Көркем троптар, олардың түрлері

0
23867
Иллюстрация: Freepik.com

Әдеби тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлілігі үшін де орасан қажет тәсіл — құбылту, яки троп (грекше tropos — иін, иірім) — сөздерді тура мағынасында емес, бұрма мағынасында қолдану, шындықты бейнелеп, кейде тіпті пернелеп таныту, ойды өзгертіп, кейде тіпті өңін айналдырып айту.

Құбылту – суреткердің идеялық мақсатына, эстетикалық мұратына қызмет ететін тәсіл. Құбылтудың (троптың) түрлері көп. Әдеби тілдегі ең басты кұбылтулардың бірі — ауыстыру, яки метафора (грекше metaphora — көшіру) — сөз мәнін өңдендіре өэгертіп айту, суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау; сөйтіп, суреттеліп отырған заттың не құбылыстың мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдетіп, әсерін күшейту.

Ауыстыру жеке сөздерде немесе сөйлем ішінде ғана ұлғаюмен тынбай, кейде бүкіл шығарманың өн бойындағы бейиелеу тәсіліне кешуі де мүмкін.

Құбылтудың мұндай түрі – кейіптеу (грекше  prosopopeia, орысша олицетворение) деп аталады. Абайдың Лермонтовтан аударған «Теректің сыйы» деген өлеңіндегі бейнелеу тәсілі — түп-түгел кейіптеу: асау теректің долдануы, буырқануы, бұйра толқынның айдаһардай бүктелуі, Кавказдан азан-қазан, у-шу арқырап шыға бере қалың қайратын бойына жасырып, беті күле  момынси қалуы — бәрі де өзен емес, адам мінезіне ұқсайды.

Каспийдің, Абайша айтқанда, «жыбыр қағып, қозғалып, сылқ-сылқ күлген» шайтан шалдың одан арғы қылығы мен қимылы да — аумаған адамның мінезі мен әрекеті — керемет кейіптеу. Кейіптеудің ең озық үлгісіне тағы Абайдың «Қыс» өлеңін жатқызуға болады.

Кейіптеу — қазіргі әдеби туындыларымызды да құбылта, құлпырта қолданылып келе жатқан әдемі  тәсіл. Ал мысал өлеңдердегі құбылу, көбіне, пернелеу, яки аллегория (грекше allegoria — пернелеп айту) түрінде келеді. Мұнда жай ұғым қалпында тұрған дерексіз нәрселер кәдімгідей көзге көрінер деректі нәрсеге ауыстырылады. Айталық, қулық, зорлық, қастық секілді жалпылама ұғымдарды дәл осы қалпында түсінуге болғанмен, көзбен көру қиын.

Осыларды Сәбит Дөнентаев өзінің «Ауырған арыстан» деген аллегориялы өлеңінде қолға ұстатқандай нақты, деректі нәрселерге көшіреді: аң патшасы Арыстан ауыра қалған екен, аң атаулы түгел жиылып көңіл сұрап барғанда, ішінде Түлкі қу жоқ боп шығады да, оны қара көңіл Қасқыр зорлықшыл Арыстанға қастандықпен хабарлап қояды. Кейін Түлкі келгенде, әрине, Арыстан ашуланады. Бұл сырды түсіне қалған қу

Түлкі аяқ астынан айла тауып, Арыстан секілді өзінің де «ауырып» қалғанын, одан әйтеуір Қасқырдың артқы аяғының сіңірін қиып жеп, әрең «жазылғанын» айтады, Арыстан ашуды қойып, өктемдігіне көшеді де, дереу Қасқырды шақыртып алып, сіңірін қияды… Бұл өлеңде қулық — Түлкі, зорлық — Арыстан, қастық — Қасқыр бейнелеріне көшіріліп, пернеленіп көрсетілген. Троптың бір түрі – астарлау, яки символ (грекше symbolon — шартты белгі) — бір нәрсені не құбылысты тура суреттемей, бұларға ұқсас басқа бір нәрсеге, не кұбылысқа құпия теліп, жасыра жарыстырып, бүкпелей бейнелеу, ойды да ашық айтпай, тартымды тұспалмен түсіндіру.

Мұның өзі ой мен образға әрқашан астыртын, бұлдыр мағына береді деу де қате (символды символизмнен айыра білу керек); ең бастысы — символ сөз өнерінде көркем кестеленіп отырған шындыққа әсем ажар, байсалды философиялық астар береді, шығармаға бір түрлі сыршыл сипат бітіреді.

Астарлы шығарманың идеясы жалаң, жалаңаш көрінбейді, автордың ой толғаныстары арқылы көңіл ұйытып, көкірекке терең ұялайды. Троптың бір түрі — алмастыру яки метонимия (грекше metenymia — қайтадан атау) — өзара шектес заттар мен себептес құбылыстардың, өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздердің бірінің орнына бірін қолдану.

Үйі мәз боп қой сойды

Сүйіншіге шапқанға.   (Абай.) Болыстың семьясын, туған-туысқанын түгел тізіп жатқан Абай жоқ, бәрін үйі деген бір ғана сөзбен алмастырады. Әрине, мәз болған үй емес, үй ішіндегі адамдар екені өзінен-өзі түсінікті.

Мамасы, босат, еркімен өссін тал шыбық ,

Ауа мен күнге, ай менен нұрға малшынып.

Бұлқынып жатыр, ұмтылып жатыр, қарашы,

Кішкентай жүрек көрсетіп жатыр қарсылық!

Мұқағали ақынның тал шыбығы да, кішкентай жүрегі де – өзінің сәби бөбегі; ұғым метонимия тәсілімен шартты түрде әдейі өзгертілген. Кішкене жүрек, бір жағынан, мегзеу, яки синекдоха (грекше synekdoche — арақатысын ашу) тәсіліне де көшіп тұр.

Мегзеу — алмастырудың бір түрі — бүтіннің орнына бөлшекті немесе керісінше, жалпының орнына жалқыны немесе керісінше қолдану. «Аудитория есігінен буаз портфель бұлт етті де, ізінше ақ жібек. шалбардың бір балағы мен ақ кенеп ботинка кірді.

Бұлардан сәл кейін көрінген сарғыш салом шляпаның астындағы төртбақ адам үнсіз жымиып, күліп келе жатты». Бұл арадағы мегзеу сездерге қарап әдеби қаһарманның сырт пішінін, кескін-кейпін ғана емес, жүріс-тұрысындағы ерекшеліктерді қоса аңғарып, оның мінез-құлқын топшылауға да болады.

Троптың бір   түрі — кекесін, яки—ирония (грекше еігопеіа — келемеждеу); тағы бір түрі — мысқыл,   яки сарказм  (грекше sarkasmos — масқаралау). Кекесін мен мысқылдың сөз ажары мен мағынасын өзгерту, түрлендіру қызметіне тоқталайық:

— Қайтсін, қолы тимепті,

Өлеңші, әнші есіл ер!

Ала жаздай ән салсаң,

Селкілде де, билей бер!         (Крылов — Абай.) Сырттай қарағанда, құмырсқа шегірткенің ала жаздай ән салып, көгалды қуып гөлайттап кеткенін қитықсыз қабылдап, түсініп, өлеңші, әнші есіл ерді кәдімгідей мүсіркеп тұрған секілді. Ал енді осы «мүсіркеудің» астарына үңілсек, мырс-мырс күлкі, келеке тұрғанын көреміз.

Иронияда, міне, осындай бүркеншік сын, сырты тәп-тәтті болғанмен, іші ап-ащы ажуа жатады; ирония әдеби тілдің түрі мен сырын осылай құбылтады.

Троптың бір түрі — ұлғайту, яки гипербола (грекше hyperbole — үлкейтілген қомақты); тағы бір түрі — кішірейту, яки литота (грекше litotes — қарапайым қораш). Бұлар да суреткердің тілі мен стиліне бірсыпыра бояу қосады, сөздегі суретті түрлендіреді, өзгеше өрнектер төгеді, сөйтіп, көркем шығарманың оқырманға әсерін арттыра түседі.

Жоғарғы ерні көк тіреп,

Төменгі ерні жер тіреп, – деген ұлғайтуда жер мен көктің арасы түп-түгел ауызға айналып кеткендей. Ал литота шамадан тыс ұлғайтылған құбылысты енді құлдырата кішірейтіп көрсетеді:

От орнындай тұяқтан                    Бір тұтамы қалыпты.

Оймақтайы қалыпты.                    Жалбыраған жалынан

Етектейін еріннің                           Жалғыз қарыс қалыпты.

Екі елісі қалыпты.                          Бір құшақтай құйрықтан

Қиған қамыс құлақтан                   Бір уыстай қалыпты.                   («Ер Тарғын».)

Бұл мысалдарға қарағанда, ұлғайту мен кішірейту тәсілдері ауыз әдебиетінде, әсіресе батырлар жырында көп қолданылған. Ондағы мақсат — тыңдаушы жұртқа тосын әсерлер туғызу, оларды қызықтыру, сөйтіп, суреттеліп отырған образды шындықты көңілге ұялату.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, 1982.
  2. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. Алматы, 1986.
  3. Нұрғали Р. Сөз өнерінің эстетикасы. Астана. 2003.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Ахметов К. Әдебиеттану әліппесі. Алматы, Қазақпарат, 2000.
  2. Ахметов К. Әдебиеттануға кіріспе. Қарағанды, 2004.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  2. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  3. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  4. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  5. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  6. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  7. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  8. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  9. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  10. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ