Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі

0
6620
Иллюстрация: Freepik.com

Тақырып таңдау, оның өмір шындығынан туындайтындығы. Тақырып түрлері, басты, қосалқы тақырыптар бірлігі. Идея және автор дүниетанымы. Тақырып пен идеяның бірлігі. Шығарма идеясының оқиға дамуы, кейіпкерлер іс-әрекеті, тартыс шешімі арқылы танылатыны.

Егер тақырып – жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса, идея – жазушының сол өзі суреттеп  отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы, сол өмір құбылысына берген  бағасы деп айтуға болады. Анығырақ айтқанда, жазушы өзі бейнелеп, суреттеп отырған өмір құбылыстары арқылы оқырман назарын неге аударса, қайда бағыттаса, сол – идея!

Мейлі шағын, мейлі көлемді, ұзақ шығарма болсын, ақын-жазушылар өмір туралы, адам және олардың араларындағы қарым-қатынастар туралы жұртшылыққа өздерінің ой-пікірлерін, көзқарастарын ұсынады. Шығарманы жазбас бұрын, қандай мәселені оқушыларының алдына тартпақшы, сол туралы ойланады. Сан ой, сан алуан пікірлердің ішінен біреуін негізгі ойының қазығы етіп алады. Сол шығарманың тақырыбы болып саналады.

Шығарманың тақырыбын шығарманың идеясынан бөліп қарауға болмайды. Жазушының шығарманы не туралы жазуын – тақырыбы десек, шығармадағы суреттелген өмір құбылыстарына оның өз көзқарасы, қалай бағалаушылығы – шығарманың идеясы болады. Идеясыз шығарма болмайды және болуы да мүмкін емес. Мазмұн мен пішіннің байланысы секілді тақырып пен идея да әрқашан бірлікте болады.

Тақырыптан идея, сондай-ақ идеядан тақырып туып жатады. Идеясыз тақырып, тақырыпсыз идея болуы мүмкін емес. Қысқасы, кез-келген көркем шығарманың бірін-бірі туғызып, бірін-бірі дамытып жатуы тақырып пен идея болады. Жазушы өмір шындығын көркем образдарға жинақтап, өз шығармасының тек идеялық-тақырыптық негізінде ғана суреттеп көрсете алады.

Тақырып пен идеяның мұншалық мызғымас бірлігі туралы сан ғасыр бойы суреткерлер мен ойшылдар айтқан аса кемел әрі маңызды пікірлер өте көп. Мәселен өткен ғасырда В.Г.Белинский көркем шығарманың идеясын «оның өн бойында желі тартып жатқан ой мен сезімнің мығым бірлігі» деп белгілесе, біздің заманымызда Р.Ғамзатов шығарма идеясын оның тақырыбына тамаша тапқырлықпен нұсқалы әрі ұтымды көшіріп әкетеді: «ой мен сезім – құс десек, тақырып – аспан; ой мен сезім – бұғы десек, тақырып – орман; оны елік десек, тақырып – тау; ой мен сезім – жол десек, тақырып – сол жол алып баратын шаһар».

Әдебиеттің негізгі, жетекші тақырыбы да, идеясы да қоғамдағы өзекті мәселелермен тығыз байланыста болуы керек. Тақырыптың тағы бір маңызды жағы – суреттелетін өмір құбылысын, сол үшін алынған оқиғаның нысанасын белгілеу. Шығармада нені көрсетпек, ол үшін не керек, тек соларды ғана алып, басқа жаққа бұрылмай, оқиғаны да, онымен байланысты айтылмақ ой-пікірді де белгілі бір жүйеде баяндау үшін тақырып Темірқазық жұлдызындай алда тұрады да, жазушының маңдайын аудармауға көмектеседі.

Тақырыбы өзіне әбден айқындалған болса, жазушы бірді айтып, екіншіге кетпейді. Қандай ұзақ, қандай көлемді шығарма болса да, негізгі тақырыптың идеясы қамшының өзегіндей шығарманың ұзына бойына тартылып жатады да, қосымша тақырыптар сол негізгі ойды толықтыру үшін ғана қолданылады. Егер шығарманың негізгі нысанасы балалық шақты суреттеу болса, оған көлденең оқиғалар енгізілмей, сол балалық шақ суреттелуі керек. Балаларға тән мінез, наным, сенім, психология тағы басқалар ғана әңгіме болуы керек.

Негізгі тақырыпты нысанаға берік ұстау – шығарма құрылысының жарқыншақсыз, сындарлы шығуына да көмектеспек. Сөйтіп тақырыптың көркем шығарманың идеясын айқындауда болсын, жазушының дүниетанушылығын белгілеуде болсын, шығарма құрылысын шыңдап жетілдіруде болсын үлкен мәні бар.

Жазушыға қойылатын тақырып тыңдылығы, сөз байлығы, жазушылық шеберлігі, идеяның маңыздылығы т.с.с. талаптармен қатар қойылатын негізгі талаптармен бірге мазмұн сонылығы мен пішін үйлесімдігін айтамыз. Шамасы, ұлы бабамыз Абай “іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы” деп әдеби туындының мазмұны мен пішінін айтқан болса керек. Шынымен-ақ, біз мазмұн дегенде кез-келген туындының ішкі, ал пішін деген туындының сыртқы келбетін беретін ұғымдарды түсінеміз. Яғни, қарастырылып отырған екі ұғым да бірін-бірі әрқашан толықтырып тұратын, бірінсіз-бірінің дәмі кететін, бүтіннің бөлшектері. Бірақ осы бүтіннің бөлшектері бөлшек ретінде қандай ұғымды білдіреді.

Белгілі ғалым З.Қабдолов былай дейді: “Шығарманың мазмұны – оның ақиқат шындыққа негізделген тақырыбы мен идеясы да, пішіні – әдеби қаһармандардың өзара қарым-қатынасына, тағдыр-тартысына негізделген сюжеті, композициясы және жазушының өмірді өнерге айналдырған ең негізгі құралы – суретті сөзі, яки көркем шығарманың тілі”.  Осы анықтамаға қарап, мазмұн мен пішінді игерген жазушы не ақын – әдебиеттің нағыз биік шыңына жеткен, әбден шыңдалған, шығармашылық азабы мен рахатын бірге сезінген.

Гогольше айтқанда, стилі қалыптасу жағынан үшінші дәрежеге жеткен нағыз шынайы суреткер философ. Себебі мазмұн мен пішін жазушыға қойылатын талаптармен қатар, оқырманның назарын өзіне бұратын негізгі элементтерден тұрады. Басқаша айтқанда, жоғарыда атап өтілген: тақырып, сюжет, композиция, тіл байлығы, идея, оқиғаның шытырмандылығы – бәрін осы мазмұн мен пішін қамтып кетеді.

Мазмұн – бұл шығарма тудырушының басында туатын алғашқы идея мен соның нәтижесінде пайда болатын тақырып. Немесе керісінше болуы да мүмкін. Ал пішін болса – осы идея мен тақырыптың нәтижесінде пайда болған мазмұнға жан бітіріп, оны қағаз бетіне түсіру. Былайша айтқанда, пішін қолмен ұстауға болмайтын, тек жазушының ойында ғана көрініс тапқан, белгілі бір көзқарастар тобынан тұратын абстракті ұғым болса, пішін сол абстрактілік ұғымға материалдық характер беретін әдіс.

Бұл құбылыс –жалпы шығармашылық процесіне тән жағдай. Мәселен, суретші немесе сәулетші алғашында өмірдегі бір жағдайдан алған әсеріне байланысты басында идея пайда болады. Кейін сол идеяны қол шеберлігі мен шығармашылық шабыты арқылы өмірге әкеледі. Міне, осы себептен де біз шығармаларды туынды деп атаймыз. Өйткені кез келген шығармашы өз идеясын көрсеткісі келгенде, оны жасау барысында сан толғанып, мың қиналады. Ол идеяға жан бітіру барысында шығармашылық азапқа түсіп қиналады. Ал егер сол идеяны алғашқы өзі ойлаған, жоспарлаған дәрежеде өмірге әкелген болса, ананың тоғыз ай бойы көтерген баласын дүниеге әкелген андай қуанады.

Мазмұн мен пішіннің екеуіне ортақ бір қасиет – екеуінің де тарихи категория болуында. Яғни жазушылар уақыт талабына сай сол қоғамдағы, сол дәуірдегі, сол кезеңдегі маңызды, елді толғантатын мәселелерді жазады. Ал уақыт өте келе сол мәселелер өз маңыздылығынан айрылуы мүмкін. Ол кезде қайтадан жаңа мазмұн мен жаңа пішін пайда болады. Ал бір күндері бұл жаңашылдық та дәстүрге айналады.

Мәселен қазіргі уақытта жазушылардың санасында туындайтын негізгі тақырып – Қазақсан егеменді ел болып жарияланып, өз тәуелсіздігін алуы. Бірақ кейін бұл тақырып та қазіргі уақыттағыдай кең ауқымдылығынан айрылады.

Бірақ кейбір жазушылар тың тақырып іздеймін деген оймен жаңа пішін іздемей, пішінділікке салынып кетуі де мүмкін. Жалпы бұндай жағдайлар әдебиет тарихында көрініс тауып отырған. Мәселен, акмеизм, натурализм, модернизм т.с.с. ағымдар осының дәлелі бола алады. Бұндай ағымдар – тек пішін қуалап, әдебиеттің негізгі міндетін, маңыздылығын, рөлін естен шығарған ағымдар.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  2. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  3. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  4. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  5. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  6. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
  7. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  8. Смағұл Елубайдың өмірі мен еңбегі
  9. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  10. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  11. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ