Ұлттық кітапхана жайлы не білеміз?

0
1156

 

Ұлттық кітапхана – ғылыми-ағартушылық мәдени мекеме. 1910 жылғы 31 желтоқсанда Верныйда оқу залы ретінде ашылған. 1924 ж. Жетісу губ. көпшілік, 1928 ж. Алматы округтік көпшілік кітапханасы болып қайта құрылды. Тұңғыш директоры – көрнекті қоғам қайраткері Ораз Жандосов. Кітапхана республикадағы мемлекеттік ұлттық кітап қорын және жазба мұраларын жинақтап, сақтайтын бірден-бір мекеме қызметін атқарады.

Қазақстан Министрлер кабинетінің 1991 жылғы 9 желтоқсанындағы қаулысымен Ұлттық кітапхана мәртебесі берілді. Ол – кітапханатану, кітапхана жұмысын автоматтандыру, компьютерлендіру бағытында Қазақстанның ірі ғылыми-зерттеу және ғылыми-әдістемелік орталығына айналды. Қазақстандағы баспа өнімдерінің міндетті даналарын, 1995 жылдан Қазақстан Жоғары аттестация комитетінің қорындағы диссертацияларды, 1993 жылдан ЮНЕСКО басылымдарын жинай бастады.

Кітапхана 1971 ж. Алматы қаласының арнаулы жобамен салынған көрнекті сәулет өнері ескерткіштерінің бірі болып табылатын ғимаратқа көшті. Кітапханада әлем халықтарының 100-ден астам тілдеріндегі 5,6 млн. дана басылым қоры бар. Бағалы және сирек басылымдар қоры Шығыс халықтарының тілдеріндегі, көне орыс, Еуропа халықтарының тілдеріндегі кітаптардан құралған.

Сирек кітаптар арасында араб тіліндегі Құран , парсы және араб тілдеріндегі басылымдар, Қожа Ахмет Иасауидің еңбектері , Бақырғанидің еңбектері, Низамидің парсы тіліндегі “Хамсасы», Фирдаусидің “Шахнамасы” , Шығыс ақындары Рудакидің, Омар Хайямның, Саадидің, Хафиздің жинақтары, 19 ғ-дың басында жасалған қазақ ақындарының шежіресі, әлемдегі сирек құндылықтардың бірі – корей энциклопедиясы “Мунхон Биго” бар. 14 ғ-да Д.Дидро мен Ж.Л. Д’Аламбердің редакциялауымен жарық көрген француз тіліндегі “Ғылым, өнер және қолөнер туралы энциклопедия немесе түсіндірме сөздік”, көне иврит тіліндегі ұз. 16 м, теріге жазылған Тора, інжіл сақталған.

Кітапхана мамандары әзірлеген ұлттық компьютерлік РА-БИС бағдарламасы кең өріс тауып, сала жұмысы автоматтандырылды. Әлемдік интернет торабы арқылы ақпарат алуға мүмкіндік беретін электронды басылымдар залы, электронды каталог жан-жақты қызмет көрсетеді. Ұлттық кітапхана АҚШ, Үндістан, Египет, Франция, Норвегия, Австрия, Түркия елдерімен және ТМД елдерінің, басқа да т.б. елдердің кітапханаларымен байланыс жасап отырады. 1992 жылдан Халықаралық кітапханалық ассоциациялар мен мекемелердің, 1993 жылдан Еуразия кітапханалық ассамблеясының мүшесі. “Түркі тілдес елдер кітапханаларының бірлестігі” бағдарламасына қатысады. Оның бастамасымен Қазақстанның кітапханалық ассоциациясы құрылған.

 

Дереккөз: «Қазақ мәдениеті» энциклопедисы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ