Мамандықты дұрыс және қате таңдау салдарларынының көрінісі

Мамандық дегеніміз не? деген сауалға толықтай пікірімді білдіре кетейін. Адам баласы мамандық таңдаудан ешқашан қателеспеуі қажет. Мамандық біздің болашағымыздың айнасы. Өз ісінің білікті маманы болу үшін өзіне лайықты мамандық таңдауы керек. Сонда ғана біздің болашағымыз айқын болмақ. Иә, қазіргі таңда көпшілік жастар мамандық таңдаудан қиналып, ақсап жататын тұстары бар.

Еліміздің түлектері мамандық таңдаған кезде қаржылық статусы жоғары салаларды таңдап жатады. Неліктен ондай мамандықты таңдайды? деген көкейдегі сұраққа жауап іздер болсақ, көпшілік проблема жастардың санасында қалыптасқан алгоритмне келіп тіреледі. Сол мамандықты оқып, аяқтағаннан соң, жұмысқа орналаса салып ең жоғары жалақы аламын деген ойдың жетегінде жүреді. Әрине,  адам баласы армандап, талаптануы қажет. Жетемін деген адам өзінің биік шыңына да жетеді.

«Армансыз адам, қанатсыз құспен тең» бұл мақал бекерге айтылмаса керек. Мысалға өз тәжірибеммен бөліссем, «Мен журналистика саласына түсуді армандағанмын. Бұл мамандықтың қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық деп білемін. Сол себепті арманымды мақсатқа айналдырып, бүгінгі таңда өз мақсатына жеткен адамдардың санатындамын» Армандаған мамандығыңа түсу өз қолыңда! Ол үшін ізденіс пен білімге деген құштарлық талап етіледі.

«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» демекші өз – ісіңе сенімді, білекті әрі білімді, алға қойған мақсатыңа жету үшін талаптанатын адам болсаң бәріне де жете аласың. Абай атамыздың:

Пайда ойлама, ар ойла.

Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым кітапта,

Ерінбей оқып көруге.

деген даналық сөздері бекерге айтылмаған.

Неліктен адам жаны сүйген саланы таңдауы қажет? Бұл сұраққа білікті психолог мамандар: «Өзің жақсы көріп тұрған мамандықта оқысаң, ол мамандыққа сүйіспеншілігіңді арнап, бар ынтаңды салып, құштарлықпен істейсің, ал жаны қаламаған мамандыққа тек қандай да бір бонустар үшін оқу, сол адымның келешегіне тосқауыл қоюы болып табылады» — деп пікір білдірген.

Бірнеше жылдық оқуды аяқтағаннан соң бар жан – тәнің мен жұмысқа деген ықыласың, жиған – терген біліміңді осы мамандыққа арнайсың. Егер өзің қаламаған оқуға түссең сенің мамандықты оқуға кейін сол салада жұмыс жасауға ынтаң болмайды. Мінекей мәселе осында жатыр.

Алайда жоғарғы оқу орнына түсіп,өз мамандығыңның білікті маманы болып, халыққа жақсы қырыңнан танылып жатқан жағдайда, дандайсып кетпеуің керек. Осыны да ойға салып кеткен жөн болар. Мұқағали Мақатаев ағамыз:

Өсіңіз, жетіліңіз, тасқындаңыз.

Бірақ та биікпін деп асқынбаңыз.

Сен мықты, анау осал, мен орташа,

Бәріміз бір аспанның астындамыз.

Сіздің ой біздің оймен бірікпейді.

Шайқаңыз осы өмірде жүріп мейлі

Ойлаңыз, арзан атақ, сасық ырыс

Сіз өлгенде қайтадан тірілтпейді.

демекші арзан атақ пен сасық ырыстың жетегінде кетіп қалмауымыз керек.

Мамандықты дұрыс таңдау әдістерін интернет платформаларыннан жүктеп ала аласыз, сонымен қатар мамандық таңдауға арналған, ішкі қалау көрінісін айқындайтын арнайы психологиялық тесттерден өтуге кеңес беремін. Балаларыңызды жастайынан өз қызығушылығына қарай хоббиге биімдеңіз, есейген кезде «қай саланы таңдаймын?» деген сауалған жауап іздеп бас қатырмайтын боласыздар…

Ел болашағының айқын көрінісі болайық!


ПІКІР ҚАЛДЫРУ