«Елінің ерке серісі» (Ақан сері Қорамсаұлының шығармасынан көрініс)

0
1456

 

Жүргізуші: Қош келдіңіздер, қадірлі қонақтар! Бүгінгі сіздермен кездесудегі басты мақсатымыз: халық мәдениетінің көрнекті қайраткері, өнер саңлағы, ел ардағы Ақан серінің өмірі мен өнері жайындағы әңгіме өрбітіп, әсем әндерді тамсана тыңдап, рухани байлыққа кенелу.
  Қадірлі қонақтар! Өз заманынан озық туған, талайлардан асып туған, жастайынан өнер қуған, шартарапқа, өнеге шұғыласын шашқан, қиял есігін еркелей ашқан, жалпақ даланы жыр мен сырға толтырған сал-серілердің падишасы ақпа ақын, саңлақ сазгер, дүлдүл әнші, майталман орындаушы Ақан сері Қорамсаұлы еді.

«Тау-тасты шабыт қылған ақиық» ел еркесі, сахараны ән мен күйге бөлеген өнер керуенінің ай мүйізді ақ серкесінің мінсіз тұлғасы, өнерпаздық келбет-болмысы турасында, қазақ ауыз әдебиетінің жауһарларының нұсқаларын жинаушысы Мәшһүр Жүсіп Көпеев былай деген еді:

«Ақан сері заманының сұңқары, қызыл тілдің ділмәрі, жігіттің құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі». Қалай дөп айтылған өқтай сөз!

Ақан сері 13 жасқа келгенше Бұқарадан оқып келген Күнтуден діни білім алады. Одан әрі Уәли ахун хазіреттің медресесінен оқиды.

Зеректік пен сергектікті, ұшқыр қабілет пен түйсік қуатын сүбесіне құйып берген мәрт табиғат, жомарт жаратылыс Ақанды білім дариясынан емін-еркін сусындатады. Ол араб, үнді, парсы, Азия халықтарының хисса-хикаяларын жетік білген.

  Ақан сері ойын-сауықтың, той думанның гүлі әрі шешен, әрі тапқыр, әрі кесіп айтатын турашыл болған. Халықтың ішінен қаздай қалқып, қасына жыршы-ақындарын, әнші-күйшілерін, палуандарын ертіп, топ құрып тіліліп жүрген.

Сөйтіп, толқыта Ақан жырлаған, байтақ дала тыңдаған, Ақ маңдайлы, ақ дидарлы, ақ қанатты үрзадаларды, перизаттарды жүрек құштарымен, іңкәр көңілмен, шалқар сезіммен толқыта суреттейді.

Ақан серінің өмірі туралы Доскей Әлімбайұлы былайша сыр шертеді: «Өзі керек, саналы, білгір болған. Жастайынан өлең-жырға, ән-күйге әуес, ынтық болып өскен. Өзі ажарлы, сөзі базарлы болған»

Тон жақсысын киемін деді

қыз жақсысын сүйемін деді

Ат жақсысын мылтықтың түзуін жыйды

иттің құмайына қолы жетті.

Сол уақытта қазақ еліне даңқы кең тараған өнер перісі Біржанмен кездесті. Ақан сері Біржан салдың әнінің әуезіне елітіп, мөлдірлігіне сүйсініп, ақыл-ой дүниесіне жойқын әсер еткеніне таң қалады. Неше ақылым замандар өтсе де, тау мүжіліп төбе болса да дария құрғап, шөлге айналса да ел аузында, әдебиет, мәдениет әлемінде Ақан сері есімімен егіз қатар Құлагердей пыраққтың тағдыры аңыздай айтылады.

Сан бәйгеде бас жүлдені ешкімге бермеген, талай сәйгүліктерге дес бермеген, айдай жарқырап, жұлдыздай ағып, алдынан келген Құлагерді Ақан сері жас сәбидей, үкінің балапанындай мәпелеген. Өзінің сырласының, қадірлісінің маңдайын, көзін, қабағын, тұмсығын емірене иіскеп, төгілген жал мен құйрығын, бипаздап тарап, ләззат алады екен. Құлагердің атақ-даңқы аспанға шарықтап, бүкіл қазақ даласына Сарыарқаның саумал самалындай кең жайылады.

«Маңмаңгер» әні орындалады
  Содан 1876 жылы Ереймен жерінде болған аты шулы Керей Сағынтайдың асында 323 арғымақтың алдында екпіндеп зулап, өрттей лаулап келе жатқан аяулы Құлагерді кектенген топас Жүсіптің қолшоқпарлары қастандық жасап, алдын орап, айбалтамен қақ маңдайдан ұрып өлтіреді. Құлагерден оқыста айырылған, қанаты қайрылған, қабырғасы қайысқан сұңқар үнді Ақан сері:

Құлагер айналайын шабысыңнан

Атағы елге шыққан дабысыңнан

Біліп ем өлеріңді Құлагерім

Шыңғырған түсімдегі дауысыңнан, — деп, ботадай боздап, көзінен қаңды жас ағып, зар жылайды. Құлагердің басын ақ кебінге орап, қара жерге аманат етіп тапсырды.

  Ақан серінің тағдыры сұлу өмірдің иесі сықылды. Ол ұлт өміріндегі, тұрмыс-тіршілігіміздегі ең мәнді, мағыналы, ең көркем, салдық пен серіліктің салтанатымен сауығып, аңшылық, құсбегілік өнердің ғажайып құпиясын жақсы білген.

Құлагердей сайгүліктің еренін, қараторғайдай қыран құстың тегеурінді беренін, Базаралыдай құмай тазының ұшқырын, алақанына аялап, құрметтеп ұстаған.

Мінгенім, Құлагерім, өзің тұлпар

Қолыма ұстанғаным тағы сұңқар

Жастықтың арқасында қылдым сайран

Өзім сал, өзім ақын, емеспін зар.

 

Жылқы жарықтық менің пырақ-қанатым

Қыран құс саят-санатым

Жеті қазынаның бірі ит қорған.

Көңіл күйімнің қошын табатын серіліктегі серігім, — дейді Ақан сері.

Ақынның асау бейнесі, өмірі мен өнерпаздығы хақында өлең сөздің өрен жүйрігі І.Жансүгіров «Құлагер» поэмасын жазды.

«Құлагер» поэмасынан үзінді оқылады
  Мақұлықтың да тілін білетін Ақан сері 30 жасында опасыз жалғанның буынсыз жерге пышақ салған сұмдықтарын бастан кешіреді. Құлагердің қайғысы ғана емес, асылдар ішіндегі асылы, құдай қосқан қосағы Ұрқиясы о дүниеге сапар шегеді. Аққудың көгілдіріндей үлбіреген ару Ақтоқтысынан көз жазып қалады. Көк еркесі Көкжендеттей құсы мен төрт аяқтыда теңдесі жоқ жүйрік Алақұмайынан айырылады. Жанындай жақсы көретін қанаттас серіктерінен айырылған Ақан сері діндарлық жолға түседі.

Ақан сері өмірі құпия, белгісіз сырларға ауысады. Сахара тіршілігі үшін осындай жанның жападан жалғыз күн өткізуі түсініксіз жайт. Ақан сері ата қонысы Қоскөлінен, Сарыкөлінен тірідей айырылып, жыраққа ірге тепті.

Мінеки, осынау азапты азапты күні, қайшылықты жағдайлар тағдырдың ойынынан туған көріксіз, жан түршігетін құбылыстар орын алады.

Ақан сері поэзиясының мөлдірлігі мен тереңдігін, әуезділігі мен сыршылдығын суреттілігімен бейнеленетін ағыс толқындарын үдеткен, маздатқан.

Ақан сері қасиетті, таза, сан мөлдір махабаттың, шынайы әсемдіктің, бұла сезімнің жыршысы.

«Мақпал» әні орындалады
«Әйел сипаты» өлең оқылады
  Ақан сері табан астында ойламаған жерде тауып айтатын тапқыр тілді алғыр ақын, суырып салма шешен болған. Талай арқалы ақындарды тулақша сіліккен. Ол Жүсіп төре, Қожамбек, Орынбай, Тезекбай, Мұқан, Галиянұр, т.б. Ақан серінің өлеңдер жинағы 1908 жылы Қазан қаласында болған.

Ақан сері – әнші, композитор. Оның әндері халыққа кеңінен таралған. Ақан серінің әндерін нәшіне келтіре шебер орындаушылар – Қ.Сәтбаев, Б.Майлин, Ә.Қашаубаев, Ж.Елебеков, М.Көшкінбаев, Р.Есімжанова, Қ.Аскеров, т.б. сынды дарындар еңбегі ерекше

«Ләйлім шырақ» әні орындалады
  Ақынның асыл бейнесі, өмірі мен өнерпаздығы хақында өлең сөздің өрен жүйрігі І.Жансүгіров «Құлагер» поэмасын жазды. Ал көрнекті жазушы Сәкен Жүнісов «Ақан сері» диалогиясының 3 томын жазды
«Ақан сері» романынан үзінді оқылады
  Сайып келгенде Ақан серінің ақындық, әншілік мұрасы біліктілік пен білімнен, сыршылдық пен сыншылдықтан, әдептілік пен әдемілікке, сұлулыққа құмартудан көрегендік пен көсемдіктен, қуатты шабыт пен құдірет қиялдан өріліп туған, өрнектеліп тоқылған сап таза поэзия.

Аса көрнекті жазушы, көркем сөздің тарланбоз шебері, ғалым, қоғам, мәдениет қайраткері Ғ.Мүсірепов бірнеше пьесалар жазды. Соның бірі «Ақан сері — Ақтоқты» пьесасы.

  Қара сөздің шебері танылып келген жазушы сезім дүниесінің тасқын селіндей жөңкіліп, біріне-бірі ұласа келген осы пьесалар тұсында, нағыз ақын болып танылды, тыңнан ырғақ тудырып, өзінше өрнек тізген ақ өлеңнін шебері екенін танытты. Сондағы әсем бейнелер бойынан көрінген сезім пәктігі, жан мөлдірлігі қандай еді!

Аярсыған жерім бар ма.

Шынымды айттым, кінәм не?

Қара көзден нұр тайғанша,

Жүрек сөзім қартайғанша.

Атың қалар жүрегімде

Шығара алман есімнен!

Сәнді кештер,,

Жақсы түстер

Бәрі Ақанды елестетер көзіме

Сары белден таң атқанда

Нәрестелей, ойым таза кезінде

—     Ақаным! деп оянармын қашанда

Салған әнін бәрі есімде

Бұлбұлдарға үйретемін тоғайда.

Дұғам сенсің өмір бойы оқитын

«өлім» — бірде, себебі – мың деген бар

Соның бірі болмайын деп,

Іштегі өртті сөндірумен

Әурелікте өтер қалған өмірім.

Ыстық жүректен жалын атқан от махаббат қызуы осылай-ақ болар. Адал сүйіспеншілік құрбандығын өз тіршілігіне мұрат еткен есіл жардың, ғазиз жанның бейнесі, өзінің сұлу сымбатын осылай-ақ табар.

  «Ақан сері туған даласы мен тауларын, көк орманын, дария көлдерін әуелеп тербеткен, қауымның жүрегіне жабық түскен жарықтай құйылды.. Құлагер атына әлемде кездеспейтін ән шығарып, өзіне өзі мәңгі жоғалмас ескерткіш соққан ұлы ақын, әнші, қазақ халқының сал-серілік салтының озығын өзінің бөлек болмысымен биікке көтерген асқақ тұлға», — дейді Сәкен Жүнісов.

Ғасырлар бойы аты ардақталып, аңызға айналып өткен, туған топырағымыздың тамаша тарланы, өлмес-өшпес әннен әсем мұра қалдырған, назды үні де ерекше, серілердің падишасы Ақан сері өмірі де, өзі де, ақындық-сазгерлік өнері де халқымыздың жадында мәңгі сақтала бермек.

 

 Басқа материалдар:

  1. Ақан сері туралы 20 сұрақ жауабымен
  2. Ақан серінің «Құлагер» өлеңіндегі Құлагердің сипатын талдап жазыңыз
  3. Сал-серілердің (әнші-ақындар) өлеңдеріндегі қыз сипатын талдап жазыңыз!
  4. Ақан сері Қорамсаұлы – сегіз қырлы, бір сырлы жан (сабақ жоспары)
  5. ХVІІІ ғасырдың ақырғы ширегіндегі дала жыршылары
  6. Сыпыра жырау туралы мәлімет
  7. ХІV–ХVІІІ ғасырлардағы ұлттық әдебиетіміздің жыраулары мен ақындары шығармашылығының негізгі ерекшеліктері
  8. Көркем троптар, олардың түрлері
  9. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  10. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  11. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  12. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ