Қазақтың ұлттық қолөнері — ши тоқу

Қазақ ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі — қолөнері, оның ішінде  — ши тоқу.

Ши тоқу (орау)— бұрын және қазіргі кезде қазақ халқы мен Орта Азия халықтары арасында кеңінен тараған өнер. Күнделікті тұрмыс пен шаруашылық қажеті үшін тоқылған ши қазірге дейін кеңінен пайдаланып келеді.

Оны киіз үйдің құрамдас бір бөлігі ретінде кереге сыртына тұтуға, сондай-ақ үй ішіндегі ыдыс-аяқ, ошақ басын қоршай қоюға  әр түрлі үй шаруашылық мүддесіне кеңінен пайдаланылады.

Қазақ халқының қолөнері саласында ши тоқу, оған боялған түрлі-түсті жүн орап, өрнектеп безендіру ісі ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан ұлттық өнері болып табылады.

Ши сырт көрінісіне қарай: ақ ши, ораулы ши, шым ши болып үш топқа бөлінеді. Олардың әрқайсысы өз орнымен әр түрлі мақсатқа пайдаланылады.

Атап айтқанда, қабығынан тазартылған ақ шиді көбінесе құрт, ірімшік т. б. жаю үшін қолданылатын болса, ұзына бойы әр түсті жүнмен немесе жібекпен оралған шым ши киіз үйдің сәнді жиһаздарының бірі болып табылады. Ал өн бойы тұтас емес әр жерінен аралатып оралған шиді орама ши немесе ораулы ши деп атайды.Бұл да ши сияқты сәндік жиһаздарының бірі.

Қазақтың ұлттық қолөнерінің ерекше бір түрі — шым ши тоқу. Шым ши тоқуда, негізінен, оюдың композициялық құрылыстың маңызы ерекше. Бұл саладағы қазақ шеберлерінің қолданыл жүрген қазіргі барлық ою түрлері композициялық жағынан: жекелеген және тұтас ою, бір беткей ұзындық ою, екі жақты ұзындық ою болып бөлінеді.

Шым ши тоқу өнерінде кездесетін қазақ оюларының ішіндегі жоғарыдағы аталған жекелеген және тұтас ою формасын «шаршы ою» деп те атайды. Шым ши тоқуда геометриялық ою элементтері ромбы, төрт бұрыш, шаршыдағы жұлдыз, үш бұрыш, көп бұрышты немесе сүйірлі бұрыштанып келген крест тәрізді болып келеді.

Өрнектеп ши тоқу өнерін де қазақ шеберлері қолданған. Олардың ши бетіне салған түрлері «жүзіктеу» деп аталады. Алты шаршыдан кейін, оның екі жағынан шыбық ши, одан кейін алақан ши жалғасады. Алақан шиге түр салынбайды. Көшіп-қонғанда түр салынған жағы түтіліп, тез тозып қалмау үшін алақан ши шым шидің екі жағынан салынады. Кереге сыртынан бір босағадан екінші босағаға дейін иінді айналдыра тұтулы — ши ұстау деп атайды.

Ши тарту, оны артып орау, жүн орап тоқу — ауыл азаматтарының бәріне ортақ жұмыстар. Жалпы ши тоқу өнерімен кең түрде әйелдер айналысқан, осы өнерді білетін шеберлер шидің өздеріне керекті күнделікті тұрмысқа пайдаланатын заттарды тоқып алған.

Ал шиді тарту, оны көлікке тиеп, түсіру ауыр жұмыстарын ер азаматтар атқарған.

Тоқылатын шиді мал баспаған жерден ши өсіп жетілген кезінде тартып (суырып) алады. Шиді таңертең немесе жаңбырдан кейін тартады, мұндай кезде шидің түбі жібіп суырылғыш болады. Тартып әкелген шидің бәрі түгелдей тоқуға жарамайды, сондықтан олардың жарамдысын іріктеп алады, қабығын аршиды, содан кейін көлеңке жерге қойып келтіреді.

Ши ораудың екі түрі бар.

Біріншісі — тоқулы тұрған даяр шидің өрнегіне сала отырып орау;

Екіншісі — жаңа өрнек сүретінің үлгісімен тоқу.

Шиді бірінші түрмен тоқу үшін оларды бір-бірлеп тоқылған даяр шидің өрнегінің үстіне салып, дәл келтіріп, әр түсті оралған шидің буындарын санап отырып орайды. Осылай ораған шилерді араласып кетпеу үшін өрнегіне сәйкес келтіріп, өз алдына бөлектеп шуда жіппен тізіп отыру керек.

Шиді жаңа өрнек суретімен тоқудың айтарлықтай өзгешелігі болады; алдымен шиді орайтын үлгі жасалуы тиіс. Орайтын жіптердің түсі осы үлгідегі өрнектер суретте сәйкес болуы керек. Шидің бір шеті жұқа , екінші жағы қалың болып кетпеуі үшін  орайтын шидің түп жағымен шашақ жағын үнемі кезектестіріп, алмастырып салып отыру керек.

Ши тоқитын жіпті екі қабаттап ширатып , бірнеше домалақ етіп дайындайды, бұл домалақтарды салмақты ету үшін темірге немесе тасқа орайды. Ши тоқу үшін атасы бар екі ағашты белгілі қашықтықта тік қадап, екі ашаға көлденең ағаш қойып, арнайы жасалған қарапайым станок пайдаланылады. Станоктарды киіз үй ішіне немесе жабық бастырма астына орнатады. Атаның үстіне қойылған, арқалықтың биіктігі 120—130 ем, түрегеліп тұрып тоқуға ыңғайлы болғаны абзал.

Станок (сырық) дайын болған соң, тас салмаға оралған жіптердің  арасын 10—15 см етіп жалпы саны ши талының ұзындығына байланысты арқалыққа көлденең асады. Содан соң бірінші шиді жіп үстіне салып салмалы әрлі-берлі айқастыру арқылы шалып бастырады. Осылай көлденең сырықтың үстіне салынған ши бастан-аяқ тоқылғаннан кейін екіншісі салынады, осы тәртіп ши тоқылып біткенше қайталанып отырады.

Тоқылатын шидің екі шеті берік болу үшін шидің бас  жағы мен аяқталатын жақ шетіне үш-төрт шиді қабаттан, әуелі өз алдына бір рет, ширатылған жүн жіппен айқастыра үшбұрыштардың тізбегі сияқты етіп байланыстырады.

Бұл жерді шидің «алақаны» деп атайды. Шиді баулау үшін қарақұсқа бекітілетін бауды «шибау» дейді. Тоқылып болған шидің бас аяғын тегістеп қырқады, кейбір шеберлер осы қырқылған шидің екі жақ шетін әдемі матамен көмкеріп тігеді.

Міне,бұл қазақ халқының ертеден келе жатқан қолөнерінің бір түрі. Қазақ халқында көптеген қолөнер түрлері болған. Олардың әрқсының өзіндік ерекшеліктері мен қиыншылықтары бар. Халқымыздың салт-дәстүрлері мен қолөнерін сақтау және оны дамыту біздің қолымызда.

Дереккөз: Қазақ энциклопедиясы

Ерсайынова Бибақыт
Тұран университеті
3 курс студенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ