География: Ауыл шаруашылығы шикізаттарын қайта өңдеу салалары

0
5974

Тамақ өнеркәсібі салаларын орналастыруда мынадай негізгі екі факторды ескереді: шикізат көзі мен тұтынушының жақындығы. Мысалы консерв зауыттарын балық аулайтын елді мекендерге жақын салады. Тамақ өнеркәсібінің шикізат көзіне жақын орналастырылатын салаларына қант, консерв, май шайқау жатады. Қант қызылшасын алысқа тасымалдауға және ұзақ сақтауға болмайтындықтан қант зауыттарын қант қызылшасын өсіретін аудандарға жақын салады.

Қазақстанның тамақ өнеркәсібінің негізгі саласы болып ет өнеркәсібі саналады. Ет құрамында адам ағзасына пайдалы нәруыздар көп болады. Әрбір қазақстандыққа орташа есеппен 40,9 кг еттен келеді. Қазақстандағы ең ірі ет комбинаты — Семей қаласында жұмыс істейді. Бұл комбинат малдың тірідей салмағының 98 пайызын пайдалана отырып, жартылай дайын және дайын өнімдер шығарады.

Қант өнеркәсібі құмшекер мен шақпақ қант шығарады. Қант зауыттарын шикізат көзіне жақын орналастырады.Қазақстандағы құмшекер мен шақпақ қант зауыттары Тараз, Боралдай, Мерке қалаларында жұмыс істейді.
Қант өнеркәсібі шикізатты өте көп қажет ететін сала. Мысалы, 1 тонна құмшекер алу үшін 6-9 тонна қант қызылшасы қажет. Қазақстанның оңтүстік аудандарында мақта өсіріледі. Еліміздегі бірден — бір шитті мақта майын өндіретін зауыт — Шымкент қаласында жұмыс істейді. Қызылорда облысындағы Сырдария өзенінің аңғары Қазақстанның күрішті аймағы болып саналады. Мұнда әйгілі «Ақмаржан»күріші өсіріледі.

Қазақстандағы балық өнеркәсібі дамыған аудандарға Каспий теңізі, Балқаш пен Зайсан көлдері жатады. Қазақстанда 3 ірі кондитер өнімдерін шығаратын кәсіпорын бар. Қостанай қаласында орналасқан «Баян сұлу» комбинаты өнімдерін жергілікті халық тұтынуда.

Алматы қаласы — Қазақстанның басты жеңіл өнеркәсіпті ауданы. Мұнда көптеген тамақ өнімдерін шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді. Солардың ішінде маргарин, ашытқы, шай фабрикаларын атауға болады.

Шарап жасау- еліміздің тамақ өнеркәсібінің қосымша саласы болып саналады. Жүзім өсірілетін Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында шарап жасау зауыттары жұмыс істейді. Алматы шарап жасау зауытын «Бахус» акционерлік қоғамы басқарады. Алматы облысында сары темекі өсіріледі. Осы сары темекіден әртүрлі өнім жасайтын американдық «Филип Морис» компаниясы 1993 жылдан бері Алматы темекі кәсіпорнын басқарып келеді.

Тоқыма өнеркәсібі- жеңіл өнеркәсіптің ежелгі саласы болып саналады. Тоқыма өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорны болып Алматы мақта-мата комбинаты саналады. Мұнда маталар, трикотаж бұйымдары шығарылады.

Қазақстандағы әртүрлі тігін және трикотаж өнімдерін шығаратын тігін фабрикалары Алматы(АХБК), Шымкент, Семей қалаларында орналасқан. Халықтың тұрмыс қажетін өтейтін жеңіл өнеркәсіп саласының бірі фарфор- фаянс бұйымдары. Фарфор — фаянс бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар Қапшағай мен Астана қалаларында жұмыс істейді.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ