Бірақ, алай да, ал жалғаулықтарының қатысуымен құрылған құрмалас сөйлемдер

0
758
Иллюстрация: Freepik.com

Бірінші топқа жататын бұл жалғаулықтар құратын байланыс бірыңғай – сегменттік сипатта келеді.

Осы топқа ең жиі жұмсалатын – бірақ. Бірақ қатысып құрылған конструкциялар қарсылықтық қатынастың нақты көріністерін мол танытады. Осы конструкцияның компоненттері арасында мынандай қатынас көрінеді.

  1. Құрмаластың бірінші компоненті субьект ойға алған істі, әрекетті хабарлайды да, соңғы компонент сол істі жүзеге аспағанын хабарлайды.

Кузнецов Асқардың ыңғайына қарай бейімделіп, революция атын оның кеудесіне ептеп жақпақ болды, бірақ ол арманына жете алмады (С.Мұқанов).

  1. Бірақ жалғаулығынан кейін тұрған сөйлем бірінші сөйлемде айтылған іс, оқиғаның өзін емес, содан туатын оқиғаны, істің болмай қалғанын хабарлайды.

Жанәбіл орысша тіпті аз білетін, әрі олақ сөйлейтін, бірақ онысынан өзі именер емес (Ғ.Мұстафин). Манадан бергі ащы сөздердің бәрінен де мына сөз Олжайға ауыр тиді, бірақ тілі күрмелгендей, үндеген жоқ (Ә.Әбішев).

  1. Бірақ екі оқиға, сапаны қарсы қойып, салыстырып хабарлаған сөйлемдерді байланыстырады.

Жұмыс көп, қиындықтар көп, бірақ халық күші одан да көп (Ғ.Мұстафин). Біздің қазақтың маңғолдан шықпақтығы ұят емес, бірақ білімсіз, ғылымсыз қалмақтығымыз ұят (Абай).

  1. Екінші компонент бірінші компонентте хабарланған іс, оқиғаның жүзеге асуына бөгет болып тұрған іс, оқиғаны хабарлайды.

Абайға шешесі бірге қайтайық деп еді, бірақ баласының әлі бітпеген, бөгейтін шаруасы бар екен (М.Әуезов). Тоғжанға деген өз өлеңін оған қарай аласұрып айтқысы келеді, бірақ өлеңі есіне түспейді (М.Әуезов).

  1. Қарсылықтық қатынасты тағы бір көрінісі бар. Бірінші компонент бір оқиғаны, құбылысты хабарлайды да, жалғаулықтан соң тұрған компонент сол оқиға, істің кем-кетігін, шалалау жағдайын хабарлайды.

Сол базардың кіндігі болған көк үй әл тұр, бірақ құр сілімтігі қалыпты (Ғ.Мұстафин). Амангелді тобы әлі де арпалысып жатыр деген хабар еміс-еміс естіледі, бірақ ол да анық емес, көмескілеу хабар (С.Мұқанов). Шөженің атына Абай қанық, бірақ көргені осы (М.Әуезов).

  1. Бірінші компонент бір іс, оқиғаны хабарлайды да, бірақ жалғаулығынан кейінгі компонент соның болуына қойылатын шартты, жағдайды хабарлайды.

Ол оңай ғой, бірақ сергің сенімді болса (С.Мұқанов). Мектептің үйі дайын ғой, бірақ оқитын балалар болса, — дейді бай (С.Көбеев).

Уклонды Ермекке берсек

— Басқа кімге бересіз, бірақ айтып қой (Ғ.Мұстафин).

Азырақ шөп берші, — деді Әспет.

— Мен берермін-ау, бірақ бір арқа шөп саған не болады (С.Мұратбеков).

Тілімізде қарсылықтық қатынаты білдіру үшін жұмсалып жүрген жалғыз-ақ деген жалғаулық бар.

Қатты жүрген жігіттер … Жәнібектің тұсына тоқтады, жалғыз-ақ жұрт жатып қалды, көрудің реті болмас деп өкініп келе жатқан (М.Әуезов). Тоғжанның да Мәметейде атастырып қойған күйеуі бар, жалғыз-ақ Тоғжан да ынтығып тұрған жоқ (М.Әуезов).

Жалғаулық сирек жұмсалады. Ол бірақ жалғаулығына сүйеніп, аналогиялық жолмен пайда болған. Бұл жалғаулықтың шығуы тіл иелерінің жаңа амалдар іздеумен болатынын, потенциясы икем келетін тұлғаларды қосымша амал етіп жұмсап отыратын актив позициясын танытады.

Ал жалғаулығының қатысуымен құрылған құрмалас сөйлемдер мынандай қатынасты білдіреді.

  1. Біріне бірі қарсы қойылып салғастырылған оқиғаларды білдіретін құрмалас сөйлемдердің компоненттері ал жалғаулығы арқылы байланысады.

Қали, Илья, Гриша, Есентай, Қасым сендер маңдай алды екпіндісіңдер, ал барақтарыңда мәдениетсіздік, ластық былығып жатыр (С.Ерубаев). Сенің малың үшін өлді, ал сен керек десе, өлімші болып жатқанда, қалжа бермедің (М.Әуезов).

  1. Ал қарсылықтық қатынасы жоқ, тек желілес, іліктес, жалғас пікірлерді білдіретін компоненттерді де байланыстыру үшін жұмсалады.

Тегінде, Шыңғыстың асыл шөбі – мық, жусан. Бұл қойдың ырысы, ал қыстау атаулы қойға жайлылық жағынан бағаланады (М.Әуезов). Сіз маған жалған бедел ұсынып отырсыз, ал жалған бедел атақ әпермейді (М.Иманжанов). — Е,е, Ақперді оны айтсын, ал әкең не дейді (М.Әуезов).

Жалғаулық ал бұл аталған екі қызметіне де бастапқы синтаксистік жұмсалуы негізінде – контактылық элемент ретіндегі жұмсалуы негізінде ие болған: Бұған мына мысал дәлел.  Ал, жүрейік енді, күн көтеріліп кетіпті.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал:

  1. Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық
  2. Ыңғайластық салалас құрмалас сөйлемдер
  3. Баяндауышқа тән белгілер, баяндауыш түрлері, жасалу жолдары, логикалық баяндауыш ұғымы
  4. Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы
  5. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (І нұсқа)
  6. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (ІІ нұсқа)
  7. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  8. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
  9. Қазақ тілі бойынша тақырыптық тест сұрақтары
  10. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  11. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  12. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  13. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
  14. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  15. Екі негізді сөйлемдердің топтастырылу парадигмасы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ