ұсынған концепциясын басшылыққа алып, мынадай белгілерін көрсетеміз: 1) аталған жұрнақтар бірен-саран сөздерге талғап жалғанып, грамматикалық абстракция жасай алмайды; 2) түсіндірме, екі тілдік сөздіктерге енеді; 3) лексикалық бірлік саналып, реестр сөз ретінде құрамды толықтырады. Ал жоғарыда Ы.Маманов грамматикалық қосымша ретінде көрсеткен –ңқыра, -ңкіре осы көрсетілген критерийлерге жауап бермейді, әсіресе талғап жалғану шартына сай келмейді, яғни ол грамматикалық абстракция жасап, кез келген етістік түбіріне жалғанады. Етістіктің қолданысына статистикалық зерттеу жүргізген ғалым С.Мырзабеков етістіктер саны сөздіктің тең жартысынан асады деп көрсетеді [10] . Яғни –ңқыра, -ңкіре формасы, сонымен қатар етіс формалары жалғанған етістіктер де сөздікте қамтылған деген сөз. Демек, -ңқыра, -ңкіре формалы етістіктерді сөздікте реестрлік қатарда беру-бермеу мәселесі шешілуі тиіс.

2.3 Ы.Е.Маманов еңбектерінде күрделі етістік мәселесінің зерттелуі. Туынды сөздердің ішіндегі күрделісі де, қиыны да – күрделі сөз мәселесі. Басқа түркі тілдеріндегідей қазақ тіл білімінде күрделі сөз бен күрделі тұлғалар мәселесі XIX-XX ғ.ғ. аралығында қолға алына бастады.

Түркітануда күрделі сөзге қатысты пікір айтқан және арнайы зерттеу нысаны еткен еңбектерде күрделі сөздер құрылымдық және жасалу тәсіліне қатысты сөз болды. Бұл орайда Н.К.Дмитриев, Н.А.Баскаков, А.Н.Кононов, А.А.Юлдашев, Ә.Қайдар, Ғ.Садуақасов сынды түркітанушылар еңбектерін атауға болады. Қазақ тіл білімінде профессор Қ.Жұбанов 1930 жылдардың өзінде-ақ күрделі сөздер қанша сөзден біріксе де тұтас бір ғана мағынаны білдіріп, бір ғана заттың атауы болады т.б. дей келе, күрделі сөздің қалыптасу жолдары мен олардың түрлерін көрсеткен [11]. Қазақ тіл білімінде күрделі сөз мәселесін арнайы сөз етіп, оған ерекше мән беріп, оның табиғатын анықтауда Н.Оралбаева, В.А.Исенғалиева, Б.Қасым т.б. еңбектері ерекше аталады. Күрделі сөз жайында пікір білдірген Қ.Жұбанов, А.Ысқақов, К.Аханов, Н.Оралбаева, Ж.Шәкенов сынды зерттеушілердің көзқарастарында, пікірлерінде айтарлықтай алшақтық болмағанмен, күрделі сөздерді жіктеуде, терминдік аталымында айырмашылықтар кездесіп қалады.

Қазақ тілінде көп уақытқа дейін күрделі етістік етістіктің аналитикалық форманттары тұрғысынан зерттеліп келді. А.А.Юлдашев мұның XIX ғасырдағы О.Бетлинг еңбектерінен басталғанын көрсетеді (1965). Көпшілік түркологтар аналитикалық етістіктерді күрделі етістік санай отырып, олардың вид, рай, шақ категорияларының көрсеткіші екенін де көрсетеді. Бұған қарағанда, күрделі етістікті грамматикалық категориялардың мағынасын білдіретін көрсеткіш ретінде тану түркологияда кең тараған құбылыс екендігі байқалады.

    Күрделі етістіктерді арнайы зерттеп, олардың сөз тіркестерімен, тұрақты сөз тіркестерімен, аналитикалық формалы етістіктермен өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ажыратуда Б.Қасым еңбегінің (Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі етістіктер.Докт.дисс. автореф.А.,1992) маңызы зор.

Ы.Маманов күрделі етістік ұғымына аналитикалық формалы етістіктерді де жатқызған. Бұған қарағанда ғалым мұнда етістіктердің тұлғалық жағын ғана ескерген сияқты. Сөз тіркесі мен аналитикалық формалы етістіктерді, күрделі етістіктерді нақты ажыратып көрсетпеген. Дегенмен ғалым еңбектері бұл тілдік құбылыстардың ара-жігін ашпағанымен, аналитикалық формалы етістіктердің мағыналық қырларын ашып көрсетуімен құнды.

 2.4 Ы.Маманов еңбектеріндегі көмекші етістік мәселесі және олардың амалдың өту сипаты категориясына қатысы. Көмекші етістіктер көне жазба ескерткіштерден бастап қазіргі түркі тілдерінің барлығында да кездеседі. Ал қазақ тіліндегі зерттелу тарихы Қазан төңкерісіне дейінгі еңбектерден басталады.

Қазақ тіліндегі көмекші етістіктердің нақтылы саны анықталып, зерттелмеген деуге болады. Себебі, тілші-ғалымдар еңбегіндегі көмекші етістіктерге берілген сипаттамаларда олардың саны нақты көрсетілмейді.    Ы.Маманов пікірінде кішігірім қайшылықтар бола тұрғанмен, толымды (мәнді) көмекші етістіктерге қатысты есім сыңарлы күрделі етістікті тіркесті түбір етістік деп атап, олардың сөзжасамдық қызметін анықтады, күрделі етістіктер мен аналитикалық етістіктердің семантикалық айырмашылықтарын көрсетті т.б.

Қалып етістіктері. Тілімізде адамзаттың амал-әрекеті, табиғи күй жағдайлары тұр, жатыр, жүр, тұр етістіктері арқылы беріледі. Олар тіл ғылымында қалып етістіктері деп аталатыны белгілі. Осы төрт етістіктің формаларындағы, функцияларындағы, семантикалық реңктеріндегі нәзік айырмашылықтарды, бәріне ортақ бірыңғай ерекшеліктерді қазақ тіл білімінде Қ.Жұбанов, А.Байтұрсынов, Н.Т.Сауранбаев, С.Аманжолов, Ы.Маманов, А.Ысқақов, С.Исаев, М.Оразов, Т.Қордабаев, Н.Оралбаева, З.Оспанова т.б. белгілі ғалымдар өз еңбектерінде көрсетіп, айтып кеткен. Сондықтан біз қарастырып отырған тақырып бұрын соңды айтылмай, зерттелмей келген тың мәселе емес, оның негізгі белгілері, ерекшеліктері анықталған. Біздің мақсатымыз қалып етістіктері Ы.Маманов зерттеулерінде қай тұрғыдан қарастырылды, осы тақырыпты сөз игі әсері қандай болды, бүгінгі таңда оның маңыздылығы неде деген сұраулардың басын ашу болып отыр.

Алғашқылардың бірі болып бұл төрт етістіктің өзіндік ерекшелігін таныған ғалым – профессор Қ.Жұбанов қалып етістіктерінің әрқайсысының беретін лексикалық, семантикалық мағыналарына қарай оларды дәл осы шақтың төрт түріне бөліп қарастырады. Ғалым сыпат категориясына нақты тоқталмағанмен, істің жүру процесін білдірудегі осы төрт етістіктің көмекшілік қызметін аңғара білген деп есептейміз [11, 352 б.].

А.Байтұрсынов қалып етістіктерін көмекші етістіктер қатарында қарап, оның болымды түрінің жіктелуі басқа етістіктерден өзгеше екендігін, яғни жіктік жалғауы оларға тікелей жалғанатынын, ал болымсыз формада келдгенде қалып етістіктері басқа етістіктер сияқты жіктелетінін, яғни тікелей жіктелмейтінін байқаған [12, 244-245 б.].

Н.Т.Сауранбаев «Қазақ тіліндегі көсемшелердің семантикасы мен функциясы» еңбегінде (1942) күрделі етістіктердің жасалуына тоқталады. Толымды, толымсыз көмекші етістіктерді нақты атамағанмен, жатыр, отыр етістіктерінің көсемше формалы негізгі етістікке тіркесіп, көмекшілік қызмет атқаратынына бірнеше мысалдар келтірген.

С.Аманжолов негізінен шақтық мағына осы төрт етістіктің өз ішінде, бүтін тұлғасында болатындығын айтса (1994), аталған төрт етістіктің грамматикалық мағыналарын орыс тілімен салыстыра зерттеген ғалымдарымыздың бірі Ш.Х.Сарыбаев олардың есімдерше жіктелуін, шаққа, жаққа қатысын т.б. алғаш танып, дұрыс нұсқау берген (1939).        М.Оразовтың «Қазіргі қазақ тіліндегі қалып етістіктері» (1980) атты монографиясында аталған етістіктердің морфологиялық құрылымында туған тұл,алық, мағыналық өзгерістергі және әбден орныққан формаларына тарихи, ғылыми тұрғыдан талдаулар жасалады. А.Ысқақов пікірлерін сараласақ (1991), басқа авторлар пікірінен онша алшақ еместігін байқаймыз. Ғалым қалып етістіктерінің негізгі мағыналары мен қызметтерін атқарумен бірге, амал-әрекеттің даму кезеңін (фазасын), өту сипатын білдіруге дәнекер болса, екінші жағынан, етістіктің нағыз осы шақ категориясын құрауға негіз болады дейді. Бірақ ғалымның өзіндік көзқарасы да жоқ емес. Оған сыпат категориясының синтетикалық түрін атауға болады. Сондай-ақ ғалымның сыпат категориясын үшке бөліп (қимылдың басталуы, жүріп жатуы, аяқталуы), олардың формаларын көрсетуі ғылым үшін жаңалық деп білеміз.

Қимылдың өту сипаты етістіктің дербес грамматикалық категориясы ретінде түркітануда және қазақ тіл білімінде  XX ғасырдың екінші жартысында ғана танылса да, қимылдың жасалуындағы түрлі ерекшеліктер түркі тілдерін зерттеушілердің назарына ертеден-ақ ілінген. Ы.Мамановтың сыпат категориясына байланысты ойларын сарапқа салғанымызда, ғалым, ең алдымен, сөз мағынасына емес, сөз формасына баса назар аударғанын байқаймыз. Мұны ғалымның мына пікірінен білуге болады: «Қалып етістіктерінде шақтық форма жоқ, тек шақтық мағына бар». Ғалым қалып етістіктерінің бойындағы шақтық мағына оларға телулі шақтық мағына емес, олардың бойында шақтық мағынадан басқа да (айталық, қимыл-күйді білдіру – етістіктік мағына; қимылдың өту сипатын білдіру – аспкетуалдылық мағына т.б.) мағыналар бар. Ғалымның бұл пікірін басқа ғалымдар еңбектерінде айтылмаған ерекше жаңалығы деп атауға болады. Сонмен қатар, көсемше формалы етістіктердің қалып етістіктерімен өзге толымды етістіктер арқылы сыпат категориясын жасауы туралы ойлары аналитикалық формалы етістіктер жайындағы күрделі зерттеуге негіз болған. Қимылдың жасалу кезеңдері мен тәсілі бойынша етістіктерді жіктеуі қазіргі грамматика талаптарына толық сай келмегенмен, функционалды грамматика тұрғысынан құнды пікір екендігін көрсетіп отыр.

Функционалды грамматикада қимылдың өту сипаты немесе амалдың өту сипаты деп аталып жүрген ұғым «аспектуалность» терминімен аталады. Қалып етістіктері осы аспектуалдылық мағынаны білдіруде маңызды рөл атқарады. Олар осы функционалды семантиканы беретін бірден бір тілдік құрал болып табылады. Қалып етістіктерінң фунуционалды-семантикалық өріс жасаудағы қызметі функционалды грамматика мамандарының зерттеулерінде айтылып жүр.

Бұл айтылғандардан қалып етістіктері тек қана аспектуалды семантика ғана жасайды деуге болмайды. Ол басқа да функционалды-семантикалық өрістерді жасауға қатынасады. Айталық, олар қимылдың өту сипатын білдіруден бұрын , ең алдымен, шақтық мағынаны білдіреді. Дәстүрлі грамматика тұрғысынан олардың құрылымдық функциясы нақ осы шақты білдіру делініп, нақ осы шақты білдіретін тілдік құрал, соның көрсеткіші ретінде қаралып жүр. Алайда бұл оларға берілген біржақты ғана пікір. Өйткені шақ тілдік жүйеде және сөйлеуде екі бағытта қызмет етеді. Аталған етістіктер тілдік жұйеде шақ көрсеткіші болса, сөйлеуде, екі бағытта қызмет етеді. Аталған етістіктер тілдік жүйеде шақ көрсеткіші болса, сөйлеуде, яғни сөйлеу бірлігі – мұны зерттейтін сала функционалды грамматика тұрғысынан одан кең түрде қарастырылады. Ол тек қана нақ осы шақтық мағынаны ғана білідрмейді, сонымен қатар шақтық мағынаның басқа да реңктерін беруге қызмет етеді. Сөйлеудегі шақтық мағына функционалды грамматика тұрғысынан «темпоральность» деген терминмен аталады. Темпоралдылық функционалды-семантикалық өрісін жасауда қалып етістіктерінң өзіндік орны, тиесілі қызметі бар. Олар темпоралдылық категориясының мағыналық қырларын білдретін тілдік құрал болып табылады. Демек қалып етістіктері Ы.Маманов көрсеткендей бір ғана категорияның тілдік көрсеткіші емес, ол аспектуалды, темпоралды, сондай-ақ басқа да қызметтерде жұмсалады.

2.5 Етіс категориясының Ы.Маманов еңбектерінде зерттелуі. Қазақ тілінде етіс категориясы, негізінен, морфологиялық тәсіл арқылы жасалады. Әрбір етіс түрі арнайы аффикстермен сипатталады және барлық етістіктен етіс формасын жасауға болады. Алғашқы грамматикалардан бастап, 30 жылдарға дейінгі еңбектерде етіс түрліше бөлініп келді. Бұл категория 50-жылдардан бастап арнайы зерттеу нысанына алынып, ғылыми негізде қарастырыла бастады. Оған Н.А.Баскаковтың «Залоги каракалпакского языка» (1951), А.Қалыбаеваның «Қазақ тіліндегі етіс категориясы» (1951), өзбек тілінің етістері жөнінде С.А.Фердаустың, түркімен тілінің етіс категориясы туралы Б.Чарыяровтың, башқұрт тілінің етістері жөнінде А.Х.Фатыховтың диссертацияларын атауға болады.

Етіс қосымшалары түркологияда үш түрлі бағытта (сөз тудырушы, форма тудырушы, екі функциялы) зерттелгендігі байқалады. Өз зерттеуінде Н.А.Баскаков сөз тудырушы деп анықтаса, қазақ тіл білімінде етіс категориясын арнайы қарастырған А.Қалыбаева сөз тудырушы қосымша деп қарастырады. Дегенмен, түркологияда етіс қосымшаларын форма тудырушы деп анықтаушылар саны өте көп. Олардың қатарында А.Щербак, Б.А.Орузбаева, Ф.А.Ганиев т.б. атауға болады.

Қазақ тіл білімінде етісті Ы.Маманов грамматикалық категория ретінде қарап, етіс формаларын форма тудырушы қосымшалар қатарына қосады. Бірақ бұл қосымшалар туралы даулы пікір әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Етіс қосымшалары жалғану мүмкіндігі жоғары қосымшалардың қатарынан орын алады. Етіс жұрнақтарының сөзге жалғану жиілігіне 10 томдық түсіндірме сөздік бойынша статистикалық зерттеу жүргізген С.Мырзабеков сөздіктегі етіс формаларының саны 22 мыңнан асып кетеді. Бұл сөздіктегі барлық сөздің 33 пайызына тең деп көрсетеді. Демек, етіс қосымшаларының сөзге жалғану мүмкіндігі мол, олар Ы.Маманов көрсеткендей, грамматикалық абстракция жасай алады.

Етіс қосымшаларының сөзжасам мен формажасамға қатысын зерттеген А.Жаңабекова етістердің жоғарыда аталған ерекшеліктерін ескере келе, «етіс қосымшалары барлық кезде сөз тудыру қатарын құрай бермейді, тек объектілік-субъектілік қатынасты білдіріп, грамматикалық категория құрай алады. Екіншіден, етіс категориялары белгілі бір етістік тобына түгелдей жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды. Ал оның кейбір сөздердің құрамында келіп, лексикалық дербестікке жетуі етіс қосымшаларының сөзжасамдық қабілетінің емес, сөзжасамның семантикалық тәсілінің, яғни мағына дамуының нәтижесі деп қараған жөн», — деп Ы.Маманов, С.Исаев пікірлерімен орайлас тұжырым жасайды [6].

Ы.Маманов қазақ тіліндегі салт, сабақты етістіктер мен етіс категориясын бір-бірімен тығыз байланыста қарастырады. Өздік, өзгелік, ырықсыз етіс мағыналары салт, сабақты етістіктердің грамматикалық формаларынан туатын семантикалық ұғым деп түсіндіреді [13, 36 б.]. .

Қазақ тіл білімінде етіс құрылымдық аспектіден етістіктің грамматикалық категориясы ретінде қарастырылса, функционалды грамматикада етіс (залоговость) функционалды-семантикалық категория болып табылады. Функционалды-семантикалық категориялар көбінесе етістік категорияларына негізделгендігі байқалады. Мысалы, аспектуалдылық категориясы құрылымдық грамматикадағы – қимылдың өту сипаты (вид) категориясына, темпоралдылық – шақ категориясына, модалдылық – рай категориясына, персоналдылық – жақ категориясына негізделген.

Ы.Маманов зерттеулерінде етіс, негізінен, объектілік, субъектілік және көпмағыналық қатынастармен сипатталады. Етіс категориясын функционалды грамматика тұрғысынан зерттеу болашақтағы іс деп білеміз.

2.6 Етістіктің болымсыздық түрлері. Болымсыздық мағына және оның берілу жолдары туралы қысқаша мағлұмат түркі тілдерінің грамматикаларында етістік бөлімінде, сын есім мен есімдікте, модаль сөздерде, синтаксисте «бар», «жоқ» сөздерінің қолданылуына қатысты болымсыз сөйлемдерге қатысты берілген.

Профессор С.А.Аманжолов қазақ тіл білімінде бірінші рет сөйлемнің болымсыз түрін атайды… М.Балақаев, Т.Қордабаев авторлығымен шыққан «Қазіргі қазақ тілі» (синтаксис) еңбегінде (1966) хабарлы, сұраулы, лепті сөйлемдерге ортақ болатын сөйлемнің түрі болымды, болымсыз деп бөлініп, болымсыз сөйлемнің жасалу жолы, оның негізінен баяндауыш формасына қатысты екені көрсетіледі. Т.Әбдіғалиева «Қазақ тіліндегі болымсыздық мағына және оның берілу жолдары» атты мақаласында (1975) етістіктің болымсыздық түрі туралы Ы.Маманов еңбектерінде толығырақ мәлімет берілгендігін атап көрсетеді.

Ы.Маманов етістіктің болымсыз түрінің үш вариантының (-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе; -емес, жоқ) арасында әрқайсысының өзіне тән семантикалық ерекшелігі барын аңғара білген. Сондай-ақ етістіктің болымсыздық жұрнақтарына байланысты айтқан тағы бір маңызды тұжырымы – ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшаларының сөзге жалғану ретімен байланысты айтылған. Осы тұлғалардың етістікке жалғану ретін сөзжасамдық тұрғыдан тани білуі ғалымның етістік сөзжасамына қосқан бірден-бір жаңалығы деп тану керек. Былайша айтқанда, «болымсыздық қосымшалар –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе негізгі етістіктер мен функциялық етістіктердің шегарасын көрсетіп тұратын белгі ретінде жұмсалады» [1, 21 б.].  Ал күрделі етістіктерге болымсыздық форманың жалғануындағы ерекшелік көрсетілмегенмен, ғалымның бұл құбылысты танып, айтып өтуінің өзі маңызды жаңалық болып табылады.

    2.7 Қимыл есімі. Ы.Маманов қимыл есімі туралы да пікір білдірген. Тіл білімінде іс-әрекеттің атауы ретінде берілетін сөздер «қимыл есімі», «қимыл атауы», «у тұлғалы қимыл есімі», «тұйық рай», «тұйық етістік» сияқты терминдермен беріліп жүрді. Соңғы кездерде «қимыл есімі» деген термин тұрақталып келеді. Қимыл есімі дегенде, әдетте, -у тұлғасы негізге алынады. Бұл қазіргі қазақ тілі тұрғысынан тілдік нормаға сай, әрі жиі қолданылатын формасы    Түркі тілдерін салыстырып қарағанда, бұл тұлғаның бірнеше тұлғалық көрсеткіштері барын байқауға болады. Мәселен, А.М.Щербак монографиясында (1981) қимыл есімдердің 30-40 түрі бар деп көрсетеді. Біз қимыл есім формаларының зерттелу тарихына, тілдік табиғатына тереңдемей-ақ, Ы.Мамановтың қимыл есімі туралы айтқан пікірлерін берумен шектелеміз.

Ы.Маманов қимыл есімінің тұлғалық көрсеткіштері ретінде тұйық етістік формасын (-у), -ғы тұлғалы және (-с) тұлғалы қимыл есімдерін атайды [13, 82 б.]. –У тұлғалы тұйық етістікті ғалым әрбір жеке қимылды білдіретін етістік сөздің атауышы болып саналады деп көрсетеді. Есімдерше түрленуіне (септелу, тәуелдену, тәуелді түрінде көптік жалғауын қабылдау) тоқталып, омонимдік қатарға көшетіндігін айтады. Зат есімге айналған  тұйық етістік тұлғалы сөздерді сөздік мағынасы жағынан үй бұйымдары, құрал-сайман аттары, мекен-жай атаулары, дерексіз ұғымды білдіретін зат есімдер, грамматикалық терминдерді білдіретін зат есімдер деп бөліп қарайды. Тұйық етістік тұлғасының омоним болып зат есімге айналғандарын екі түрлі белгісіне қарап ажыратады: 1) сөйлем ішінде контекске байланысты; 2) зат есімге айналған түріне етістіктің болымсыздық формасын тудырушы –ма қосымшасы жалғанбайды. Мысалы, омоним болып кеткен «көсеу» сөзінің қимыл есім формасында тұрғандығы немесе заттық мағынада тұрғандығын, біріншіден, контекс арқылы анықтаймыз: Көсеу ұзын болса, қол күймейді (Мақал). Күні бойы отты көсеумен болды. Осындағы екінші сөйлемдегі қимыл есімге ғана –ма, -ме тұлғасы жалғанады. Сондай-ақ тұйық етістік тұлғасына –лық, лік, -шы, -ші, -лы, -лі жұрнақтары арқылы туынды түбір сөздер жасалатындығын көрсеткен. Жалпы алғанда, Ы.Мамановтың қимыл есімдеріне берген сипаттамасы қазақ тілі грамматикасы үшін елеулі үлес деп санаймыз.

2.8 Рай категориясы.  Тіл тарихында рай категориясы көне дәуірден бері қолданылып, дамып отырған. Түркі тілдерінің тарихын зерттеуші ғалымдар еңбегінде рай қосымшалары сандық жағынан да, мағыналық жағынан да бай болғандығы айтылады.  Қазіргі түркі тілдері материалдары негізінде пікір айтқан авторлардың да рай қосымшаларының саны туралы пікірлері де бірізді бола бермейді. Бірақ қазақ тілін зерттеуші ғалымдар арасында мұндай пікір алалығы жоқ десе де болады. Дегенмен А.Байтұрсыновтың «Тіл құралында»  райдың әдеттегі үш түрінен тыс бірнешеуі көрсетіледі. 1954 жылы жарияланған академиялық грамматикада райдың бес түрі (бұйрық, шартты, ашық, тұйық, қалау) берілсе, кейінгі кезде жарық көрген оқулықтарда тұйық рай деп аталатын «у» формалы етістіктерді қимыл атауы немесе қимыл есімі деп атап, жеке категория ретінде бөліп қарайды.

Етістік рай – мазмұны мен формасы жағынан аса бай категория. Өйткені ол шақ формаларымен де, есімше, көсемше, қимылдың өту сипатын білдіретін формалармен де т.б. байланысты болады [11, 312 б. ].

…Темпоралдылық – функционалды-семантикалық категория. Ол белгілі бір категориялық жағдаяттарда сөйлеу актісінде функционалды-семантикалық өрістерден көрінеді. Яғни функционалды-семантикалық категория мен функционалды-семантикалық өріс бір нәрсенің екі жағы сияқты, бірі – потенциалдық жағы, екіншісі – соның сөйлеу актісіндегі берілуі (реализациясы), олар өздерінің сөйлемдегі атқаратын қызметімен байланысты. А.В.Бондарко осы екі ұғымды потенциалдық және нәтижелік аспектілерімен байланысты қарастырады [14].    Семантикалық функциялардың актуалдануының бірнеше жолдары бар. Олар: 1) таза грамматикалық тәсіл арқылы; 2) лексикалық құралдар немесе сөзжасамдық құралдар арқылы; 3) грамматикалық және грамматикалық емес тілдік құралдардың кешені арқылы. Осы аталғандарға қоса семантикалық функциялар 4) морфологиялық ктегориялардың өз қызметінен ауытқып, жанама қызмет атқаруы арқылы да жүзеге асады.

Рай категориясы мен модальділік категориясының қатыстылығы, жоғарыда айтылғандай, В.В.Виноградовтың есімімен тығыз байланысты. Модальділік мағыналар функционалды грамматикада модаль сөздер, модаль мағынасындағы сөз тіркестері (қыстырма сөздер), етістіктер, предикативтілік, модаль мәнді есімдер, интонация, рай түрлері арқылы беріледі.

Ы.Мамановта функционалды-семантикалық категория принциптеріне сәйкес, райды объектілі, субъектілі тұрғыдан мағыналық жағынан топтауы, модальділіктің – етістіктер, предикативтілік, модаль сөздер арқылы берілетіндігіне тоқталғандығы функционалды грамматиканы түсінгендігін дәлелдейді.

    2.9 Есімше. Көне түркілік кезеңде, ортағасырлық дәуірде қазіргі тіл фактілерімен салыстырып қарағанда, есімше мәнінде қолданылған есімше формалары анағұрлым көп болған..

Қазақ тілінде есімше категориясын арнайы зерттеп, еңбек жазған Т.Ерғалиев (1958) қазіргі қазақ тілінде түпкілікті немесе толық адъективацияланған есімше формалары деп мына қосымшаларды көрсетеді: -аған/еген –қашаған, тебеген, алаған; -ғалақ/гелек – ұшқалақ, жаңғалақ, сасқалақ; -шақ/шек – еріншек, сүріншек, ұрыншақ; -ғыш/гіш – білгіш, сезгіш, сенгіш; -мыш/міш, -мыс/міс – алдамыш, әлеміш, жасамыс; -геш – күлегеш

Сөзжасам мәселелерін зерттеуші Ж.Сарбалаев  та осы пікірді қуаттайды.

Сөйтіп, әрі есім қабілетін бойына сақтап, әрі етістіктің семантикасы мен шақты білдіру қасиетін иеленіп, қазіргідей өз алдына есімше категориясы болып қалыптасқан. Ал есімшеге байланысты пікір білдірген зерттеушілер еңбегімен Ы.Маманов пікірін салыстыра келгенімізде, етістіктің есімше формасын шақтық мағыналық жағынан ажыратуы қазіргі қазақ грамматикасындағы пікірлермен сәйкес келетіндігін аңғардық. Ғалымның –ушы, -уші қосымшасын осы шаққа жатқызуын да дұрыс деп есептейміз. Өйткені қандай контексте, қандай мағынада жұмсалмасын, іс-әрекеттің осы уақытта жасалып жатқандығы аңғарылады.. Есімшенің салыстыру, мөлшер мағынасындағы семантикалық реңктерді танып, функционалды-семантикалық өрістер арқылы берілуінің кейбір түрлерін көрсеткен. Мысалы, Дастарханда нанның бір жейтіндейі қалды. Шелектің түбінде қол шаятындай су қалды т.б

2.10 Етістіктің көсемше түрінің зерттелуіне Ы.Е.Мамановтың қосқан үлесі. Көсемше туралы пікірлер түркі тілдерін зерттеген ғалымдар еңбектерінде-ақ айтыла бастаған. Ал Ы.Мамановтың көсемше туралы айтқан ой-пікірлері қазіргі қазақ тілін зерттеуші ғалымдар көзқарастарымен орайлас келеді. Атап айтар болсақ, -а, -п тұлғалы етістіктердің күрделі етістік жасауы; пысықтауыш және бірыңғай баяндауыш жасау қызметі; құрмалас сөйлем жасауға қатысы және шақ жасаушылық қызметі.

-Ғалы формалы мақсатты көсемшенің  2002 жылы шыққан «Қазақ грамматикасында» Ы.Маманов пікірінің негізінде шақ категориясын жасауға қатысы жоқ екендігі дәлелденеді.

Ғалымдар арасындағы талас тудырып жүрген тағы бір мәселе – көсемше формаларының қайталанып және қосарланып айтылуы. Біз ғалымның сөз тудырушы және форма тудырушы қосымшаларға қойылатын өлшемдерін басшылыққа алып, қосарлану тәсілімен жасалған көсемшелерді үстеуге жатқыздық. Бұл пікірді зерттеуші Ө.Жұмағұлова «Қазақ тіліндегі көсемшенің мағынасы мен қызметінің дамуы» (1999) атты диссертациясында толық қуаттайды.

О.Бекжанүбірі көсемшеге байланысты мақаласында (1983) атқаратын қызметіне қарай жай сөйлемдегі негізгі етістіктің амалдарын сипаттайтын төл қызметтегі көсемшені «негізгі» , ал ашық райдағы шақ, күрделі етістік, аналитикалық форма тудыратын қызметтегі көсемшені «кейіпті» деп атайды.

Қазіргі функционалды грамматика тұрғысынан қарасақ, көсемшенің «кейіпті» деп аталатын қосалқы қызметін аспектуалдылық, модальдылылық, темпоралдылық (раймен байланысты) категорияларынан кездестіруге болады. Мысалы, аспектуалдылық категориясында көсемшенің аналитикалық етістік құрамында амалдың өту сипатын әртүрлі қарқынмен, әртүрлі фазада (басталу, жүріп жату, аяқталу) беретіні айтылады. Сондай-ақ модальдық мағынадағы етістіктердің де жасалуына көсемшенің қатысы сөз болады. Таксистік қатынас (келе салысымен) жасау қызметі де айқындалған.

Ы.Мамановта бұл терминдер қолданылмағанмен, көсемшенің қосалқы қызметі, амалдың өту сипаты, фаза, модальдық мағынадағы етістіктер қызметі сөз болғандықтан, функционалды грамматиканың кейбір элементтері кездеседі деп айта аламыз.

2.11 Қазақ тіліндегі шақ категориясы және оны зерттеудегі Ы.Е.Мамановтың үлесі. Шақ (ағылшын тілінде tense, француз тілінде temps, неміс тілінде tempus, испан тілінде tiempo) – іс-әрекеттің сөйлеу сәтіне қатысты анықталатын етістіктің грамматикалық категориясы. Орыс тілінің құрылымдық грамматикасында шақ категориясы «категория времени», ал функционалдық грамматикада «темпоральность» терминімен аталады.

Ы.Маманов еңбектерінде шақ темпоралдылық деп аталып, функционалды грамматика тұрғысынан арнайы зерттелмегенімен, шақ формаларының функционалдық аспектісі назардан тыс қалмады. Қазақ тіл білімінде дәстүрлі грамматика мәселелерінің функционалды аясын аңғара білген бірден-бір ғалым Ы.Маманов болды. Бұған қазақ және түркі тілдеріндегі шақ категориясын арнайы зерттеген ғалымдар еңбектеріне сипаттама беру арқылы көз жеткізуге болады…

Ғылыми ізденісіміздің негізгі арқауы болып отырған Ы.Мамановтың тұжырымдауынша, қимылдың, уақиғаның дәл өту мезгілін сөйлемде нақты түрде мезгіл үстеулерімен және жыл санын көрсететін сан есімдермен тіркеу арқылы ғана білдіре алады. Бұл тұжырымның функционалды грамматиканың зерттеу нысанына сай айтылғанын атап айту керек…    Ы.Маманов болжалды келер шақты субъективтік мәнде сөйлеушінің бір іске көзқарасын білдіретіндіктен ашық райға жатқызбайды.    Дегенмен, қазіргі қазақ тіл білімінде етістіктің шақ категориясы біршама зерттелгенімен, әлі де шешуін таппаған мәселелер баршылық. Оларды оқулықтарда, лингвист ғалымдардың монографияларында шақ категориясының әртүрлі топтарға бөлініп, түрліше аталып жүргенін байқаймыз. Бұл жөнінде Ж.Түймебаев өткен шақ формасы, оның жіктелуі, транспозициясы (шақ формаларының ауысып қолданылуы) және классификациялау принциптері туралы жарияланған бірнеше мақаласында оқулықтар мен зерттеу еңбектеріндегі өткен шақ түрлеріне берілген анықтамалардың тіл ғылымының қазіргі деңгейіне сай еместігін, өткен шақтың грамматикалық табиғаты жеткілікті ашылмағандығын т.б. шешімін таппаған мәселелерді сөз етеді [15]. Бұл аталған грамматикалық категорияның әлі де зерттеуді қажет ететіндігін көрсетеді.

2.12 Тіл мәдениетінің кейбір мәселелері. Тіл адамзат дамуымен бірге жасап келе жатқан қоғамдық құбылыс. Ол түрлі ортада, түрліше өзгеріп жатады. Тілдің қатынаспайтын жері болмайды, тілсіз қоғам болуы да мүмкін емес. Сол қоғамда өмір сүріп отырған әр азамат сөздік қорымыз бен сөздік құрамымыздағы сөздерді барынша орынды пайдалана, сақтай білсе, ана тіліміз жаңарған қалпында көріктене түсетіні сөзсіз.

Н.Уәлиев қазақ тілі мәдениетін сөз еткенде ғылым жетістіктеріне сүйенеді. Өзге тілдің, туыстығы бөтен тілдің сипатымен жасалған, қолданылып жүрген сөздер мен сөз тіркестеріне, оның орфографиясына айрықша тоқталады.

«Қазақ тілі – Қазақстан Республикасы деп аталатын тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі. Олай болса, бұл тіл мемлекеттің ең негізгі қолданыс құралына айналуға тиіс». Бұл — Ә.Қайдар мен Ө.Айтбайұлының «Тіл майданы» (2000) еңбегінен келтірілген дәйексөз. Ғалымдардың көтеріп отырған мәселесі – мемлекеттік тіл өз мәртебесіне лайық, өз дәрежесінде қолданылып жүр ме, оны шешудің жолдары және ертеңгі жай-күйі деген ойларға саяды.

Әдеби тілдің нормасы жөнінде С.Исаев қазақ әдеби тілінің тарихына байланысты оқу құралында (1989) «Әдеби тіл – белгілі бір халықтың сұрыпталған, нормаға түскен, баршаға ортақ тілі, сол халықтың қоғамдық мәдени өмірінің құралы мен рухани, әдеби байлығыни жеткізудің көрсеткіші»,-десе, Р.Сыздықова «Сөз сазы» еңбегінде (1989) былай деп жазады: «Әр тілдің өзіне ғана тән дыбысталу заңдылықтары бар. Бұл – сол тілдің дербес белгісі. Ол ерекшеліктер сақталмаса, сол тілдің табиғатына нұқсан келеді». Тіл мәдениеті мәселесінде көрсетілгендей, бұл заңдылықтар тіл білімінің салаларымен байланыста қарастырылады.

Н.Уәлиев «Сөз мәдениеті» (1984) еңбегінде тіл мәдениетіне лексика тұрғысынан келеді. Кітап «Сөз байлығы», «Сөз тазалығы» т.б. тараулардан тұрады. Ғалымның осы еңбегі Ы.Мамановтың «Тіл мәдениеті» еңбегімен ұқсас.

Ы.Маманов тіл мәдениеті мәселелеріне де байланысты пікір айтты. Ғалым қазақ тіліндегі айтылымы жазылымынан өзгеше айтылатын сөздердің бірсыпырасын жазылуы бойынша да айтуға болады дейді. Кейде «ас салсаң аз сал» дегенді «ас салсаң ас сал» деп ережеге бағынып айтсақ, мағынасы түсініксіз болып шығатынын айтады. Біз бұл жерде орфоэпиялық ережеге қарсы пікір білдірмейміз, Ы.Мамановтың пікірін де жоққа шығармаймыз. Өйткені әртүрлі мамандықтар бойынша білім алып жатқан орыс тілді аудиторияларда қазақ тілінің мүмкіншілігі шектеулі болғандықтан, үндестік заңының ережелері толық ескерілмейді де, студенттер сөздерді жазылу нормасына сай оқиды, айтады. Бұл арада Ы.Мамановтың пікірі орынды деп санаймыз.

Профессор М.Балақаев сөз мәдениетінің теориялық негізін тілдік нормаман ұштастырады.Әдеби тіл нормасы тіл жүйесінің деңгейлерімен сәйкес келеді. Тіл мәдениеті мәселесінде белгілі бір грамматикалық тәсілді нормаға лайық немесе жат деу үшін «ол тілдік жүйенің кодификацияланған моделіне сәйкес пе, сәйкес емес пе – соны анықтап алу қажет». Яғни, қазіргі қазақ тілі грамматикасында әдеби тіл нормасы ретінде берілген сөз формалары ғана кодификацияланған норма деп танылады.

    Диссертацияның қорытынды бөлімінде жалпы жұмыс мазмұны тиянақталып, ой-тұжырымдары айтылды. Ғалымның еңбегінде айтылған тың тұжырымдары қазірге дейін басы ашылмай келе жатқан кейбір тілдік фактілерді талдап түсіндіруге байланысты пікірлері, бүгінгі күні зерттеліп жатқан жаңа бағыттағы ғылыми мәселелердің ғалым еңбектерімен байланысын көрсетеді.

Ы.Е.Мамановтың тіл білімінің морфология саласына қосқан үлесін саралай зерттеу оның ғалымдық тұлғасын танытып, ғылыми танымын тереңірек ашып көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ғалымның лингвистикалық көзқарасының қалыптасуының ғылыми-теориялық негіздерін ашып көрсету, мүмкіндігінше, жан-жақты талдау жасау бұл мәселені ғылыми тұрғыдан зерттеп, табиғатын ашып көрсетуге жол ашады.  Болашақта осы зерттеу еңбек жаңа ғылыми ізденістердің тууына себепкер болады деген сенімдеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1 Маманов Ы.Е. Қазіргі қазақ тілі. Лекциялардың текстері.- Алматы, 1973. – 89 б.

2 Маманов Ы.Е. Сөз, морфема, қосымша туралы түсінік // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 1991, №7. -17-19 б.

3 Гвоздев А.Н. Современный русский язык. Часть 1, 1961. – 118.

4 Виноградов В.В. Русский язык. 1944. – стр. 25.

5 Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. – Алматы: Рауан, 1998. – 303 б.

6 Жаңабекова А.Ә. Сөз формаларын жасаудағы қосымшалардың функциялық ерекшеліктері. Канд. дисс. – Алматы, 2001.-160 б.

7 Маманов Ы. Қазақ тіліндегі көптік форма // Қазақ тілі мен әдебиеті. 2-шығуы. – Алматы, 1973.-31-36 б.

8 Омарова А. Қазақ тіліндегі нөлдік морфеманың функционалдық және семантикалық аспектісі. Ф.ғ.док.дисс. – Алматы, 2006.-281 б.

9 Қазақ тілінің грамматикасы. – Алматы, 1967. – 264 б.

10 Мырзабеков С. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің құрылымына статистико-лингвистикалық талдау. КД, 1973. – 242 б.

11 Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1966. – 362 б.

12 Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 446 б.

13 Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі. Етістік. – Алматы: Мектеп, 1966. – 156 б.

14 Бондарко А.В. Принципы функциональной грамматики и вопросы аспектологии. – Ленинград, 1983. – 208 с.

15 Түймебаев Ж. Өткен шақ формаларының транспозициясы // Қазіргі қазақ әдеби тілінің грамматикалық құрылымы. – Алматы, 1983.-94-101 б.

Диссертацияның мазмұны мынадай басылымдарда жарияланды:

       1 Ы.Мамановтың етістік түбірінің семантикалық, грамматикалық өзгеруі туралы көзқарасы // Оқытушылардың, аспиранттардың және ізденушілердің ғылыми мақалаларының жинағы, 4-шығуы, Алматы, 1999 жыл, 82-85 б.

2 Қ.Жұбанов пен Ы.Маманов еңбектеріндегі қалып етістіктерінің көрінісі // Қ.Жұбановтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Қ.Жұбанов және қазақ тіл білімі» атты Республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Алматы, 1999 жыл, 202-209 б.

3 Профессор Ы.Е.Маманов шырай категориясы туралы // Тілтаным. №3, 2002, 88-95 б.

4 Қос қызметті аффикстер // Тілтаным. №1, 2003, 123-131 б.

5 Қазақ тіліндегі шақ категориясы және оны зерттеудегі Ы.Е.Мамановтың үлесі // ҚР ҰҒА Хабарлары, филология сериясы, №3, 74-80 б.

6 Ы.Е.Маманов көптік форма туралы // Қазақ тілі мен әдебиеті. №7, 2004. 97-99 б.

7 Сөздің грамматикалық құрылымы // Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің хабаршысы, филология сериясы, №10(82), 2004, 142-144 б.

8 Нольдік форма және оның белгілілік-белгісіздік категориясына қатысы // «Современная технология и практика преподавания языка и литературы». – Алматы, 2005, 325-333 б.

9 Студенттердің техникалық терминдерді аударуға байланысты тіл мәдениеті мәселелері // «Көлік-коммуникация кешеніндегі техникалық терминдердің қазіргі жағдайы және аударма мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы, 2005, 62-69 б.

Р Е З Ю М Е

Шарибжанова Галия Габдуллина

 на автореферат диссертации «Становление и развитие учения о морфологии казахского языка» (на основе трудов Ы.Е.Маманова) на соискание ученой степени кандидата филологических наук по специальности 10.02.02 – казахский язык

Актуальность исследования. Диссертационная работа посвящена определению роли и вклада Ы.Е.Маманова в развитие теории и практики морфологии казахского языка. Известно, что научные положения и точка зрения ученого о грамматической форме, грамматическом значении,  грамматической категории, его наследие по теории глагола, а также о языковой культуре  вообще представляют собой огромный вклад в развитие языкознания. Актуальность диссертации заключается в сопоставлении научного наследия Ы.Маманова с другими языковыми школами,

в изучении тех связей, которые обнаруживает соискатель в трудах последующих ученых.

Предметом исследования являются основополагающие исследования и учение Ы.Е.Маманова по актуальным вопросам морфологии казахского языка.

Цели и задачи исследования. Цель исследования – на основе сравнительного анализа с учениями, существовавшими до него, и с современными научными точками зрения, определить место и роль научного наследия Ы.Е.Маманова в тюркологии, в частности, в казахском языкознании, а также достойно оценить труды ученого. Для достижения этой цели были поставлены задачи и критерии оценки решения ученым следующих проблем:

  • классификация глаголов по лексико-грамматической функции (основные и функциональные глаголы);
  • группировка окончаний по функциональному признаку;
  • функции основ однокорневых и производных казахских глаголов, функциональное деление глаголов на корневые и модифицированные глаголы ;
  • уточнение научно-теоретической ценности формулировки Ы.Е.Мамановым понятия ГЛАГОЛ на грамматической основе;
  • раскрытие значения воззрений Ы.Е.Маманова  на литературный язык и его нормы, а также по ключевым грамматическим терминам.

Методы исследования. В ходе исследования нашли применение такие научные методы, как наблюдение, анализ, историческое сравнение, систематизация, классификация.

Научная новизна и результаты исследования.

К результатам исследования следует отнести:

  • проведена экспертиза становления и особенностей развития казахской морфологии в советский период существования;
  • определены научные основы концептуальных положений трудов Ы.Е.Маманова в сравнении с учениями  других исследователей морфологии, выявлена основная направленность его наследия;
  • в ходе научного обзора состояния изучения сложных морфологических проблем в казахском языкознании обозначены пути решения данных вопросов Ы.Е.Мамановым;
  • определен вклад Ы.Маманова в развитие казахской морфологии как предмета научного исследования, его новизна, занимаемое место в языкознании, дана оценка значимости научно-лингвистического наследия ученого.

Выводы диссертационного исследования, выдвигаемые на защиту:

  • изучение лингвистического наследия известных ученых, их объективная оценка и определение места в развитии современного языкознания представляют собой важную проблему в истории науки;
  • в совершенствовании современных методов исследования языка обязательным элементом является изучение и экспертиза научных воззрений видных ученых, внесших вклад в развитие науки, отражение  теоретических основ их учений;
  • особое внимание должно уделяться таким вопросам, как связи между отдельными лингвистическими школами, научно-теоретическая направленность конкретного учения, методы исследования особенностей, связанных с  происхождением и природой языка;
  • доказательная демонстрация применения достижений и результатов науки ученым;
  • значение методов научного познания, применявшихся ученым, а также взаимосвязь между внешними и внутренними факторами развития языка, умение отразить это в оценке вклада ученого;
  • особое место занимает отражение места научного наследия в общей системе родственных тюркских языков.

Теоретическая и практическая значимость исследования.

Общее языкознание развивается на базе исследования отдельных национальных языков. Поэтому особое место отводится  исследованиям научных персоналий, отдельных теоретических направлений и научных школ.

В казахском языкознании изучение теоретических воззрений, научных положений и сфер научных интересов таких ученых как Ы.Е.Маманов дает возможность дальнейшего совершенствования данной отрасли знаний, теоретическому обоснованию связей со смежными науками.

Полученные результаты и материалы диссертации  могут успешно использоваться в составлении учебников и учебных пособий, в работе над лекционными курсами по морфологии и функциональной грамматике. Отдельные факты  найдут применение в энциклопедических данных об ученом, в справочниках по казахскому языку.

 

SUMMARY

Sharibzhanova Galiya Gabdullina

 Establishment and development of the doctrine on morphology

of the Kazakh language (on the basis of Y.E.Mamanov’s works)

10.02.02 – Kazakh language

Actuality of research. Research work is devoted to the definition of Y.E.Mamanov’s role and his contribution in the development of theory and practice of the Kazakh language morphology. It is known, that scientific positions and the views of the scientist about grammatical form, grammatical meaning, grammatical category, his heritage on the verb theory and also about language culture in general represent the huge contribution to development of linguistics. Actuality of research work consists in comparison of Y.E.Mamanov’s scientific heritage with other language schools, in studying those relations, which competitor finds out in scientific works of the subsequent scientists.

The object of research are the basic investigations and Y.E.Mamanov’s doctrine on actual problems of the Kazakh language morphology.

The purposes of the research. The purpose of research — on the basis of comparative analysis with the doctrines existed up to him, and with modern scientific points of views, to determine a place and role of Y.E.Mamanov’s scientific heritage in Turkology, in particular, in the Kazakh linguistics and to estimate the scientist research works. For the achievement of this purpose there were established the tasks and criteria of the following problems decision estimation by scientist:

  • The classification of verbs on lexical and grammatical function (the basic and functional verbs);
  • a grouping of endings according to an functional features
  • the functions of single-root and derivative Kazakh verbs bases, functional division of verbs into the root and modified verbs;
  • specification of scientific-theoretical value of Y.E.Mamanov’s formulation the definition «verb» on a grammatical basis;
  • disclosing of value of Y.E.Mamanov’s views on a literary language and its norms, and also under grammatical terms.

Methods of research. In the process of research such scientific methods, as observation, analysis, historical comparison, systematic and classification were applied.

Scientific novelty and results of research.

To the results of research should be concerned the following:

  • the examination of establishment and peculiarities of Kazakh morphology development during the Soviet period of existence was conducted;
  • the scientific bases of the conceptual positions of Y.E.Mamanov’s works in comparison with doctrines of other researchers of morphology and the basic orientation of his heritage was defined;
  • in the course of scientific review of a condition of studying the complex morphological problems in the Kazakh linguistics the ways of solving the given problems by Y.E.Mamanov were revealed;
  • the Y.E.Mamanov’s contribution to development of the Kazakh morphology as subject of scientific research, its novelty, occupation in linguistics is determined
  • the estimation of the scientifical-linguistic heritage’s significance of the scientist is given.

The conclusions of research proposed on the defence:

  • the studying of a linguistic heritage of famous scientists, their objective estimation and definition of a place in development of modern linguistics represent the important problem in history of a science;
  • in improving modern methods of a language research the obligatory element is studying and examination of scientific views of the famous scientists who have brought the contribution to the development of the science and reflection of theoretical bases of their doctrines;
  • the special attention should be given such questions, as to the connections between separate linguistic schools, scientifically-theoretical orientation of the concrete doctrine and methods of research of the peculiarities, connected with an origin and nature of a language;
  • the proving demonstration of the achievements applications and results of science by scientist;
  • the significance of the methods of scientific knowledge applied by the scientist, and also interrelation between external and internal factors of a language development, the ability to reflect it in an estimation of the scientist contribution;
  • the special place occupies a reflection of the scientific heritage place in the general system of related Turkic languages.

     The theoretical and practical importance of research. The general linguistics develops on the basis of separate national languages research. Therefore the special place is allocated to the scientific personalias’ researches, the separate theoretical directions and scientific schools. In the Kazakh linguistics studying of theoretical views, scientific positions and spheres of scientific interests of such scientists as Y.E.Mamanov gives us the possibility for the given branch of knowledge further perfection, for the theoretical substantiation of connections with adjacent sciences. The received results and materials of the research work can be successfully used in the textbooks and manuals composing, during preparations for the lectures on morphology and functional grammar. The separate facts will find application in encyclopedic data about the scientist and in reference book on Kazakh language.

Басқа материалдар:

  1. Балаларды тәрбиелеудің психологиялық қағидалары
  2. Ата-ананың психологиялық құзіреттілігі – бала саулығының кепілі
  3. «Сәттілік серік болсын» атты әлеуметтік-психологиялық тренинг бағдарламасы
  4. Бірінші не көрдіңіз: түлкі ме, дельфин бе? 
  5. 4-5 жастағы балаларға арналған бинарлық сабақ
  6. Ата-аналар жиналысына арналған тренинг

ПІКІР ҚАЛДЫРУ