«Ж және Ш» дыбыстары мен әріптері (сабақ жоспары)

0
1686
Иллюстрация: Freepik.com

Мақсаты:

а) «Ж және Ш» дыбыстары және әріптерімен таныстыру. Дыбыстардың дұрыс
жазылуын көрсету, осы дыбыстар кездесетін сөздерді қатыстырып, сөйлемдер құрастыра білуге үйрету.

ә) Сөздегі барлық дауысты және дауыссыз дыбыстардың толық таза айтылуын қадағалау. Дыбыстық қабылдауын, баланың логикалық ойлауын, сөздік қорын дамыту.

б) Буын туралы түсініктерін кеңейту, ойын арқылы балалардың пәнге деген қызығушылығын арттыру. Бірлікке тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Суреттер, текше, үлестірмелі материалдар, үнтаспадағы күннің күркіреп,
жаңбырдың жауып тұрған дыбысы, тіл дамыту дәптері.

Сөздік жұмыс: Жаңбыр, Шар.

Әрекет кезеңдері:
Тәрбиешінің іс-әрекеті.
Баланың іс-әрекеті.

Ұйымдастырушы қозғаушы күш:
«Шаттық шеңбер құру». Сәлемдесу.
Алақай, келіңдер!
Дайын тұр төріміз.
Келіңіз, келіңіз!
Бізге риза болыңыз!

— Балалармен, қонақтармен амандасу.
— Арайлаған таңды сүйетін кім?
— Мен.

— Алтын сәулені сүйетін кім?
— Мен.

— Жарқыраған даланы сүйетін кім?
— Мен.

— Туған жерін сүйетін кім?
— Мен.

— Достарын сүйетін кім?
— Мен.

— Еліміздің болашағы кімдер?
— Біз

Ойын: «Сиқырлы шар» (Сұрақтарға жауап беру)
Күн ұзарып, қар еріп,
Су сайларға толады,
— Балаларым, айтыңдаршы,
— Бұл қай кезде болады?
— Көктем мезгілі жайында.
«Ғажайып қалташа» ойыны (Өтілген әріптерге сөз құрау)
Ұйымдастыру — іздену.
Ғажайып сәт: Жер Ана келеді.
— Сәлеметсіздер ме, балалар! Мен осы жақта білімді де ақылды балалар бар деп естіп келдім. Өзіммен бірге сендерге көктемнің әдемі иесі мен көрінісін ала келдім және сендерге қояр сұрақтарым бар еді.
— Көктем мезгілінің айларын атаңдар
— Наурыз, сәуір, мамыр.
-Көктемде не көп жауады?
— Жаңбыр.
-Жер неге ұқсайды?
— Шарға ұқсайды.
Жер Ана:
— Жарайсыңдар, балалар, көп біледі екенсіңдер! Ендеше, мен сендердің оқу іс-әрекеттеріңе қатысайын.
— Жақсы, қатысыңыз.
Үнтаспадан күннің күркіреп, жаңбырдың жауып тұрған дыбысы қойылады.
— Балалар, бұл ненің дыбысы?
— Жаңбырдың дыбысы.
— Жаңбырдан басқа ненің дыбысы естіледі?
— Күн күркіреп тұр.
— Иә, балалар, көктем мезгілінде күн күркіреп, найзағай ойнап, жаңбыр жиі жауады екен.
— Қане, бәріміз бірге «Күн күркірейді» деп қайталайықшы.
— Күн күркірегенде міндетті түрде не жауады?
— Жаңбыр жауады.
— Олай болса, бәріміз әдемі саусақтарымызбен бірге жаңбырдың дыбысын салайық.
— Үстел үстіне саусақтарымен жаңбырдың дыбысын салады.
— Балалар, сендер білесіңдер ме, жаңбыр жаумас бұрын далада «гу, гу» деп дыбыс шығарып гуілдейтін не?
— Жел.
— Қане, балалар, гуілдеп енді жел болып тербелейік.
— Біз жел, жаңбыр болдық. Енді осы жел, жаңбыр сөзі қандай дыбыстан басталып тұр?
— «Ж» дыбысынан басталады.
— Көктем мезгілінде түрлі жәндіктер де шыға бастайды.
— Балалар, бәріміз «ж-ж-ж» деп қайталайықшы.
— Қандай жәндік осындай дыбыс шығарады?
— Қоңыздар.
— Енді бәріміз аралар мен қоңыздар секілді қанатымызды жайып «ж-ж-» деп ұшайықшы.
— Балалар қолдарын қанатша жайып «ж-ж-ж» деп қайталап ұшқан қылық көрсетеді.
«Ж» дыбыстары бар буындар мен сөздерді қайталау.
Ж-ж-ж-жалау, жаз.
Ж-ж-ж- жол, жоқ.
Жу-жу-жу-жусан.
Жы-жы-ы-жылан.
Жи-жи-жи-жидек.
Же-же-же-жер.
— Енді «Ж» дыбысын ауада жазып көрейік.
— Балалар «Ж»дыбысын ауада жазып көреді.
Сергіту жаттығулары:
Тырс-тырс!
Жаңбыр кеп жауады,
Тамшылар тамады,
Тырс-тырс!
Терезе қағады,
Жылғалар ағады,
Тырс-тырс!
Көшелер тазарды,
Кір үйлер тазарды.
Тырс-тырс!
Жаңартып ауаны.
Жаңбырдан соң күн ашылып, жердің шаңы басылады. Аспанға түрлі-түсті кемпірқосақтар асылады. Жаңбырдан кейінгі таза ауамен еркін тыныс алайық. «Шаң» сөзін айтқанда қай дыбыстан басталып тұр?
-«Ш» дыбысынан.
— «Ш» дыбысымен байланысты компьютерден суреттер көрсету.
«Кім тапқыр?» ойыны: (сипаттау арқылы табу)
— Аталар үстіне киеді…
— Шапан (суретін компьютерден көрсету)
— Өзі тәтті, балалар жақсы көреді.
– Шоколад.
– Шашымызды жуамыз.
– Шампун.
«Ш» дыбысын дұрыс естіп ажыратуға арналған жаттығулар орындау.
–Ша-ша-ша-Шаң.
–Шу-шу-шу-шуда.
–Ше-ше-ше-шелек.
–Шө-шө-шө-шөп.
–Ош-ош-ош-ошақ.
–«Ш» дыбысының әрпін ауада жазу.
–«Шар», «Шуақ», «Шапалақ» сөздерін буынға бөлдіру.
Жаңылтпаш айттыру:
Жақсы қайшы,
Қайсы қайшы ?
Үлестірмелі материалдармен жұмыс:
1-топ: Суреттерге сөйлем құрау.
2-топ: Жалау мен Шар суреттерін жапсырып, Жер Анаға сыйға беру.
Жер Ана балалармен қоштасып шығып кетеді.
Іс-әрекетті «Дыбысты тап» ойыны арқылы қорытындылау (Бірнеше сөздер тізбегін айтып, сол сөздер ішінде «Ж және Ш» дыбыстары кездессе, қолдарын шапалақтау).
Күтілетін нәтижелер:
Білуі: Балалар дыбыстарға сөз ойлап, сөйлем құрайды;
Меңгеруі: Дыбыстық талдау жасайды, бір-біріне көмектеседі, жаңылтпаш айтып, жұмбақ шешеді;
Жасай білуі: Сыйлық жасап, қамқор болуды үйренеді.

 

Дереккөз: «Ұстаз» ғылыми әдістемелік журналы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ