Келді, міне, Алтын күз! (сценарий)

0
4804

 

  (Музыкамен балалар залға кіреді)                                

Жүргізуші:           Шоғы толған гүлдей жайнап,

Шақырады жарқын жүз.

Сайрандаған күліп-ойнап,

Келді, міне, Алтын күз!

Балалар тақпақ айтады

Жүргізуші: Балалар, мен сендерге кішкентай бір құпиямды ашайын. Мына тұрған әдемі үйшікті көрдіңдер ме, бұл үйде күз ханшасы тұрады. Қазір ол демалып, ұйықтап жатыр. Ендеше табиғатқа керемет сұлулықты сыйлаған алтын күзімізге арнап әсем ән шырқап берейікші. Сонда ол оянып осында келер.

Ән 

Жүргізуші:Балалар, күзіміз оянбады ғой. Енді не істейміз?

(Музыка ойналып,  аю келеді)

Аю:  Сәлеметсіңдер ме балалар?

Жүргізуші:Сәлеметсің бе аю аға!

Аю:  Сендердің көңіл-күйлерің жоқ қой, не болды сендерге?

Жүргізуші: Біз алтын күзді оята алмай, не істерімізді білмей отырмыз.

Аю:  Қазір мен оятып көрейін. (есікті тоқылдатады) Мына аяқтарыммен топылдатайын.

Алтын күз! Тәтті ұйқыдан ояншы

Бізбен бірге мерекені тойлашы.  (аяқтарымен топылдатады)

Жүргізуші: Балалар, алтын күз оянар емес. Енді не істейміз?

Аю: Менде бал жейтін ағаш қасықтар бар. Солармен тоқылдатып би билейік, сонда оянатын шығар.

Би  «Полька» (қасықтармен)

Жүргізуші: Аюжан, күзіміз оянатын емес. Енді не істейміз?

(Музыка ойналып, қоян келеді)

Қоян: Сендер неге мұңайып кеткенсіңдер?

Жүргізуші:Біз алтын күзді ояту үшін не істеу керектігін білмей отырмыз.

Қоян:  Мен білем. Қазір мен оятып көрейін.

Алтын күз! Тәтті ұйқыдан ояншы

Бізбен бірге мерекені тойлашы.  (Қол шапалақтайды)

Жүргізуші:Қоянжан, алтын күз оянбады ғой.

Қоян: Олай болса бәріміз асыр салып ойын ойнайық. Сонда ол оянатын шығар.

    Ойын

Қоян:  Балалар, алтын күз оянбады ғой, қатты ұйықтап жатқан секілді.

Жүргізуші: Енді не істейміз? Күзді қалай оятамыз?

 

(Музыка ойналып, қарға ұшып кіреді)

Қарға:  Қар-Қар! Сендер әлі алтын күзді оята алмай отырсыңдар ма?

Жүргізуші:Ия, қарға. Аю аяғымен топылдатса да, қоян қолдарымен шапалақтаса да алтын күз оянбады.  Біз алтын күзді ұйқыдан оята алмай отырғанымызды  сен қайдан білесің?

Қарға: Мен болып жатқан жаңалықтардың бәрін білемін.

Жүргізуші: Олай болса, оны қалай ояту керектігін де білетін шығарсың?

Қарға:  Әрине, білемін. Тек мен сендерге айтпаймын. Себебі, алтын күздің әлі бір  айдан аса уақыты бар. Оған дейін ол тынығып алу керек.

Жүргізуші: Өтінемін, қарға, алтын күзді ояту үшін не істеуіміз керектігін айтшы, мына балалар күз ханшасын көргісі келеді.

Қарға:  Жарайды, айтайын. Тек алдымен сендер маған тәтті ірімшік беріңдер, мен ірімшікті жақсы көрем.  Менің қарным ашып тұр, қарнымды тойдырып алайын.

Жүргізуші: Мә, ала ғой (ірімшік береді) Балалар, қарға қарнын тойдырып алғанша, оның көңілін көтеріп, көңілді би билеп беріңдерші.

 

 Би «Көңілді би»

Қарға:  Сендердің өнерлеріңді көріп, менің көңілім көтеріліп кетті. Әрі  қарным да тойып қалды. Енді сендерге күзді қалай ояту керектігін айтайын. Ол үшін сендер сиқырлы сөз айтуларың керек. Ол сиқырлы сөз мына саңырауқұлақтардың біреуінде  жасырылған. Ал, балалар мен кеттім, сау болыңдар. (ұшып кетеді)

Жүргізуші:Кәне балалар, сиқырлы сөзді тауып айтайықшы. (тауып алып айтады)

Алтын күз! Келіңіз!

Бізге қонақ болыңыз!

(Музыкамен үйшіктен Алтын күз шығады)

Күз:  Сәлем өрен достарым! Мен сендерді көргеніме өте қуаныштымын. Мені оятқандарың дұрыс  болды, әйтпесе қысқа дейін ұйықтап қалар едім.

Жүргізуші: Алтын күз! Мінеки, сенің дидарыңды көріп біз де қуанып қалдық. Саған арнап балалар тақпақтар айтып берсін.

Балалар тақпақ айтады

Жүргізуші:Балалардың сізге арнаған әсем әні бар, соны тыңдаңыз.

              Ән

Күз: Балалар, маған сендердің көмектерің керек болып тұр. Мынау жемістер мен көкөністерді көлікпен тасып беріңдерші.

Ойын «Жеміс жинау»

                (жердегі көкөніс пен жемістерді обручқа сорттап көлікпен тасу)

Жүргізуші:Балалар, ойын ойнап, көңіліміз көтерілді, енді осы тамаша көңіл-күймен күз

ханшасына би билеп берейікші.

Би

Күз:  (телефоны шырылдайды)  Алло, иә, мен алтын күзбін. Жарайды, қазір барамын, тез келемін.  Балалар, сендер ренжімеңдерші, мені шақырып жатыр. Мен тез кетуім керек. Келер жылы кездескеше сау болыңдар.  (Күз кетеді)

Жүргізуші: Ой, балалар, қараңдаршы, мына жерде бір нәрсе тұр. Бұл не болды екен? (Жапырақпен көмілген жеміс толы себетті тауып алады) Ой, алтын күз бізге сыйлық тастап кетіпті, асығып жүріп сендерге таратып та үлгермеді, мен сендерге таратып берейін.   (таратады)

 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ