Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Ғибратнама» өлеңіндегі бұлбұл мен қаршыға диалогі арқылы жеткізгісі келген автор ойын талдап жазыңыз!

0
16802

Ұлттық поэзиямызда жұлдыздай жарқыраған таланттардың бірі өлеңмен өзі туралы айтқандай 5 жасында-ақ желдей тасып, тоғызға қараған жасында Мұса мырзадай қоғам қайраткерінен «Мәшһүр» атты алған аса зерек, тума талант дарыған, он бесінде біртіндеп емес, бір түнде кеудесіне өнер өлең болып құйылып, тылсым қасиет қонған ерекше ақындық дарынның иесі, халық ауыз әдебиетінің інжу-маржанын жинаушы, тарихшы, шежіреші, аудармашы, философ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы артында аса мол мұра қалдырған біртуар тұлға.
Мәшһүр бір жыл ішінде хат танып, өнер-білімге, әдебиетке құмар болып өседі. Жеті-тоғыз жасында «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» сияқты халық жырларын, шығыс қиссаларын жатқа айтады. Сол себепті де Мәшһүр деген атқа ие болады. «Мәшһүр» арабша белгілі деген мағынаны білдіреді. Медреседе оқып жүрген кезінде ол балалардың алды болып, 15 жасынан өлең жаза бастаған. Ол туралы ақынның өзі: «Жабысты маған өлең он бес жаста, Жұрт айтты: «Не қыласың» — деді баста. Дегенмен қоя алмадым үйренген соң, Мінім жоқ қылған жұртқа мұнан басқа. Шүкірлік, бергеніңе, құдай патша, Он бесте шабыттандым жүйрік атша. Бір күндер ұйықтап жатқан мезгілімде, Кеудеме өлең толды сызған хатша» — дейді.
Япырмай, кессем бе екен мен тілімді,
Үйрендім қайдан өнер, көп білімді.
Өткіздім қасірет пен қапалықта
Қызықты ойнап-күлер мезгілімді.
Болдым ғой өнерімді тауысқандай,
Мерт бодым айға шауып арыстандай.
Сұңқардай биік шыңды мекен қылмай,
Шықылдап көзге түстім сауысқандай.
Сөйлеуден тыйылмаған қызыл тілім,
Өттің бе зарлауменен, қайран күнім?!
Түлкінің қызылдығы өзіне сор
Болғандай болдың маған, өнер-білім!
Айналдым бұлт болып биік тауға,
Іліндім болып шортан жібек ауға.
Тілі жоқ көп мылқаулар тиыш жатыр,
Қызыл тіл, сен басымды салдың дауға.
Бұл күнде алтын азып, жез болыпты,
Дүниеде жақсы-жаман сөз болыпты.
Гүл іздеп Гүлстанда жүрген бұлбұл
Бір күні қаршығаға кез келіпті.
Сұрапты қаршығадан сонда бұлбұл:
-Жалғанда ынтызарым-бір қызыл гүл.
Қаршыға, сен де құссың, мен де құспың,
Ақылың сенің менен емес қой мол.
Бектердің оң қолында тұрағыңыз,
Ерттеулі күнде жүйрік пырағыңыз.
Кекіліктің миы менен жүрегін жеп,
Табылған әрбір құстан мұрадыңыз.
Татисың қымбат баға, қадір пұлға,
Жүресің патшалармен шығып жолға.
Жазым боп, жазатайым түссең торға,
Түсірмей әкететін қолдан-қолға.
Өткіздім мен әрбір түнді сайрауменен,
Басымды тікенекке байлауменен,
Көрем деп қызыл гүлдің ашылғаның,
Ұзын түн зығырданым қайнауменен.
Қызыл гүл мен ұйықтамай ашылмайды,
Көзімше аузы ашылып шашылмайды.
Оянсам ұйықтап кетіп, ашылады,
Қасіретім бір көре алмай басылмайды.
Қаршыға келді сонда жақындасып,
Бұлбұлмен сөйлесуге жауаптасып:
-Құс ішінде сен ақымақ, ақылың жоқ,
Бір гүлге пайдасы жоқ болған ғашық.
Аузыңды, ақылың болса, жабар едің,
Үнднмей, сабыр қылып бағар едің.
Тілі жоқ мен секілді мылқау болсаң,
Бір күнде мың мұратты табар едің.
Ей, бұлбұл, ақылың жоқ неткен ерсің,
Аузыңды жаппағаннан опық жерсің!
-Табарым мылқау болып мұрат болса,
Болмаған хасыл мұрат кете берсін.

Мұрныңды шошайтасың мақтағанға,
Жүруші ең келемеж боп көк тағанға,
Қолында көрінгеннің болып тұтқын,
Мәз болып бүресің де сақтағанға.
Бермейді саған етті қаныменен,
Бір құстың тояттатар саныменен.
Өзіңді ертеден-кеш ашықтырар,
Құс көрінсе, алсын деп жаныменен.
Бір ұрттам қан ішерсің бір құс алсаң,
Сен ақымақ, тамақ үшін болған сарсаң.
Арбакеш сарттарға құл болғанша,
Онан да жақсы емес пе өле қалсаң.
Жаратқан бір Құдайға жетер дәтім,
Зарлаған ұзақ түндер мінәжатым,
Бітпесе бір мұратым, кетсін, барсың,
Ғаламға дастан болған бұлбұл атым!Мәшһүр-Жүсіп шеберлігі, бейнелеу тәсілдері дегенде, ол мәнерлеген сөз кестелерінің алдымен ұлттық бояумен көмкерілгенін, көп детальдің ұлттық өрнекке сай сұрыпталғанын дәлелдеу қажет: «Өнерге өзіңді өзің ерте баулы,// Жастықтың бір күн көшіп кетер ауылы»). Бұл деталь, жастық ауылының бір күн көшіп кетуін бейнелеу өрнегі, негізгі тіршілігі малмен, көшумен байланысты қазақ ұғымына неғұрлым жақын түсінікті болумен де мәнді. Ауыл көшуімен, басқа жерге ауысуымен, яғни шұғыл алыстауымен салыстыру нәтижесінде жастық шақтың да тез өтуі мүмкіндігі ұтымды кестеленген. Сол тәрізді: «Бұл жалғанның жүзінде көңілің өспей, // Көрінгеннің жұртында қалдың көшпей» тармақтарында басқалар аттанғанда ере алмай қалуды сипаттау да малы барлар ғана көше алатынын бағамдап өскен қазақ үшін аса аянышты халді жайып салады.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының 1907 жылғы «Хал-ахуал» кітабында шығыс поэзиясында кең әспеттелген махаббат, бақыт символы бұлбұл мен гүл жарасымдығын қызықтап, бұлбұлдың түнімен қызыл гүлдің ашылуын тосуын, арман етуін жырлағаны белгілі. Ақын сонымен бірге орыс поэзиясы дәстүріне де иек артып отырған. Бұл ақынның шеберлігімен бірге тақырыптық аясы мол кемел талант иесі екенін де білдіріп тұрғандай.
«Алты алашқа жайылып кеткен атым,
Жүрген жерім – ду базар, қылып хатым.
Ұстаз пірдің һүмматы болып жәрдем,
Бір ұшсам, кете берем, бар қанатым, – деп жырлағандай шығармашылығы халқымыздың тарихымен, салт-дәстүрімен, бай ауыз әдебиетімен тығыз байланысты өрілген ақынның дара туындылары өзіндік қолтаңбасымен ғасырдан ғасырға жалғасып, тәлім-тәрбиелік әсері, өнегесі мен тағылымы талай ұрпақтардың жан дүниесін кемелдендіріп, рухани тұрғыдан байыта берері сөзсіз.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ