Көркем шығарма тілі туралы ақпарат

0
4130
Freepik.com

Сөз — әдебиеттің шындықты бейнелі танытуының бірден-бір құралы екендігі. Жазушының тіл байлығы: полисемия, омонимия, синонимия, антоним, неологизм, архаизм т.б.

Әдеби шығармаға әділ сын айтар адам бәрінен бұрын шығарманың тіліне, автордың сөз өрнегіне қарауы шарт. Көркем тіл жайы — әдебиет туралы ғылымның ең өзекті мәселелерінің бірі. Тіл, сөз жайын тексеретін ғылым үш түрлі: тіл білімі, стилистика және көркем сөз теориясы.

Бұл үш саланы бір-бірінен ажырата білу, әрқайсысының өзіне тән сыр-сипатын айқын тани білу шарт. Жазушының тілі шұрайлы, сөздік қоры мол болуы керек. Бұл – қалам иесіне қойылар бұлжымас талап. Тіл байлығы сөз өнеріндегі мазмұн байлығына әкеледі. Ал халыққа қажет шығарма — мазмұнды шығарма.

Тіл байлығының көздері көп. Солардың бірі – сөздердің көп мағыналылығы (полисемия). Әр сөз жеке атау күйінде тұрып-ақ бірнеше мағынаға ие. Жазушының еңбегіне байланысты творчествоның азабы деген ұғым бар. Сол азаптың ең үлкені – суреткердің сөз үстіндегі қызметі. Алайда шын таланттың рақаты да сол – азапта: миллион сөз ішінен бір сөзді таңдап тауып, дәл орнына дір еткізе түсіру – азаптан туған рақат. Жалғыз-ақ жазушы осыған жету үшін сөздердің өзге қырларымен қатар, полисемиялық сырларын да терең білуі қажет. Өйткені бұл, жоғарыда айтқанымыздай, тіл байлығының қайнар көзі.

Полисемизмде бір сөздің бірнеше мағынасы болатын болса, енді бір ғана мағынадағы сөздің өзі өзге сөздермен тіркесе келе бірнеше ұғымға көшетін жайы және бар. Мысалы, сынап деген сөз жеке тұрғанда зат болса, осыны өзге сөздермен тіркестіріп, айталық, сынаптай ағады десек, жаңағы заттық ұңымы қолма – қол өзгеріп, енді әлдененің жылдамдығын немесе сынапша жылтырайды десек, тағы бір нәрсенің түсін таныта бастайды.

Бұл да сөздің көп мағыналығы, мұны да шебер пайдалана білу шарт. Әр сөздің тура мағынасымен қабат бұрма мағынасы да бар. Кей сөздері сол кері мағынаға көшіріп, орнымен ойната білу де әсем тәсіл.  Айтқысы келген сырын, танытқысы келген шындығын жан тебірентер әсерлі суретке айналдырып, қағаз бетіне көңілдегі қалпынан айнытпай түсіру үшін ең қажетті бірден-бір сөз іздеп табу – шебер суреткердің қасиетті парызы.

Оның дәл осы жағдайда сөз іздер атырабының бірі – с и н о н и м и я ( грекше  sunonymos-заттас ) –а й т ы л у ы,  е с т і л у і  ә р  т ү р л і  б о л ғ а н м е н,  м а ғ ы н а с ы б і р – б і р і н е  ж у ы қ,  м ә н і  ұ қ с а с  с ө з д е р. Мысалы: шапшаң, дереу, жедел, тез, жылдам; мезгіл, мерзім, уақыт, шақ, сәт, кез, кезең; айқас, шайқас, ұрыс, қағыс, қақтығыс, тартыс, төбелес, тайталас, кескілес  т.б. Осылар секілді синоним ішінен өз көкейіндегі сыр мен шындықты дір еткізіп дәл жеткізер ең қажеттісін ғана таңдап алады.

Бір емес, бірнеше синонимдердің бірін–бірі үстемелей, қабаттаса, қатар келуі арқылы жасалған сөз тіркесі (плеоназм) де көркем шығармада орнымен қолданылса, ой мен образға айрықша әсер, күш дарытады.

Ескі дүние есігін теуіп ашып,

Кіріп келді ол жүзінен жалын шашып.

Босағада тұрмады, төрге ұмтылды,

Бұзып, жарып, еңсеріп, еркін басып. (Қ. Аманжолов.)

Соңғы жол – түп-түгел плеоназм. Бір топ синоним бір-ақ жолға сыйып, түйдектей тұтасқанда өлең өзгеше екпінмен, леппен ойнап шыға келген. Қысқасы, синонимдер біздің сөзімізді байытады, айқындайды, түрлендіреді. Синонимиясыз әдеби тілдің сыртқы әрі немесе ішкі нәрі жайлы әңгіме қозғаудың қажеті жоқ. Сөйлеу тілімізде синоним (заттас) сөздермен қатар омоним (грекше homos; onyma- аттас) – айтылуы, естілуі бір болғанымен, мән-мағынасы әртүрлі сөздер..

Мысалы: қара, көр, ер, жар, ор, сор, аң, нан, қан, таң, сан, мал, сал т.б. Бір сөзде бірнеше мағына болуы, әрине, байлық. Бірақ бұл байлықты аса сақтықпен, абайлап пайдаланған дұрыс. Өйткені омоним сөз орынды жерде тұрмаса, сол арадағы ұғымды бұлдырлатып, көмескі, түсініксіз, кейде, тіпті, екі жақты мағына беруі мүмкін. Тілдің кез-келген құбылысы әдебиет үшін ізсіз өтіп, босқа кетіп, көрген емес.

Айталық, антоним  (грекше anti-қарсы; onoma- атау) – бір-біріне кереғар, қарама-қарсы мағынадағы сөздер. Мысалы: ақ-қара, алыс-жақын, бар-жоқ, өмір-өлім, алғыс-қарғыс, ерте-кеш, ескі- жаңа, ауыр-жеңіл, жүру-тұру, күлужылау т.б.

Туған тілім – тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сыр ойдағы

                              Өссе тілім, мен де бірге өсемін.

Өшсе тілім, мен де бірге өшемін.

Осынау отты жолдардағы антонимдік параллель тек тілдегі айшық қана ма? Жоқ, көкей кесті сыр, одан асса, өмірлік ақиқат. Соны ақын әр жолдағы жарыса жарасқан антонимдік қарама-қарсылықтар арқылы оқырман санасына сіңіре шегелеп отыр. Ендеше антоним – өмір  шындығын  өнерде шынайылау тәсілдердің бірі. Суреткердің сөз қорындағы бір «алтын сандық» — архаизм (грекше archaios- ежелгі, көне) бүгінде ескіріп, әдеттегі қолданудан шығып бара жатқан, әсіресе ауызекі сөйлесулерде   көп айтыла бермейтін көне сөздер.

Суреткердің сөз қорын молайтып, тілін байытар тағы бір қайнар бұлақ – неологизм (грекше neos-жаңа, logos-сөз) – жалпы қоғамдық дамумен сабақтас тыңнан туған соны мағыналы сөздер. Бұл – толассыз болып отыратын құбылыс. Біздің дәуіріміздің ғылым мен техникадағы ұшан теңіз жаңалықтары тілде бұрын болмаған жаңа атаулар әкеледі. Оларды әдебиетте де солай, жаңаша атамасқа болмайды. Көркем әдебиет тілінде күнделікті айтылып жүрген сөздерімізде кездесетін бөгде тілден енген сөздер кірме сөздер деп аталады. Біздің осы күнгі пайдаланып жүрген көп сөздерімізде басқа елдің тілдерінен алынған сөз екен деп еш күдіктенбейтін сөздер бар. Оларды үйреншікті ана тіліміз секілді қолдана береміз.

Мысалы, кітап, әдебиет – араб сөздері, бірақ тілімізге әбден сіңіп кеткендіктен, оның кірме сөз екені байқалмайды. Бір тілден екінші тілге сөздер жайдан-жай емес, белгілі бір қоғамдық, шаруашылық жағдайлармен байланысты қарым-қатынас арқылы енеді. Сол сияқты көркем әдебиет тілінде де, жалпы тілімізде де дүниежүзіндегі адам баласының бәрі білетін, бәріне бірдей сөздер бар, ол интернационалдық сөздер деп аталады: капитализм, экономика, пролетариат т.б. Қазақстанның кейбір өлкелерінде ғана түсінікті жекелеген жергілікті сөздер де өзіне лайық қызмет атқарады, олар диалектизм (грекше dialektоs-оқшау тіл ) деп аталады. Әдеби қаһарманның сөйлеу ерекшелігін танытып, мінезін даралау үшін, ол өмір сүрген ортадағы жергілікті сөздерді жазушы батыл пайдаланғаны жөн.

Әдеби шығармаларда идиомалар (грекше idioma-айрықша айшық) жиі ұшырайды. Идиома терминге қарама-қарсы: терминдер бір тілден бір тілге оп-оңай көше салатын болса, идиомаларды өз тілінен өзге тілге аудару-қиынның қиыны; кейде тіпті мүмкін емес. Түйенің үлкені көпірден таяқ жейді деген қазақ тіліндегі айрықша айшықты өзге тілге сөзбе-сөз аударса, күлкі болар еді ғой. Сондай-ақ орыстың «выеденного яйца не стоит» дегенін аудару да мағынасыздыққа апарар еді. Сондықтан бір тілдегі идиоманың екінші тілден тек идиомалық баламын іздеп, табудан өзге аудару жолы жоқ.

Идиомалар – әр тілдің айрықша айшығы ғана емес, алтын алқасы; әр тілдің бір алуан байлығы, інжу-маржаны, көркі. Бұларды тек орнымен, шашпай-төкпей, ұқыпты пайдалана білу керек. Өйткені идиомалар өмірдің өзінде оп-оңай айтыла бермейді, көне кісілер аузынан, онда да шешендік сарапқа түсер айтыс-тартысты, дау-шарлы жерде, пиғылдар шарпысып, тіл безелер тұста шығады.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш. Кіт: Шығармалары. Алматы, 1989.
  2. Ахметов К. Әдебиеттану әліппесі. Алматы, Қазақпарат, 2000.
  3. Ахметов К. Әдебиеттануға кіріспе. Қарағанды, 2004.
  4. Введение в литературоведение. Литературное произведение: основные термины и понятия. Под ред. Чернец Л.В. М.: Академия, 2000.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Алматы, Ана тілі. 1996; 1998.
  2. Словарь литературоведческих терминов. Москва, 1974.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  2. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  3. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  4. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  5. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  6. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  7. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
  8. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  9. Смағұл Елубайдың өмірі мен еңбегі
  10. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  11. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  12. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ