Google-да іздеуді жеңілдететін таңбалар

0
208
Иллюстрация: Freepik.com

Google құралы – әлемдегі ең танымал іздеу жүйелерінің  бірі. Әлдебір тақырып туралы ақпарат қажет болғанда бірден Google есіңізге түседі. Өйткені күнделікті дағды миға Google-дан іздеу керектігін шартты құбылыс ретінде сіңірген.

Google-да күн сайын 3,5 миллиард рет іздеу орындалады екен. Оның үстіне бұл көрсеткіш жыл сайын 10%-ға өсу үстінде. Басқаша айтсақ, сіз іздеген ақпаратты Google 100,000,000 гб-тық жүздеген миллиард веб-парақшалар арасынан сұрыптап ұсынады. Осындай зор әлеуеті мен мықты есептеу алгаритімі біздің оған деген масылдығымызды күн сайын арттыруда. Дегенмен кейде іздеу нәтижесі көрсеткен парақшалардың саны пәленбай жүз мыңнан асады. Салдарынан «ұшан теңіз» ақпараттан қажетімізді дөп басып таба алмай жатамыз. Бұның бір себебі біздің кілт сөзді сауатты жазу машығымыздың кемдігінен. Олай болса қалай сауатты сұрау салу керек? Төменде осы жайында сөз қозғамақпыз.

« »

Тырнақша сіздің іздеуіңізді барынша нақтылап, аясын тарылтады. Мысалы, сіз  үш сөзден тұратын сөз тіркесін енгіздіңіз делік. Егер тырнақшасыз іздесеңіз жүйе осы үш сөзі бар материалдың (кез келген ретпен) түгелін ұсынады. Ал тырнақшамен жазсаңыз, тек сіз ұсынған рет-тәртіппен ғана ұшырасатын мәліметті көрсетеді.

 

Мысалы, жоғарыдағы скриннен көргендеріңіздей Абылайдың түсі деген кілт сөзді ешқандай тырнақшаға алмай жазғанымызда 201000 нәтиже шықса, ал тырнақшаға алып іздегенімізде сәйкес келетін 1150 нұсқа табылған. Демек сіз тырнақшаға алу арқылы іздеген ақпаратымызды барынша нақтылай аласыз.

+ / —

Кілт сөздің алдына + белгісін қосу арқылы іздеу нәтижесіне аталған сөздің болуын міндеттейсіз. Мысалы, күй +Қаратау деп енгізсек, сұрыпталған ақпаратта Қаратау сөзі қамтылады.

Ал + белгісі сияқты кілт сөзіңіздің алдына – таңбасын белгілесеңіз, іздеу нәтижесінен осы сөзі бар парақшаларды шығарып тастайды. Мысалы,  күй -Қаратау деп жазғаныңызда сұрыпталған ақпаратта Қаратау сөзі кездесетін материалдар қамтылмай қалады.

Жоғарыдағы скрин көрсеткеніндей, бірінші іздегенімізде күй +Қаратау деп табылған мәтінде Қаратау сөзінің болуын міндеттеп едік, тек 3 нәтиже ғана шықты. Ал екінші рет күй –Қаратау деп сұрау салғанымызда біздің талапқа сәйкес 1,720,000 нәтиже табылған.

 *

Жұлдызша да ақпарат іздеуде септесетін таңбаның бірі. Бұл белгі төмендегідей ретте қолданылады. Айталық, Қазақстандағы ең қымбат * деп сұрау салсаңыз, осы сөз тіркесіне қатысты әртүрлі комбинациялар шығады. Скринде көрсетілгендей ол Қазақстандағы ең қымбат үй немесе Қазақстандағы ең қымбат автокөліктер және тағы басқа түрлі қымбаттар болуы мүмкін.

 OR

Ағылшынша «or» cөзін қазақшаға аударсақ, «немесе» деген мағынаны білдіреді. Or-ны Google-дың іздеу жүйесінде пайдалану үшін міндетті түрде бас әріппен OR деп жазу керек. Мысалы, олимпиада 2004 OR 2008 деп енгізсек, 2004 жылғы немесе 2008 жылғы олимпиада туралы материалдар шығады.

..

Кей жағдайларда бізге сандардың ауқымы мен аясын нақты көрсетуге тура келеді. Мысалы, iphone 300000..360000 десек, бағасы 300000..360000 арасындағы iphone-ды таба аламыз. Ал бір .. белгісі мен жеке бір санның комбинациясы дейін, бастап деген нақты шектік мәнді айқындайды. Мысалы,

  • notebook ..150000 «150000 теңгеге дейінгі notebook-ты»;
  • notebook 50000.. «50000 теңгеден басталатын notebook -ты” меңзейді.

 

site:

Google құралы ақпаратты тек бір дереккөзден іздеуге де мүмкіндік қарастырған. Ол үшін кілт сөзден кейін site: белгісін жазып, қажетті сайттың сілтемесін салу керек. Мысалы, Мұстафа Шоқайға қатысты мәліметті тек Егемен Қазақстан газетінен іздегіміз келсе,  Мұстафа Шоқай site:egemen.kz  деп жазамыз.

Мұнан басқа да Google-дің іздеуді ұтқыр ететін тетіктері бар. Фото арқылы сұрау салу немесе ғылыми көпшілікке арналған академиялық сұрыптау әдісі іздеуді  барынша оңтайландыра түседі. Бұл материалды арнайы таңбалар топтамасына арнағандықтан, ол жайды бөлек сөз етуді жөн көрдік.

Дереккөз:Erenjol.kz
Басқа материалдар:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ