Бүбітай

0
1346

Біз оны жалбыраған шашы мен жұлым киіміне қарап кітаптағы «Бүбітайға» ұқсататынбыз. Алтынайдың үйінің қасындағы үлкен қарағаштың астында өзара «үй» ойнап отырғанымызда Бүбітай бізді үнемі қолына таяқ алып қуалайтын. Біз оны көре сала:
— Бүбітай жынданған!
— Бүбітайдың ай толғанда есі ауысады.
— Бүбітай аруақтармен сырласады! — деп айғайлап қашатынбыз. Жан-жаққа шашырап қашқан бізге жете алмаған Бүбітай үлкен қарағаштың түбіне барып күні ұзақ біздің жиналғанымызды күтіп отыратын. Оның жалғыз қалып шыңғырып айтатын әндері кешкісін ауылды үнемі ерекше күңірентіп жіберетін. Өрістен мал келіп, кешкі ауыл ұйқыға жайғасқанда қарны ашқан ол аяғын сілкіп басып айдың жарығымен үйіне қайтатын. Қазір ойласам, оның тағдыры таңған дертінен де болар, ата-анасы оны мүлде іздемепті. Кей кездері мейірімнен жұтаған ол арықтың ішінде де ұйықтап жата беретін. Оның қараусыз пешенесіне көндіккен ауыл тұрғындары да қасынан көз тікпей өте шығатын еді. Үйде сотқарлық жасап, даңғаза шу көтерген кезімізде де әкем:
— Сендерді Бүбітайға айтамын. Бүбітай сендерді шамадан тыс құтырғандарың үшін келіп сабайды! — деп қорқытатын. Одан есіміз ауа сескенетін біз сол жерде жым болатынбыз.
Бірде көктем шыға қардан тазарған аулада айғайлап асық ойнап жүргенімізде көрші Алтын апа: «Құс келіп, құс қайтатын кезде көп сыртта дауыс көтеріп айғайлауға болмайды! Бастарыңнан пері қағады» ,- деді. Сүлесоқ Жандос:
— сонда, апа, Бүбітайды да біз сияқты болғанында пері қағып жынданған ба? деп сұрады. Алтын апа:
— Қой, қай-қайдағыны айтпай! Әкесі естісе ұят болады, -деп жекіп тастады. Сол күннен кейін біз де Бүбітай сияқты жынданып кетеміз бе деп сақтанып жүретін болдық. Жер жүзі жасанып, көктем келгенде қатер көпірінен өткендей күн кешетінбіз. Сондай кезекті көктемнің бірінде Жандостың ыстығы көтеріліп, денесіне түрлі жарақаттар шыға бастады. Біз Жандосты шектен тыс айғайлағаны үшін пері қақты. Оның дересіндегі ұсақ жарақаттар перілердің соққылары,- деп ойлап, одан бойымызды мүлде алыс ұстауға тырыстық. Жандос біздің бұл пенделік әрекетімізді түсінбей мүлде тұйықтанып алды. Күні ұзақ үлкен қарағаштың бұтақтарын сындырып алып, ат қылып ойнайтынды шығарды… Қазір ауылға барғанымда музыкалық колледжді тәмамдаған еңгезердей Жандосты жиі көремін. Бұрындары көктем шыққанда мен үнемі кішкенеден ойнап өскен досымды жарақаттары асқып кете ме деп уайымдайтынмын… Біздің де ойлау қабілетіміз кей кезде кішкентай баланың әрекеттерін еске салады. Біз кез келгенінің сыртқы болмысына қарап өзіндік көзқарас қалыптастыруға тырысамыз. Оның жан-дүниесіне, көңіл қыртысына үңілмейміз, үңілгіміз келмейді де! Бізге толыққанды «психологиялық таным» қалыптастыру қажет. Менің өз басым да тұлғалық пікір қалыптастыруда жиі жаңылысамын…

Дастан Қастай


ПІКІР ҚАЛДЫРУ