ХІХ – ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті (сабақ жоспары)

0
1458
Иллюстрация: Freepik.com

Сабақтың мақсаты: Әдебиет сабағында ұрпағымыздың санасына атадан балаға мұра болып келе жатқан әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді сіңіре отырып, тілін, дінін қастерлеуге, үлкенді құрметтеуге, елін сүюге тәрбиелеу, өткен тақырыптарды еске түсіру арқылы оқушылардың білімін іс жүзінде қолдана білуге дағдыландыру, іскерлік, дағдыны қалыптастыру, ой-өрісін дамыту.

Сабақ түрі: «ХХІ ғасырдың көшбасшысы» қайталау сайыс сабағы.

Сабақтың әдісі: ойландыру, сұрақ-жауап, пікірталас.

Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, ән-күй.

Сабақтың көрнекілігі: ұлағатты сөздер, ақын-жазушылардың суреттері, топшамалар, слайд

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі: Сәлемдесу, түгендеу, оқу құралдарына көңіл бөлу, өткен сабақта берілген материалдарды сұрау. Сабақтың тақырыбы, мақсаты және жоспарымен таныстыру.

ІІ. Сабақтың жоспары: 5-кезеңнен тұрады.

1-кезең: «Бәйге»
2-кезең: «Сөздің көркі – мақал»
3-кезең: «Сайыпқыран жетілік»
4-кезең: «Өлең – сӛөдің патшасы»
5-кезең: «Жорға»

ІІІ. Сабақтың барысы:
«ХХІ ғасыр көшбасшысы» сайыс сабақ. Сайысқа ІІ топ қатысады. Сыныпты ІІ топқа
бөлеміз. Ойын шарттары таныстырылады. Ойынымыз 5 кезеңнен тұрады.

Мұнда қазақ әдебиеті пәніне байланысты ХІХ-ХХ ғасыр әдебиетінен 20 сұрақ қойылады. Әрбір дұрыс жауапқа 10 ұпайдан беріледі.

Сұрақтар:

1.А.Құнанбаев қай жылы, қай жерде дүниеге келген? (1845 ж. Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыстау бөктерінде)

2. Мына өлең шумағының авторы кім?
Күш кеміді, айбынды ту құлады,
Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
(М.Жұмабаев «Қазақ тілі»)

3. Шерхан Мұртаза қай жылы, қай жерде дүниеге келген?
(Ш.Мұртаза 1932 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған).

4. Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» хикаятындағы кейіпкерлерді ата. (Дәуренбек, Нартай, Ертай, Ахмет ақсақал, орақшы Тілеубай, бригадир Берден, Жақан молда, Сейітбек қожа, Тоқажан, Зигфрид, Келімбет, Нарымбет)

5. Қазақ тілінің емлесін жасап, әдебиет теориясын тұңғыш жазған кім? (Ахмет Байтұрсынов)

6. Сайын Мұратбеков қандай әңгіме, хикаяттар жазды? («Менің қарындасым», «Ауыл оты», «Көкорай», «Жабайы алма», «Жусан иісі», «Басында Үшқараның», «Дос іздеп жүрмін», «Кәментоғай»)

7. Дулат Бабатайұлы қай жылдары өмір сүрді? (1802-1874)

8. «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» өлеңінің авторы кім ? (Сүйінбай Аронұлы)

9. Қай өлеңнен үзінді, авторы кім ?
Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай,
Ар сақта, оны біл. (Шәкәрім Құдайбердіұлы «Адамдық борышың» ӛлеңі)

10. Ілияс Жансүгіровтің өлеңдерін ата? («Жас бұлбұлдарға», «Жалпы жасқа», «Жастар», «Жастар ұраны», «Анам тілі», «Домбыра», «Күйге»)

11. «Шыңырау» хикаятының авторы кім? (Әбіш Кекілбаев)

12. Қандай әңгімеден үзінді, авторы кім? «Айт, жануар, шүу», – деді,
Арындап торы гуледі…(Сайын Мұратбеков «Қылау» әңгімесі).

13. Талап Сұлтанбеков қай жылы, қай жерде дүниеге келген ? (1930 жылы Алматы облысында дүниеге келген, Ақсу ауданында мұғалім болып жұмыс жасаған)

14. «Қызыл Жебе» романының үзінді атауы қандай, авторы кім? (Шерхан Мұртаза «Тұтқын бала»)

15. «Менің атым Қожа» хикаятының жиырма төртінші тарауы қалай аталады? («Түбі адам болатын бала»)

16. Абайды екі шешесінің ортасында жүргендіктен кім деп атаған? (Телғара)

17. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің романдарын ата? («Курляндия», «Күткен күн», «Қан мен тер»)

18. Бауыржан Момышұлы қай жылдары өмір сүрді? (1910-1983)

19. «Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап тоқы көңілге», – деген кім? (Сұлтанмахмұт Торайғыров)

20. Ақынмын деп мен қалай айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым,
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын. Кімнің өлеңі? (Мұқағали Мақатаев 1931-1976)

2-кезең «Сөздің көркі – мақал».

Мұнда алдымен сұрақтың жауабын тауып, сол сөзге байланысты мақал айту керек. Егер жұмбақтың немесе сұрақтың жауабын шешсе 10 ұпай, ал оған мақал тауып айтатын болса тағы 10 ұпай беріледі. Бұл кезеңде оқушылардың тапқырлығын байқаймыз. Іске сәт!

1. Жол үстінде қу қазық,
Мергеншіге жол азық (қоян)
Ерді намыс өлтіреді,
Қоянды қамыс өлтіреді.

2. Бір мақұлық бар тілі жоқ,
Сөйлегенде міні жоқ (хат).
Ғалымның хаты өлмейді,
Жақсының аты өлмейді.

3. Нағашы жұрт кімге қамқоршы болады? (жиенге)
Жиеннің жақсы болмағы – нағашыдан,
Жемістің жақсы болмағы – ағашынан.

4. Жат елге түскен қыз кім болады? (келін)
Келіннің аяғынан,
Қойшының таяғынан

3-кезең: «Сайыпқыран жетілік» деп аталатын кезеңімізді бастамас бұрын, сіздерге оның шартын түсіндіріп өтейін. Мұнда жеті сұрақ беріледі.

1. Повесть немесе хикаят дегеніміз не ? (Повесть – баяндау түрінде қара сөзбен жазылған оқиғалы көркем шығарманың түрі).

2. Баллада дегеніміз не ? (Баллада – орта ғасырда роман елдерінің (француз, испан, итальян) поэзиясында туып, қалыптасқан лириканың ерекше бір түрі, лиро-эпостық сипаттағы шағын сюжетті өлең).

3.Типтік образ дегеніміз не ? (Типтік образ – көркем шығармада адамның өмірі, олардың өзара қарым-қатынастары, наным-сенімдері, ой-сезімдері, мінез-құлықтары жинақтала суреттеледі)

4. Градация деген не ? ( Градация – дамыту алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы ойдан соңғы ойды, алдыңғы құбылыстан соңғы құбылысты асыра, асқақтата түсу).

5. Өлең деген не ? (Өлең – белгілі бір өлшеммен, қиыннан қиыстырылып, үйлесімді ырғақпен ұйқасып келетін өрнекті сөз жүйесі).

6. Лирика дегеніміз қандай өлең ? (Лирика – ақынның сезімін, көңіл күйін, қуанышы мен сүйінішін, арман-аңсарын, өмірге деген көзқарасын, ішкі толғанысын, дүниетанымын сыр қып шертетін өлең ).

7. Әсірелеу немесе гипербола дегеніміз қандай тәсілдің түрі? (Әсірелеу немесе гипербола – суреттелетін затты немесе құбылысты шамадан тыс асырып айту арқылы тілдің бейнелілігін, әсерлілігін арттыратын көркемдік тәсілдің бір түрі).

8. Батырлар жыры дегеніміз не ? ( Батырлар жыры – көлемі жағынан да, мазмұн-мәні жағынан да қазақ фольклорында ауқымды орын алатын аса көрікті жанрдың бірі ).

4-кезең: «Өлең – сөздің патшасы». Қазақ ақындарының бір өлеңін нақышына келтіріп,
мәнерлеп оқу керек. Жоғары ұпай-20, одан кейін-15, төменгі ұпай-10.

І топқа: «Қазақ тілі» М. Жұмабаев (1893-1938)

Күш кеміді, айбынды ту құлады,
Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.

Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
Күндей күшті, күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды!

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың –
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың!

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім,
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!

ІІ топ: «Анам тілі» І.Жансүгіров (1894-1938)

Қадірлі, бағасы алтын анам тілі,
Сенімен бағаланған балаң түрі.
Төрт бөліп түн ұйқысын жұбатам деп,
Сенімен әлдилеген анам мені.

Бесікте белім буып бітіскемін,
Сөйлесіп шешем жүнін түтіскемін.
«Апа»,– деп, «Ә»,– деп жылап, аузымды ашып,
Емшектен еңбек қылып сүт ішкемін.

Маңымды сеніменен танығамын,
Сеніменен қуанып, налығамын.
Дене ауырлап, жан жалқау тартқан шақта,
«УҺ» деп шаршап, дем алып шалығамын.

Тілегенім, қорыққаным – бәрі де сен,
Сасқанда да жармасам ойбайыңмен.
Апкәусар болса-дағы жұмақтағы,
Тәттілікті көрмеспін сенімен тең.

5-кезең: «Жорға». Ең соңғы шешуші кезеңіміз. 10 сұрақтан қойылады, оған 1 минут ішінде жауап беру керек. Әрбір дұрыс жауапқа 10 ұпайдан беріледі. 2 топқа 5 сұрақтан беріледі.

1. «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінің авторы кім ? (А.Құнанбаев)
2. Халық ауыз әдебиетін қалай атайды ? (Фольклор)
3. «Менің атым Қожа» хикаятының тарауларын ата («Менің атым» 1-тарау, «Ағаттық аяқ астында» 4-тарау, «Бір сәтті кез» 17-тарау, «Ағаттықтың азабы» 23-тарау, «Түбі адам болатын бала» 24-тарау)
4. Құнанбайдың балаларын ата ? (Құдайберді, Тәңірберді, Абай, Ысқақ, Оспан, Халиолла, Ысмағұл)
5. Бала Сатай қай шығарманың кейіпкері? (С.Мұратбековтің «Қылау» әңгімесінде)

6. «Жапон балладасы» авторы кім ? (Ғабит Мүсірепов)
7. Зигфрид кімнің баласы? (Ахмет ақсақалдың)
8. Байсал бай кімге құдық қазуға өтініш жасады? (Еңсепке)
9. Бауыржан Момышұлы қанша жыл әскерде болды? (25 жыл)
10.С.Сейфуллин кім? (Лирик, кең құлашты эпик ақын, прозаик, драматург, жазушы, қоғам қайраткері)
11.«О, Ақтан жас, Ақтан жас…» өлеңінің авторы кім? (Дулат Бабатайұлы 1802-1874)

ІV. Қорытынды. Алға шыққан топты марапаттау, бағалау.

V. Үйге тапсырма: «ХІХ – ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» туралы реферат жазу.

VІ. Бағалау (ұпай арқылы).

Дереккөз: «Ұстаз» ғылыми әдістемелік журналы

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ