Қазақ әдебиеті: «Манас» жыры, Шыңғыс Айтматов шығармалары

0
5827

«Манас» жыры, Шыңғыс Айтматов шығармалары

Қырғыз халқының «Манас» дастаны мазмұны, көлемі, көркемдігі жағынан әлем халықтары әдебиетінің алтын қорынан орын алатын батырлық эпос. Дастанда жеті жасқа келгенде жолбарыстай айбарымен көзге түсіп, «Дәу жынды» атанған Манастың дүниеге келгенінен бастап, батырлық, ерлік істері жырланған. Дастанда Манастың әкесі Жақыптың, анасы Шиырлының, ақылды қария Ақбалтаның, Манастың тұлпары Айманбоздың, Манастың қарсыласы Қошқының бейнесі Манасқа қатысты алынған. Жас Манастың Дәу Дүрді, Дәу Жолайды, Қабан алыпты жеңу жолындағы қайсарлығы, қуат-күші де жырда ерекше жырланған. Бала болса да ерлігімен, батырлығымен елін сырт жаудан қорғап, азып-тозған қалың қырғыз халқына сүйеу, қорған болған Манас бейнесі жырда ерекше суреттелген.

Қазақ халқының тұңғыш зерттеушісі Ш.Уәлиханов «Манас» жырын еуропалық тұрғыда тұңғыш зерттеп: «Манас» – қырғыздың ескі мифтерінен, аңыздарынан, ертегілерінен жиналып, бір адам Манас төңірегіне топталған энциклопедия. «Манас» даланың Иллиадасы», – деп бағаласа, бұл дәстүрді жалғастырушы Мұхтар Әуезов дастанды тереңдей зарттеген.

Қырғыз халқының әлемге әйгілі, кемеңгер жазушысы Шыңғыс Айтматов 1928 жылы Қырғызстандағы Манас шоқысының бауырындағы Шекер ауылында дүниеге келген. Шыңғыстың әкесі Төреқұл өте парасатты, пайымды, ел ісіне араласқан беделді адам болған.

Шыңғыс Айтматовтың алғашқы тырнақалды туындысы 1956 жылы жазылған «Жәмила» хикаяты оқырман назарын аударып, орыс, француз тілдерінде жарық көріп, жас жазушының есімін әлемге танымал еткен.

Қырғыз халқының классик жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы», «Шынарым менің шырайлым», «Қош бол, Гүлсары», «Ерте келген тырналар», «Ақ кеме», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» хикаяттары, «Боранды бекет», «Жан пида», «Ғасырдан да ұзақ күн» романдары – дүниежүзі халқы сүйіп оқитын әлем әдебиетінің озық туындылары болып табылады.

Жазушының «Ерте келген тырналар» шығармасы Ұлы Отан соғысының зардабынан ерте есейген Сұлтанмұрат, Анатай, Еркінбек, Ергеш, Құбатқұл деген балалардың соғысқа кеткен аға, әкелерінің орнын жоқтатпай ерте еңбекке араласуы, өздеріне жүктелген жұмысқа жауапкершілікпен қарауы, төраға Тінәлиев пен бригадир Шөкіштің оларға артқан сенімі, адамдар арасындағы қарым-қатынасты суреттеуге арналған.

Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» шығармасы – өмір мен өлім, қасиет пен қасиетсіздік сияқты мәселелерді сөз еткен психологиялық роман. «Ғасырдан да ұзақ күн» романынан алынған «Найман-Ана» шығармасы адамдардың Жер-Анаға деген қарым-қатынасы, Ананың балаға деген махаббаты, мәңгүрт ұл Жоламнның тағдыры, Найман-Ана сүйегі қойылған Сарыөзектегі Ана-Бейіт мазарының тарихы туралы айтылған.

Шыңғыс Айтматов бейнелеген кейіпкерлер тек қырғыз халқына ғана емес, әлем халықтарына ортақ мінезбен, адамзаттық болмыспен суреттелгендіктен, жазушы шығармалары – ең көп аударылған туындылар.

ҰБТ — Кешенді тестте кездесетін конспектегі сұрақтар.

«Ерте келген тырналар» шығармасындағы «Ақсай десантының» командирін белгілеңіз.
«Ерте келген тырналар» шығармасындағы бригадирдің есімін көрсетіңіз.
«Ерте келген тырналар» шығармасындағы соқамен жер жыртуға шыққан балалар тобы қалай аталғанын табыңыз.
«Ерте келген тырналар» шығармасындағы төрағаны көрсетіңіз.
«Ерте келген тырналар» шығармасының кейіпкері Сұлтанмұраттың әкесінің есімін көрсетіңіз.
«Манас жыры – даланың «Иллиадасы» тәрізді» – деген сөзді айтқан ойшылды табыңыз.
«Манас» жырында кездесетін «шер» сөзінің мағынасын көрсетіңіз.
«Манас» жырындағы ақылды қарияның есімін табыңыз.
«Манас»жырын зерттеген қазақ жазушысын көрсетіңіз.
«Найман-Ана» шығармасындағы Ананың баласының есімін көрсетіңіз.
«Найман-Ана» шығармасының оқиғасы өткен жерді көрсетіңіз.
Манастың анасының есімін белгілеңіз.
Манастың тұлпарын көрсетіңіз.
Манастың әкесінің есімін көрсетіңіз.
Манасқа бала кезінде қойылған атты табыңыз.
Ш.Айтматовтың «Ерте келген тырналар» шығармасындағы география пәнінің мұғалімін көрсетіңіз.
Ш.Айтматовтың «Ерте келген тырналар» шығармасының оқиғасы қай жылдары өткенін табыңыз.
Ш.Айтматовтың «Найман-Ана» әңгімесі қай шығармадан алынған үзінді екенін көрсетіңіз.
Ш.Айтматовтың алғашқы шығармасын табыңыз.
Ш.Айтматовтың психологиялық романын көрсетіңіз.
Ш.Айтматовтың романын табыңыз.
Ш.Айтматовтың туған жерін көрсетіңіз.
Ш.Айтматовтың әкесінің есімін көрсетіңіз.
Қырғыз халқының батырлық дастанын көрсетіңіз.
Қырғыз халқының классик жазушысын көрсетіңіз.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ